.

Антибиотиктер | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Антибиотиктер

Анықтамасы

Себептері

Симптомдары

Емі

 

Рейе синдромы - 15 жасқа дейінгі балалардың бауырларында май тінінің жиналып қалуы мен мидың ісінуімен жүретін өте сирек кездесетін бұзылыс. Бұл синдром тұмау және желшешек сияқты вирустық инфекцияны басынан өткергеннен кейін болады.Аспирин осы синдромның болуын едәуір арттырады,сондықтан 20 жасқа дейінгі жастарға вирустық инфекция кезінде аспирин қолданбау керек,тек қана дәрігер рұқсатымен ғана қабылдағаны дұрыс.

Рейе синдромының себебі әлі белгісіз,бірақ ол мидағы зат алмасуға қатысатын митохондрий жасушасын вируспен зақымдау арқылы болады деп есептеледі.

Рейе синдромының белгілеріне құсу,ұйқышылдық,есте сақтаудың төмендеуі,әлсіздік,естің адасуы және комаға түсу жатады.

Емі.

Емдеуге арналған нақты хаттамалар жоқ, бірақта антибиотиктерді,инсулинді,кортикостероидтарды,глюкозаны,зәр айдағыш дәрілерді және т.б қолданады.70 % науқастарда жағдайы қалпына келеді, кейбіреулерінде мидың зақымдалуы өмір бойына қалады.

 

Аударған: Мелис Айбек

 

Инфекциялық артрит (син.іріңді артрит,септикалық артрит) деп – әр түрлі микроорганизмдермен шақырылғанбір немесе бірнеше буынның ауыр қабынуы. Егер оны тез арада емдемесе буынның қайтымсыз бұзылыстарына алып келуі мүмкін.

Себебі.

Инфекциялық артритті әр түрлі микроорганизмдер шақырады.Бұл вирустар,бактериялар немесе саңырауқұлақтар болуы мүмкін.Жарақат немесе хирургиляқ операциялар нәтижесінде түскен микроорганизмдер буынға қан арқылы келіп зақымдайды.

Симптомдары.

  • артриттің симптомдарына жергілікті зақымдалған аймақтың ісінуі,қызаруы және басқан кезде ауырсынудың болуы жатады, ал жалпы белгілеріне дене температурасының жоғарлауы,қалтырау, барлық денеде ауырсынуды сезу сезімдері пайда болады.Активті және пассивті қимылдағанда науқас ауырсынуды сезеді.Көбінесе тізе,иық,мықын аралық және ұсақ буындардан білезік,табан буындары зақымдалады.Нашақорларда ерекшелігі сегізкөз-мықын буындарының зақымдалуы болады.

Емі.

  • тек ауруханада жүргізіледі. Ең алдымен режим,одан кейін зақымдалған аймақта қимылды шектеу (иммобилизация) үшін шина тағылады.Белок пен витаминге бай диета тағайындалады.Инфекцияның түріне байланысты антибиотиктер қарастырылған.

 

Аударған: Мелис Айбек

Сепсис - белгілі бір инфекцияның қанға, лимфаға, жасушаларға таралуына байланысты, иммунды жүйенің жоғарлаған реакциясы. Ауыр сепсис жиі қан қысымының төмендеуінің себебі болып табылады. Ол өз кезегінде ағзадағы қанайналымның бұзылуына әкеліп, нәтижесінде мүшелік жетіспеушілік және өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.

Сепсистің симптомдары - қызба немесе температураның төмендеуі, тыныс алудың жиілеуі, қалтырау және дірілдеу, жүрек соғысының жиілеуі, зәр шығарудың азаюы, есінің шатасуы және сандырақтауы болып табылады.

Сепсисті ең жиі себебі – бактериялық инфекция болып табылады, бірақ кейде басқада инфекция түрлері шақыруы мүмкін.Сепсис барлық жастағы адамдарда кездеседі, бірақ балаларда, қарт кісілерде және иммунды жүйесі әлсіреген адамдар жиі шалдығады.

