Депрессия – күрделі эмоционалдық (аффективті) бұзылыс, бұл кезде ұдайы уайым, мұң, ашулану, фрустрация (тілектің мүмкіндікке сай болмауы), күштің болмауы адамның күнделікті өміріне теріс әсер етеді. Клиникалық депрессия апталар, айлар, жылдар бойы созылуы мүмкін.
Көпшілік адамдар өмірінің белгілі бір сәттерінде қысқа мерзімді депрессияның қандай да бір түрін басынан кешіреді.
Депрессияның пайда болуының нақты себептері белгісіз. Көптеген медик-ғалымдардың ойынша, ауру күйзелістен кейін мида химиялық өзгерістер нәтижесінде пайда болады. Тұқым қуалау бейімділігі де бар. Көбінесе, депрессияға осы факторлардың бірігуі апарады. Депрессия отбасында ешкімде мұндай бұзылыс болмаса да пайда болуы мүмкін. Депрессия кез келген адамда, тіпті, балада да пайда болуы мүмкін.
Келесі факторлар депрессияның пайда болуына ықпал етуі мүмкін:
· Белгілі бір аурулар, гипотиреозды қоса (қалқанша без қызметінің төмендеуі), қатерлі ісік, ұдайы ауырсынуға апаратын аурулар;
· Ұйқыдағы мәселелер (ұйқысыздық, түнгі үрейлі түстер);
· Алкогольді немесе есірткі заттектерге үйір болу;
· Кейбір дәрілерді тұтыну, мысалы, стероидтарды (преднизолон).
Депрессияға апаратын өмірдегі жиі күйзеліс жағдайлары:
· Сүйікті адаммен қоштасу;
· Емтихан тапсыра алмау;
· Жақын адамның қайтыс болуы немесе ауыруы;
· ажырасу;
· бала кездегі зорлық көру, немесе ата-ана жағынан назар қоюдың жетіспеуі;
· жұмысты жоғалту;
· әлеуметтік оқшаулану (жалғыздық), әдетте, егде жастағы адамдарда болады.
Депрессия өзін-өзі бағалауды бұзуы, өмірді нашарлатып, қоршаған ортадағы адамдардың өміріне зиян келтіруі мүмкін.
Депрессияға шалдыққан адамдар әдетте, өмірді күңгірт, көңілсіз күйде көреді. Көбінесе, науқас қандай да бір мәселенің немесе жағдайдың оң шешіміне сенбейді.
Депрессияның симптомдары:
· толқу, мазасыздық, ашушаңдық;
· қоршаған әлемнен аулақтану, оқшаулану;
· жәрдемсіздік және үмітсіздік;
· қажетсіздік, өзін жек көру немесе кінәлі сезіну;
· бұрын қанағаттану әкелетін күнделікті әрекетке қызығушылықты немесе қанағаттануды жоғалту;
· қандай да бір затқа зейін қоюдың қиындауы;
· тәбеттің өзгерісі, көбінесе, депрессияға салмақ қосу қосарланады;
· шаршау, энергияның жетіспеуі;
· ұйқтай алмау немесе тым көп ұйқтау;
· өлім немесе өзіне қол жұмсау туралы ойлар.
Депрессия сыртынан мұң сезімі емес, ызалану және айыптау секілді көрінуі мүмкін.
Егер депрессия аса ауыр болса, күрделі симптомдары, мысал, елестеу (жоқ заттар мен дыбыстарды шынайы қабылдау) және сандырақ пайда болуы мүмкін.
Дәрігер әдетте, аурудың симптомдары мен ұзақтығы туралы көбірек ақпарат алу үшін бірқатар сұрақтар қояды. Дәрігер психологиялық тестілерге жауап беруді ұсынады. Науқастың белгілі бір сұрақтарға жауаптары маманға дұрыс диагноз қоюға және депрессияның ауырлық дәрежесін анықтауға көмектеседі.
Депрессияға алып келген ауруды анықтау үшін кейде электроэнцефалография (мидың электр белсенділігін анықтау) қолданылады.
· антидепрессантарды – мидағы көңіл-күйді көтеруге жауап беретін өзіндік химиялық дәрілік құралдарды қабылдау. Депрессияға шалдыққан науқаста олар көңіл-күйді жақсартады, уайымды, үрейді, эмоционалдық ширығуды басады, психикалық белсенділікті арттырады, ұйқыны, тәбетті реттейді. Бұл препараттардың көпшілігі тиімді, бірақ, жанама әсері болады.
