.

инфекциялар | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

инфекциялар

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат

Нефротикалық синдром — күнделікті несеппен ақуыздың көп мөлшерінің жоғалтылуымен, бүйрек шумақшаларының қызметінің бұзылуы салдарынан организмде үшглицеридтер және холестерин деңгейінің жоғары болуымен сипатталатын жағдай.

Несеп бөлу жүйесі бүйректен, несепағардан, үрпіден және несепқаптан (қуық) тұрады.

Бүйрек –жұпты ағза. Әр бүйректің тостақшасы, түбекшесі, өзектік және қабықтық заттегі бар. Бүйректің қан айналымы бүйрек арериясымен қамтамасыз етіледі, ал бүйрек венасы бүйректен веналық қанды шығарады. Бүйректе қан сүзіледі және организм қоқыстардан тазартылып, несеппен несепағар арқылы шығарылады. Сүзілудің бұзылысында нефротикалық синдром байқалуы мүмкін.

Нефротикалық синдром кез келген жаста пайда болады. Балаларда ауру 2-6 жас аралығында ке таралған. Бұл бұзылыс әйелдерге қарағанда ерлерде жиірек кездеседі.

 

Себептері

Әрқашан дерлік нефротикалық синдромның негізінде нефриттің (стрептококктан (микроб түрі) туындаған бүйрек ауруы) қандай да бір түрі жатады.

Синдромның жіті түрінің өзі біртіндеп басталады, алайда, синдромның дамуы туындатушы факторлардың бірінің әсер етуінде үдейді, мысалы, стрептококты баспада немесе басқа ауруда.  Нефротикалық  синдромның нақты осындай дамуын жіті атайды, себебі, барлық симптомдары тез көрініс береді.

Алайда, ауру көрінетін алғашқы белгілерінен біраз уақыт  бұрын дами бастайды. Егер ауру біртіндеп ушығатын болса, бұл түрі жітілеу аталады.

Нефротикалық  синдромның созылмалы барысы кезеңді қайталанбалы ауру саналады.

Ауру келесі аурулардың нәтижесінде пайда болуы мүмкін:

·         Қант диабеті

·         Генетикалық бұзылыстар

·         Иммундық жүйенің бұзылыстары

·         Инфекциялар (мысалы, жіті фарингит, гепатит немесе мононуклеоз)

·         Қатерлі ісік.

Сондай-ақ, ауру дәрілердің кейбір түрін қолдану нәтижесінде пайда болуы мүмкін.

 

Нефротикалық  синдром бүйректің келесі ауруларымен қатар пайда болуы мүмкін:

·         Фокустық және сегменттік гломерулосклероз (бүйректің зақымдануы)

·         Гломерулонефрит (гломерулалардың қабынуымен сипатталатын бүйрек ауруы)

·         Мезангиокапиллярлық гломерулонефрит (гломерулонефриттің түрі)

 

Симптомдары

Нефротикалық  синдромға шалдыққа науқастарға беттің және қабақтың ісінуі тән.

Алдымен қабақ, бет, бел аумағы мен жыныстық ағзалардың ісінуі пайда болды, одан кейін барлық тері астылық талшықтарға (тері астындағы май қабаты) тарайды, көбінесе, бүкіл дененің тері астылық талшығына тарайды.

Дене қуысында сұйықтық жиналуының маңызды белгісі:

·         асцит (іш қуысында сұйықтық жиналуы);

·         гидроторакс (плевра қуысында – өкпе мен қабырға арасындағы кеңістікте сұйықтық жиналуы);

·         гидроперикард (перикард – жүрек орналасатын қоржында сұйықтық жиналуы).

 

Дистрофиялық (тіндердің қоректенуі бұзылысының салдарынан) терінің өзгерісі ұзақ уақыт болатын ісінуде пайда болады: құрғақтық, қабыршақтану, сызаттар, олар арқылы сұйықтық ағады.

 

Диагностика

Нефротикалық  синдромға күмән болса, нефрологқа (бүйрек ауруларымен айналысатын маман) көріну қажет. Ол келесі талдауларды тағайындайды:

·         қанның жалпы талдауы;

·         қанның биохимиялық талдауы;

·         тәуліктік несептегі ақуыз мөлшеріне талдау;

·         бүйрек биопсиясы (бір немесе екі бүйректен тін бөлігін алу);

·         бүйрек тінін цитологиялық зерттеу (жасушаларды зерттеу);

·         бүйрек тінін морфологиялық зерттеу (тінді зерттеу).