Сепсистің еміне антибиотиктер, қан қысымын сүйемелдеуші және мүшелік жетіспеушіліктен сақтаушы дәрі-дәрмектер қолданылады.
 

Аударған: Бердібек Ағабек

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Қашан дәрігерге көріну қажет

 

Жалпы ақпарат

Остеомиелит – сүйектің инфекциясы, бактериялардан  немесе басқа микроорганизмдерден туындайды.

 Остеомиелит – сүйектің инфекциясы. Көбінесе, инфекция басқа көзден шығады және қан арқылы сүйекке таралады. Остеомиелит бактериялардан немесе зеңдерден туындайды.

 Себептері

Сүйектің жұқпалануы көбінесе бактериялардан болады, сирек - зеңдерден  немесе  басқа микроорганизмдерден болады. 

Бактериялар сүйекке зақымданған теріден, жақындағы бұлшық еттен немесе сіңірлерден таралуы мүмкуін. Терідегі жаралар мен ойық жаралар арқылы берілуі мүмкін.

Инфекция дененің басқа бөлігінінен шығып, қанмен таралып, сүйектің жұқпалануына апаруы мүмкін.

Сондай-ақ, жұқпалану сүйекке хирургиялық операциялардан кейін де орын алуы ықтимал. Бұл көбінесе, сүйекке метал білік және пластина енгізгенде орын алады.

Балаларда остеомиелитке қол мен аяқтың ұзын сүйектері, ересектерде – аяқтың, омыртқаның және жамбастың сүйектері ұшырайды.

Қауіп факторлары :

·         Диабет

·         Гемодиализ

·         Қанмен нашар қамтамасыз етілу

·         Жарақаттардан кейін

·         Тыйым салынған есірткілік заттектерді енгізу

Остеомиелитке шалдығу қаупі көк бауыры алынған адамдарда жоғары болады.

Симптомдары

·         Сүйектегі ауырсыну

·         Дене  температурасының артуы

·         Жалпы дімкәстану, әлсіздік

·         ісіну, қызару және жергілікті температураның артуы

·         қалтырау

·         тершеңдік

·         бел аумағындағы аурысыну

·         буындар мен аяқтың ісінуі.

 Диагностика

Қарау барысында зақымданған аумақта ісіну мен қызару анықталады.

Тексеруге келесі әдістер жатады:

·         қан өсіндісін бактерияға тексеру

·         сүйек Биопсиясы

·         сүйек Рентгенографиясы

·         Қанның жалпы талдауы

·         С-реактивті ақуызды анықтау (СРБ)

·         эритроциттердің шөгу жылдамдығын (СОЭ) анықтау 

·         Сүйек МРТ

·         Жұқпаланған сүйектің маңындағы жиналған сұйықтыққа пункция.

Емдеу

Емдеудің мақсаты – инфекцияны жою және сүйектіжәне қоршайтын тіндердің зақымдануын азайту.

 

Жұқпамен күресте антибиотиктер қолдану. Антибиотиктердің бірнеше тобын қолдануға болады.

Көбінесе, антибиотиктер вена арқылы енгізіледі.

Антибиотиктермен емдеу курссы 4-6 аптаға жуық болады.

Емдеудің тиімсіз болуында тіршілігін жойған сүйек тінін алып тастау үшін хирургиялық операция қажет болады.

Жұқпаланған сүйекке метал пластина қойылған болса, оны алып тастау қажет.  

Сүйек тінін алып тастағаннан кейін қалған кеңістік трансплантатпен немесе басқа арнайы материалмен алмастырылады. Аталған әрекеттер жаңа сүйек тінінің өсуіне ықпал етеді.

Буынды протездеуден кейін болған жұқпалану жұқпаланған тінді алып тастау және жаңа протезге алмастыру операциясына мұқтаж болады. көбінесе, дәрігерлер буынды  қайтадан толық протездеу орындалғанға дейін толық жазылуды күтеді.

Диабетке шалдыққан болсаңыз, ауру ұдай бақылауда болуы тиіс. Жұқпаланған аумақтыың қан айналымын жақсарту және емдеу үшін хирургиялық операция қажет болуы мүмкін.  