Егер депрессия шағын болса, емдеудің бір түрі ғана қажет болуы мүмкін. Депрессияның ауыр түріне шалдыққан адамдар емдеудің бірнеше түрінің бірігуіне мұқтаж болады. Сауығу үшін белгілі бір уақыт кетеді, бірақ, әдетте, сауығу емдеудің басынан бірнеше күн өткенде байқала бастайды.
Науқаста өзіне қол жұмсау ойлары пайда болса, басыңқылық және қарапайым әрекетті орындай алмау күшейгенде арнайы (психиатриялық) ауруханада емделу қажет болады.
Депрессияда кейбір науқастарға антидепрессанттарды қабылдаудан 2 апта өткенде жақсару пайда болады. Дегенмен, көптеген науқастарға жағдайдың жақсаруы және қайта ұстамалардың алдын алу үшін дәрілерді 4-9 ай қабылдау қажет болуы мүмкін.
· Қабылдайтын дәрі көмектеспейтіндей немесе, керісінше, жанама әсерінің туындайтындай болып көрінеді. Препаратты қабылдауды өздігінше тоқтатуға болмайды, мұндай шешімді дәрігер қабылдауы тиіс.
· Депрессияның қайта ұстамалары пайда болса.
· Депрессия жағдайы жұмысқа, мектепке, отбасына теріс әсер етеді.
· Өзіне немесе қоршаған адамдарға зиян әкелу ойлары пайда болса.
· Есту елестері пайда болса, қасында жоқ адамдардың дауысын есту орын алса.
Алкоголь немесе есірткі заттектерді қабылдаудан бас тартыңыз, себебі, бұл депрессияны ушықтырып, өзіне қол жұмсауға итермелеуі мүмкін.
Дәрігер тағайындаған дәріні қабылдаңыз. Дәрігерден дәрілердің мүмкін жанама әсері және бұл кезде не істеу қажеттігі туралы сұраңыз. Депрессияның ушығуының ерте сигналдарын танып үйреніңіз.
Келесі әрекеттер өзін жақсы сезінуге көмектесуі мүмкін:
· Дене белсенділігіне көбірек уақыт бөлу
· Ұйқының дұрыс тәртібін қадағалау
· Қанағаттану сезімін әкелетін қызметпен айналысу
· Сенетін адаммен әңгімелесу
· Өзіңізді бағалайтын, кең пейілді адамдардың арасында болу.
Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры:
Гипотиреоз – қалқанша без гормондарының жеткіліксіз өндірілуімен сипатталатын ауру. Бұл ауруды, сондай-ақ, қалқанша бездің гипофункциясы деп те атайды.
Гипотиреоз –қалқанша бездің белсенділігінің төмендеуімен сипатталатын жағдай, бұл организмнің барлық қызметіне әсер етуі мүмкін. Гипотиреоз кезінде метаболизмнің жылдамдығы төмендейді, бұл ақыл-ой және дене қызметін баяулатады. Гипотиреоздың аса ауыр түрі – микседема,ол шұғыл медициналық көмекті қажет етеді.
Қалқанша без эндокриндік жүйенің маңызды ағзасы. Ол мойынның алдыңғы бетінде, бұғаналардың қосылған жерінен сәл жоғарыда орналасқан. Без организмнің әр жасушасының энергиясын қолдану үрдісін реттейтін гормондарды өндіреді. Бұл үрдіс метаболизм аталады.
Гипотиреоз 50 жастан асқан адамдарда, көбінесе, әйелдерде жиі кездеседі.
Гипотиреоздың жиі себебі – тиреоидит (қалқанша бездің қабынуы). Тиреодитте ісіну мен қабыну қалқанша бездің жасушаларын зақымдайды.
Аурудың мүмкін себептері:
Қалқанша бездің аутоиммундық зақымдануы
Вирустық инфекциялар (суық тию) немесе басқа респираторлық инфекциялар
Жүктілік (босанудан кейінгі тиреоидит)
Гипотиреоздың басқа себептері:
литий және амиодарон секілді дәрілік препараттар
туа біткен ауытқулар
мойын немесе ми аумағындағы ісіктердің сәулелік емдеуі
қалқанша бездің гиперфункциясын емдеуде радиоактивті йодты қолдану
қалқанша бездің бөлігін немесе тұтастай хирургиялық алып тастау
Шихан синдромы – гипофиздің бұзылысын туындататын, әйелдердің жүктілік немесе босану кезіндегі мол қан кетуі түрінде болатын жағдай.
