Лямблиоз (лямблиялар) – Giardialamblia, кейде Giardiaintestinalis аталатын паразиттік инфекциядан туындайтын ауру. Лямблиоз әдетте, паразитпен залалданған суды ішуден пайда болады.; G. lamblia көбінесе, өңделмеген бұлақтарда, өзен-көлдерде болады.
Лямблиоздың симптомдары – диарея, желдену, іштің түйіліп ауыруы және жүрек айнуы. Кейбір адамдарда лямблиоз ешқандай симптомдарды туындатпайды. Басқаларда симптомдар кейде ушығады.
Паразитті жұқтырудың алдын алу үшін: қолды жуу, және құбыр емес су көздерінен алған суды қолдану алдында немесе тамақ пісіруге, ыдыс жууға немесе тіс тазалауға қолдану алдында өңдеу қажет.
Лямблиоздың симптомдары өздігінше өтеді. Алайда, жайсыздықты басу және аурудың таралуының алдын алу үшін дәрі қолдану қажет (метронидазол).
Бастың сақина ауруы бас ауруының жиі кездесетін түрі, жүрек айнуы, құсу немесе жарыққа сезімталдық секілді симптомдармен қосарланады. Адамдардың көпшілігінде бастың бір жағында болатын, солқылдаумен қосарланатын ауырсыну сезіледі.
Сақинасы бар кейбір адамдарда бас ауруының пайда болуына дейін «аура» аталатын белгі беретіндей симптомдар болады. Аура – бас ауруының пайда болуы жайлы белгі беретін симптомдар тобы, көру бұзылыстарын қоса.
Бастың сақина ауруының симптомдары – жарық пен дыбысқа жоғары сезімталдық,жүрек айнуы, аураның пайда болуы (бір көздің көрмеуі немесе туннельдік көру), сөйлеудегі қиындық және күшті ауырсыну, әсіресе, бастың бір жағында.
Сақина тәрізді бас аурулары әдетте, 10-45 жас аралығында пайда болады. Кейде одан кейін де кездеседі.
Сақина ерлерге қарағанда әйелдерде жиі кездеседі. Сақина бір отбасының мүшелерінде қайталануы мүмкін. Кейбір әйелдерде бас сақинасының ұстамалары жүктілік кезінде азаюы мүмкін.
Сақина мидың ауытқулы белсенді бөлігінде туындайды, бірнеше факторлар салдарынан болады. Алайда, ұстамалардың пайда болуының нақты себебі белгісіз. Бүгінде медицина сарапшыларының көпшілігі ұстама мида басталып, жүйке жолдарын және түрлі химиялық заттектерді қамтиды деп сайнайды. Ауруға байланысты өзгерістер мидағы және қоршайтын тіндердегі қан ағымының бұзылысына апарады.
Алкоголь, күйзеліс, ашушаңдық, кейбір иістер, парфюмерия, қатты дауыс, күшті жарық және темекі шегу сақинаны туындатуға себепші болады. Сақинаның ұстамаларын туындататын басқа жайттар:
Кофеин
Әйелдерде етеккір айналымы кезіндегі немесе ұрықтануға қарсы таблеткаларды қабылдаудан гормондар өзгерісі
Ұйқы фазасының бұзылысы
Дене жаттығуларын орындау немесе басқа жүктеме
Тамақ ішу уақытын жіберіп алу
Темекі шегу немесе түтін әсері
Сақина ұстамалары сондай-ақ, белгілі бір өнімдерден туындауы мүмкін. Жиі кездесетін түрлері:
Кез келген өңделген, ферменттелген, тұздалған немесе маринадталған өнімдер, сондай-ақ, натрий глутаматы бар өнімдер.
Нан-тоқаш өнімдері, шоколад, жаңғақ, арахис майы және сүт өнімдері.
Қызыл шарапта, ескі сырларда, ысталған балықта, тауық бауырында, інжірде және кейбір бұршақ тұқымдастарда болатын тирамин құрамдас өнімдер.
Жемістер (авокадо, банан, цитрустылар).
Құрамында нитрат бар ет (бекон, хот-дог, салями, консервіленген ет).
Пияз.
Бұл тізімді жалғастыруға болады.
Сақина тәрізді бас аурулары мидағы ісіктің немесе басқа күрделі мәселенің нәтижесі емес. Дегенмен, тек тәжірибелі дәрігер ғана симптомның сақинамен немесе басқа аурумен байланысты екендігін анықтай алады.
Көру бұзылыстары, немесе аура - сақинаның белгісі. Аура екі көзді де қамтиды, және келесі симптомдар болуы мүмкін:
Көрмейтін дақтың уақытша пайда болуы
Көрудегі бұзылыстар
Көздегі ауырсыну
Жұлдызшалар немесе ирек сызықтардың көрінуі
Туннельдік көру
Басқа белгілерінің симптомдары –есінеу, назарды шоғырландыру қиындығы, жүрек айнуы және тиісті сөзді таңдай алмау.
Сақинасы бар адамның бәрінде аура бола бермейді. Аура, әдетте, бас ауруына дейін 10-15 минут бұрын пайда болады. Дегенмен, аура сақинаға дейін бірнеше минуттен 24 сағатқа дейінгі аралықта пайда болуы мүмкін. Бас ауруы аурадан кейін әрдайым бола бермейді.
Сақина тәрізді бас аурулары орташа немесе күшті болуы мүмкін. Ауырсыну көздің түбінде немесе бастың, мойынның артқы жағында сезілуі мүмкін. Көптеген науқастарда бас аурулары үнемі бір жағында басталады. Әдетте болатын бас ауруының түрлері:
Солқылдайтын немесе орташа
Бастың бір жағында күштірек
Орташа ауырсынудан бастап, бірнеше минуттен бірнеше сағатқа дейін ушығады
6 - 48 сағат арасында созылады
Бас ауруымен қатар кездесетін басқа симптомдары:
Қалтырау
Несеп жүруінің жиілеуі
Шаршау
Тәбеттің болмауы
Жүрек айнуы және құсу
Ұйып, жансыздану, шаншу сезімі немесе әлсіздік
назарды шоғырландыру қиындығы, және тиісті сөзді таңдай алмау
жарыққа және дыбысқа сезімталдық
тершеңдік
Симптомдар сақина өткеннен кейін де сақталуы мүмкін. Науқастар кейде бұл жағдайды сақинадан кейінгі «айықпау» санайды. Оның симптомдары:
Дәрігер аурудың симптомдары, отбасылық сақина тарихы туралы сұрақ қойып, бас ауруының түрін анықтайды. Бас ауруының бұлшық еттің ширығуымен, мұрын қуысындағы мәселелермен, немесе бастың күрделі ауруымен байланысын анықтау үшін толық медициналық тексеріс қажет.
