Ортостатикалық коллапс немесе ортостатикалық гипотензия – дене орналасуының көлденеңнен тік күйге күрт өзгеруінде алғашқы үш минутта болатын артериалдық қысымның (АҚ) төмендеуі.
Бұл жағдай артериалдық қысымның төмендеуі салдарынан миға қан келуінің жеткіліксіздігінен пайда болады. Көбінесе, ортостатикалық гипотензия тамыр ширақтығы әлсіреген адамдарда пайда болады.
Ортостатикалық коллапс қанның миға жеткіліксіз түсуінен, жүректің дене орналасуының өзгерісіне серпінінің жеткіліксіздігінен және артериалдық қысымның түсуінен туындайды. Сондай-ақ, ортостатикалық гипотензия организмде судың күшті жоғалтылуынан – дегидратациядан, қан кетуінде немесе несеп айдайтын заттектердің (диуретик) әсерінен пайда болуы мүмкін.
Ортостатикалық коллапс ұзақ уақыт төсек тартудан, кейде анемияға шалдыққан науқастарда пайда болуы мүмкін.
Ортостатикалық гипотензия анықталады, егер науқас 2-5 минут тыныш тұрған кезде келесі белгілер болса:
· Систоликалық қысымның төмендеуі байқалады (бұл жүректің бірінші естілетін соғуы – тонометрмен өлшегенде ауа айдалған манжеттен ауаны біртіндеп жібергенде) 20 мм-ге және одан артық;
· Диастоликалық қысымның төмендеуі байқалады (бұл жүректің дыбысының естілуінің тоқтауы – тонометрмен өлшегенде ауа айдалған манжеттен ауаны біртіндеп жібергенде) 10 мм-ге және одан артық;
· ортостатикалық коллапс, бас айналуы немесе дене орналасуының өзгеруіндегі АҚ төмендеуінің басқа симптомдары.
· аурудың дамуына апаруы мүмкін дәрілік препараттарды қабылдауды тоқтату.
· Төсектен баяу және біртіндеп тұру қажет, әсіресе, егде жастағы науқастарға және жүкті әйелдерге.
· Жеңіл дене жаттығулары. Ұзақ уақыт төсек тартқан науқастарға кейде отыру ұсынылады.
· Тұзды тамақты тұтынуды арттыру. Тағамдық тұзда натрий бар (организмде суды іркілтетін химиялық элемент, оның салдарынан қысым артады). Тұзды тұтыну егде жастағы науқастарға және жүрек-қантамыр жүйесінің ауруы бар адамдарға ұсынылмайды.
· Эластикалық шұлық кию қажет, егер гипотензия аяқ көктамырының варикоздық кеңеюімен байланысты болса.
Егер ауру созылмалы болса, дәрілерді тағайындау ұсынылады:
· Адренергиялық препараттар шеткері әрекетті (дене орналасуының көлденеңнен тік күйге күрт өзгеруінде АҚ күрт түсуін болдырмау үшін тамырларды тарылтатын препараттар).
· Минералокортикоидтар (су-тұз үйлесіміне, осыдан организмдегі АҚ деңгейіне әсер ететін бүйрек үсті безі қыртысының гормондары). Бұл топ препараттары қанда натрий иондарын іркілтеді, дене орналасуының көлденеңнен тік күйге күрт өзгеруінде АҚ күрт түсуін болдырмау үшін тамырлардың тарылуын арттырады.
· Стероидты емес қабынуға қарсы құралдар. Шеткері тамырларға тарылту әсерін тигізеді.
· Бета – адреноблокаторлар. Минералокортикоидтардың және натрийдің (химиялық элемент, организмде суды іркілтеді, осыдан қысым артады) әсерін күшейтеді, сондай-ақ, вегетативті жүйке жүйесінің, тамырлардың ширақтығына әсер етеді.
