.

жайсыздық | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

жайсыздық

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Қолдау топтары

Болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Синонимдары

 

Жалпы ақпарат

Жүйелі қызыл жегі (ЖҚЖ) – ұзаққа созылатын, қабынумен сипатталатын ауру.

 

Себептері

Жүйелі қызыл жегі (ЖҚЖ) – аутоиммундық ауру, бұл кезде адамның өзіндік иммундық жүйесі қате түрде сау тіндерді зақымдайды. Яғни, тері, буындар, бүйрек, ми және басқа ағзалар зақымданады.

Аутоиммундық  аурулардың негізгі себептері толық зерттелмеген.

ЖҚЖ ерлерге қарағанда әйелдерде жиі кездеседі. Ол кез келген жаста пайда болуы мүмкін, бірақ, 10-50 жас аралығында жиі кездеседі. Азиялықтар басқа нәсілдерге қарағанда жиі ауырады.

ЖҚЖ кейбір дәрілік препараттарды қабылдау салдарынан да туындауы мүмкін.

 

Симптомдары

Әр адамда аурудың симптомдары әр түрлі болуы мүмкін, симптомдар пайда болып, жойылып отыруы мүмкін. ЖҚЖ шалдыққан барлық дерлік науқастардың буындары ауырады, және ісіну болады. Кейбірінде артрит дамиды. Көбінесе, саусақтың, білектің, тізенің  буындары зақымданады.

Басқа кең таралған симптомдары:

  • Кеудедегі ауырсыну, терең тыныс алғанда
  • Шаршау  
  • Қызба
  • Жалпы жайсыздық, мазасыздық немесе дімкәстік
  • Шаштың түсуі
  • Ауыз қуысындағы ойықжаралар
  • Күн сәулесіне сезімталдық
  • «Көбелек» секілді бөріткен шамамен, ЖҚЖ шалдыққан науқастардың жартысында кездеседі. Бөріткен, көбінесе, жақта, кеңсірікте пайда болады, барлық денеде де болуы мүмкін. Бөріткен әдетте, күннің көзінде болғаннан кейін пайда болады.
  • Лимфа түйіндерінің ұлғаюы. 

 

Жүйелі қызыл жегі – созылмалы қабынудан аутоиммундық бұзылыс, ол көптеген жүйелер мен ағзаларды зақымдауы мүмкін, терінің, буынды және ішкі ағзаларды қоса. Аурудың барысы жеңіл, ауыр және өмір үшін қауіпті болуы мүмкін.

 

Басқа симптомдары организмнің қандай бөлігі зақымданғанына байланысты:

  • Ми және жүйке жүйесі: бас ауыруы, ұйып қалу, шаншу, құрысу, көрудегі мәселелер, тұлғалық өзгерістер
  • Асқазан-ішек жолдары: іштің ауырсынуы, жүрек айнуы және құсу
  • Жүрек: жүрек ырғағының бұзылысы (аритмия)
  • Өкпе: қан түкіру және тыныс алудың қиындауы
  • Тері: терінің ала түсі, суықта саусақтың түсінің өзгеруі (Рейно феномені)

 

Кейбір адамдарда тек тері симптомдары болады. Бұл дискоидтық қызыл жегі аталады. 

Дискоидтық жегі кеудеде дөңгелек дақтардың пайда болуымен сипатталады. Бұл суретте Дискоидтық жегі кезіндегі терінің зақымдануы ірілендіріп, көрсетілген. Дақтар үлкейтілгеннен ақшыл болып көрінеді. Екі қошқыл бөлік – биопсияға материал алғаннан қалған, аурудың белгісі емес.

 

Диагностика

Жүйелі қызыл жегі диагнозын қою үшін аурудың 11 мүмкін симптомының 4 болуы қажет.

Дәрігер науқасты қарап, кеуде қуысын стетоскоппен тыңдайды. Бұл кезде белгісіз шу естілуі мүмкін, бұл перикардтың (жүректің сыртқы қабығы) үйкелу шуы немесе плевраның үйкелу шуы (өкпенің сыртқы қабығы) аталады. Дәрігер неврологиялық та тексеруді өткізеді.

