.

Өкпенің қабынуы | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Өкпенің қабынуы

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат     

Пневмония немесе өкпенің қабынуы – өкпенің инфекциялық ауруы.

Өкпе  - кеуде қуысын толығымен алып жатқан қос ағза. Өкпе – тыныс алу жүйесінің басты ағзасы. Оның өлшемі мен пішімі тыныс алу фазасына (дем алу, дем шығару) байланысты өзгереді.

 

 

Өкпе бөліктерден тұрады. Оң өкпе үш бөлікке бөлінеді: жоғарғы, ортаңғы және төменгі, ал сол өкпе – үш бөлікке: жоғарғы және төменгі бөліктерге бөлінеді. Өкпенің бөліктері бронх-өкпе сегменттеріне бөлінеді, сегменттер – бөлікшелерге, ал бөлікшелер – ацинустарға. Ацинус ( лат. acinus — жүзім шоғы) – бір тыныс алу бронхиоласы, оның салалары, альвеола жолдары мен альвеола қалталары кіретін өкпенің бөлікшесінің бөлімі. Ауаның өкпеге түсуі: кеңірдек  басты бронхтарға бөлінеді, олар өкпеге өріле жалғасады, тарамдалады (бронх «бұтасы»), оң бас бронх үш тармақ түзеді, ал сол – екі тармақ түзеді. Әрі қарай тарамдар келесі тәртіпте бөлінеді: тармақтар – орта бронхылар – ұсақ бронхылар – тыныс алу бронхиолалары – альвеолалар жолдары, олардың әрқайсысы альвеолалық қалтамен аяқталады. Альвеола жолдарының және қалталарының қабырғасы альвеолалардан (көпіршіктер) тұрады. Осы альвеолаларда қан мен сырттан түскен ауа арасындағы  оттегімен көмір қышқыл газының арасында алмасу өтеді.

  

Пневмония көбінесе, екі жасқа жетпеген балаларда, 65 жастан асқан ересектерде және иммунитеті төмендеген адамдарда дамиды. Көбінесе, пневмонияның дамуы салқын тиюіне, вирустық ауруға, иммунитетті түсіретін дәрі қабылдауға байланысты.

Пневмония кезіндегі өлім-жітім 1-9% жетеді (100 адамнан пневмониядан 1-9 адамға дейін өлім-жітімге ұшырайды). Мұндай жоғары пайыз негізінен, медициналық көмекті уақытылы алмауына байланысты, сондай-ақ, басқа ауыр аурулар кезінде пневмонияның дамуымен байланысты.

Себептері

Пневмонияны туындатушы себептер көп. Аса кең таралғаны – тыныс алатын ауадағы бактериялар мен вирустар. Организм әдетте, өкпенің микробпен залалдануының алдын алады. бірақ, кейде микробтар иммундық жүйені күшейтеді, тіпті, жалпы денсаулық жақсы болғанның өзінде.

Пневмония оны туындатушы микробтың түріне және инфекцияны жұқтырған жеріне қарай жіктелінеді.

 

Аурухана сыртындағы (коммуналдық) пневмония

Аурухана сыртындағы пневмония – аса кең таралған түрі. Жұқпалану ауруханадан және басқа медициналық мекемелерден тыс жерде орын алады және келесі себептерден туындайды:

•        Пневмококктар секілді бактериялар (Streptococcus pneumonia). Бактериалдық аурухана сыртындағы пневмония өз бетінше немесе суық тиюден кейін пайда болуы мүмкін. Пневмонияның бұл түрі көбінесе, өкпенің бір бөлігін қамтиды және бөліктік  пневмония аталады.

•        Микоплазмалар – әдетте, пневмонияның басқа түріне қарағанда жеңіл белгілер мен симптомдарды туындатады. "Аяқта жүріп өткізген пневмония", - төсекке жату қажет болмаған, аса күрделі емес пневомонияны сипаттайтын термин. Мұндай пневмония, әдетте, микоплазманы жұқтыру нәтижесі болады.