 

Аурудың болжамы

Уақытылы емдеуде аурудың болжамы, әдетте, оңтайлы.

Созылмалы остеомиелитке шалдыққандар үшін болжамы аса оңтайлы емес. Аурудың симптомдары көптеген жылдар бойы пайда болып отыруы мүмкін, хирургиялық операция  жасалғанның өзінде. Диабетке шалдыққан және қанмен нашар қамтамасыз етілген науқастарда аяқтың ампутациясы болуы мүмкін.

Жасанды протездің жұқпалануында болжамы  келесі факторларға байланысты:

·         Науқастың денсаулық жағдайы

·         Инфекцияның түрі

·         Протезді тез және қауіпсіз алу мүмкіндігі.

 

 Қашан дәрігердің көмегіне жүгіну қажет

·         Остеомиелиттің симптомдары болуында

Өткізілген емдеуге қарамастан, остеомиелиттің симптомдары тоқтамайтын болса.

 

Sourcehttp://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/000437.htm

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Қауіп топтары

Симптомдары

Үй жағдайында емдеу

Дәрігерге қашан көріну қажет

Емдеу

 

Жалпы ақпарат

Абсцесс (іріңқалта) – бұл тері астында іріңнің жиналуымен сипатталатын инфекция. Абсцесс әдетте алтын түсті  стафилококк және стрептококк секілді бактериялармен байланысты. Бұл бактериялар терідегі сызаттар мен жаралар арқылы енеді. Бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін зақымданған тұста қызару, ауырсыну, температураның артуы және ісінуі пайда болады, дене температурасы артуы мүмкін. Абсцесс тері бетінің инфекциясын заманауи және сәйкес емдемеген жағдайда орын алуы мүмкін. Сәйкес емдеу болған жағдайда бұл аурудың болжамы сәтті. 

Метициллин-резистентті стафилококк (МРЗС) - пенициллин қатарындағы антибиотиктерге тұрақтылығы бар бактериялар тобы, бұл көптеген онжылдықтар бойы стафилококты және тері инфекцияларын антибиотикпен емдеудегі күрделі мәселе болды. Бұрынырақта МРЗС халықтың аз тобында, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінде және егілетін наркотиктерді қолданатын адамдар арасында таралған болатын. Бүгінде МРЗС жалпы халықтың тері инфекциясының жиі себебі болуда. МРЗС қазір «пенициллин қатарынан емес» антибиотиктермен және зақымданған теріге жергілікті күтім жасау арқылы табысты емделеді. Сирек жағдайда МРЗС терінің және жұмсақ тіндердің күрделі (терең) инфекцияларын туындатуы мүмкін. Стафилококты инфекция, әдетте, ұсақ қызыл түйіндерден немесе ірің толған түйіндерден басталады, олар қысқа уақыттың ішінде терең, ауырсынатын ойық жараға айналуы мүмкін. Егер теріңізде қызыл түйінді немесе ірің толған түйінді байқасаңыз және инфекцияның белгілері болса (зақымданған тұстың ауырсынуы, қызаруы және ісінуі) шұғыл түрде дәрігерге көрініңіз. Көптеген науқастар түйіндерді өрмекшінің шағуы деп санап, қателеседі. Антибиотикпен емдеуді өткізудің алдында дәрігер терінің зақымданған тұсынан қырынды алып, зерттеу тағайындауы мүмкін. МРЗС жұқпалану симптомдарына ұқсайтын белгілер болуында, және МРЗС талдауының нәтижесі оң болса, дәрігер таблетка түріндегі антибиотик қабылдауды және зақымданған теріге жергілікті емдеу тағайындайды. Инфекцияның сау жерге таралмауы үшін  қолды және дененің басқа ашық тұстарын таза ұстау қажет, ал жаралар емдеу кезінде зарарсыз дәкемен таңылуы тиіс.

