Дененің қалыпты температурасы кез келген уақытта өзгеруі мүмкін. Кешкі уақытта әдетте, жоғары болады. дене температурасына әсер етуі мүмкін басқа факторлар:
· Әйелдерде етеккір айналымының екінші жартысында дене температурасы 1 немесе одан жоғары градусқа артады.
· Дене белсенділігі, күшті эмоциялар, тамақ ішу, жылы киім, дәрілік препараттар, бөлмедегі жоғары температура және жоғары ылғалдылық дене температурасының артуына ықпал етеді.
Қызба – организмнің инфекцияға жауап ретінде қорғаныс серпіні. Ауру қоздыратын бактериялар мен вирустардың көпшілігі 37°С-тан асқан температурада жақсы дамиды. Қызба микроорганизмдермен күресті куәландырғанымен, ол организмнің қорғанысына бағытталған.
Мидың қызбадан зақымдануы әдетте, дене температурасы 42°С-қа дейін көтерілгенге дейін пайда болмайды. Инфекциядан туындаған қызба емдеу болмағанда дене температурасының 41°C-тан артуымен сирек болады.
Түсініксіз, бірнеше күн мен аптаға созылатын қызба айқын себепсіз қызба аталады.
Кейде қарапайым суық тию немесе басқа вирустық инфекция дене температурасын жоғарылатуы (38,9 - 40°C) мүмкін. Бұл әрқашан ауыр ауруды нұсқай бермейді. Сонымен қатар, кейбір күрделі инфекциялар кейде қызбасыз немесе дене температурасының төмендеуімен өтуі мүмкін.
Егер қызба жеңіл өтетін болса, басқа ешқандай симптомдар болмаса, емдеу қажет болмайды. Сұйықтықты көбірек ішіп, көбірек демалыңыз.
Дене температурасын түсіруге тырысқанда:
· қалтырау бар болса, ҚЫМТАНБАҢЫЗ
· артық киім мен көрпені алып тастаңыз. Бөлме температурасы тым жоғары немесе тым төмен болмауы тиіс. Жеңіл киім киіңіз және бір жұқа көрпе жамылыңыз. Егер бөлмеде ыстық және қапырық болса, желдеткішті немесе кондиционерді қосыңыз.
· қызбаны түсіруге жылы ванна немесе губкамен сүртіну көмектесуі мүмкін. Бұл процедуралар дәрі қабылдаудан кейін тиімді, олай болмағанда, температура қайтадан көтерілуі мүмкін.
· Суық ванна ҚАБЫЛДАМАҢЫЗ, мұзды немесе алкогольмен СҮРТІНУДІ ҚОЛДАНБАҢЫЗ. Бұл процедуралар теріні салқындатады, бірақ, көбінесе, жағдайды ушықтырады, себебі, дірілді туындатуы мүмкін, осыдан, дене температурасы қайтадан көтерілуі ықтимал.
Төменде дене температурасын түсіру үшін дәрілерді қабылдау бойынша кейбір ұсыныстар берілген:
· Ацетаминофен және ибупрофен – ыстықты түсіретін препараттар. Кейде дәрігерлер екі препаратты да тағайындайды.
· Ацетаминофенді әр 4-6 сағат сайын қабылдаңыз. Препараттың әрекет ету механизмі мидағы жылуды реттеу орталығына әсер етуге негізделген.
· Ибупрофенді әр 6 - 8 сағат сайын қабылдаңыз. 6 айлық жасқа жетпеген сәбилерге ибупрофенді БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ.
· Аспирин ересектердегі қызбаны емдеу үшін тиімді. Аспиринді балаға беру үшін алдын ала дәрігердің кеңесін алу міндетті.
қызба кезіндегі тамақтану және сұйықтық ішу тәртібі:
· Науқастар сұйықтықты көп ішуі тиіс. Су, сорпа, шырын ұсынылады.
· Тамақ ішуге шектеу қойылмайды, бірақ, тәбет болмаса өзіңізді тамақ ішуге мәжбүрлемеңіз.
103 телефоны арқылы жедел жәрдемді шақырыңыз, егер өзіңізде немесе қасыңыздағы адамда қызба және келесі симптомдардың бірі болса:
· Жеңіл ояна алмау
· Естің қалыпты болмауы
· Жүре алмау
· Тыныс алудың қиындауы, мұрын қуысын тазартқанның өзінде
· Еріннің, тілдің немесе тырнақтың көгеруі
· Күшті бас ауыруы
· Мойынның қарысуы
· Талма.
Келесі жағдайларда шұғыл түрде дәрігерге көрініңіз:
· Дене температурасы 40°C-тан артса, және дәрі ішкенде түспесе.
· Қызба 39°C деңгейінде тұрақтаса немесе одан әрі ушықса
· Қызба 48-72 сағаттан артық созылса.
· Қызба аптаның ішінде немесе одан ұзақ уақыт бойы бірде басылып, бірде жоғарылайды, дене температурасы аса жоғарыламаса да.
· Күрделі ауру бар болса, мысалы, жүрек ауруы, муковисцидоз, ӨСОА (ХОБЛ) немесе өкпенің басқа созылмалы аурулары.
· Қызба кезінде бөріткен немесе көгеру пайда болса.
· Несеп шығаруда ауырсыну болса.
· Иммундық жүйеде мәселелер болса, (стероидтармен емдеу, сүйек кемігін немесе ағза алмастырғаннан кейінгі жағдай, көк бауырды алып тастау, АИТВ (ВИЧ) - оң статус, қатерлі ісіктен емделу тарихы)