 

Сондай-ақ, келесі зерттеулерді жүргізу қажет:

·         электрокардиография;

·         өкпе рентгенографиясы;

·         ішкі ағзалардың кешенді ультрадыбыстық зерттеуі.

 

Емдеу

Нефротикалық  синдромды емдеу мақсаты – аурудың ауырлығын азайту және бүйректі зақымдауға апаруы мүмкін асқынуының алдын алу.

Бұл кезде әдетте, ауруды туындатқан алғашқы себебін емдейді. Көбінесе, науқастарға өмір бойы емделуіне тура келеді.

Ауруды емдеу әдістері:

·         бүйрек зақымдануы болмас үшін, артериалдық қысымды қалыпты деңгейде ұстау (130/80 мм рт. ст.) немесе одан төмен. Көбінесе, артериалдық қысымды азайту үшін ангиотензин-айналдырушы ферментті тежеушілер және ангиотензин-II рецепторларын басушылар қолданылады.

·         Науқасқа иммундық жауапты басатын және азайтатын гормондар (кортикостероидтар)  және басқа препараттар тағайындалуы мүмкін.

·         Қандағы холестерин деңгейін азайту жүректе және жүрек тамырларында мәселелер пайда болу ықтималдығын азайтады. Кейбір науқастарға қандағы холестерин және үшглицеридтер деңгейін азайту үшін дәрі қабылдау қажет болады.

·         Тұзы аз емдәм қол-аяқтың ісінуін азайтуға көмектеседі. Несеп айдайтын құралдарды (диуретик) қабылдау да ісінуді азайтуға ықпал етеді.

·         Ақуыздың мөлшері аз емдәмді тұтыну да науқастың жағдайын жақсартуға ықпал етеді.

·         Науқасқа Д дәрумені тағайындалуы мүмкін, егер нефротикалық  синдром ұзақ уақыт байқалса және емдеуге көнбейтін болса.  

·         Тромбы түзілуінің алдын алу үшін науқасқа қан ұюына қарсы препараттар (антикоагулянттар) тағайындалуы мүмкін.

 

Аурудың болжамы

Емдеу нәтижелері әр науқаста әр түрлі болады. Ауру жіті және қысқа мерзімді болуы мүмкін, немесе созылмалы және емдеуге көнбеуі мүмкін. Емдеу барысында пайда болуы мүмкін асқынулар да оның тиімділігіне әсер етеді.

Кейбір жағдайда науқастарға диализ (қаннан қоқыстарды шығаратын жасанды бүйрек аппараты) және бүйрек алмастыру қажет болады

 

Мүмкін асқынулары

·            Бүйректің жітілеу жеткіліксіздігі

·            Атеросклероз және онымен байланысты жүрек аурулары

·            Бүйректің созылмалы ауруы

·       Сұйықтық мөлшерінің артуы, жүректің іркілісті жеткіліксіздігі, өкпенің ісінуі 

·       Инфекциялар, оның ішінде, пневмококктық пневмония

·       Тамақтанудың бұзылысы

·       Бүйрек венасының тромбозы.

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

Нефротикалық  синдромның симптомдары байқалса, дәрігерге көрініңіз.

 

Келесі жаңа симптомдар пайда болса, дәрігерге көрініңіз:

·       жөтел

·       неептің сирек жүруі

·       несеп жүргендегі жайсыздық

·       ысыну

·       күшті бас ауруы

·       бөріткен.

 

Жаңа симптомдар пайда болса, жедел жәрдемді шақырыңыз.

 

Алдын алу

Нефротикалық  синдромға ықпал еткен ауруларды емдеу аурудың қайталануының алдын алады.

 

Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры:   http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/000490.htm

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат

Менингит – бұл миды және жұлынды жауып тұратын қабықшаның бактериалдық қабынуы.

 

Себептері

Менингиттің жиі себебі әдетте, емдеусіз өтетін вирустық инфекциялар. Бірақ, бактериалдық инфекциядан болған  менингит – аса күрделі ауру және сәйкес емдегеннің өзінде өлім-жітімге немесе мидың зақымдануына апаруы мүмкін.