 

Себептері

Абсцестің пайда болуына бейімдейтін факторлар:

  • Терінің кез келген инфекциялары, әсіресе, емделмеген кезде
  •  Диабет
  • Семіздік
  • Вена (көктамыр) арқылы есірткі енгізу
  • Негізгі аурудың немесе оны емдеудің салдарынан иммундық жүйенің әлсіреуі

 

Қауіп топтары

Абсцесс кез келген адамда және дененің кез келген бөлігінде пайда болуы мүмкін.

Зақымданған бөлікті басқан кезде абсцестегі сұйықтықтың бар екенін сезуге болады.

 

Симптомдары

1-2 аптаның ішінде ауырсынуы, қызаруы және ісінуі пайда болады. Терінің астында іріңнің болуы әдетте, көрінбейді. Дене температурасының артуы және жалпы дімкәстік байқалуы мүмкін.

 

Үй жағдайында емдеу

Абсцесті өздігінше емдеу дұрыс емес. Дәрігерге барғанға дейін зақымданған бөлікке жылы компресс қойып, және ісіну мен ауырсынуды жою үшін негізінде ибупрофен бар қабынуға қарсы дәрі қабылдау қажет. 

 

Дәрігерге қашан көріну қажет

Зақымданған бөліктің ауырсынуы, қызаруы және ісінуі пайда болса, медициналық көмекке жүгініңіз. Егер абсцесс бетте болса және тез таралса немесе қозғалуды шектейтін жерде орналасатын болса, шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажет.

 

Емдеу

Алдын ала ауырсынуды басу шарасынан кейін дәрігер зақымданған тұсты аздап тіледі, және абсцестегі сұйықтықты немесе іріңді шығарады. Бұл бактериялардың көпшілігін жойып, организмге қалған аз мөлшерімен күресуге көмектеседі. Кейбір жағдайда, бөлінген ірің бактериологиялық зерттеу өткізу үшін зертханаға жіберіледі. Қоздырғышын анықтау тиімді антибиотикті таңдау үшін қажет. Зерттеу 2-3 күнде өтеді. Талдаудың нәтижелерін алғанға дейін дәрігер Сізге кең ауқымды әрекет ететін антибиотик тағайындауы мүмкін. Ауыр инфекция болмаса, антибиотикпен емдеу тағайындалмайды.

Егер жағдай жақсармаса, немесе инфекцияның қоздырғышы кең таралмаған болса, дәрігер антибиотиктердің әр түрін тағайындауы мүмкін. Антибиотиктер тағайындалған жағдайда, жағдай жақсарып, сауығу байқалғанына қарамастан, емдеудің толық курсын өту қажет. Егер емдеу басталғаннан кейін 2-3 күн ішінде жағдай жақсармаса, дәрігерге хабарлау қажет. 

 

Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры: http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/001010.htm

Аудармашы: Ирина Гончарова, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Сәлім Смайылов, б.ғ.к.

 

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

Синонимдары

 

Жалпы ақпарат

Мерез - бактериалдық инфекция, көбінесе, жыныстық қатынас арқылы тарайды.

 

Себептері

Мерез  - инфекциялық ауру, жыныстық жол арқылы, Treponema pallidum спирохеті арқылы туындайды. Бұл бактериямен жұқпалану тері немесе сілемей қабығы арқылы өтеді, әдетте, жыныстық мүшелер аумағында. Мерез жыныстық жол арқылы жиі беріледі, бірақ, басқа берілу жолдары да бар.  

Мерез бүкіл әлемде кездеседі. Ол көбінесе, қалаларда көп таралған, ерлермен жыныстық қатынаста болатын ерлер арасында аурудың таралуы артуда. Адамдарда мерезге табиғи төтеп беру қасиеті жоқ. 15-25 жас аралығындағы жастар жоғары қауіп тобында.

Көптеген мемлекеттерде некеге тұру алдында мерезге тексеруден өтеді. Барлық жүкті әйелдер босану алдындағы көмекті алу алдында мерезге тексеріледі, анадан балаға жұқпаның берілуін болдырмас үшін (туа біткен мерезді).