Бас ауруының сақина екендігін анықтайтын нақты әдіс жоқ. Дегенмен, егер бұрын өтіп көрмесеңіз, немесе әлсіздік, естің мәселелері немесе абайлықты жоғалту секілді симптомдар болса, мидың КТ немесе МРТ тағайындалуы мүмкін.
Құрысу болмауын растау үшін электроэнцефалография (ЭЭГ) өткізілуі мүмкін.
Сондай-ақ, люмбальдық (жұлындық) пункция да жасалуы мүмкін.
Сақина ауруына емдейтін нақты әдіс жоқ. Мақсат – аурудың пайда болуын туындататын факторларды өзгерту немесе жою арқылы сақинаның алғашқы симптомдарын шұғыл емдеу немесе симптомдарының пайда болуының алдын алу.
Емдеудің өзекті кезеңі – сақинаның симптомдарын үйде жоюға үйрету. Бас ауруының күнделігін жүргізу сақинаны туындататын факторларды анықтауға көмектеседі. Әрі қарай дәрігермен бірге осы факторларды жоюдың жоспарын құруға болады.
Егер сақинаның ұстамалары жиі пайда болатын болса, дәрігер ұстамаларды азайту үшін дәрілік препараттарды тағайындауы мүмкін. Бұл дәрілерді күнделікті қабылдаған жөн, себебі, осы тәртіпте олардың тиімділігі жоғары. Оларға жататындар:
Антидепрессанттар, мысалы, амитриптилин немесе венлафаксин
Артериалдық қысымды реттейтін дәрілер, мысалы, бета-блокаторлар (пропранолол) немесе кальцийлі каналдардың блокаторлары (верапамил)
Құрысуға қарсы препараттар, мысалы, вальпрой қышқылы, габапентин және топирамат
Ботулиндік токсин инъекциясын егу де сақина ұстамаларын азайтуға көмектеседі.
Басқа дәрілік препараттар сақина ұстамасының алғашқы белгісінде қабылданады. Ацетаминофен, ибупрофен немесе аспирин секілді ауырсынуды басатын препараттар сақинаның жеңіл өтуінде тиімді. Дегенмен, келесілерді есте ұстау қажет:
Дәрілерді аптасына 3 күннен артық қабылдау рикошеттік бас ауруының пайда болуына апарады (бас ауруы қайталанады).
Ацетаминофеннің үлкен мөлшерін қабылдау бауырға зиян келтіруі мүмкін. Ибупрофеннің немесе аспириннің артық мөлшері асқазанның тітіркенуін туындатуы мүмкін.
Егер емдеу көмектеспесе, сақинаны емдеу үшін дәрігермен басқа препараттар туралы кеңесіңіз. Оларға жататындар – назальдік спрейлер, суппозиторийлер немесе инъекциялар. Дәрігер дәрілік препараттардың бірнеше тобының бірін таңдауы мүмкін, оған жататындар:
Триптандар – сақина ұстамасын тоқтату үшін тағайындалады
Эрготтар – құрамында эрготаминнің түрлері бар (спорынья алкалоиды)
Изометептен (Мидрин)
Сақинаны емдейтін кейбір дәрілер қантамырларын тарылтады. Егер сізде жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупі болса, немесе жүрек ауруына шалдыққан болсаңыз, бұл препараттарды қолданудың алдында дәрігермен кеңесіңіз. Жүкті немесе жүктілікті жоспарлайтын болсаңыз, спорынья препараттарын қабылдауға болмайды.
Басқа дәрілік препараттар сақинаның симптомдарын емдеу үшін тағайындалады. Олар жеке немесе басқа дәрілермен бірге қолданылуы мүмкін. Оларға жататындар:
Жүрек айнуын басатын препараттар
Тыныштандыратын құралдар, мысалы, барбитураттар
Есірткілік ауырсынуды бастатын құралдар
Пиретрум – сақинаны емдейтін кең таралған шөп. Осы өсімдік тектес препараттың көмегімен сақинаны емдеу бойынша кейбір зерттеулер жүргізілген. Егер ауруды пиретруммен емдеуге әрекеттенсеңіз, дәрігердің пікірін біліңіз. Осымен қатар, өсімдік тектес дәрілік құралдардың сатылуы дәріханаларда бақылауға алынбаған. Шөпті таңдауда білікті фитотерапевтпен кеңесу қажет.
Әр адамның емдеуге серпіні әр түрлі болады. Кейбір адамдарда бас аурулары сирек болады және емдеуді қажет етпейді. Басқалар бірнеше препараттарды қабылдап, ауруханаға да жатады.
Сақина инсульттің дамуының қауіп факторларының бірі. Сақина аурамен қосарланатын болса, қауіп жоғары. Сақинасы бар адамдарға инсульттің дамуының басқа қауіп факторларынан алшақ болу қажет, мысалы, темекі шегу, ұрықтануға қарсы таблеткаларды қабылдау, дұрыс тамақтанбау секілді.
Позициялық, қатерлі емес бас айналуы – бас айналуының жиі кездесетін түрі. Бас айналуы – өзіңнің немесе айналадағы заттардың қозғалуын сезіну. Ол басты белгілі бір жағдайда орналастырғанда пайда болуы мүмкін.
Позициялық, қатерлі емес бас айналуын пароксизмалдық позициялық бас айналуы деп те атайды. Ол ішкі құлақтағы мәселелерге байланысты.