Гипофиздің ісіктері немесе гипофизде жасалатын операциялар
Тексеру кезінде дәрігер қалқанша бездің өлшемдерінің ұлғайғандығын байқайды. Без қалыпты немесе одан сәл кіші де болуы мүмкін. Тексеру кезінде анықталады:
Тырнақтың сынғыштығы
Бет пішінінің өзгеруі
Солғын немесе құрғақ тері, ұстағанда салқын көрінеді
Қол-аяқтың ісінуі
Жұқа және сынғыш шаш
Қан талдауы қалқанша бездің гормондары ТТГ және Т4 анықтау үшін қажет.
Емдеу қалқанша бездің гормондарының жеткіліксіздігін толықтыруға бағытталған.
Көбінесе, левотироксин препараты тағайындалады.
Аурудың симптомдарын жоятын және гормон деңгейін қалыпқа келтіретін төмен мөлшерлеме тағайындалады.
Егер жүрек аурулары болса, немесе науқастың жасы үлкен болса, дәрігер өте аз мөлшерлемеден бастайды.
қалқанша бездің белсенділігі төмен адамдардың көпшілігіне бұл дәріні өмір бойы қабылдау қажет болады.
Бастапқы кезеңде дәрігер гормон деңгейін 2-3 ай бойы анықтауды ұсынады. Кейінірек, кемінде, жылына бір рет бақылауға болады.
Егер қалқанша без гормонын қабылдайтын болсаңыз, келесі ережелерді ұстаныңыз:
өзіңізді жақсы сезінгенмен, дәрі қабылдауды тоқтатпаңыз. Дәрігердің тағайындауына сай қабылдауды жалғастырыңыз.
Дәрінің таңбасы өзгерсе дәрігерге хабарлау қажет. Қалқанша без гормонының деңгейін анықтау қажет болуы мүмкін.
Тұтынатын тағам өнімдері препараттың организмге сіңуіне әсер етуі мүмкін. Соя өнімдерін көп тұтынсаңыз немесе талшығы мол емдәм ұстанатын болсаңыз, дәрігермен кеңесіңіз.
Қалқанша без препараттары аш қарынға және басқа дәрілерден 1 сағат бұрын қабылдаса, жақсы әрекет етеді. Препаратты ұйқы алдында қабылдайтын болсаңыз, дәрігермен кеңесіңіз. Зерттеулерге сай препаратты ұйқы алдында қабылдау күндізгіге қарағанда организмге дәріні жақсы көтеруге мүмкіндік береді.
Қалқанша без гормондарын қабылдағаннан кейін өт қышқылдарын байланыстыратын, құрамында тағамдық талшықтар, кальций, темір, полидәрумендер, алюминий гидроксиді антацидтері, холестипол бар дәрілер немесе тағамдық қоспаларды қабылдау үшін 4 сағат күтіңіз.
Қалқанша бездің препараттармен алмастыру емдеуі кезінде келесі симптомдар пайда болса, дәрігерге қабылдаңыз, бұл препараттың мөлшерлемесінің тым жоғары екендігін көрсетеді:
Көптеген жағдайда дұрыс емдеуде тиреоидты гормондардың деңгейі қалпына келеді. Науқас өмір бойы қалқанша бездің препараттармен алмастыру емдеуін қабылдауы мүмкін.
Микседематоздық кома – гипотиреоздың аса ауыр түрі, ол сирек кездеседі, тиреоидты гормондардың деңгейі өте төмен мәнге төмендегенде дамиды. Емделмеген гипотиреозы бар адамдарда бұл инфекцияның, басқа да аурудың, суықтың немесе кейбір дәрілердің әсерінің салдарынан туындауы мүмкін.
Микседематоздық кома шұғыл медициналық жәрдемді және аурухана жағдайында емделуді қажет етеді. Кейбір науқастарға оттегі, тыныс алу қызметін қолдау (вентиляция), көктамыр арқылы сұйықтық енгізу, қарқынды күтім жасау қажет болады.