Сондай-ақ, менингитің себептері:

  • Химиялық заттектер
  • дәрілік аллергия
  • зеңдер
  • Паразиттер
  • Ісіктер.

вирустық менингиттің көпшілігі энтеровирустан болады, бұл ішектің зақымдану себебі де болуы мүмкін.

Менингиттің пайда болуы себебі басқа да вирустар болуы мүмкін.

  • Менингит герпес вирусынан болуы мүмкін. Бірақ, герпес ойық жарасы немесе гениталдық герпесі бар адамдар менингиттің даму қаупі бар топқа жатпайды.
  • Борықтану (свинка) немесе АИТ (ВИЧ) қоздыратын вирустар - асептикалық менингиттің пайда болуы себебін құрауы мүмкін.

 

Симптомдары

Вирустық менингит бактериалдықтан жиі кездеседі және жеңіл өтеді. Әдетте, ол жаздың соңында және күздің басында кездеседі. Көбінесе, балалар және 30 жасқа дейінгі ересектер шалдығады.

Бактериалдық менингит – шұғыл медициналық жәрдемді қажет ететін ауру. Бұл жағдайда науқасты дереу ауруханаға жатқызу қажет. Аурудың симптомдары тез дамуы мүмкін және оған кіретіндер:

  • Қызба және қалтырау
  • Психикалық жағдайдың өзгеруі
  • Жүрек айнуы және құсу
  • Жарыққа сезімталдық
  • Күшті бас ауыруы
  • Бұлшық еттің сіресуі (менингизм)

Осы ауру кезінде кездесетін басқа симптомдар:

  • Жүйкелік қозу
  • Балалардың еңбегінің (балалардың қатпаған еңбегі)  ісінуі
  • Назар қоюдың төмендеуі
  • Баланың емшекті нашар емуі немесе тітіркенгіштігі
  • Тыныс алудың жиілеуі
  • Әдеттегідей емес орналасу, бұл кезде басы мен мойны артқа шалқайған (опистотонус)

Менингит жаңа туған сәбилер мен балаларда қызбаның себебі болуы мүмкін.

Өзін сезіну жағдайы бойынша балада бактериалдық немесе вирустық менингит болуын анықтауға болады. Бұл емдеуші дәрігердің міндеті. Менингиттің симптомдарына тиісті назар аударыңыз.

 

Диагностика

Дәрігер немесе медбике науқасты қарап, тексеріс өткізеді. Тексеру барысында байқалуы мүмкін:

  • Жүрек ырғағының жиілеуі (тахикардия)
  • Қызба  
  • Психикалық жағдайдың өзгеруі
  • Мойын бұлшық етінің сіресуі 

Менингиттің көрнекі симптомдарының бірі - Брудзинский симптомы. Мойын бұлшық етінің айқындалған сіресуінен басты төмен еңкейткенде тізе және жамбас буындары бүгіледі. 

Менингиттің көрнекі симптомдарының бірі - Керниг симптомы. Тізе астылық сіңірдің ширығуы салдарынан науқас 90 градусқа бүгілген  аяғын тікейтіп, жаза алмайды.  

Егер дәрігер Сізде немесе балаңызда менигит бар деп санаса, әрі қарай зерттеу үшін жұлын сарысуының (ликвордың) үлгісін алу үшін жұлын пункциясын өткізу қажет. 

Менингитке күмән болса, сондай-ақ, келесі зерттеу әдістері де жүргізіледі:

  • Қан талдауы
  • Кеуде қуысы ағзаларының шолу рентгенографиясы
  • Мидың компьютерлік томографиясы (КТ).

 

Емдеу

Бактериалдық менингитті емдеу үшін антибиотиктер тағайындалады. Нақты бактерияға қарсы препаратты таңдау инфекцияны туындатқан бактерияның түріне байланысты. Антибиотиктер вирустық менингитті емдемейді.

Герпестік менингиті бар науқастарға вирусқа қарсы препараттар тағайындалады.  

Емдеудің басқа түрлері:

  • Сұйықтықтарды тамыр арқылы енгізу
  • Мидың ісінуі, шок немесе құрысу секілді симптомдарды емдеу үшін дәрілік препараттарды қабылдау.