•        Вирустар, оның ішінде, суық тию ауруын және тұмауды туындататын вирустардың бір түріне жататындары. Вирустар – 2 жасқа дейінгі балаларда пневмонияның жиі себебі. Вирустық пневмония, әдетте, жеңіл. Бірақ, ауыр жіті респираторлық синдром секілді тұмаудың ауыр вирустарынан (ТОРС или SARS) туындайтын  вирустық пневмонияның барысы ауыр сипатта болуы мүмкін.

•        Топырақ пен құс тезегінде болатын зеңдер. Пневмонияның бұл түрі – жалпы денсаулығында мәселе болатын немесе иммундық жүйесі әлсіреген адамдарда, сондай-ақ, тыныс алғанда осы қоздырғыштың үлкен мөлшерін демімен ішіне тартқан адамдарда кең таралған.  

 

Аурухана ішілік (госпиталдық немесе нозокомиалдық) пневмония

Аурухана ішілік пневмония - бактериалдық инфекция, адамдарда ауруханаға жатқызылғаннан кейін алғашқы 48 сағат ішінде пайда болады. Аурухана ішілік пневмония – күрделі ауру, себебі, оны туындататын бактериялар антибиотиктерге тұрақтырақ болуы мүмкін.

Қарқынды терапия бөлімшелерінде қолданылатын өкпенің жасанды вентиляциясында болатын адамдар пневмонияның осы түрінің жоғары қаупіне ұшырайды. 

 

Институционалдық пневмония

Институционалдық пневмония бактериалдық инфекциядан туындайды. Ол көбінесе, науқастарға ұзақ күтім жасалатын, мысалы, бүйрек диализі секілді жерлердегі адамдарда пайда болады. Аурухана ішілік пневмония секілді институционалдық пневмония да антибиотиктерге тұрақты бактериялардан туындауы мүмкін.

 

Аспирациялық пневмония

Аспирациялық пневмония тамақты, суды, құсықты немесе сілемейді өкпеге деміңізбен ішке қарай жұтып, өкпеңізге өткізіп алғанда пайда болады. Бұл қалыпты құсу рефлексіне бассүйек-ми жарақаты, жұтудағы мәселелер немесе алкоголь мен есірткі кедергі келтіргенде орын алуы мүмкін.

 

Қауіп факторлары

Пневмониия кез келген жастағы адамда пайда болуы мүмкін. Бірақ, екі жас тобы ең үлкен қауіпке бейім:

•        2 жасқа дейінгі сәбилар, себебі, олардың иммундық жүйесі даму үстінде

•        65 жастан асқан адамдар.

Басқа қауіп факторлары:

•        Астма (демікпе), өкпенің созылмалы обструктивті ауруы және жүрек ауруы  секілді созылмалы аурулар;

•        Иммундық жүйенің әлсіреуі немесе бәсеңдеуі, АИТВ / ЖИТС, ағза ауыстыру, қатерлі ісіктің химиотерапиясы немесе стероидтарды ұзақ мерзімді қолдану секілді факторлардың салдарынан;

•        Темекі шегу, оның салдарынан организмнің бактерияларға және вирустарға қарсы қорғаныс күші бұзылады;

•        Ауруханада өкпенің жасанды вентиляциясында болу.

 

Симптомдары

Көптеген адамдар өкпенің қабынуын жоғары температура мен күшті жөтел бойынша білуге болады деп қате санайды, алайда, көбінесе, бұл аурудың симптомдары жеңіл суық тиюге ұқсайды. Өкпенің қабынуына шалдығу күзде ауа райы нашарлай бастағанда артады.  