Ішкі құлақта жартылай шеңберлі каналдар аталатын, сұйықтыққа толы түтіктер бар. Қозғалған кезде осы түтіктердің ішіндегі сұйықтық та қозғалады. Жартылай шеңберлі каналдар сұйықтықтың кез келген жылжуына сезімтал. Жылжитын сұйықтық миға дененің орналасуын хабарлайды. Бұл тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.
Отолиттің (минералдық тұздардан, көбінесе, кальцийден тұратын, жартылай шеңберлі каналдарда орналасатын қатты түзіліс) кішкентай бөлігі кертіліп шығып, каналдың ішінде бос жүзеді. Мұны организм дененің орналасуы туралы ақпарат ретінде қате түсінеді, бұл миды қателікке ұшыратады, осыдан пароксизмалдық қатерлі емесе позициялық бас айналуы пайда болады. Оның пайда болуының күрделі қауіп факторлары жоқ. Бірақ, даму қаупі келесі жағдайларда артады:
Ауруды анықтау үшін дәрігер Дикс-Холлпайк сынамасын тағайындайды:
Дәрігер сіздің басыңызды белгілі бір жағдайда ұстайды. Осыдан кейін тез үстелге жатуды ұсынады.
Осыны жасағаннан кейін дәрігер көздің ауытқулы қозғалысын іздейді, және басыңыз айналатындығы туралы сұрайды
Егер бұл тест теріс нәтиже берсе, басқа тестілерден өтуді сұрайды.
Дәрігер тексеріп, қарап, аурудың тарихы туралы сұрақтар қояды. Басқа себептерді ескеру үшін миды және жүйке жүйесін зерттеу қажет. Бұл тексеру әдістері:
Электроэнцефалография (ЭЭГ)
Электронистагмография (ЭНГ)
Мидың компьютерлік томографиясы (КТ)
Магниттік-резонанстық томография (МРТ)
Естуді тексеру
Мидың магниттік-резонанстық ангиографиясы
Көздің ауытқулы қозғалысын анықтау үшін ішкі құлақты сумен немесе ауамен жылыту немесе суыту. Бұл калориялық стимуляция аталады.
Дәрігер «Эппли маневрі» аталатын шараны өткізуі мүмкін. Ол ішкі құлақта жүзетін отолиттің кішкентай бөліктерін жылжытуға көмектеседі. Бұл емдеу жақсы әсер көрсетеді.
Кейбір дәрілік препараттар бас айналуы сезімін жеңілдетуге көмектесуі мүмкін:
Антигистаминдік препараттар
Антихолинергиктер
Ұйқы шақыратын және тыныштандыратын
Дегенмен, бұл дәрілер бас айналуын емдеуде нашар көмектеседі.
Симптомдарының ушығуының алдын алу үшін бас айналуын туындататын дене орналасуынан алшақ болыңыз.
Глаукома – ұзақ уақыт бойы көз ішілік қысымның артуы есебінен көру нервісінің зақымдануынан орын алады. Глаукома тұқым қуалау бойынша берілуі мүмкін, бірақ, ұзақ уақыт бойы білінбеуі мүмкін.
Көз ішілік қысымның артуы көру нервісінің қысылуын туындатады, бұл көруді жоғалтуға апарады.
Көз ішілік қысымның артуы миға бейнені беруді жүзеге асыратын көру нервісін зақымдайды. Емдеу болмаған жағдайда бірнеше жыл ішінде глаукома көруді толығымен жоғалтуға апаруы мүмкін.
Көптеген адамдарда глаукома бастапқы кезеңінде симпотомсыз өтетіндіктен, уақытылы анықтау және емдеу қажет. Мысалы көз ішілік қысымның артуы кезінде ауырсыну сезімі болмауы мүмкін. Сондықтан, көруді толығымен жоғалтудың алдын алу үшін ұдайы окулист-дәрігерге көрініп тұру маңызды.
40 жастан асқан немесе тұқым қуалауы арқылы глаукомадан зардап шегетін адамдар әр 1-2 жыл сайын окулист-дәрігерден терең тексеруден өтуі қажет. Егер қант диабеті, тұқым қуалайтын глаукома, немесе көздің басқа ауруларының даму ықтималдығы секілді денсаулықтың мәселелері болса, окулист-дәрігерге көріну жиірек болуы қажет.
Глаукома көз ішілік қысымның артуында дамиды. Бұл көздің алдыңғы камерасында көз ішілік сұйықтықтың айналымы бұзылғанда орын алады.
Қалыпты жағдайда, «көздің ылғалы» аталатын сұйықтық шлемдік канал арқылы көздің алдыңғы камерасынан ағып шығады. Егер бұл канал жабылып қалса, сұйықтық жинақталып, глаукома дамиды. Каналдың жабылуының айқын себебі белгісіз, медицина қызметкерлері бұл тұқым қуалау салдарынан болады деп санайды.
Глаукоманың дамитын сирек себептері: көздің тікелей немесе химиялық зақымдануы, көздің ауыр инфекциялары, көздің қантамырының бітелуі, көздің қабыну аурулары, кейде көздің басқа ауруларын емдеу үшін көзге жасалатын операциялар. Әдетте, глаукома екі көзді де зақымдайды, бірақ, зақымдау дәрежесі әр түрлі болады.
1. ашық бұрышты глаукома (кең бұрышты глаукома) – бұл кең таралған түрі. Тексеріп қарағанда көздің құрылысы өзгермеген, бірақ, көз ішілік сұйықтық көздің трабекулярлық жүйесі аталатын каналдары арқылы тиісті түрде ағып шықпайды.
2. жабық бұрышты глаукома. Жіті немесе созылмалы жабық бұрышты немесе тар бұрышты глаукома деп те аталады. Глаукоманың бұл түрі кең таралмаған, бірақ, көз ішілік қысым күрт көтерілгенде пайда болуы мүмкін. Нұрлы қабық пен мөлдір қабықтың арасындағы (сұйықтықтың ағатын түтіктері орналасқан жерде) бұрыш кішірейгенде дренаждық қызмет бұзылады.