 

Болжамы

Неврологиялық асқынулардың алдын алу үшін бактериалдық менингитті ерте анықтау және сәйкес емдеу қажет. Вирустық менингит әдетте, жеңіл түрде өтеді. Ал симптомдары 2 аптадан кейін қандай да бір асқынуы болмастан жойылуы мүмкін.

 

Мүмкін асқынулары

  • Мидың зақымдануы
  • Бассүйек пен мидың арасында сұйықтық жиналуы (субдуралдық бөлініс)
  • Естімей қалу
  • Гидроцефалия
  • Құрысу

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

Егер өзіңізде немесе балаңызда менингиттің симптомдары болса, шұғыл медициналық көмекке жүгініңіз. Емдеуді ерте бастау жақсы болжамды береді.

 

Алдын алу

Кейбір вакциналар менингиттің түрлерінің алдын алуға көмектеседі.

  • Антигемофильдік вакцина (вакцина ХИБ) балалардағы бактериалдық менингиттің сәйкес түрінің алдын алуға көмектеседі.
  •  Пневмококтық конъюгирленген вакцина қазір балаларды міндетті түрде иммунизациялау бағдарламасына кіреді. Пневмококкты  менингиттің алдын алуда аса тиімді.

 

Менингококты  менингитке шалдыққан науқаспен тығыз қарым-қатынаста болған адамдарға жұқпаланудың алдын алу үшін антибиотиктер тағайындалады.

Менингококты вакцинация ұсынылады:

  • 11 – 12 жастағы жасөспірімдерге және вакцинациядан өтпеген жоғары сыныпты бітірушілерге (15-18 жастағы).
  • Вакцинациядан  өтпеген және жатақханада тұратын колледждің бірінші курс студенттеріне.
  • Көкбауыры жоқ немесе иммундық жүйесінде басқа мәселелер бар 2 жастағы немесе одан асқан балаларға.
  •  Менингококқа байланысты аурулар кең таралған елге шығатын адамдарға (дәрігермен кеңесіңіз). 

 

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Емдеу

 

Жалпы ақпарат

Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) – жұқпаланған адаммен жыныстық қатынаста жұғатын аурулар.

 

Себептері

ЖЖБИ  қоздырғыштары бактериялар, паразиттер және вирустар. ЖЖБИ 20 асатын түрі бар. Олардың кейбірін атасақ:

  • Хламидиоз
  • Гонорея
  • Жыныстық (гениталдық) герпес
  • АИТВ/ЖИТС (ВИЧ/СПИД)
  • АПВ (адамның паппилома вирусы)
  • Сифилис (мерез)
  • Трихомониаз

 

Көптеген ЖЖБИ ерлерде де, әйелдерде де болады. Бірақ, денсаулыққа қатысты күрделі мәселелер көбінесе, әйелдерде орын алады. Егер жүкті әйелде ЖЖБИ болса, бұл сәбидің денсаулығында мәселелер әкелуі мүмкін.

 

Емдеу

Егер ЖЖБИ қоздырғышы бактерия немесе паразит болса, дәрігер антибиотик немесе басқа дәрілік препараттарды тағайындайды. Егер инфекция вирустан болса, ол емдеп, жазуға келмейді. Кейде дәрілік препараттар аурудың барысын бақылауға мүмкіндік береді. Латексті презервативтерді дұрыс қолдану ЖЖБИ жұқтыру немесе таралу қаупін едәуір азайтады, бірақ, толығымен жоймайды.

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Болжамы

Мүмкін асқынулары

Дәрігерге қашан көріну қажет

Алдын алу

Синонимдары

 

Несеп  шығару  жолдарының  инфекциялары

Вульвовагинит – вульваның және қынаптың қабынуы немесе инфекциясы.

 

Себептері

Вульвовагинит әр жастағы әйелдерде пайда болуы мүмкін, ауру аса жиі кездеседі. Ол бактериялардың, ашытқылардың, вирустардың, парахиттер мен басқа микроорганизмдердің салдарынан туындайды. Кейбір жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) да  вульвовагинитке апаруы мүмкін. Қоршаған ортаның факторлары, мысалы, нашар жеке гигиена және аллергендер де осы аурудың пайда болуына ықпал етуі мүмкін.

