Теріскен – қабақтың шетінде пайда болатын, ауырсынатын, қызыл төмпешік. Түрі безеуге ұқсайды.
Теріскен кірпіктің тамырына (фолликул) бактерия түскенде пайда болады. Бұл қабақтың май бездерінің бітелуіне және жұқпалануына апарады. Ауру жеңіл жайсыздық пайда болуымен сипатталады, бірақ, әдетте, емделіп, жазылады. Теріскен әсіресе, балалардың арасында кең таралған.
Халазион теріскенге өте ұқсас, бірақ оған қарағанда ауырсынуы жеңілірек және қабақтың ортасында орналасады. Бездің қабынуымен және бітелуімен байланысты. Халазион көрудің бұлдырауына апаруы мүмкін. Екеуінің емделуі ұқсас, алайда, төмпешік 2-8 апта бойы сақталуы мүмкін.
Теріскен әдетте, үй жағдайында 7-10 күн ішінде емделеді. Қандай да бір дәрілік препараттарды, тамшылар ме жақпа майды қолданар алдында дәрігермен кеңесу қажет.
Төменде тез жазылуға көмектесетін ұсыныстар келтірілген:
көзге жылы, ылғал компресті 5-10 минуттен, күніне 3 немесе 4 рет басыңыз. Компресс ыстық емес, жылы болуы қажет, қабақты күйдіріп алмас үшін.
көздің маңайын тазалықта ұстаңыз.
Көзді қолмен ұстамаңыз, уқаламаңыз.
Теріскен жазылғанға дейін макияж жасамаңыз, контактілік линза кимеңіз.
Төмпешікті басуға, сығуға болмайды. Бұл инфекцияның таралуына апарады.
Теріскенді медициналық емдеу қажет болса, дәрігер антибиотиктерді тағайындайды, сору үшін хирургиялық араласуды орындайды, немесе ісінуді азайту үшін стероидтық препаратты енгізеді. Сондай-ақ, дәрігер теріскеннің пайда болуына немесе оның ушығуына апарған негізгі ауруды емдейді.
Теріскен кез келген адамда пайда болуы мүмкін, қауіп факторлары келесі адамдарда жиі кездеседі:
Көздің нашар гигиенасы, мысалы, түнде макияжды сүртпеу, макияж үшін жарамдылық мерзімі өткен құралдарды қолдану, контактілік линзаларды сирек ауыстыру
Көздің ұдайы ширығуы
Гормондық бұзылыстар
Терінің құрғақтығы
Блефарит – қабақтың қабынуы,қызарумен, қышумен және бөгде зат тұрғандай сезіммен сипатталатын ауру
безеулер
теріскеннің алдын алудағы оңтайлы тәсіл - гигиенаны қатаң қадағалау. Көздің маңайы таза болуы тиіс, макияж бен кірді тазалау қажет. Көз макияжына арналған заттарды 2-3 айда ауыстыру қажет, басқа адамдардың құралдарын қолдануға болмайды. Көзді ұстар алдында қолды жуыңыз. Контактілік линзаны киер алдында және шешу алдында қолды мұқият жуыңыз. Линзаларды арнайы ерітіндімен дұрыс зарарсыздандыру қажет.