ЖҚЖ анықтау үшін қажетті тексерулер:

  • Антиденеге талдау, оның ішінде, антинуклеарлық (АНА)
  • Қанның жалпы талдауы (ОАК)
  • Кеуде қуысы ағзаларының шолу рентгенографиясы
  • Бүйректің биопсиясы
  • Несеп талдауы

 

Өзіңіздің жағдайыңыз туралы көбірек білу үшін, тағы келесі тексерулерден өтуге болады:

  • Тиреоглобулинге антиденелер
  • Антитиреоидтық микросомалық антиденелер
  • Комплементтік құрамбөліктер (С3,С4)
  • Кумбстың тік сынамасы
  • Криоглобулиндер
  • Эритроциттердің шөгу жылдамдығы (СОЭ)
  • Бүйректің қызметтік қабілетін анықтау тестілері
  • Бауыр қызметін бағалау үшін қан талдауы
  • Ревматоидтық фактор

 

Емдеу

ЖҚЖ жазылмайтын ауру. Емдеудің мақсаты – симптомдарын бақылауға алу жүректі, өкпені, бүйректі, т.б. ағзаларды зақымдайтын ауыр симптомдарын сәйкес мамандардың көмегімен жиі емдеу қажет болады.

Аурудың жеңіл түрлерін емдеуге болады:

  • Стероидтық емес қабынуға қарсы препараттармен (НПВП), мысалы,  ибупрофен (буын синдромы және плеврит болуында)
  • Кортикостероидтық кремдермен (тері бөріткенінде)
  • Безгекке қарсы препараттармен (гидроксихлорохин) және кортикостероидтардың төмен мөлшерлемесімен (тері синдромында және артритте).

 

Жүйелі қызыл жегінің ауыр өтуінде емдеуге кіреді:

  • Кортикостероидтардың немесе иммундық жауапты басатын препараттардың жоғары мөлшерлемесі
  • Цитоуыттық препараттар (жасушалардың өсуін тежейтін дәрілер). Бұл препараттарды әдетте, кортикостероидтармен емдеуде әсер болмаса немесе оларды тоқтатқанда симптомдар нашарласа, тағайындайды. Бұл дәрілердің жанама әсерлері өте күрделі болуы мүмкін, сондықтан оларды қабылдағанда өзіңіздің жағдайыңызды мұқият қадағалауыңыз қажет.

 

Егер сізде жүйелі қызыл жегі болса, сізге қажет:

  • Күннің көзінде болғанда киініп, күннен қорғайтын көзәйнек киіп жүру, күннен қорғайтын крем қолдану қажет.
  • Кардиологтан алдын алу ем-шарасын қабылдау қажет
  • Иммунизацияға мұқият қарау, оның қажеттігін білу
  • Остеопорозды (сүйектің жұқаруы) анықтау үшін скринингтік тестіден өту

 

Қолдау топтары

Осы ауруға байланысты көңіл-күй мәселелерінде қолдау топтары мен кеңес қызметі көмектеседі.

 

Болжамы

ЖҚЖ науқастары үшін соңғы уақытта болжамы жақсарған. Көптеген науқастарда ЖҚЖ жеңіл өтеді. Өзіңізді сезіну аурудың күрделі болуына байланысты.

Ауру әдетте, келесі жағдайларда белсенді өтеді:

  • Диагноз қойылған алғашқы жылдарда
  • 40 жасқа дейінгі адамдарда

 

ЖҚЖ шалдыққан көптеген әйелдер жүкті болып, сау бала туа алады. Қажетті емді алып, жүрек пен бүйрегінде күрделі мәселелері болмайтын әйелдерде аурудың болжамы жақсы. Дегенмен, ЖҚЖ антиденелері түсік тастау қаупінің пайда болуын арттырады.

 

Мүмкін асқынулары

ЖҚЖ шалдыққан кейбір адамдарда бүйрек жасуларында ауытқулы заттектер жинақталуы мүмкін. Бұл жегілік нефрит аталатын жағдайға апаруы мүмкін. Бұл мәселесі бар науқастарда әдетте, бүйрек жеткіліксіздігі пайда болады, олар диализға немесе бүйрек алмастыруға мұқтаж болады.