Кейбір адамдарда глаукома симптомсыз өтеді. Бірінші және жиі симптомы – шеткері көруді жоғалту, ол ұзақ уақыт бойы байқалмайды. Глаукоманы ерте кезеңінде анықтау үшін окулист-дәрігерде жылына 1 немесе 2 рет тексеруде болу қажет. Кейде көз ішілік қысым жоғары көрсеткіштеріне дейін артуы мүмкін. Бұл жағдайда көзде кенеттен ауырсыну пайда болып, көру бұлдырайды және жарық көзінің маңында түрлі түсті шеңберлер көрінеді.
Төменде келтірілген симптомдардың қандай да бірі пайда болса, медициналық көмекке жүгініңіз:
• жарық көзінің маңында түрлі-түсті шеңберлердің көрінуі
Глаукоманы анықтау үшін окулист-дәрігер көзді мұқият тексеруі қажет. Көзді тексеру глаукома кезінде зақымданатын көру нервісін зерттеуге бағытталады. Көру нервісінің бейнесі өзгерістерді және глаукоманың асқынуын анықтауға көмектеседі. Көз ішілік қысымды анықтауға арналған тонометрия және шеткері көруді анықтау үшін көру аумағын зерттеу секілді медициналық шаралар жүргізіледі. Глаукома кезіндегі тексерулер ауырсыну бермейді және тез уақытта орындалады.
Глаукоманы емдеуге көз тамшылары, лазерлік немесе микрохирургия жатады.
• Глаукома кезіндегі көз тамшылары. Олар көздің камерасындағы сұйықтықтың пайда болуын азайтады және оның ағып шығуын жақсартады. Жанама әсерлері: аллергия, көздің қызаруы, қысқа уақыттық күйдіру сезімі, көрудің бұлдырауы және көздің тітіркенуі. Глаукома кезінде кейбір дәрілік препараттар жүректің және өкпенің жұмысына әсер етуі мүмкін. Басқа қабылдайтын дәрілер немесе аллергиялық серпін туралы дәрігерге міндетті түрде хабарлау қажет.
• Глаукома кезіндегі лазерлік хирургия. Глаукома кезіндегі лазерлік хирургия ашық бұрыштық глаукомада сұйықтықтың ағып шығуын жақсартады немесе жабық бұрышты глаукомада сұйықтықтың бітелуін жояды. Глаукома кезіндегі лазерлік хирургияның түрлеріне жататындар: трабекулопластика, бұл кезде лазердің көмегімен дренаж жасалатын аумақтың трабекулярлық жүйесі ашылады; нұрлы қабықтың бөлігі алынып тасталады, нәтижесінде, кішкене ойық саңылау пайда болады, ол арқылы сұйықтық еркін ағатын болады; циклофотокоагуляция, бұл кезде лазер сәулесімен көздің ортаңғы қабаттары өңделеді, осылайша сұйықтықтың өндірілуі азаяды.
• глаукома кезіндегі микрохирургия. Трабекулотомия аталатын операцияда сұйықтық ағып шығуы үшін жаңа канал жасалады, осылайша, глаукомаға апаратын көз ішілік қысым азаяды. Кейбір жағдайда қайтадан операциялық араласу қажет болады. Глаукома кезіндегі микрохирургияның басқа асқынулары: уақытша немесе ұдайы көруді жоғалту, сондай-ақ, қан кетуі немесе инфекциялар.
Ашық бұрыштық глаукоманы біріктірілген емдеу – көз тамшылары, лазерлік трабекулопластика және микрохирургия. Әдетте, глаукоманы бастапқы кезеңінде емдеу – медикаментоздық түрде, бірақ, бастапқы кезеңінде лазерлік хирургияны немесе микрохирургияны қолданудың пайдасы туралы дәлелдемелер бар.
Сәбилердің немесе іштен туа біткен глаукома бұл аурудың туған кезде анықталуын білдіреді. Бұл жағдайларда алдымен, хирургиялық араласу қарастырылады, себебі, аурудың себебі – дренаждық жүйенің дұрыс дамымауы.
Глаукома салдарынан көруді жоғалту – қайтымсыз және қалпына келмейді. Бірақ, көз ішілік қысымды төмендетуге бағытталған шаралар көруді әрі қарай жоғалтудың алдын алуға көмектеседі. Глаукома бар адамдар дәрігердің тағайындауын қадағаласа, ұдайы тексеріліп отырса, көбінесе, көруді жоғалтпайды.
Бактериялық гастроэнтерит – бактериялардан туындаған асқазан мен ұлтабардың қабынуы.
Жіңішке ішек ас қорыту жүйесінің ең ұзын бөлігі – ұзындығы 6 метрге дейін жетеді! Ол асқазанды жуан (тоқ) ішекпен жалғастырады, көптеген қатпарлары бар (іш қуысында орналасуы үшін). Тұтынатын тағамның көпшілік бөлігі жіңішке ішекте қорытылады. Ол үш бөліктен тұрады: ұлтабар, мықынішек, аш ішек.
Себептері
Бактериялық гастроэнтерит белгілі бір тамақты тұтынған бір адамды немесе тұтас топты зақымдауы мүмкін. Бұл жорықтарда, мектеп асханасында, кафе, мейрамханада болуы мүмкін.
Микробтар тамаққа көптеген жолмен түсуі (тұқымын себуі) мүмкін:
• Бактериялар малды сойғанда жануардың немесе құстың ішегінен етіне түсуі мүмкін
• Суаруға немесе жууға арналған суда адамның немесе жануарлардың тіршілігінің қалдықтары болуы мүмкін.
• дүкендерде, мейрамханада немесе үй жағдайында өнімдерді дұрыс сақтамау салдарынан.