Аурудың үш сатысы бар:

  • Алғашқы мерез
  • Екінші мерез
  • Үшінші мерез (аурудың кеш сатысы).

 

Екінші, үшінші және туа біткен мерез қазір бұрынғыдай емес, сирек кездеседі. Оның себебі:

  • Жыныстық жолмен берілетін жұқпаларды емдейтін ақысыз мемлекеттік клиника/диспансерлердің болуы
  • Мерезге тексерудің скринингтік әдісі
  • Жыныстық жолмен берілетін жұқпалар туралы қоғамды ақпараттандыру
  • Пренатальдық скрининг

 

Симптомдары

Алғашқы мерездің симптомдары:

  • Жыныстық ағзаларда, ауызда, теріде немесе тік ішекте шағын, ауырмайтын ашық жаралар немесе ойықжаралар (шанкр) пайда болуы; олар өздігінше 3-6 аптада өтеді
  • Ойықжара маңындағы лимфа түйіндерінің ұлғаюы

 

Бактериялар организмде өсуін жалғастырады, бірақ, екінші сатыға дейін ауру аз симптоммен өтеді.

Екінші мерездің симптомдары:

  • Бөріткен, әдетте, алақанда, табанда пайда болады.
  • ойықжаралар ауыздың маңында немесе ішінде, іншекте (қынапта) немесе жыныстық мүшеде
  • жыныстық мүшенің аумағында немесе тері қыртысындағы ылғалды, сүйелді түзілістер (кондилома аталатын)
  • қызба
  • жалпы әлсіздік
  • тәбетті жоғалту
  • бұлшық еттің ауырсынуы
  • буындардың ауырсынуы
  • лимфа түйіндерінің ұлғаюы
  • көрудің бұзылысы
  • шаштың түсуі.

 

Үшінші мерездің симптомдары қандай ағза зақымдалғанына байланысты. Олар бір-бірінен ерекшеленеді және оларды анықтау қиын. Үшінші мерездің симптомдары:

  • жүректің зақымдануы (аневризма қалыптасуы немесе қақпақшалардың зақымдануы)
  • орталық жүйке жүйесінің бұзылысы (нейромерез)
  • терінің, сүйектің, немесе бауырдың ісіктері

 

Диагностика

Дәрігер немесе медбике науқасты қарайды. Өткізілетін тексерулердің түрлері:

  • ойықжарадан шығатын бөліндіні зерттеу
  • ЭхоКГ, аортальдық ангиография немесе жүректің катетеризациясы арқылы ірі қантамырларын зерттеу
  • Мерезді туындататын бактерияларды анықтау үшін қан талдауы (антикардиолипиндік тест RPR немесе VDRL) – бұл талдаулар оң болса, диагнозды нақтылау үшін келесі тексерулердің бірін өткізу қажет:
  • РИФ-АБС (солғын трепонемалардың иммунофлуоресценция реакциясы, абсорбциялаумен)
  • МГА-TP (T. Pallidum микрогемагглютинация әдісі)
  • Люмбальдық пункция және жұлын сарысуын зерттеу.

 

Емдеу

Мерезді пенициллин, бензатин, доксициклин, тетрациклин (пенициллинге аллергия болса) секілді антибиотиктермен емдеуге болады. Емдеудің ұзақтығы мерездің ауырлығына және науқастың жалпы жағдайына байланысты. 

Пенициллин – жүктілік кезінде мерезді емдеуде таңдалатын препарат. Тетрациклинді жүктілікте қолдануға болмайды, ол болашақ баланың денсаулығына зиянды. Эритромицин балада туа біткен мерездің болуын жоя алмайды. Жалпы, пеницилинге аллергиясы бар адамдар, аллергияға сезімталдығын азайтып, одан кейін пеницилинмен емделуі тиіс.

Мерездің ерте сатысын емдей бастаған алғашқы бірнеше сағатта науқастарда Яриш – Герксгеймер аллергиялық серпіні пайда болуы мүмкін. Ол организмнің жұқпаның ыдырау өнімдеріне жауабы ретінде пайда болады.