Микседематоздық команың симптомдары:
Дене температурасының төмендеуі
Тыныс алудың бәсеңдеуі
Төмен артериалдық қысым
Қандағы қант деңгейінің төмендігі
Тітіркендіргіштерге серпіннің болмауы
Орынсыз немесе тән емес көңіл-күй
Емделмеген гипотиреозы бар адамдарда келесі қауіптер артады:
Инфекциялар, бедеулік, жүктіліктің үзілуі, туа біткен ақаулары бар сәбилердің дүниеге келуі
Төмен тығыздықты липопротеидтердің («нашар» холестерин) жоғары деңгейінің салдарынан жүрек-қантамыр аурулары
Мидың шайқалуы – күрделі ауру, бұл кезде шайқалуды туындатқан жарақаттан кейін соңғы бірнеше апта, ал кейде бірнеше ай өткенде бас ауруы немесе бас айналуы секілді симптомдар пайда болады.
Мидың шайқалуы дегеніміз – жеңіл бассүйек-ми жарақаты, көбінесе, бастың соққысынан кейін пайда болады. Есті жоғалту мұндай диагнозды қою үшін міндетті шарт емес. Шын мәнісінде, мидың шайқалуының даму қаупі бастапқы жарақаттың ауырлығымен байланысты емес.
Көптеген адамдарда аурудың симптомдары алғашқы 7-10 күнде пайда болады және жарақаттан кейін үш ай ішінде өтеді, бірақ, кейде бір жыл бойы немесе одан ұзақ уақыт бойы сақталады. Мидың шайқалуын емдеу аурудың симптомдарын жеңілдетуге бағытталған.
Зейінді шоғырландыру және есте сақтаудың төмендеуі
Шу мен жарыққа асқан сезімталдық
Мидың шайқалуынан кейінгі бас ауыруы өзгеруі мүмкін және ширығу ауырсынуы немесе сақина секілді болады. Көпшілік жағдайда ширығу ауырсынуы кездеседі, ол бастың жарақаты кезінде болған мойынның зақымымен байланысты болуы мүмкін. Кейбір жағдайда жеңіл бассүйек-ми жарақатынан кейін адамдар түрлі мінез-құлықтық немесе көңіл-күйлік бұзылыстарға ұшырайды. Отбасының мүшелері адамның ашушаң, күмәншіл болатынын, жиі таласу немесе қырсығу әдетін байқайды.
Егер бастың жарақаты естің қалыпсыздығын немесе амнезияны (болғанды ұмыту) туындатса, естен танбасаңыз да, дәрігерге көріну қажет. Егер мидың шайқалуы спортпен айналысу кезінде пайда болса, дене жаттығуын тоқтатыңыз. Алынған жарақаттың асқынуының пайда болу қаупін азайту үшін дәрігерге көрініңіз.
Кейбір сарапшылардың ойынша, мидың шайқалуының симптомдары мидың құрылымдық зақымдануына байланысты туындайды. Басқалары аурудың симптомдары психологиялық факторларға байланысты санайды, себебі, бас ауыруы, бас айналуы және ұйқы мәселелері секілді симптомдар депрессия, үрейлену немесе жарақаттан кейінгі күйзелістік бұзылыс кезіндегі симптомдарға ұқсас. Көптеген жағдайларда мидың жарақатының физиологиялық салдары және оларға көңіл-күй серпіні симптомдардың дамуында роль атқарады.
Зерттеушілер неліктен кейбір адамдарда жарақаттан кейін тұрақты симптомдар болатындығы, кейбірінде – болмайтындығы туралы нақты айта алмайды. Жарақаттың ауырлығы және мидың шайқалуының тұрақты симптомдарының даму ықтималдығы арасында дәлелденген байланыс жоқ.
Ешқандай тексеру мидың шайқалуын дәлелдей алмайды. Дәрігер осыған ұқсас симптомдарды туындататын басқа әлеуетті мәселелер болуын тексеру үшін миды тексерістен өткізеді. Әдетте, мидың ауытқуларын анықтау үшін компьютерлік томографияны (КТ) өткізген жөн.