Тағамдық улану көбінесе, тамақ пен сусындарды тұтынуда жиі пайда болады:
• қолын жумаған адамның тамақты дайындауында
• ас үй жабдығының, кесетін тақтайлардың және басқа аспаптардың лас болуында тамақ дайындалуы
• тоңазытқышта сақталмаған, майонез қосылған тағам (қырыққабаттан, сәбізден, пияз бен картоптан жасалған түрлі салаттар)
• дұрыс сақталмаған және мұздатылған, салқындатылған өнімдерді тиісті түрде дайындамастан тұтыну
• жуылмаған немесе нашар жуылған көкөністер мен жемістерді тұтыну
•шикі көкөністік немесе жемістік шырындарды, сүт өнімдерін (пастерленбеген) тұтыну
• толық пісірілмеген етті немесе жұмыртқаны тұтыну
• қайнатылмаған құдық суын немесе қаладағы су көзінен суды қайнатпай тұтыну
Бактериялық гастроэнтерит түрлі бактериялардан туындайды, мысалы:
• Кампилобактер еюни (кампилобактериоз)
• ішек таяқшасы (эшерихиоз)
• Сальмонелла (сальмонеллез)
• Шигелла (шигеллез)
• Стафилококк (стафилококкты энтерит)
• Иерсиния (иерсиниоз)
Симптомдары
Симптомдары аурудың қоздырғышына байланысты. Сұйық және жиі нәжіс тағамдық уланудың барлық түріне тән. Қосымша симптомдарына жататындар:
• іштегі түйілу
• іштегі ауырсыну
• Нәжісте қан болуы
• тәбетті жоғалту
• жүрек айнуы және құсу
Диагностика
Дәрігер тағамдық уланудың симптомдарын анықтайды, мысалы, іштің ауырсынуы және сусыздану (организмдегі сұйықтықтың қалыпты мөлшерін жоғалту).
Аурудың қоздырғышын анықтау үшін тағамның немесе нәжістің талдауын өткізеді. Дегенмен, бұл зерттеулер іш өтуінің нақты себебін анықтай алмауы да мүмкін.
Нәжісте лейкоциттер болуына да талдау жүргізіледі.
Емдеу
Әдетте, ауру басталғаннан кейін бірнеше күн өткенде жағдай жақсарады. Емдеудің мақсаты – науқастың жағдайын жақсарту және организмнің сусыздануымен күресу.
Сұйықтықты жеткілікті мөлшерде тұтыну және дұрыс тамақтану жағдайды жақсартады. Қажет шаралар:
• іш өтуін емдеу
• жүрек айнуын және құсуды бақылау
• көбірек демалу.
Егер іш өтсе және ұдайы жүрек айну мен құсудан организмде сұйықтықты ұстау мүмкін болмаса, көктамыр арқылы сұйықтық енгізу қажет болуы мүмкін. Көбінесе, бұл кішкентай балаларды емдеуде қолданылады.
Несеп айдайтын препараттар қолданатын болсаңыз, дәрігермен кеңесіңіз. Іш өтуі болса, бұл препараттарды қолдануды тоқтату қажет болуы мүмкін. Емдеуші дәрігердің кеңесін алып қана емдеуді өзгертуге немесе тоқтатуға болады.
Гастроэнтериттің жеңіл немесе орташа өтуінде антибиотикпен емдеу, әдетте, тағайындалмайды.
Дәріханадан іштің өтуін емдеу үшін дәрілік препараттарды сатып алуға болады.
• қанмен іш өтуі, қызба немесе іш өтуінің ауыр түрінде дәрілік препараттарды міндетті түрде дәрігердің кеңесімен қабылдау қажет.
• бұл дәрілік препараттарды балаларға бермеңіз.
Аурудың болжамы
Бірнеше күн ішінде жағдай емдеусіз де жақсаруы мүмкін.
Ішек таяқшасының кейбір сирек түрлері ауыр анемияға, тіпті, бүйрек жеткіліксіздігіне де апаруы мүмкін.
Дәрігерге қашан көріну қажет
Келесі жағдайларда медициналық жәрдемге жүгініңіз:
• нәжісте қан немесе ірің болса, және «қара» нәжісте
• іш өтуі және дене температурасы 38°C-тан жоғары болса
• жақында шетелден іш өтуімен келсеңіз,
• іштің ауырсынуы, нәжіс шыққанда басылмайтын болса
• сусыздану симптомдары (шөлдеу, бас айналуы, естің қалыпты болмауы)
Сондай-ақ, дәрігерге көрініңіз, егер:
• іш өтуі жиілесе және балаларда – 2 күннен кейін, ересектерде – 5 күннен кейін жағдай жақсармаса
• 3 айлықтан асқан балаларда 12 сағаттан артық құсу болса.
Кішкентай балаларда құсу және іш өтуі болса, шұғыл түрде дәрігерге хабарласыңыз.
Жүрек ұстамасы (миокард инфаркті) жүрек бұлшық етінің қанмен қамтамасыз етілуінің жеткіліксіздігінен және қан ағымының төмендеуінен (ишемия) және бұлшық еттің осы бөлігінің беріштенуінен (жойылуы) пайда болады.
Жүрек бұлшық етінің беріштенуі - миокард инфаркты, ал бірінші сағатта ұстамадан болған өлім-жітім – кенеттен жүректен болған немесе коронарлық өлім-жітім аталады.
-
Жүректің құрылысы: қарыншалар, жүрекшелер, артериялар мен веналар. Артериялар қанды - жүректен, ал веналар – жүрекке жеткізеді. Веналар оттегінің мөлшері төмен және көміртектің қостотығының мөлшері жоғары қанды жеткізеді. Артериялар оттегінің мөлшері жоғары және көмір қышқыл газының мөлшері төмен қанды жеткізеді. Жүректің ішкі жағы клапандардан, камералар мен олармен байланысты тамырлардан тұрады.
Коронарлық (жүрек) артериялары жүрек бұлшық етін қанмен қамтамасыз етеді. Оң коронарлық артериялар жүректің оң және сол бөліктерін қамтамасыз етеді; сол коронарлық артериялар қанды жүректің сол жағына жеткізеді.