 

Бактериалдық  пневмонияның симптомдары (белгілері) жіті және біртіндеп пайда болуы мүмкін. Оған кіретіндер:

·           қызба (дене температурасының 390С-тан жоғарылауы), кейде, керісінше, дене температурасының төмендеуі (әдетте, 65 жастан асқан адамдарда кездеседі)

·         дірілдеу,

·         кеудедегі жіті ауырсыну, қою, сарғыш немесе жасыл қақырықпен жөтел,

·         жиілеген пульс және тыныс алудың жиілеуі,

·         күшті терлеу,

·         ерін мен тырнақтың көкшілдігі.

 

Вирустық пневмонияға тән:

·      температураның артуы,

·         құрғақ жөтел,

·         бас ауыруы,

·         бұлшық ет ауырсынуы,

·         әлсіздік,

·         қажу және күшті ентігу.

 

Микоплазмалардан туындайтын  пневмонияның симптомдары бактериалдық және вирустық пневмонияның симптомдарына, көбінесе, ұқсас келеді, бірақ, әдетте әлсіздеу.

 

Диагностика

Тексеру кезінде дәрігер кеудені тыңдағанда көпіршікті сырылды анықтайды (өкпеде қою сұйықтық болуын білдіретін дыбыс).

Дәрігер қосымша тексеруді тағайындайды (аурудың білінген симптомдарын ескерумен):

·         қан талдауы. Лейкоциттердің артуы (ақ қан жасушалары) қабыну үрдісінің болуын білдіреді.

·         Кеуде қуысы ағзаларының рентгені (рентгенография) – ауруды анықтаудың негізгі әдісі. Пневмонияда рентгенограммада қабыну ошағы анық көрінеді (бұл бөліктік қабыну болуы мүмкін, ол жергілікті түрде өкпенің бір бөлігінде дамиды, немесе үлкенірек үрдіс болуы мүмкін). Кейде рентгенографияда  пневмонияның асқынуы – гидроторакс анықталады (өкпе мен кеуде қуысының ортасындағы плевра қуысында сұйықтықтың жиналуы). Бұл жағдайда плевра қуысының пункциясы жасалады, және сұйықтық ұзын инемен алынады. Қажет болса, хирургиялық араласу өткізіледі, және сұйықтық плевра қуысынан операциялық жолмен алынады.

·         Науқас  жөтелгенде жиналған қақырық талдауы  пневмонияның себебін анықтайды (бактериялардың, вирустар мен микроорганизмдердің болуы инфекциялық үрдісті білдіреді).

·         Бронхоскопия -  науқастың мұрны немесе аузы арқылы енгізілген жіңішке түтік арқылы дәрігер бронхыны қарайды және қажет болса, қабыну ошағынан сілемей алуы мүмкін.

·         Өкпенің компьютерлік томографиясы – ұзақ уақыт бойы жазылмайтын пневмонияда өкпені егжей-тегжейлі қарауға мүмкіндік береді.

 

Емдеу

Аурухана сыртындағы (коммуналдық) пневмонияға шалдыққан адамдарды әдетте, үй жағдайында дәрінің көмегімен емдеуге болады. Симптомдарыңыз бірнеше күн немесе апта ішінде жеңілдегенімен, әлсіздік бірнеше ай немесе одан артыққа созылуы мүмкін.

Кейіннен өкпенің инфекциядан тазаруын білу үшін дәрігер кеуде қуысының рентгенографиясын өтуді ұсынады. Емдеуді тоқтату үшін бұл жеткілікті болуы мүмкін, өкпенің рентген суреті толық қалпына келмесе де. Емдеуге  28 күн өткенде кеуде  қуысының рентгенографиясы аурухана сыртындағы (коммуналдық) пневмонияға шалдыққан адамдардың жартысында ғана  қалпына келеді.

Нақты шаралар пневмонияның түріне және ауырлығына, жасқа және денсаулықтың жалпы жағдайына байланысты. Оған жататындар:

•        Бактериалдық  пневмонияны емдейтін антибиотиктер. Қолдану басында пневмонияның себебі болған бактерияның түрін анықтауға және оны емдеуге оңтайлы антибиотик таңдауға уақыт кетеді. Көбінесе, үш күн ішінде жағдай жақсарады, бірақ, темекі шегетіндерде жақсаруға екі еседен артық уақыт кетеді.  Егер симптомдарыңыз жақсармаса, дәрігер басқа  антибиотикті ұсынуы мүмкін.