Candida Albicans, ашытқылық инфекцияның қоздырғышы – әр жастағы әйелдерде вульвовагинит пайда болуының аса жиі кездесетін себебі. Антибиотиктер қолдану ашытқылық инфекцияға апаруы мүмкін, себебі, бұл кезде қынап ішінде мекендейтін зеңге қарсы қалыпты бактериялар жойылады. Зеңдік инфекциялар әдетте, жыныстық ағзалардағы қышуды, қынаптан бөлінетін ақшыл түсті бөлінділердің пайда болуын туындатады.

Вульвовагиниттің тағы бір себебі - бактериалдық вагиноз, ол қынаптағы кейбір бактериялардың түрлерінің тез өсуімен сипатталады. Бактериалдық  вагиноз кезінде қынаптан сұрғыш түсті, балық иісті бөлінділер бөлінуі мүмкін.

Жыныстық  жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) бірі - трихомонадалық вагинит те аурудың жиі себебі. Бұл инфекция жыныстық ағзалардың қышуына, қынаптық жағымсыз иістің пайда болуына, қынаптан сары-сұр немесе жасыл түсті бөлінділердің шығуына апарады.   

Ваннада шомылу, сабын, қынап ішілік контрацептивтер, спрейлер мен парфюм де тітіркенуді, қышуды, жыныстық ағзалар аумағындағы бөріткенді туындатуы мүмкін, тым тығыз немесе матасы ылғалды сіңірмейтін киім де бөріткеннің пайда болуына ықпал етуі мүмкін.

Қабынған тіндер, сау тіндермен салыстырғанда инфекцияға бейімірек келеді, микроорганизмдерден туындаған көптеген инфекциялар жылы, ылғал және қараңғы жерде өсіп-өнеді. Бұл факторлар вульвовагиниттің пайда болуына ықпал етуімен қатар, қалпына келу кезеңін де ұзартады.

Етеккір тоқтау шағында эстрогендердің болмауы қынаптың құрғақтығына және қынап пен вульваның терісінің жұқаруына апаруы мүмкін, бұл да жыныстық ағзаларда қышу мен күйдіру сезімінің пайда болуына апарады.

Кейбір тері аурулары вульваның аумағында созылмалы тітіркену және қышуды туындатуы мүмкін.  Тым ұзақ уақытқа қойылған тампон секілді бөгде заттар да вульваның тітіркенуі мен қышуын, жағымсыз иісті туындатуы мүмкін.

Телімді емес вульвовагинит (нақты себебі айқындалмаған) барлық жаста байқалуы мүмкін, бірақ, жыныстық жетілуге дейінгі жас қыздарда жиі пайда болады. Жыныстық жетілу басталғаннан кейін қынап ішіндегі орта қышқыл бола бастайды, бұл, әдетте, инфекцияның өтуінің алдын алады.

Телімді емес вульвовагинит жеке гигиенаны қадағалмайтын қыздарда пайда болуы мүмкін, ол сасық иісті, қоңыр-жасыл түсті бөліндімен және вульваның жапсарының, қынаптың тітіркенуімен сипатталады. Бұл жағдай әдетте, нәжісте болатын бактериялардың тез өсуімен байланысты. Бұл бактериялар нәжістің сыртқа шығарылуынан кейін артынан алға қарай сүртіну кезінде тік ішектен қынапқа өтеді.

Қыздарда әдеттегідей емес инфекциялар және қайталанатын, түсініксіз вульвовагинит көріністері болса, жыныстық зорлау туралы күмән туындайды.  Neisseria gonorrhoeae – соз ауруын (гонореяны) туындататын микроорганизм.  Ол жыныстық қатынасқа түсетін қыздарда гонококтық вульвовагиниттің қоздырғышы. Вагинитке байланысты туындайтын гонорея жыныстық жол арқылы туындайтын ауру. Егер зертханалық зерттеулер осы диагнозды растаса,  жас қыздарды жыныстық зорлануына қатысты тексеріс өткізген жөн.