Егер сізде жиі бас айналуы болса, сізді құлақ, мұрын және көмей ауруларына маманданған дәрігерге бағыттайды. Мазасыздық пен депрессияға шалдықсаңыз, немесе есте сақтау мен күнделікті тіршілік мәселелерін шешуде қиналатын болсаңыз, психологқа немесе психиатрға бағыттау қажет болады.
Мидың шайқалуының арнайы емі жоқ. Оның орнына дәрігер сізде пайда болған симптомдарды емдейді. Түрлі симптомдар мен олардың кездесу жиілігі әр адам үшін ерекше болады.
Бас ауыруы
Бастың сақина ауруын немесе шируғыдан болатын бас ауруын емдеу үшін қолданылатын препараттар, оның ішінде, кейбір антидепрессанттар мидың шайқалуына байланысты бас ауруында тиімді болуы мүмкін. Мысалы:
Амитриптилин. Бұл препарат сондай-ақ, жарақаттан кейінгі зақымдануды емдеу үшін, сондай-ақ, мидың шайқалуына байланысты ашушаңдық, бас айналуы және депрессия секілді симптомдарды емдеу үшін кеңінен қолданылады.
Дигидроэрготамин(DHE 45) – метоклопрамидпен (Реглан) бірге. Бұл препараттар созылмалы бас ауруын жеңілдетеді, бірақ, олар көктамыр арқылы аурухана жағдайында қолданылуы тиіс.
Мидың шайқалуы кезінде ауырсынуды басатын препраттарды шамадан тыс қолдану тұрақты бас ауруының пайда болуына апаруы мүмкін.
Есте сақтау және ойлау мәселелері
Қазіргі кезде жеңіл бассүйек-ми жарақатынан кейін когнитивтік (танымдық) мәселелерді емдеу үшін ешқандай дәрілік препараттарды қабылдау ұсынылмайды. Ми шайқалуы кезінде когнитивтік (танымдық) мәселелер болуында уақыт – оңтайлы емдеу, себебі, симптомдардың көпшілігі жарақаттан кейін бірнеше апта немесе ай өткенде өздігінше өтеді.
Когнитивтік емдеудің кейбір түрлері пайдалы болады, мысалы, қалта күнтізбесін, электрондық органайзерді қолданудағы немесе есте сақтау мен назар қоюдағы олқылықтарды жою үшін, басқа әдістерді қолданудағы дағдыларды жаттықтыру жүргізілетін реабилитация.
Депрессия және мазасыздық
Мидың шайқалуының симптомдары зақымданушы симптомдарының себебін және уақыт өткенде өздерін жақсы сезінетіндігін білгенде, жиі жақсарады. Ауру жайлы білу адамның үрейін азайтады және тыныштануына көмектеседі. Депрессия және мазасыздық симптомдары күшейгенде емдеудің бірнеше нұсқалары бар:
Психотерапия. Мәселелерді психологпен немесе психиатрмен талқылау, олардың бассүйек-ми жарақатына ұшыраған адамдарды емдеу тәжірибесі аса пайдалы.
Дәрілік препараттар. Үрейге немесе депрессияға ұшырағанда антидепрессанттар немесе тыныштандыратын препараттар ұсынылуы мүмкін.
Мидың шайқалуын алдын алудың жалғыз белгілі тәсілі – бастың жарақатын болдырмау.
Бастың жарақатына қалай ұшырамауға болады
Әрбір әлеуетті қауіпті жағдайға дайын болу мүмкін болмаса да, бастың жарақатының жиі кездесетін себебінен алшақ болу үшін кеңестер беріледі:
Автокөлікте келе жатқанда қауіпсіздік белдігін салыңыз және балалардың жасына сәйкес қауіпсіз орындықта отыруын қадағалаңыз. 13 жасқа дейінгі балалар артқы орында отырғаны қауіпсіз, әсіресе, егер автокөлікте қауіпсіздік «жастықтары» болмаса.
Өзіңіз және балаңыз велосипедте, роликті конькиде, шаңғыда, сноубордта болғанда, футбол ойнағанда, скейтбордингте, атқа мінгенде, мотоциклде бастың арнайы киімін (шлемін) киіп жүру қажет.
Үйде құлаудың алдын алыңыз,мысалы, шағын кілемшелерді төсемеңіз, жарықты жақсартыңыз, саты болса, сүйенетін жақтау қойыңыз.
Қажуды ұйқы басудан айыра білу қажет. Ұйқы басуы – ұйқыға арналмаған уақытта ұйқысы келуді сезіну.