Себептері
Жүрек ұстамаларының көпшілігі келесіден туындайды
тромбылармен (қан ұйындысы), олар коронарлық артериялардың бірін тежейді. Коронарлық артериялар – жүрекке қан мен оттегі түсетін жол. Егер қан ағымы бұзылатын болса, жүрекке оттегі жетпейді, ал жүректің жасушалары баяу өлім-жітімге ұшырайды.
Атеросклероздық түйіндақтардан (майлы-қатты өңез), олар коронарлық артериялардың қабырғаларында жинақталады. Бұл өңез холестериннен және басқа жасушалардан тұрады. Өңездің баяу жиналуы коронарлық артериялардың бірін толығымен тежеуі мүмкін.
Коронарлық артерияларда тамырдың қабықша зақымданған жағында түйіндақтар түзілуі мүмкін.
Коронарлық артерияның тежелуі тіннің зақымдануына және жүрек бұлшық етінің осы бөлігінің жиырылу қабілетінің төмендеуіне апарады.
Жүрек ұстамалары пайда болуы мүмкін:
Ұйқы кезінде және демалғанда
Дене жүктемесінен кейін (күрт, салқындаған ауа райында)
Кенеттен көңіл-күй толғанысында, ауруда
Жүрек ұстамасына көптеген қауіп факторлары апаруы мүмкін:
Жоғары қан қысымы (артериалдық гипертензия)
Қандағы майдың жоғары деңгейі, мысалы, холестериннің жоғары деңгейі
Темекі шегу
Артық салмақ (семіздік)
Қант диабеті
Аз қимылды өмір салты
Көңіл-күй күйзелісі
Психо-әлеуметтік факторлар
Тұқым қуалау бейімділігі
Симптомдары
Ауырсыну – жүрек талмасының шешуші симптомы. Ол орташа болуы мүмкін, бұл кезде науқастар қысылу, шаншу сезіміне шағымданады. Көбінесе, олар нақты ауырған жерін қолымен көрсете алады.
Ауырсыну 20 минуттен ұзаққа созылады. Демалу және нитроглицерин аталатын дәрілер жүрек талмасынан ауырсынуды жеңілдете алмайды. Симптомдар өтіп, қайталануы мүмкін.
Ұстаманың басқа симптомдары:
Үрейлену, алаңдау
жөтел
естен тану
сандырақ, бас айналуы
жүрек айнуы, құсу
жүректің қатты соғуы (жүре тез немесе ұдайы емес соғу сезімі)
ентігу
тершеңдік
Кейбір адамдар (егде жастағы, диабетке шалдыққандар, әйелдер) кеудеде ауырсынуды сезбеуі мүмкін. Немесе әдеттегі емес симптомдары болуы мүмкін (ентігу, шаршау және әлсіздік). Симптомсыз өтетін жүрек ұстамасы «үнсіз жүрек ұстамасы» аталады.
Диагностика
Дәрігер стетоскоптың көмегімен науқастың жүрегін тыңдайды. Дәрігер жүректегі шуды, өкпедегі ауытқулы дыбыстарды тыңдауға тырысады. Науқастың тамыр соғуы біркелкі болмауы мүмкін. Науқастың артериалдық қысымы жүрек ұстамасы кезінде қалыпты, төмен немесе жоғары болуы мүмкін.
Жүректің зақымдану дәрежесін анықтау үшін электрокардиограмма жасалады.
ЭКГ арқылы жүрек ұстамасының түрлі фазаларын көруге болады:
аса жіті фазасы жүрек ұстамасынан кейін бірден басталады
жіті фазасы жүрек ұстамасынан кейін бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін болады
шешілген фазасы жүрек ұстамасынан кейін бірнеше күн өткенде болады
тұрақтанған созылмалы фазасы – ұстаманың соңғы фазасы, әдетте, жүректің қалыпты ЭКГ қарағанда қайтымсыз дерттік өзгерістерді көрсетеді.
Қандағы тропонин деңгейі науқаста жүрек тіндерінің зақымдануы болуын көрсете алады. Бұл тест нақты жүрек ұстамасы болуын растайды.
Көрсетіміне қарай науқасқа коронарография жүргізілуі мүмкін. Бұл тест кезінде арнайы бояғыш және рентген қолданылады, жүрек арқылы қан ағуын көру үшін. Бұл арқылы сізге болашақта қандай ем-шаралар қажет болатындығын анықтауға болады.
Жүрек ұстамасы – шұғыл медициналық жағдай. Егер өзіңізде немесе басқа адамның жүрек ұстамасы жағдайына куә болсаңыз, келесі әрекетті орындаңыз:
Шұғыл түрде жедел жәрдемді шақырыңыз.
күтпеңіз. Жүрек ұстамасының алғашқы сағаттарында кенеттен болатын өлім қаупі жоғары.
Өздігіңізше немесе өз көлігіңізде ауруханаға жетуге тырыспаңыз.
Дәрігер келгенге дейін алғашқы жәрдемді жасау қажет — науқасты жатқызып, терезені ашып, жағасының түймесін ағытып, белдігін шешу қажет.
Жатқан кезде тіл астына нитроглицерин салу қажет — жарты сағат ішінде бес таблеткадан аспайтындай.
:Шұғыл жәрдем бөлімінде науқасқа келесі шаралар жасалады
Жүрек ырғағын қадағалайтын аппаратқа жалғанады, дәрігерлер жүрек жағдайын бақылауы үшін.
Оттегіні береді, жүрек жұмысын жеңілдету үшін.
Физерітіндідегі препараттары бар тамызғыны қояды.
Кеудедегі ауырсынуды басу үшін нитроглицерин және морфин егіледі.
Ацетилсалицил қышқылы тағайындалады. Қарсы көрсетімдері болса, тромбы түзілуінің алдын алатын басқа препарат тағайындалады.
Ұстамадан кейін 3 сағат ішінде тромболитикалық емдеу қолданылады. Бұл – тамыр ағынының ішінде тромбыны еріту есебінен қан ағынын қалпына келтіруге бағытталған емдеу.
Шұғыл жәрдем ету үшін дәрігерлер ангиопластиканы және стенттеуді жасауы мүмкін.