•        Вирустық  пневмонияны емдейтін вирусқа қарсы препараттар. Мұндай науқастарда жақсару бір-үш апта ішінде орын алады.

•        Ыстықты түсіретін препараттар, аспирин немесе ибупрофен секілді.

Жөтелге қарсы дәрілер. Демалу үшін жөтелді басатын дәрілер. Бірақ, жөтелді толығымен жойған жөн, себебі, жөтел өкпеден сұйықтық шығуына, оның тазаруына ықпал етеді.

 

Ауруханаға жатқызу

Ауруханаға жатқызу қажет болады, егер:

•        65 жастан асқан болсаңыз

•        Уақытты, орынды, адамдарды танымайтындай естің қалыпты болмауы

•        ішетін антибиотик қабылдауға кедергі келтіретін құсу мен жүрек айнуы болса

•        жоғары артериалдық қысым болса

•        өте жиі тыныс алу, ентігу

•        өздігінше тыныс алу қиын

•        температура нормадан төмен.

Егер науқасты өкпенің жасанды вентиляциясына қосу қажет болса, жағдайы ауыр болса, аурухананың қарқынды емдеу бөлімшесіне жатқызу қажет болуы мүмкін.

 

Балалар ауруханаға жатқызылуы мүмкін, егер:

·         жасы 3 айлыққа дейін болса

·         ұйқы басуы болса

·         тыныс алуында мәселе байқалса

·         қандағы оттегінің деңгейі төмен

·         сусыздану белгілері байқалса

·         дене температурасы нормадан төмен.

Өмір салты және үй құралдары

Тез қалпына келу және асқыну қаупін азайту үшін:

•        көбірек демалыңыз. Жақсы сезіне бастағанның өзінде абай болу қажет, жүктемені арттыруға болмайды.

•        Температура қалыпты болып, қақырықты жөтел басылғанымен, үйде болыңыз. Пневмония қайталануы мүмкін, жағдай түпкілікті жақсарғанша толық жұмыс жүктемесіне оралуға болмайды. Емдеуші дәрігермен кеңесу қажет.

•        Сұйықтықты көбірек ішіңіз, өкпедегі қақырық түзілуін және шығуын жеңілдету үшін.

•        Дәрігер тағайындаған дәрілік препараттарды қатаң қабылдау қажет. Егер дәрі қабылдауды ерте тоқтатса, өкпеде бактериялар қалады және пневмония қайталануы мүмкін.

 

Аурудың болжамы

Пневмония өкпенің жағынан бірқатар асқынуды туындатуы мүмкін. Аса ауыр асқынуы – тыныс алу жеткіліксіздігінің дамуы. Пневмонияда оның дамуы өкпенің және жүректің қосарланған созылмалы аурулары бар егде жастағы науқастарда аса ықтимал. Тыныс  алу жеткіліксіздігі мұндай науқастарда өлім-жітімнің себебі болуы мүмкін. Сондай-ақ, өлім-жітімге жүрек-қантамыр жеткіліксіздігінің (жүрек жұмысының бұзылысынан туындаған қан айналымының күрт пайда болуы) дамуы апаруы мүмкін.

 

Мүмкін асқынулары

Көбінесе, пневмонияға шалдыққан науқастарды дәрінің көмегімен табысты емдеуге болады. Бірақ, кейбір адамдарда, әсіресе, жоғары қауіп топтарындағы адамдарда келесі асқынулар пайда болуы мүмкін:   

•        Қандағы бактериялар (бактериемия). Қан ағымына өкпеден түсетін бактериялар инфекцияны басқа ағзаларға таратуы мүмкін, бұл ішкі ағзалардың ауыр бұзылыстарына апаруы мүмкін.