Қажу – энергия мен күштің болмауы. Ұйқы басуы және апатия (айналаға көңіл бөлмеу) қажудың белгілері болуы мүмкін.
Қажу – организмнің денелік, көңіл-күйлік ширығуына, зерігуге немесе ұйқысыздыққа қалыпты және негізгі жауапты серпіні болуы мүмкін. Алайда, бұл күрделі психикалық немесе денелік жағдайдың белгісі де болуы мүмкін. Егер қажу жеткілікті ұйқыдан, жақсы тамақтанудан немесе тыныштану жағдайынан кейін де басылмаса, дәрігерге көріну қажет. Қажу – жалпы симптом және күрделі аурудың себебі емес.
Қажуды толық сипаттау – дәрігерге оның себебін анықтауға көмектесуі мүмкін. Мысалы, егер таңертең қалыпты жағдайда оянсаңыз, бірақ, қажу жүктемеден кейін тез орнайтын болса, оның себебі қалқанша бездің қызметімен байланысты болуы мүмкін. Ал басқа жағынан, егер күні бойына созылатын қажу және энергия жетіспеу сезімімен оянатын болсаңыз, бұл депрессиялық жағдай болуы мүмкін.
• Дәрілік препараттар, мысалы, тыныштандыратын құралдар немесе антидепрессанттар
• Ұдайы мазалайтын ауырсыну
• Ұйқының бұзылысы, мысалы, ұйқысыздық, ұйқы кезінде тыныс алудың кенеттен тоқтауы немесе нарколепсия
• Гипотиреоз немесе гипертиреоз (қалқанша бездің белсенділігінің төмендеуі немесе артуы, сәйкесінше)
• Алкоголь немесе есірткі тұтыну. Мысалы, кокаин немесе басқа есірткілік препараттарды тұтыну, әсіресе, оларды ұдайы тұтынуда.
Сондай-ақ, қажу келесі аурулар кезінде пайда болуы мүмкін:
• Аддисон ауруы (бүйрек үсті бездері гормондарының өндірілуінің бұзылысы)
• Анорексия немесе ас қорыту жолдарының басқа бұзылыстары
• Артрит, жасөспірімдік ревматоидтық артритті қоса
• Аутоиммунндық аурулар, жүйелік қызылжегі секілді
• Қатерлі ісік
• Жүректің іркілісті жеткіліксіздігі
• Диабет
• Фибромиалгия (қарқындылығы және орналасуы әр түрлі болатын бұлшық ет-қаңқалық ауырсыну сезімі)
• Реабилитациясы (қалпына келуі) ұзақ болатын инфекциялар, мысалы, бактериалдық эндокардит (жүректің бұлшық етінің және/немесе клапандарының инфекциялық зақымдануы), паразитарлық инфекциялар, СПИД, туберкулез, мононуклеоз
• Бүйрек аурулары
• Бауыр аурулары
• Қоректік заттектердің жеткіліксіздігі
Кейбір дәрілік препараттар ұйқы басуын, немесе қажуды туындатуы мүмкін, мысалы, аллергияны емдейтін дәрілер (антигистаминдік), жоғары артериалдық қысымды емдейтін дәрілер, сондай-ақ, стероидтар және несеп айдайтын препараттар.
Созылмалы шаршау синдромы – тұмау секілді симптомдардан басталып, 6 ай немесе одан ұзақ уақытқа созылатын жағдай. Бұл диагноз басқа мүмкін себептерді ескергеннен кейін қойылады. Көпшілікте бұл синдром демалғанда да жеңілдеуі болмайды.
• Салауатты, жақсы үйлесімді тағамды тұтыныңыз және күні бойы суды мол тұтыныңыз.
• Дене жаттығуларын ұдайы орындаңыз.
• Басқа босаңсып, жайбарақаттану тәсілдерін қолданыңыз. Мысалы, йога немесе медитацияны.
• Жұмыс уақытын дұрыс бөлу.
• Күйзелісті, шиеленісті жағдайлардан алшақ болыңыз. Мүмкіндігінше, жұмыста демалыс алып, немесе қатынастарды реттеңіз.
• Көп дәрумендік кешендерді қабылдаңыз, алдын ала дәрігермен кеңесіп.