Аллергиялық  серпіннің симптомдары:

  • қалтырау
  • қызба
  • жалпы әлсіздік
  • бас ауыруы
  • буынның ауырсынуы
  • бұлшық еттің ауырсынуы
  • жүрек айнуы
  • бөріткен.

 

Бұл  симптомдар әдетте, 24 сағат ішінде жойылады.

Келесі қан талдаулары 3, 6, 12, 24 ай барысында жасалуы тиіс, жұқпаның жойылуына көз жеткізу үшін. Шанкр болуында жыныстық қатынастан алшақ болу қажет, жұқпаның жойылуы туралы екі теріс талдау алғанға дейін презерватив қолданыңыз.

Мерезге шалдыққан науқастың барлық жыныстық қатынастағы серіктестері емделуі тиіс. Мерез алғашқы және екінші сатысында аса жұқпалы.  

 

Болжамы

Мерезді емдеп, жазуға болады, ол үшін ерте сатысында анықтап, емдеу қажет.

Екінші мерезді емдеуге болады, ол үшін ерте анықтап, тиімді емдеу қажет. Әдетте, ауру бірнеше апта ішінде өтеді, бірақ, кейбір жағдайда 1 жылға дейін созылуы мүмкін. Тиісті емдеу болмаса, науқастардың 1/3 мерездің кеш асқынулары дамуы мүмкін.

Кеш мерез мүгедектікке, және өлім-жітімге апаруы мүмкін.

 

Мүмкін асқынулары

  • жүрек-қантамыр асқынулары (аортит және аневризмалар)
  • терідегі және сүйектегі құрылымсыз ойықжаралары (гуммы)
  • Нейромерез
  • мерездік миелопатия – бұлшық еттің әлсіздігі және жағымсыз сезіну пайда болатын асқынуы
  • мерездік менингит

 

сондай-ақ, емдеу болмаса, екінші мерез жүктілік кезінде даму үстіндегі балаға беріледі. Бұл туа біткен мерез аталады.

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

Мерездің симптомдары болса, шұғыл дәрігерге көріну қажет.

Мерезге шалдыққан адаммен немесе басқа жыныстық жол арқылы берілетін жұқпаға шалдыққан адаммен, немесе бірнеше/ таныс емес серіктестермен жыныстық қатынас болса, немесе көктамырлық есірткілер қабылдасаңыз, дәрігерге көрініңіз, немесе жыныстық жол арқылы берілетін жұқпаны емдейтін клиникада скринингтік тексеруден өтіңіз.

 

Алдын алу

Жыныстық белсенділікте қауіпсіздікті сақтау қажет, әрдайым презерватив қолдану қажет.

Барлық жүкті әйелдер мерезге тексерілуі тиіс.

 

Синонимдары

Бірінші мерез; екінші мерез; кеш мерез; үшінші мерез.

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Болжамы

Мүмкін асқынулары

Дәрігерге қашан көріну қажет

Алдын алу

Синонимдары

 

Несеп  шығару  жолдарының  инфекциялары

Вульвовагинит – вульваның және қынаптың қабынуы немесе инфекциясы.

 

Себептері

Вульвовагинит әр жастағы әйелдерде пайда болуы мүмкін, ауру аса жиі кездеседі. Ол бактериялардың, ашытқылардың, вирустардың, парахиттер мен басқа микроорганизмдердің салдарынан туындайды. Кейбір жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) да  вульвовагинитке апаруы мүмкін. Қоршаған ортаның факторлары, мысалы, нашар жеке гигиена және аллергендер де осы аурудың пайда болуына ықпал етуі мүмкін.

Candida Albicans, ашытқылық инфекцияның қоздырғышы – әр жастағы әйелдерде вульвовагинит пайда болуының аса жиі кездесетін себебі. Антибиотиктер қолдану ашытқылық инфекцияға апаруы мүмкін, себебі, бұл кезде қынап ішінде мекендейтін зеңге қарсы қалыпты бактериялар жойылады. Зеңдік инфекциялар әдетте, жыныстық ағзалардағы қышуды, қынаптан бөлінетін ақшыл түсті бөлінділердің пайда болуын туындатады.