Ангиопластика — ұшында кеңейтілетін баллоны бар, жіңішке катетерді қолданумен зақымданған артерияны ашу шарасы. Ангиопластика – жүрек ұстамасының салдарын емдеудің тиімді әдісі. Бұл операцияны ауруханаға келгеннен кейін 90 минут ішінде жасау қажет. Жүрек ұстамасынан кейін 12 сағаттан артық уақыт өтпеуі қажет.
Кейде ангиопластика стенттеумен толықтырылады. Стенттеу – артерияға металл стент қою, артерияның саңылауы арқылы жеткілікті қан ағынын қамтамасыз ету үшін, әдетте, стент артерияға қойылады және оның қайта тежелуінің алдын алу үшін қалдырылады.
Жүрек ұстамасынан кейін
Жүрек ұстамасынан кейін бірнеше күн өткенде науқастың жағдайы тұрақтанса, ауруханадан шығаруы мүмкін.
Жүрек ұстамасы болған адамға дәрілерді өмір бойы қабылдау қажет болады. Қабылдайтын дәрілерді тоқтату немесе мөлшерін азайту үшін дәрігермен кеңесу қажет.
Жүрек ұстамасынан кейін науқас әлсіздікті сезініп, көп нәрсеге мазасыздануда болады. Бұл сезімнің бәрі қалыпты. Олар 2-3 аптадан кейін өтеді. Сондай-ақ, науқас ауруханадан шыққан кезде шаршауды сезінеді.
Дәрігерлер науқасқа келесідей ақпарат береді:
Дәріні қалай қабылдау туралы
Жүрекке дұрыс емдәмді қалай қадағалау қажет
Қандай дене жаттығуларын орындау қажет
Жүрек ауруында не істеу қажет
Темекі шегуді қалай қою жөнінде
Аурудың болжамы
Жүрек ұстамасынан кейін қайталану ықтималдығы артады. Болжамы көбінесе, жүрек бұлшық етінің, қақпақшаларының зақымданған жеріне және көлеміне байланысты.
Әдетте, жүрек ұстамасы болған адам біртіндеп қалыпты тіршілігіне оралады, оның ішінде, жыныстық белсенділікке де.
Мүмкін асқынулары
Егер зақымдану көлемі үлкен болса, жүрек жеткіліксіздігі және жүрек ырғағының бұзылысы дамуы мүмкін, олар өмірге қауіпті.
Қашан дәрігерге көріну қажет
Егер өзіңізде немесе жақындарыңызда жоғарыда аталған симптомдарды байқасаңыз, шұғыл түрде жедел жәрдемді шақыру қажет.
Алдын алу
Бұл аурудың алдын алу алғашқы және екінші болып бөлінеді. Алғашқы түрі миокард инфарктінің пайда болуына жол бермеуге, екіншісі – ұстаманың қайталанбауына бағытталады.
Алдын алу жүрек-қантамыр ауруларынан зардап шегетін науқастармен қатар сау адамдарға да қажет, алдын алу жүрек ұстамасының пайда болу қаупін арттыратын факторларды жоюға негізделеді:
Диспепсия немесе ас қорытудың бұзылысы – бұл іштің жоғарғы бөлігіндегі жеңіл жайсыздық, тамақ ішу кезінде немесе ішкеннен кейін пайда болады, келесі түрде сезілуі мүмкін:
Кіндік пен төссүйегінің арасындағы қызу, күйдіру немесе ауырсыну сезімі
Тамақ ішкен кезде немесе ішкеннен кейін бірден пайда болатын жағымсыз, іштің толып кету сезімі
Іштің кебуі және жүрек айнуы - жиі кездеспейтін симптомдары.
Көбінесе, егер қан кетуі, салмақ жоғалту немесе жұту секілді басқа симптомдармен бірге болмаса, диспепсия денсаулыққа қатысты күрделі мәселенің белгісі емес.
Кейбір сирек жағдайда жүрек ұстамасы кезіндегі жайсыздық диспепсия ретінде қате қабылдануы мүмкін.
Диспепсияның туындау себептері:
• Алкогольді шамадан тыс тұтыну
• Татымдылығы көп, майлы немесе қуырылған тағам
• Тамақты шамадан көп ішу
• Тамақты тез ішу
• Күйзеліс немесе күйгелектену
• Талшығы мол тамақты тұтыну
• Темекі шегу
• Кофеинді шамадан тыс көп тұтыну
Диспепсияның басқа себептері:
• Өт тастары
• Гастрит (асқазанның сілемей қабатының қабынуы және ісінуі)
• Ұйқыбезінің қабынуы (панкреатит)
• Ойықжаралар (асқазанның немесе ішектің)
• Кейбір дәрілік препараттарды қабылдау, мысалы, антибиотиктерді, аспиринді немесе ауырсынуды басатындар (НПВП – стероидты емес қабынуға қарсы препараттар).
Үйдегі күтім
Тамақтану тәртібін өзгерту симптомдарды жеңілдетеді, ол үшін орындау қажет:
• Тамақты асықпай ішу
• Тамақты мұқият және толығымен шайнау
• Тамақ ішкенде сөйлеспеуге тырысыңыз
• Тамақ ішкенен кейін бірден толқу немесе дене жаттығуларын орындаудан алшақ болыңыз.
• Жайбарақаттанып, демалыңыз, егер бұзылыс күйзелістен туындаса.
Аспиринді немесе басқа НПВП - стероидты емес қабынуға қарсы препараттарды қабылдаудан алшақ болыңыз. Егер оларды қабылдау қажет болса, тамақ ішкеннен кейін қабылдаңыз.
Антацидтерді қабылдау (асқазан сөліндегі тұз қышқылын бейтараптандыратын препарат) диспепсияны жеңілдетеді.
Ранитидин (Зантак) және омепразол (Прилосек) секілді дәрілік препараттар да симптомдарды жеңілдетеді. Дәрігер осы дәрілерді үлкен мөлшерлемесімен немесе ұзақ уақыт бойы қабылдауды ұсынады.