• Алкогольді, никотинді және есірткілік заттектерді тұтынуды қойыңыз.
Егер созылмалы ауырсынудан немесе депрессиядан зардап шегетін болсаңыз, бұл жағдайларды емдеу қажуды жеңуге көмектеседі. Алайда, кейбір антидепрессиялық дәрілік препараттар қажу жағдайын туындатуы немесе ушықтыруы мүмкін. Бұл жағдайда емдеу көмектеседі. Дәрігермен ақылдаспай дәрілік препараттарды қабылдауды тоқтатпаңыз және өзгертпеңіз.
Ынталандырғыштар (мысалы, кофеин секілді) қажуды емдеуде тиімді емес. Оларды қолдануды тоқтатуда жағдай ушығуы мүмкін. Тыныштандыратын құралдар да жағдайды нашарлатады.
Жүйелі қызыл жегі (ЖҚЖ) – аутоиммундық ауру, бұл кезде адамның өзіндік иммундық жүйесі қате түрде сау тіндерді зақымдайды. Яғни, тері, буындар, бүйрек, ми және басқа ағзалар зақымданады.
Аутоиммундық аурулардың негізгі себептері толық зерттелмеген.
ЖҚЖ ерлерге қарағанда әйелдерде жиі кездеседі. Ол кез келген жаста пайда болуы мүмкін, бірақ, 10-50 жас аралығында жиі кездеседі. Азиялықтар басқа нәсілдерге қарағанда жиі ауырады.
ЖҚЖ кейбір дәрілік препараттарды қабылдау салдарынан да туындауы мүмкін.
Әр адамда аурудың симптомдары әр түрлі болуы мүмкін, симптомдар пайда болып, жойылып отыруы мүмкін. ЖҚЖ шалдыққан барлық дерлік науқастардың буындары ауырады, және ісіну болады. Кейбірінде артрит дамиды. Көбінесе, саусақтың, білектің, тізенің буындары зақымданады.
Басқа кең таралған симптомдары:
Кеудедегі ауырсыну, терең тыныс алғанда
Шаршау
Қызба
Жалпы жайсыздық, мазасыздық немесе дімкәстік
Шаштың түсуі
Ауыз қуысындағы ойықжаралар
Күн сәулесіне сезімталдық
«Көбелек» секілді бөріткен шамамен, ЖҚЖ шалдыққан науқастардың жартысында кездеседі. Бөріткен, көбінесе, жақта, кеңсірікте пайда болады, барлық денеде де болуы мүмкін. Бөріткен әдетте, күннің көзінде болғаннан кейін пайда болады.
Лимфа түйіндерінің ұлғаюы.
Жүйелі қызыл жегі – созылмалы қабынудан аутоиммундық бұзылыс, ол көптеген жүйелер мен ағзаларды зақымдауы мүмкін, терінің, буынды және ішкі ағзаларды қоса. Аурудың барысы жеңіл, ауыр және өмір үшін қауіпті болуы мүмкін.
Басқа симптомдары организмнің қандай бөлігі зақымданғанына байланысты:
Ми және жүйке жүйесі: бас ауыруы, ұйып қалу, шаншу, құрысу, көрудегі мәселелер, тұлғалық өзгерістер
Асқазан-ішек жолдары: іштің ауырсынуы, жүрек айнуы және құсу
Жүрек: жүрек ырғағының бұзылысы (аритмия)
Өкпе: қан түкіру және тыныс алудың қиындауы
Тері: терінің ала түсі, суықта саусақтың түсінің өзгеруі (Рейно феномені)
Кейбір адамдарда тек тері симптомдары болады. Бұл дискоидтық қызыл жегі аталады.
Дискоидтық жегі кеудеде дөңгелек дақтардың пайда болуымен сипатталады. Бұл суретте Дискоидтық жегі кезіндегі терінің зақымдануы ірілендіріп, көрсетілген. Дақтар үлкейтілгеннен ақшыл болып көрінеді. Екі қошқыл бөлік – биопсияға материал алғаннан қалған, аурудың белгісі емес.
Жүйелі қызыл жегі диагнозын қою үшін аурудың 11 мүмкін симптомының 4 болуы қажет.