Коллапсты туындатқан себепті жою көбінесе, толық сауығуға апарады. Ауыр ауруларда және жіті улануда болжамы көбінесе, негізгі аурудың ауырлығына, тамыр жеткіліксіздігінің дәрежесіне және науқастың жасына байланысты. Қайталанған коллапстарды науқастар ауырырақ көтереді.
· Инсульт (жіті дамитын ми қан айналымының бұзылысы, ми тінінің зақымдануымен және оның қызметінің бұзылысымен қосарланады) – АҚ өзгеруі салдарынан пайда болады.
· Құлаудағы жарақаттар – бас айналуы және талма салдарынан.
· Орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, оның ішінде, мидың.
Қайталанатын коллапстар мидың айқын гипоксиясына (миға оттегінің түсуінің жетіспеуі), қосарланған неврологиялық аурулардың ушығуына, ақыл-ой бұзылысына (таным қызметінің, зейіннің, есте сақтаудың нашарлауымен көрініс беретін зерделік ауыр бұзылыстар) апарады.
Ортостатикалық коллапстың алдын алу үшін келесілер қажет:
· Тағамды біртіндеп, аздан тұтыну, көмірсуларды шектеумен, әсіресе, ортостатикалық коллапс тамақтан кейін орын алатын науқастарға ұсынылады.
· дене орналасуын көлденеңнен тік күйге біртіндеп өзгерту, әсіресе, егер ортостатикалық гипотензия күрт тұрудан кейін пайда болатын жағдайда.
· Ұдайы орташа дене жаттығулары – таза ауада, егер ортостатикалық гипотензия вегетативті жүйке жүйесінің әлсіздігі салдарынан дамыған болса. Бұл әсіресе, ортостатикалық гипотензия ұстамасы уақытша болатын және жасы өсіп, жүйке жүйесі нығайғанда өтетін балаларға қатысты.
Мидың шайқалуы – күрделі ауру, бұл кезде шайқалуды туындатқан жарақаттан кейін соңғы бірнеше апта, ал кейде бірнеше ай өткенде бас ауруы немесе бас айналуы секілді симптомдар пайда болады.
Мидың шайқалуы дегеніміз – жеңіл бассүйек-ми жарақаты, көбінесе, бастың соққысынан кейін пайда болады. Есті жоғалту мұндай диагнозды қою үшін міндетті шарт емес. Шын мәнісінде, мидың шайқалуының даму қаупі бастапқы жарақаттың ауырлығымен байланысты емес.
Көптеген адамдарда аурудың симптомдары алғашқы 7-10 күнде пайда болады және жарақаттан кейін үш ай ішінде өтеді, бірақ, кейде бір жыл бойы немесе одан ұзақ уақыт бойы сақталады. Мидың шайқалуын емдеу аурудың симптомдарын жеңілдетуге бағытталған.
Зейінді шоғырландыру және есте сақтаудың төмендеуі
Шу мен жарыққа асқан сезімталдық
Мидың шайқалуынан кейінгі бас ауыруы өзгеруі мүмкін және ширығу ауырсынуы немесе сақина секілді болады. Көпшілік жағдайда ширығу ауырсынуы кездеседі, ол бастың жарақаты кезінде болған мойынның зақымымен байланысты болуы мүмкін. Кейбір жағдайда жеңіл бассүйек-ми жарақатынан кейін адамдар түрлі мінез-құлықтық немесе көңіл-күйлік бұзылыстарға ұшырайды. Отбасының мүшелері адамның ашушаң, күмәншіл болатынын, жиі таласу немесе қырсығу әдетін байқайды.
Егер бастың жарақаты естің қалыпсыздығын немесе амнезияны (болғанды ұмыту) туындатса, естен танбасаңыз да, дәрігерге көріну қажет. Егер мидың шайқалуы спортпен айналысу кезінде пайда болса, дене жаттығуын тоқтатыңыз. Алынған жарақаттың асқынуының пайда болу қаупін азайту үшін дәрігерге көрініңіз.