Қашан дәрігерге көріну қажет
Иегіңізде, кеудеңізде, арқаңызда ауырсыну болса, тершеңдік, мазасыздану немесе шарасыздық сезімі болса, шұғыл дәрігерге көріну қажет. Бұл жүрек ұстамасының симптомдары болуы мүмкін.
Келесі жағдайларда дәрігерге көрініңіз:
• Диспепсия симптомдарының өзгерісін байқасаңыз
• Симптомдар бірнеше күннен артық созылса
• Түсініксіз салмақ жоғалту пайда болса
• Кенеттен, күшті ауырсыну пайда болса
• Жұтуда мәселелер пайда болса
• Тері мен көздің ағы сарғайса (сары ауру)
• Құсықта немесе нәжісте қан пайда болса
Дәрігерге көрінуден нені күтуге болады
Дәрігер асқазан мен ас қорыту жолдарының аумағын тексереді. Симптомдар туралы сұрақтар қояды.
Тағамдық улану бактериялармен, вирустармен немесе уыттармен залалданған өнімдерді тұтынғанда пайда болады. Көпшілік жағдайда тағамдық улануды келесі бактериялар туындатады: алтын түсті стафилококк (Staphylococcus aureus) және ішек таяқшасы (Escherichia coli).
Себептері
Ішек таяқшасының негізгі көзі – жұқпаланған (жұқпаланған адамдардың) жануарлардың нәжістері. Сондай-ақ, ол тазартылмаған суда болады.
Алтын түсті стафилококк бактериялары әдетте, адамдардың терісінде болады, ал тамаққа түскенде уытты өндіріп, осы ауруды туындатады. Тағамдық улану жұқпаланған тағам организмге түскенде орын алады. Ауру залалданған тағамды тұтынғаннан кейін бір адамда немесе адамдардың тобында пайда болуы мүмкін. Көбінесе, тағамдық улану жорықтарда, асхана, дәмхана, т.б. қоғамдық тамақтану орындарында тамақтанғанда пайда болады.
Бактериялардың тағамға түсу жолдары:
Қолын дұрыс жумаған адам дайындаған кез келген тағам
Жуылмаған ас үй жабдығымен, тақтайшаларда, т.б. аспаптармен дайындалған кез келген тағам
Өнімдерді дайындау кезінде немесе жуғанда (көкөністер мен жемістер) нашар суды қолдану
Сүт өнімдері немесе құрамында майонез бар өнімдер, тоңазытқышта тым ұзақ сақталған
Мұздатылған немесе салқындатылған өнімдер, сәйкес температурада сақталмаған, немесе дұрыс қыздырылмаған
Толық пісірілмеген ет немесе жұмыртқа
Жоғары қауіпке бейім:
Сәбилер және 5 жасқа дейінгі балалар
Егде жастағы адамдар
Диабет немесе бүйрек ауруы секілді күрделі аурулары бар адамдар
Иммунитеті әлсіреген адамдар.
Симптомдары
Әдетте, залалданған тағамды тұтынғаннан кейін 2-6 сағат ішінде келесідей көрініс береді:
Жүрек айнуы
құсу
диарея (іш өтуі)
іштегі ауық-ауық ауырсыну және түйілу
қызу
бас ауыруы
әлсіздік
Диагностика
Тағамдық уланудың нақты қоздырғышын анықтау үшін келесі талдаулар жүргізіледі:
нәжістің
құсықтың
қанның (вирус пен уытты анықтаудың экспресс-талдауы)
ауырғандар тұтынған тағам өнімдерінің
Емдеу
Әдетте, тағамдық уланудың симптомдары бірнеше күн ішінде өтеді. Жұмсақ емдәм ұстанған жөн: қиын қорытылатын және тітіркендіретін өнімдерді тұтынбау қажет.
Организмдегі су үйлесімін қолдау үшін аурудың барысында суды көп ішу қажет – күніне 2-3 литрден. Регидронды қолдану көп құсу мен диарея кезіндегі электролиттерді жоғалтуды толықтырады.
Организмнен уыттарды шығару және симптомдардың ауырлығын азайту үшін энтеросорбенттер (энтеросгель, белсендірілген көмір) қолданылады.
Микробқа қарсы препараттарды емдеуші дәрігер ғана тағайындайды, және тағамдық уланудың ауыр жағдайларында қолданылады.
Аурудың болжамы
Адамдардың көпшілігі дұрыс емделгенде 12-48 сағат ішінде тағамдық уланудан толығымен айығады. Алайда, тағамдық уланудың ауыр өтуінде күрделі асқынулар болуы мүмкін. Сау адамдарда тағамдық уланудан өлім-жітімге ұшырау аса сирек болады.
Мүмкін асқынулар
Жиі кездесетін асқынуы – сусыздану.
Тағамдық улану кезінде күрделі асқыну сирек болады. Оларға жататындар:
асқазан-ішек қан кетуі
жүйке жүйесінің зақымдануы
бүйректегі мәселелер
Артрит (буынның қабынуы)
Перикардит (жүректі жабатын қабықшаның қабынуы)
Қашан дәрігерге көріну қажет
Тыныс алудың күрт бұзылуы
Бұлшық еттегі әлсіздік
Жоғары температура
Қан аралас көп іш өтуі
Жүкті әйелдер мен балалардағы тағамдық улану
Организмнің күшті сусыздануы және су тәрізді жиі іш өтуі
Келесі уыттану белгілерінің болуы: күшті бас ауыруы, бас айналуы, салқын және ылғалды тер, естен тану жағдайлары.
Алдын алу
Гигиенаны қадағалап, тамақ алдында қол жуу қажет
Көкөністер мен жемістерді тұтыну алдында мұқият жуу қажет
Өнімдерді тоңазытқышта дұрыс температурада сақтау
Тағамды дұрыс қыздырып өңдеу
Қоғамдық тамақтанудың күмәнді орындарынан алшақ болу
Жүкті және емізетін әйелдерге ерекше сақ болып, кез келген тағамдық уланудан алшақ болу қажет.