Вульвовагиниттің тағы бір себебі - бактериалдық вагиноз, ол қынаптағы кейбір бактериялардың түрлерінің тез өсуімен сипатталады. Бактериалдық  вагиноз кезінде қынаптан сұрғыш түсті, балық иісті бөлінділер бөлінуі мүмкін.

Жыныстық  жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) бірі - трихомонадалық вагинит те аурудың жиі себебі. Бұл инфекция жыныстық ағзалардың қышуына, қынаптық жағымсыз иістің пайда болуына, қынаптан сары-сұр немесе жасыл түсті бөлінділердің шығуына апарады.   

Ваннада шомылу, сабын, қынап ішілік контрацептивтер, спрейлер мен парфюм де тітіркенуді, қышуды, жыныстық ағзалар аумағындағы бөріткенді туындатуы мүмкін, тым тығыз немесе матасы ылғалды сіңірмейтін киім де бөріткеннің пайда болуына ықпал етуі мүмкін.

Қабынған тіндер, сау тіндермен салыстырғанда инфекцияға бейімірек келеді, микроорганизмдерден туындаған көптеген инфекциялар жылы, ылғал және қараңғы жерде өсіп-өнеді. Бұл факторлар вульвовагиниттің пайда болуына ықпал етуімен қатар, қалпына келу кезеңін де ұзартады.

Етеккір тоқтау шағында эстрогендердің болмауы қынаптың құрғақтығына және қынап пен вульваның терісінің жұқаруына апаруы мүмкін, бұл да жыныстық ағзаларда қышу мен күйдіру сезімінің пайда болуына апарады.

Кейбір тері аурулары вульваның аумағында созылмалы тітіркену және қышуды туындатуы мүмкін.  Тым ұзақ уақытқа қойылған тампон секілді бөгде заттар да вульваның тітіркенуі мен қышуын, жағымсыз иісті туындатуы мүмкін.

Телімді емес вульвовагинит (нақты себебі айқындалмаған) барлық жаста байқалуы мүмкін, бірақ, жыныстық жетілуге дейінгі жас қыздарда жиі пайда болады. Жыныстық жетілу басталғаннан кейін қынап ішіндегі орта қышқыл бола бастайды, бұл, әдетте, инфекцияның өтуінің алдын алады.

Телімді емес вульвовагинит жеке гигиенаны қадағалмайтын қыздарда пайда болуы мүмкін, ол сасық иісті, қоңыр-жасыл түсті бөліндімен және вульваның жапсарының, қынаптың тітіркенуімен сипатталады. Бұл жағдай әдетте, нәжісте болатын бактериялардың тез өсуімен байланысты. Бұл бактериялар нәжістің сыртқа шығарылуынан кейін артынан алға қарай сүртіну кезінде тік ішектен қынапқа өтеді.

Қыздарда әдеттегідей емес инфекциялар және қайталанатын, түсініксіз вульвовагинит көріністері болса, жыныстық зорлау туралы күмән туындайды.  Neisseria gonorrhoeae – соз ауруын (гонореяны) туындататын микроорганизм.  Ол жыныстық қатынасқа түсетін қыздарда гонококтық вульвовагиниттің қоздырғышы. Вагинитке байланысты туындайтын гонорея жыныстық жол арқылы туындайтын ауру. Егер зертханалық зерттеулер осы диагнозды растаса,  жас қыздарды жыныстық зорлануына қатысты тексеріс өткізген жөн.

 

Симптомдары

  • Жыныстық мүшелердің аумағындағы қышу және тітіркеніс
  • Вульваның кіші және үлкен жапсарындағы немесе шаптың аумағындағы  қабыну (тітіркену, қызару және ісіну)
  • Қынаптан бөлінділердің шығуы
  • Қынаптық жағымсыз иіс
  • Несеп жүруіндегі жайсыздық немесе күйдіру сезімі

 

Диагностика

Егер науқаста бұрын ашытқылық инфекция анықталған болса, дәстүрлік емес құралдармен емделіп көруіне болады. Бірақ, егер симптомдар бір аптаның ішінде толығымен өтпесе, дәрігерге көрініңіз. Басқа көптеген инфекциялардың осыған ұқсас симптомдары болады.