Кейбір сарапшылардың ойынша, мидың шайқалуының симптомдары мидың құрылымдық зақымдануына байланысты туындайды. Басқалары аурудың симптомдары психологиялық факторларға байланысты санайды, себебі, бас ауыруы, бас айналуы және ұйқы мәселелері секілді симптомдар депрессия, үрейлену немесе жарақаттан кейінгі күйзелістік бұзылыс кезіндегі симптомдарға ұқсас. Көптеген жағдайларда мидың жарақатының физиологиялық салдары және оларға көңіл-күй серпіні симптомдардың дамуында роль атқарады.
Зерттеушілер неліктен кейбір адамдарда жарақаттан кейін тұрақты симптомдар болатындығы, кейбірінде – болмайтындығы туралы нақты айта алмайды. Жарақаттың ауырлығы және мидың шайқалуының тұрақты симптомдарының даму ықтималдығы арасында дәлелденген байланыс жоқ.
Ешқандай тексеру мидың шайқалуын дәлелдей алмайды. Дәрігер осыған ұқсас симптомдарды туындататын басқа әлеуетті мәселелер болуын тексеру үшін миды тексерістен өткізеді. Әдетте, мидың ауытқуларын анықтау үшін компьютерлік томографияны (КТ) өткізген жөн.
Егер сізде жиі бас айналуы болса, сізді құлақ, мұрын және көмей ауруларына маманданған дәрігерге бағыттайды. Мазасыздық пен депрессияға шалдықсаңыз, немесе есте сақтау мен күнделікті тіршілік мәселелерін шешуде қиналатын болсаңыз, психологқа немесе психиатрға бағыттау қажет болады.
Мидың шайқалуының арнайы емі жоқ. Оның орнына дәрігер сізде пайда болған симптомдарды емдейді. Түрлі симптомдар мен олардың кездесу жиілігі әр адам үшін ерекше болады.
Бас ауыруы
Бастың сақина ауруын немесе шируғыдан болатын бас ауруын емдеу үшін қолданылатын препараттар, оның ішінде, кейбір антидепрессанттар мидың шайқалуына байланысты бас ауруында тиімді болуы мүмкін. Мысалы:
Амитриптилин. Бұл препарат сондай-ақ, жарақаттан кейінгі зақымдануды емдеу үшін, сондай-ақ, мидың шайқалуына байланысты ашушаңдық, бас айналуы және депрессия секілді симптомдарды емдеу үшін кеңінен қолданылады.
Дигидроэрготамин(DHE 45) – метоклопрамидпен (Реглан) бірге. Бұл препараттар созылмалы бас ауруын жеңілдетеді, бірақ, олар көктамыр арқылы аурухана жағдайында қолданылуы тиіс.
Мидың шайқалуы кезінде ауырсынуды басатын препраттарды шамадан тыс қолдану тұрақты бас ауруының пайда болуына апаруы мүмкін.
Есте сақтау және ойлау мәселелері
Қазіргі кезде жеңіл бассүйек-ми жарақатынан кейін когнитивтік (танымдық) мәселелерді емдеу үшін ешқандай дәрілік препараттарды қабылдау ұсынылмайды. Ми шайқалуы кезінде когнитивтік (танымдық) мәселелер болуында уақыт – оңтайлы емдеу, себебі, симптомдардың көпшілігі жарақаттан кейін бірнеше апта немесе ай өткенде өздігінше өтеді.
Когнитивтік емдеудің кейбір түрлері пайдалы болады, мысалы, қалта күнтізбесін, электрондық органайзерді қолданудағы немесе есте сақтау мен назар қоюдағы олқылықтарды жою үшін, басқа әдістерді қолданудағы дағдыларды жаттықтыру жүргізілетін реабилитация.