ЖҚЖ организмнің көптеген зақымдануына апаруы мүмкін:

  • Аяқта немесе өкпеде тромбылардың түзілуі
  • Эритроциттердің бұзылуы (гемолитикалық анемия) немесе созылмалы аурулар анемиясы
  • Жүректің айналасында сұйықтық жиналуы (перикардит) немесе жүректің бұлшық етінің қабынуы (миокардит)
  • Өкпенің маңайында сұйықтық жиналуы және өкпе тінінің зақымдануы
  • Жүктіліктегі асқынулар, оның ішінде, түсіктер
  • Инсульт
  • Қандағы тромбоциттер санының төмендеуі
  • Қантамырларының қабынуы

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

ЖҚЖ симптомдары болса, дәрігерге көріну қажет. Сондай-ақ, аурудың жаңа симптомдары пайда болса,  немесе бұрынғылары нашарласа, дәрігерге хабарласу қажет.

 

Синонимдары

Таралған қызыл жегі; ЖҚЖ; Жегі; Қызыл жегі; Дискоидтық қызылжегі. 

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат

Құлақтың баро-жарақаты – дыбыс жарғағының сыртқы және ішкі жағындағы қысым деңгейлерінің күрт айырмашылығы нәтижесінде ортаңғы құлақтың зақымдануы.

Құлақ сыртқы, ортаңғы және ішкі бөлімдерден тұрады. Сыртқы құлақ қалқанынан (оның төменгі бөлігі - сырғалық) және сыртқы есту каналынан тұрады. Ортаңғы құлақ дыбыс жарғағынан және үш кішкентай сүйектен тұрады. Ішкі құлақ иірімнен, жартылай шеңберлі түтіктерден және есту нервісінен тұрады. Евстахиев түтігі – ортаңғы құлақты және мұрын-жұтқыншақты (мұрынның артқы бөлігі және жұтқыншақтың артқы қабырғасы) қосатын шағын түтік. 

 

Себептері

Ортаңғы құлақтағы қысым әдетте, сыртқы ортадағы қысымның деңгейімен бірдей. Бұл қызметті евстахиев түтігі реттейді.

Әдетте, евстахиев түтігі жабық, оның қабырғасы біріне бірі жақын орналасқан. Жұтынғанда немесе есінегенде евстахиев түтігі ашылады, дыбыс жарғағының екі жағындағы ауаның қысымын бірдей етіп сақтап, ауа мұрыннан ортаңғы құлаққа өтеді. Сыртқы қысымның күрт өзгеруінде (артуында немесе сирек - төмендеуінде) евстахиев түтігі ортаңғы құлақ қуысына қысылатын ауаның жеткілікті көлемін тез енгізе алмайды (анатомиялық ерекшеліктерінің салдарынан),  қуыстағы қысым артады немесе қажет болатыннан едәуір баяу төмендейді. Сыртқы және қуыс ішіндегі қысымдардың арасында теңсіздік орын алады, осыдан баро-жарақат пайда болады.

Көптеген адамдар өмірінде кем дегенде, бір рет баро-жарақатқа байланысты сезімге ұшырап көрген. Бұл әдетте, биіктіктің күрт өзгеруінде, мысалы, ұшу кезінде, аквалангпен сүңгуде немесе тауда автокөлік жүргізуде. Баро-жарақаттың даму қаупі, сондай-ақ, аллергия кезінде, суық тию және тыныс алу жолдарының инфекциясында, евстахиев түтігінің функционалдық өзгерістерімен байланысты артады.

Сонымен қатар, евстахиев түтігінің бітелуі туа біткен болуы да мүмкін.

Симптомдары

  • Бас айналуы
  • Жайсыздық немесе/және құлақтың «бітіп қалу» сезімі
  • Бір немесе екі құлақтағы ауырсыну
  • Естудің төмендеуі (аздаған)

Күшті немесе ұзақ уақыт бойғы баро-жарақат кезінде:

  • Құлақтағы күшті ауырсыну
  • Құлақтағы қысым сезімі (судың астында болатындай сезім)
  • Естуді ішінара немесе толықтай жоғалту
  • Мұрыннан және/немесе құлақтан қан кетуі

 

Диагностика

Құлақты қарағанда (отоскопия) дәрігер дыбыс жарғағының аздаған дөңестігін немесе ішіне тартылуын анықтайды.  Ауыр жағдайда дыбыс жарғағы қуысындағы қантамырлардың жарылуы есебінен дыбыс жарғағының артында қан ағуы байқалуы мүмкін.