Дәрігер гинекологиялық тексеру өткізеді. Бұл кезде вульвада немесе қынапта қызыл, сезімтал бөліктер анықталуы мүмкін.

Қынаптық инфекцияны немесе ашытқылардың немесе бактериялардың тым тез өсуін анықтау үшін микроскопиялық препарат дайындалады (қынаптан шығатын бөліндіні зерттеу).

Инфекция белгілерінің болмауында вульваның тітіркенген тұсынан биопсия алу ұсынылуы мүмкін.

 

Емдеу

Емдеу инфекцияның пайда болу себептеріне байланысты және оған кіретіндер:

  • Крем түріндегі және ішумен қабылдайтын антибиотиктер
  • Зеңге қарсы крем
  • Бактерияға қарсы крем
  • Құрамында кортизон бар крем
  • Тітіркену аллергиялық серпінге байланысты болса, гистаминге қарсы препараттар
  • Егер тітіркену және қабыну эстрогендік төмен деңгеймен байланысты болса, құрамында  эстроген бар крем.

 

Жеке гигиена ережелерін қадағалау маңызды және тітіркенудің алдын алуға көмектеседі, әсіресе, инфекция нәжісте болатын бактериялардан туындаған болса. Бұл жағдайда отырып қабылдайтын ванналар ұсынылады.

Көбінесе, жыныстық мүшелер аумағына ауаның жеткілікті баруы қажет болады.

Келесе бірнеше кеңестер беріледі:

  • Мақта маталы немесе мақта төсемі бар іш киім киген жөн (синтетиканың орнына). Бұл ауа ағынының өтуін арттырып, ылғалдылықты азайтады.
  • Колготки кимеген жөн.
  • Бос тұратын, қыспайтын киім кию қажет.
  • Түнгі ұйқы кезінде іш киімді шешіп қойған жөн.

 

Ескерту: Егер науқаста жыныстық  жолмен берілетін инфекция (ЖЖБИ) анықталса, жыныстық қатынастағы серіктесінің де емдеу курсынан өткені маңызды, аурудың симптомдары болмаған жағдайда да. Егер жыныстық қатынастағы серіктесі жұқпаланған болса, бірақ, емдеуден өтпесе, науқасқа инфекцияны қайтадан жұқтыру қаупі бар.

 

Болжамы

Тиісті емдеуде оң болжамды.

 

Мүмкін асқынулары

  • Өтпейтін жайсыздық
  • Терінің инфекциялары (қасу салдарынан)
  • АИТВ (СПИД) – инфекциясын жұқтырудың жоғары қаупі, егер науқаста қынаптық инфекция немесе тітіркену жағдайында вируспен жанасу болса.

 

Дәрігерге қашан көріну қажет

Вульвовагиниттің симптомдары болса, немесе вульвовагиниттен емдеудің тиімділігі болмаса, дәрігерге көріну қажет.

 

Алдын алу

Жыныстық қатынас кезінде презервативті қолдану қынаптық инфекциялардың көпшілігінің алдын алуға көмектеседі. Дұрыс таңдалған және ылғал сіңіретін киім, жыныстық мүше аумағындағы гигиенаны қадағалау инфекциялық емес вульвовагиниттің көптеген жағдайларының алдын алуға ықпал етеді.

Балаларды шомылған кезде жыныстық мүшелерінің аумағын тазалауға, дәретханадан кейін дұрыс сүртінуді (тік ішектен бактериялар қынапқа түспес үшін қыздар үнемі артынан алға қарай сүртінуі қажет) үйрету қажет.

Дәретханаға дейін және кейін қолды мұқият жуу қажет.

 

Синонимдары

Вагинит; Қынаптық қабыну; Қынаптың қабынуы.