Депрессия және мазасыздық
Мидың шайқалуының симптомдары зақымданушы симптомдарының себебін және уақыт өткенде өздерін жақсы сезінетіндігін білгенде, жиі жақсарады. Ауру жайлы білу адамның үрейін азайтады және тыныштануына көмектеседі. Депрессия және мазасыздық симптомдары күшейгенде емдеудің бірнеше нұсқалары бар:
Психотерапия. Мәселелерді психологпен немесе психиатрмен талқылау, олардың бассүйек-ми жарақатына ұшыраған адамдарды емдеу тәжірибесі аса пайдалы.
Дәрілік препараттар. Үрейге немесе депрессияға ұшырағанда антидепрессанттар немесе тыныштандыратын препараттар ұсынылуы мүмкін.
Мидың шайқалуын алдын алудың жалғыз белгілі тәсілі – бастың жарақатын болдырмау.
Бастың жарақатына қалай ұшырамауға болады
Әрбір әлеуетті қауіпті жағдайға дайын болу мүмкін болмаса да, бастың жарақатының жиі кездесетін себебінен алшақ болу үшін кеңестер беріледі:
Автокөлікте келе жатқанда қауіпсіздік белдігін салыңыз және балалардың жасына сәйкес қауіпсіз орындықта отыруын қадағалаңыз. 13 жасқа дейінгі балалар артқы орында отырғаны қауіпсіз, әсіресе, егер автокөлікте қауіпсіздік «жастықтары» болмаса.
Өзіңіз және балаңыз велосипедте, роликті конькиде, шаңғыда, сноубордта болғанда, футбол ойнағанда, скейтбордингте, атқа мінгенде, мотоциклде бастың арнайы киімін (шлемін) киіп жүру қажет.
Үйде құлаудың алдын алыңыз,мысалы, шағын кілемшелерді төсемеңіз, жарықты жақсартыңыз, саты болса, сүйенетін жақтау қойыңыз.
Отосклероздың пайда болу себептері белгісіз. Дегенмен, аурудың тұқым қуалау сипаты туралы дәлелдер бар.
Отосклерозға шалдыққан адамдардың ортаңғы құлағындағы кеуекті сүйектің ауытқулы өсуі байқалады. Бұл дыбыс толқындарының түсуіне жауап ретінде есту сүйегінің вибрациясын (тербелісін) шектейді. Мұндай тербеліс-толқындар есту үшін қажет.
Отосклероз – жастардың арасында кездесетін саңыраулықтың кең таралған себебі. Ауру, әдетте ересек өмірдің ерте кезеңінде басталады. Ол ерлерге қарағанда әйелдерде жиі кездеседі. Дерт үрдісі екі құлақты да қамтуы мүмкін.
Бұл аурудың пайда болуының қауіп факторларына жүктілік және бір отбасы мүшелерінің естімей қалуы жатады. Басқа этникалық топтарға қарағанда еуропа нәсілінің адамдары бұл аурудың дамуына бейімірек келеді.
Отосклероз баяу дамуы мүмкін. Ауруды естуде мәселелер пайда болғанға дейін емдеудің қажеті жоқ.
Фторид, кальций немесе D дәрумені секілді дәрілік препараттар естуді жоғалтуды бәсеңдетуі мүмкін, бірақ, олардың тиімділігі осы уақытқа дейін дәлелденбеген.
Естуді жоғалтуды түзету үшін есту аппараты қолданылуы мүмкін. Бұл ауруды емдемейді, оның ушығуын да тоқтатпайды, бірақ, естудің бұзылысына байланысты жайсыздықты жеңілдетуге көмектеседі.
Үзеңгісүйектің (есту сүйегі) бөлігін алып тастау бойынша хирургиялық операция және оны протезге алмастыру кондуктивтік саңыраулықты емдей алады. Үзеңгі сүйекті толығымен алып тастау стапедэктомия аталады. Кейде оның бөлігі ғана алынып, төменгі бөлігінде шағын саңылау жасалады. Бұл стапедотомия аталады. Кейде операция лазердің көмегімен жасалады.