Дәрігер науқасты қарап, кеуде қуысын стетоскоппен тыңдайды. Бұл кезде белгісіз шу естілуі мүмкін, бұл перикардтың (жүректің сыртқы қабығы) үйкелу шуы немесе плевраның үйкелу шуы (өкпенің сыртқы қабығы) аталады. Дәрігер неврологиялық та тексеруді өткізеді.
ЖҚЖ анықтау үшін қажетті тексерулер:
Антиденеге талдау, оның ішінде, антинуклеарлық (АНА)
Қанның жалпы талдауы (ОАК)
Кеуде қуысы ағзаларының шолу рентгенографиясы
Бүйректің биопсиясы
Несеп талдауы
Өзіңіздің жағдайыңыз туралы көбірек білу үшін, тағы келесі тексерулерден өтуге болады:
ЖҚЖ жазылмайтын ауру. Емдеудің мақсаты – симптомдарын бақылауға алу жүректі, өкпені, бүйректі, т.б. ағзаларды зақымдайтын ауыр симптомдарын сәйкес мамандардың көмегімен жиі емдеу қажет болады.
Аурудың жеңіл түрлерін емдеуге болады:
Стероидтық емес қабынуға қарсы препараттармен (НПВП), мысалы, ибупрофен (буын синдромы және плеврит болуында)
Кортикостероидтық кремдермен (тері бөріткенінде)
Безгекке қарсы препараттармен (гидроксихлорохин) және кортикостероидтардың төмен мөлшерлемесімен (тері синдромында және артритте).
Жүйелі қызыл жегінің ауыр өтуінде емдеуге кіреді:
Кортикостероидтардың немесе иммундық жауапты басатын препараттардың жоғары мөлшерлемесі
Цитоуыттық препараттар (жасушалардың өсуін тежейтін дәрілер). Бұл препараттарды әдетте, кортикостероидтармен емдеуде әсер болмаса немесе оларды тоқтатқанда симптомдар нашарласа, тағайындайды. Бұл дәрілердің жанама әсерлері өте күрделі болуы мүмкін, сондықтан оларды қабылдағанда өзіңіздің жағдайыңызды мұқият қадағалауыңыз қажет.
Егер сізде жүйелі қызыл жегі болса, сізге қажет:
Күннің көзінде болғанда киініп, күннен қорғайтын көзәйнек киіп жүру, күннен қорғайтын крем қолдану қажет.
Кардиологтан алдын алу ем-шарасын қабылдау қажет
Иммунизацияға мұқият қарау, оның қажеттігін білу
Остеопорозды (сүйектің жұқаруы) анықтау үшін скринингтік тестіден өту
ЖҚЖ науқастары үшін соңғы уақытта болжамы жақсарған. Көптеген науқастарда ЖҚЖ жеңіл өтеді. Өзіңізді сезіну аурудың күрделі болуына байланысты.
Ауру әдетте, келесі жағдайларда белсенді өтеді:
Диагноз қойылған алғашқы жылдарда
40 жасқа дейінгі адамдарда
ЖҚЖ шалдыққан көптеген әйелдер жүкті болып, сау бала туа алады. Қажетті емді алып, жүрек пен бүйрегінде күрделі мәселелері болмайтын әйелдерде аурудың болжамы жақсы. Дегенмен, ЖҚЖ антиденелері түсік тастау қаупінің пайда болуын арттырады.
ЖҚЖ шалдыққан кейбір адамдарда бүйрек жасуларында ауытқулы заттектер жинақталуы мүмкін. Бұл жегілік нефрит аталатын жағдайға апаруы мүмкін. Бұл мәселесі бар науқастарда әдетте, бүйрек жеткіліксіздігі пайда болады, олар диализға немесе бүйрек алмастыруға мұқтаж болады.
ЖҚЖ организмнің көптеген зақымдануына апаруы мүмкін:
Аяқта немесе өкпеде тромбылардың түзілуі
Эритроциттердің бұзылуы (гемолитикалық анемия) немесе созылмалы аурулар анемиясы
Жүректің айналасында сұйықтық жиналуы (перикардит) немесе жүректің бұлшық етінің қабынуы (миокардит)
Өкпенің маңайында сұйықтық жиналуы және өкпе тінінің зақымдануы
ЖҚЖ симптомдары болса, дәрігерге көріну қажет. Сондай-ақ, аурудың жаңа симптомдары пайда болса, немесе бұрынғылары нашарласа, дәрігерге хабарласу қажет.