•        Өкпенің абсцессі. Абсцесс ірің толған қуыс түзілуімен өкпе тінінің бұзылысқа ұшырауы кезінде пайда болады. Абсцесс, әдетте, антибиотиктердің көмегімен емделеді. Кейде хирургиялық әдістер немесе іріңді жою үшін абсцесс аумағына ұзын инемен немесе түтікпен дренаж жасаумен.

•        Өкпе маңайында сұйықтық жиналуы (плеврит). Пневмония өкпе мен кеуде қуысындағы (плевра) тін қабаттарының арасындағы жіңішке кеңістікте сұйықтық жиналуына апаруы мүмкін. Егер сұйықтық жұқпаланған болса, немесе көп болса, оны хирургиялық жолмен ұзын иненің көмегімен алу қажет болуы мүмкін.  

•        Тыныс алудың қиындауы. Егер пневмония ауыр дәрежелі болса немесе өкпенің созылмалы аурулары болса, тыныс алуда мәселелер және организмнің оттегімен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі пайда болуы мүмкін. Науқасты ауруханаға жатқызу және өкпенің жасанды вентиляциясына қосу қажет болуы мүмкін, емдеп жазылғанға дейін.

 

Алдын алу

Пневмонияның алдын алу үшін ұсынылады:

•        Тұмауға қарсы маусымдық вакцинацияны өткізу. Тұмау вирусы вирустық пневмонияның тікелей себебі болуы мүмкін. Бактериалдық пневмония, сондай-ақ, тұмаудың жиі себебі. Тұмаудан вакцинация жүргізу организмнің айтарлықтай қорғанысын береді.

•        Пневмонияға қарсы егілуге болады. Дәрігерлер стрептококктық пневмонияға қарсы (пневмококктық вакцина) бір реттік  вакцинаны 65 жастан асқан адамдардың бәріне, сондай-ақ, қарттар үйінде тұратын және ұзақ медициналық күтім көрсетілетін медициналық мекемелердегі кез келген жастағы адамдарға, сондай-ақ, темекі шегетіндерге егуді ұсынады. Вакцина әсіресе, пневмококкты пневмония бойынша қауіп тобындағы адамдарға ұсынылады. Кейбір дәрігерлер қайта вакцинацияны алғашқыдан кейін бес жыл өткенде өткізуді ұсынады.

•        Балаға вакцина егу қажет. Дәрігерлер 2 жасқа дейінгі балалардың барлығына және 2-5 жас аралығындағы пневмококкты пневмония бойынша қауіп тобындағы балаларға түрлі вакциналарды ұсынады. Бала бақшаға баратын балалар да вакцина алуы қажет. Сонымен қатар, дәрігерлер алты айдан асқан балаларға маусымдық егуді ұсынады.

•        Тазалық сақтау қажет. Пневмонияға апаратын қарапайым респираторлық инфекциялардан қорғау үшін  ұдайы қол жуып, немесе қолға арналған спирт негізіндегі зарарсыздандыратын құралды қолдану қажет.

•        Темекі шекпеңіз. Темекі шегу респираторлық инфекцияға қарсы өкпенің табиғи қорғанысын зақымдайды.

•        Демалып, сымбатыңызды сақтайтын күйде болыңыз. Дұрыс демалыс, салауатты тамақтану және орташа дене жүктемелері иммундық жүйені нығайтуға көмектеседі.

Үлгі көрсетіңіз. Ауырсаңыз, үйде қалыңыз. Егер қоғамдық орындарда болсаңыз, және суық тиген болса, жөтелгенде және түшкіргенде ауыз бен мұрынды шынтағыңыздың ішкі жағымен жабуға тырысыңыз. 

 

Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры:

http://www.nhlbi.nih.gov/health/health-topics/topics/pnu/

 

Материалды дайындағандар: Александр Корольков, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі;  Салтанат Хишина, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі.

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Шыңғыс Жұмағұлов, zdrav.kz порталының контент-менеджері.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.