Отосклероз емделмесе, біртіндеп, ушығады. Хирургиялық араласу естуді қалпына келтіруге көмектеседі. Бас ауруы мен айналуы операциядан кейін бірнеше апта ішінде өтеді.
Операциядан кейінгі асқынулардың пайда болу қаупін азайту үшін келесі ұсыныстарды орындаңыз:
Операциядан кейінгі 2-3 апта ішінде сіңбірмеңіз.
Респираторлық немесе басқа инфекцияға шалдыққан адамдардан алшақ жүріңіз.
Еңкеюден, созылудан немесе ширығудан алшақ болыңыз, бұл бас айналуын туындатуы мүмкін.
Шулы дыбыстардан немесе қысымның күрт өзгерісінен алшақ болыңыз. Операциядан кейін қалыпқа келгенше тереңге сүңгумен айналыспаңыз, тауда көлік жүргізбеңіз, ұшақпен ұшпаңыз.
Операцияның әсері болмаса, естуды толығымен жоғалту орын алуы мүмкін. Мұндай науқастар саңыраулығын есту аппаратының көмегімен меңгеруге үйрету қажет, олар дыбыстарды сау құлақтан ауру құлаққа береді.
Позициялық, қатерлі емес бас айналуы – бас айналуының жиі кездесетін түрі. Бас айналуы – өзіңнің немесе айналадағы заттардың қозғалуын сезіну. Ол басты белгілі бір жағдайда орналастырғанда пайда болуы мүмкін.
Позициялық, қатерлі емес бас айналуын пароксизмалдық позициялық бас айналуы деп те атайды. Ол ішкі құлақтағы мәселелерге байланысты.
Ішкі құлақта жартылай шеңберлі каналдар аталатын, сұйықтыққа толы түтіктер бар. Қозғалған кезде осы түтіктердің ішіндегі сұйықтық та қозғалады. Жартылай шеңберлі каналдар сұйықтықтың кез келген жылжуына сезімтал. Жылжитын сұйықтық миға дененің орналасуын хабарлайды. Бұл тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.
Отолиттің (минералдық тұздардан, көбінесе, кальцийден тұратын, жартылай шеңберлі каналдарда орналасатын қатты түзіліс) кішкентай бөлігі кертіліп шығып, каналдың ішінде бос жүзеді. Мұны организм дененің орналасуы туралы ақпарат ретінде қате түсінеді, бұл миды қателікке ұшыратады, осыдан пароксизмалдық қатерлі емесе позициялық бас айналуы пайда болады. Оның пайда болуының күрделі қауіп факторлары жоқ. Бірақ, даму қаупі келесі жағдайларда артады:
Ауруды анықтау үшін дәрігер Дикс-Холлпайк сынамасын тағайындайды:
Дәрігер сіздің басыңызды белгілі бір жағдайда ұстайды. Осыдан кейін тез үстелге жатуды ұсынады.
Осыны жасағаннан кейін дәрігер көздің ауытқулы қозғалысын іздейді, және басыңыз айналатындығы туралы сұрайды
Егер бұл тест теріс нәтиже берсе, басқа тестілерден өтуді сұрайды.
Дәрігер тексеріп, қарап, аурудың тарихы туралы сұрақтар қояды. Басқа себептерді ескеру үшін миды және жүйке жүйесін зерттеу қажет. Бұл тексеру әдістері:
Электроэнцефалография (ЭЭГ)
Электронистагмография (ЭНГ)
Мидың компьютерлік томографиясы (КТ)
Магниттік-резонанстық томография (МРТ)
Естуді тексеру
Мидың магниттік-резонанстық ангиографиясы
Көздің ауытқулы қозғалысын анықтау үшін ішкі құлақты сумен немесе ауамен жылыту немесе суыту. Бұл калориялық стимуляция аталады.