Баро-жарақаттың ауыр түрін кейде құлақ инфекциясынан ажырату қиын.

 

Емдеу

Құлақтағы жайсыздықты немесе ауырсынуды жеңілдету үшін евстахиев түтігінің өтімділігін қалпына келтіру және қысымды келесі тәсілдермен азайту қажет:

  • Сағыз шайнап көріңіз

  •  Деміңізді ішке тартып, одан кейін баяу түрде, мұрын ұшы мен ауызды көлбеулеп тұрып, деміңізді шығарыңыз.

  • Кәмпит сорыңыз.

  •  Есінеңіз.

 

Егер өздігіңізше жағдайды реттей алмасаңыз, жайсыздық сезімі бірнеше сағат бойы сақталса, немесе ауыр түрдегі баро-жарақат жағдайында сізге медициналық жәрдем қажет болады.

Баро-жарақатты дәрілік құралдармен емдеуге келесілер кіреді:

  • Антигистаминдық препараттар (аллергияға қарсы препараттар)
  • Деконгестанттар (тамырды тарылтатын препараттар, мұрынның бітелу сезімін азайтады) препараттар немесе мұрынға спрейлер түрінде
  • Стероидтық препараттар (гормондық препараттар)

 

Бұл препараттар мұрынның бітелу сезімін жояды және евстахиев түтігінің өтімділігін қалпына келтіреді.

Ауыр  түрдегі баро-жарақат жағдайында құлақтың инфекциясының алдын алу үшін антибиотиктер қолданылады.

Евстахиев  түтігі жоғарыда аталған әдістермен ашылмаса, хирургиялық операция – миринготомия жасалуы мүмкін. Хирург ортаңғы құлақта қысымды реттеу үшін және сұйықтықтың ағуын қамтамасыз ету үшін дыбыс жарғағында тілік жасайды. Мұндай операция өте сирек жасалады.

Егер ұдайы қысымның өзгеруіне ұшырайтын болсаңыз, баро-жарақатқа бейім боласыз, мұндайда қысымды реттеу үшін дыбыс жарғағына арнайы түтік орнату мүмкіндігі бар.

 

Аурудың болжамы

Құлақтың баро-жарақаты әдетте, дұрыс күтім жасауда және уақытылы емдеуде оң болжамды. Әдетте, естуді жоғалту қысқа мерзімді.

 

Мүмкін асқынулары

  • құлақтың  жіті инфекциясы
  • Естуді жоғалту
  • Дыбыс жарғағының жарылуы немесе тесілуі
  • Вертиго (айналадағы заттар айналып тұрғандай сезім)

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдымен, өздігіңізше симптомдарды жою шараларын қабылдаңыз. Егер баро-жарақаттан болған жайсыздық бірнеше сағат бойы өтпесе, дәрігерге көріну қажет.

Келесі жағдайларда медициналық көмекке жүгіну қажет:

  • Құлақтан қан ақса
  • жоғары температура
  • құлақтағы күшті ауырсыну.

 

Алдын алу

Жоғарғы тыныс алу жолдарының қабынуында немесе аллергия ұстамасында қысымның өзгеруіне және биіктіктің күрт өзгеруінен алшақ болыңыз.

Ұшу кезінде ұшақ төмендей бастағанда ұйқтамаңыз. евстахиев түтігін ашу үшін «Емдеу» бөліміндегі ұсыныстарды қолданыңыз. Сондай-ақ, антигистаминдік (аллергияға қарсы) препараттарды және деконгестанттарды (тамырды тарылтатын) ұшу алдында қолдануға болады. Сәбилер мен балаларға ұшақ төмендей бастағанда беруге болады.

Суға сүңгуде тереңге  баяу бойлау және қайта баяу көтерілу қажет. Жоғарғы тыныс  алу жолдарының қабынуында немесе аллергия кезінде дайвингпен (су астында жүзу) айналысу қауіпті, себебі, баро-жарақат мұндай белсенділік нәтижесінде күрделі түрге айналуы мүмкін.