Акустикалық невринома
Акустикалық невринома – миды құлақпен жалғастыратын нервтің баяу өсетін ісігі. Бұл нерв вестибулярлық-кохлеарлық нерв аталады. Ол құлақтың тікелей артында, мидың төменгі бетінің бойымен орналасқан. Есту нервісінің невриномасы канцерогенді емес (қатерсіз). Бұл дегеніміз, ісік дененің басқа бөліктеріне таралмайды. Дегенмен, өсуі барысында ол кейбір маңызды нервтердің зақымдануына апаруы мүмкін.
Себептері
Акустикалық невринома мен 2 типті нейрофиброматоз (НФ 2) секілді генетикалық аурудың арасында байланыс бар. Акустикалық невриномалар сирек кездеседі.
Симптомдары
Симптомдары ісіктің өлшеміне және орналасуына қарай өзгереді. Ісік өте баяу өсетіндіктен, көбінесе, симптомдары 30 жастан кейін ғана пайда бола бастайды.
Жиі кездесетін симптомдары:
· Тепе-теңдікті жоғалту (вертиго)
· Естімей қалу зақымданған құлақ жағында
· Зақымданған құлақтағы шуыл (тиннит).
Сирек кездесетін симптомдары:
· Сөзді түсінудегі қиындықтар
· Бас айналуы
· Тепе-теңдікті жоғалту
· Беттің немесе құлақтың жансыздануы
· Бет немесе құлақ аумағындағы ауырсыну
· Бет бұлшық етінің әлсіздігі.
Диагностика
Емдеуші дәрігер аурудың тарихының, неврологиялық тексерудің, немесе неврологиялық тестілердің негізінде акустикалық невриноманы байқауы мүмкін. Ісік анықталған кезде көбінесе, дәрігер қарағанда өзгерістер көрінбеуі мүмкін. Кейде келесі симптомдар болуы мүмкін:
· Беттің бір жағында сезімталдықтың төмендеуі
· Беттің асимметриясы
· Жүрістің шайқалуы
Невриноманы анықтаудың аса көрсетімді тексеруі – мидың МРТ. Ісікті және бас айналуының басқа себептерін анықтауға бағытталған тексеру әдістері:
· Естуді тексеру (аудиологиялық тексеру)
· Тепе-теңдік пен үйлесімді зерттеу (электронистагмография)
· Естуді және ми діңгегі қызметін тексеру (туындаған есту потенциалдары)
Емдеу
Емдеу тактикасы ісіктің өлшемі мен орналасуына, жасқа және денсаулықтың жалпы жағдайына байланысты. Дәрігермен бірге ісікті бақылауыңыз қажет, ісіктің өсуінің алдын алу үшін сәулелік емдеуді қолдану немесе оны алып тастау қажет.
Көптеген акустикалық невриномалар шағын және баяу өседі. Ісіктің өлшемі шағын, саны аз болса, немесе симптомдары болмаса, қандай да бір өзгерістердің пайда болуын бақылау ұсынылады, әсіресе, бұл егде жастағы науқастарға қатысты. Ұдайы МРТ өткізу ұсынылады.
Емдеу болмаса, кейбір акустикалық невриномалар естуге және тепе-теңдік сезіміне жауап беретін нервтердің зақымдануына апаруы мүмкін. Олар бет аумағындағы бұлшық еттің қимылына, сезімталдыққа жауап беретін нервтерді зақымдауы мүмкін. Ісіктің өлшемі үлкен болса, мида сұйықтық жиналуы мүмкін (гидроцефалия), бұл өмір үшін қауіпті жағдай.
Акустикалық невриномаларды келесі жағдайларда алып тастау жүргізіледі:
· Ісіктің өлшемі үлкен
· Түрлі симптомдары болатын ісіктер
· Тез өсетін ісіктер
· Миды қысатын ісіктер
Хирургиялық емдеу ісікті алып тастауға және басқа да нервтерді зақымдаудың алдын алуға бағытталады. Хирургиялық араласу естуді қалпына келтірмейді.
Стереотаксикалық радиохирургия күшті рентген сәулелерінің шағын аумаққа түсірілуіне негізделген. Бұл әдіс – сәулелік емдеудің бір түрі, хирургиялық шара емес. Ол қолданылуы мүмкін:
· Хирургиялық жолмен алып тастауға қиын түсетін ісіктердің өсуін бәсеңдету немесе тоқтату
· Хирургиялық емдеуге қарсы көрсетімдері бар адамдарды, мысалы, егде жастағы адамдар немесе денсаулығында күрделі мәселелер бар науқастарды емдеуде.
Акустикалық невриномаларды алып тастауда нервтер зақымдануы мүмкін, бұл әрі қарай естуді жоғалтуға немесе бет бұлшық етінің әлсіздігіне апаруы мүмкін. Бұл зақымдану ісіктің үлкен өлшемінде болуы ықтимал.
Болжамы
Акустикалық невриномалар – қатерлі ісік емес. Ісік дененің басқа бөліктеріне таралмайды (метастаз бермейді). Дегенмен, өсуі және мидың түрлі құрылымын қысуы мүмкін. Шағын, баяу өсетін ісіктері бар науқастар емдеуге мұқтаж емес. Хирургиялық немесе радиохирургиялық емдеу естуді қалпына келтірмейді.
Мүмкін асқынулары
· Көпшілік жағдайда, мидағы операция кезінде ісік толығымен алынып тасталынады.
· көпшілік науқастарда ісіктің өлшемі шағын болса, операциядан кейін беттің тұрақты салдануы болмайды. Дегенмен, шамамаен, адамдардың үштен екісінде үлкен ісікті операциялық жолмен алғанда беттің бұлшық етінің әлсіздігі пайда болады.
· Ісігі шағын өлшемді науқастардың, шамамен, жартысында хирургиялық емдеуден кейін зақымданған жақта есту сақталады.
· Радиохирургияны өткізгеннен кейін нервтің зақымдануы, естімеу, беттің салдануы секілді қолайсыз көріністер пайда болуы мүмкін.
Қашан дәрігерге көріну қажет
Келесі симптомдар болса, дәрігерге көріну қажет:
· Ушығатын немесе жаңадан пайда болған естімеу
· Бір құлақтағы шуыл
· Бас айналуы (вертиго)
Синонимдары
Вестибулярлық шваннома; есту нервісінің невриномасы; көпірлі-мишықтық бұрыштың ісігі; бұрыштың ісігі
Ақпарат көзі: http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/000778.htm