Дәрігер «Эппли маневрі» аталатын шараны өткізуі мүмкін. Ол ішкі құлақта жүзетін отолиттің кішкентай бөліктерін жылжытуға көмектеседі. Бұл емдеу жақсы әсер көрсетеді.
Кейбір дәрілік препараттар бас айналуы сезімін жеңілдетуге көмектесуі мүмкін:
Антигистаминдік препараттар
Антихолинергиктер
Ұйқы шақыратын және тыныштандыратын
Дегенмен, бұл дәрілер бас айналуын емдеуде нашар көмектеседі.
Симптомдарының ушығуының алдын алу үшін бас айналуын туындататын дене орналасуынан алшақ болыңыз.
Құлақтың баро-жарақаты – дыбыс жарғағының сыртқы және ішкі жағындағы қысым деңгейлерінің күрт айырмашылығы нәтижесінде ортаңғы құлақтың зақымдануы.
Құлақ сыртқы, ортаңғы және ішкі бөлімдерден тұрады. Сыртқы құлақ қалқанынан (оның төменгі бөлігі - сырғалық) және сыртқы есту каналынан тұрады. Ортаңғы құлақ дыбыс жарғағынан және үш кішкентай сүйектен тұрады. Ішкі құлақ иірімнен, жартылай шеңберлі түтіктерден және есту нервісінен тұрады. Евстахиев түтігі – ортаңғы құлақты және мұрын-жұтқыншақты (мұрынның артқы бөлігі және жұтқыншақтың артқы қабырғасы) қосатын шағын түтік.
Себептері
Ортаңғы құлақтағы қысым әдетте, сыртқы ортадағы қысымның деңгейімен бірдей. Бұл қызметті евстахиев түтігі реттейді.
Әдетте, евстахиев түтігі жабық, оның қабырғасы біріне бірі жақын орналасқан. Жұтынғанда немесе есінегенде евстахиев түтігі ашылады, дыбыс жарғағының екі жағындағы ауаның қысымын бірдей етіп сақтап, ауа мұрыннан ортаңғы құлаққа өтеді. Сыртқы қысымның күрт өзгеруінде (артуында немесе сирек - төмендеуінде) евстахиев түтігі ортаңғы құлақ қуысына қысылатын ауаның жеткілікті көлемін тез енгізе алмайды (анатомиялық ерекшеліктерінің салдарынан), қуыстағы қысым артады немесе қажет болатыннан едәуір баяу төмендейді. Сыртқы және қуыс ішіндегі қысымдардың арасында теңсіздік орын алады, осыдан баро-жарақат пайда болады.
Көптеген адамдар өмірінде кем дегенде, бір рет баро-жарақатқа байланысты сезімге ұшырап көрген. Бұл әдетте, биіктіктің күрт өзгеруінде, мысалы, ұшу кезінде, аквалангпен сүңгуде немесе тауда автокөлік жүргізуде. Баро-жарақаттың даму қаупі, сондай-ақ, аллергия кезінде, суық тию және тыныс алу жолдарының инфекциясында, евстахиев түтігінің функционалдық өзгерістерімен байланысты артады.
Сонымен қатар, евстахиев түтігінің бітелуі туа біткен болуы да мүмкін.
Күшті немесе ұзақ уақыт бойғы баро-жарақат кезінде:
Құлақтағы күшті ауырсыну
Құлақтағы қысым сезімі (судың астында болатындай сезім)
Естуді ішінара немесе толықтай жоғалту
Мұрыннан және/немесе құлақтан қан кетуі
Диагностика
Құлақты қарағанда (отоскопия) дәрігер дыбыс жарғағының аздаған дөңестігін немесе ішіне тартылуын анықтайды. Ауыр жағдайда дыбыс жарғағы қуысындағы қантамырлардың жарылуы есебінен дыбыс жарғағының артында қан ағуы байқалуы мүмкін.