 

Симптомдары

  • Жыныстық мүшелердің аумағындағы қышу және тітіркеніс
  • Вульваның кіші және үлкен жапсарындағы немесе шаптың аумағындағы  қабыну (тітіркену, қызару және ісіну)
  • Қынаптан бөлінділердің шығуы
  • Қынаптық жағымсыз иіс
  • Несеп жүруіндегі жайсыздық немесе күйдіру сезімі

 

Диагностика

Егер науқаста бұрын ашытқылық инфекция анықталған болса, дәстүрлік емес құралдармен емделіп көруіне болады. Бірақ, егер симптомдар бір аптаның ішінде толығымен өтпесе, дәрігерге көрініңіз. Басқа көптеген инфекциялардың осыған ұқсас симптомдары болады.

Дәрігер гинекологиялық тексеру өткізеді. Бұл кезде вульвада немесе қынапта қызыл, сезімтал бөліктер анықталуы мүмкін.

Қынаптық инфекцияны немесе ашытқылардың немесе бактериялардың тым тез өсуін анықтау үшін микроскопиялық препарат дайындалады (қынаптан шығатын бөліндіні зерттеу).

Инфекция белгілерінің болмауында вульваның тітіркенген тұсынан биопсия алу ұсынылуы мүмкін.

 

Емдеу

Емдеу инфекцияның пайда болу себептеріне байланысты және оған кіретіндер:

  • Крем түріндегі және ішумен қабылдайтын антибиотиктер
  • Зеңге қарсы крем
  • Бактерияға қарсы крем
  • Құрамында кортизон бар крем
  • Тітіркену аллергиялық серпінге байланысты болса, гистаминге қарсы препараттар
  • Егер тітіркену және қабыну эстрогендік төмен деңгеймен байланысты болса, құрамында  эстроген бар крем.

 

Жеке гигиена ережелерін қадағалау маңызды және тітіркенудің алдын алуға көмектеседі, әсіресе, инфекция нәжісте болатын бактериялардан туындаған болса. Бұл жағдайда отырып қабылдайтын ванналар ұсынылады.

Көбінесе, жыныстық мүшелер аумағына ауаның жеткілікті баруы қажет болады.

Келесе бірнеше кеңестер беріледі:

  • Мақта маталы немесе мақта төсемі бар іш киім киген жөн (синтетиканың орнына). Бұл ауа ағынының өтуін арттырып, ылғалдылықты азайтады.
  • Колготки кимеген жөн.
  • Бос тұратын, қыспайтын киім кию қажет.
  • Түнгі ұйқы кезінде іш киімді шешіп қойған жөн.

 

Ескерту: Егер науқаста жыныстық  жолмен берілетін инфекция (ЖЖБИ) анықталса, жыныстық қатынастағы серіктесінің де емдеу курсынан өткені маңызды, аурудың симптомдары болмаған жағдайда да. Егер жыныстық қатынастағы серіктесі жұқпаланған болса, бірақ, емдеуден өтпесе, науқасқа инфекцияны қайтадан жұқтыру қаупі бар.

 

Болжамы

Тиісті емдеуде оң болжамды.

 

Мүмкін асқынулары

  • Өтпейтін жайсыздық
  • Терінің инфекциялары (қасу салдарынан)
  • АИТВ (СПИД) – инфекциясын жұқтырудың жоғары қаупі, егер науқаста қынаптық инфекция немесе тітіркену жағдайында вируспен жанасу болса.

 

Дәрігерге қашан көріну қажет

Вульвовагиниттің симптомдары болса, немесе вульвовагиниттен емдеудің тиімділігі болмаса, дәрігерге көріну қажет.

 

Алдын алу

Жыныстық қатынас кезінде презервативті қолдану қынаптық инфекциялардың көпшілігінің алдын алуға көмектеседі. Дұрыс таңдалған және ылғал сіңіретін киім, жыныстық мүше аумағындағы гигиенаны қадағалау инфекциялық емес вульвовагиниттің көптеген жағдайларының алдын алуға ықпал етеді.

Балаларды шомылған кезде жыныстық мүшелерінің аумағын тазалауға, дәретханадан кейін дұрыс сүртінуді (тік ішектен бактериялар қынапқа түспес үшін қыздар үнемі артынан алға қарай сүртінуі қажет) үйрету қажет.

Дәретханаға дейін және кейін қолды мұқият жуу қажет.

 

Синонимдары

Вагинит; Қынаптық қабыну; Қынаптың қабынуы.