Баро-жарақаттың ауыр түрін кейде құлақ инфекциясынан ажырату қиын.
Емдеу
Құлақтағы жайсыздықты немесе ауырсынуды жеңілдету үшін евстахиев түтігінің өтімділігін қалпына келтіру және қысымды келесі тәсілдермен азайту қажет:
Сағыз шайнап көріңіз
Деміңізді ішке тартып, одан кейін баяу түрде, мұрын ұшы мен ауызды көлбеулеп тұрып, деміңізді шығарыңыз.
Кәмпит сорыңыз.
Есінеңіз.
Егер өздігіңізше жағдайды реттей алмасаңыз, жайсыздық сезімі бірнеше сағат бойы сақталса, немесе ауыр түрдегі баро-жарақат жағдайында сізге медициналық жәрдем қажет болады.
Баро-жарақатты дәрілік құралдармен емдеуге келесілер кіреді:
Антигистаминдық препараттар (аллергияға қарсы препараттар)
Деконгестанттар (тамырды тарылтатын препараттар, мұрынның бітелу сезімін азайтады) препараттар немесе мұрынға спрейлер түрінде
Стероидтық препараттар (гормондық препараттар)
Бұл препараттар мұрынның бітелу сезімін жояды және евстахиев түтігінің өтімділігін қалпына келтіреді.
Ауыр түрдегі баро-жарақат жағдайында құлақтың инфекциясының алдын алу үшін антибиотиктер қолданылады.
Евстахиев түтігі жоғарыда аталған әдістермен ашылмаса, хирургиялық операция – миринготомия жасалуы мүмкін. Хирург ортаңғы құлақта қысымды реттеу үшін және сұйықтықтың ағуын қамтамасыз ету үшін дыбыс жарғағында тілік жасайды. Мұндай операция өте сирек жасалады.
Егер ұдайы қысымның өзгеруіне ұшырайтын болсаңыз, баро-жарақатқа бейім боласыз, мұндайда қысымды реттеу үшін дыбыс жарғағына арнайы түтік орнату мүмкіндігі бар.
Аурудың болжамы
Құлақтың баро-жарақаты әдетте, дұрыс күтім жасауда және уақытылы емдеуде оң болжамды. Әдетте, естуді жоғалту қысқа мерзімді.
Мүмкін асқынулары
құлақтың жіті инфекциясы
Естуді жоғалту
Дыбыс жарғағының жарылуы немесе тесілуі
Вертиго (айналадағы заттар айналып тұрғандай сезім)
Қашан дәрігерге көріну қажет
Алдымен, өздігіңізше симптомдарды жою шараларын қабылдаңыз. Егер баро-жарақаттан болған жайсыздық бірнеше сағат бойы өтпесе, дәрігерге көріну қажет.
Келесі жағдайларда медициналық көмекке жүгіну қажет:
Құлақтан қан ақса
жоғары температура
құлақтағы күшті ауырсыну.
Алдын алу
Жоғарғы тыныс алу жолдарының қабынуында немесе аллергия ұстамасында қысымның өзгеруіне және биіктіктің күрт өзгеруінен алшақ болыңыз.
Ұшу кезінде ұшақ төмендей бастағанда ұйқтамаңыз. евстахиев түтігін ашу үшін «Емдеу» бөліміндегі ұсыныстарды қолданыңыз. Сондай-ақ, антигистаминдік (аллергияға қарсы) препараттарды және деконгестанттарды (тамырды тарылтатын) ұшу алдында қолдануға болады. Сәбилер мен балаларға ұшақ төмендей бастағанда беруге болады.
Суға сүңгуде тереңге баяу бойлау және қайта баяу көтерілу қажет. Жоғарғы тыныс алу жолдарының қабынуында немесе аллергия кезінде дайвингпен (су астында жүзу) айналысу қауіпті, себебі, баро-жарақат мұндай белсенділік нәтижесінде күрделі түрге айналуы мүмкін.