.

Аналық бездің кистасы | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Аналық бездің кистасы

Мазмұны

Аналық бездің кистасы дегеніміз не?

Әйелдердің жыныстық ағзалары

Аналық бездің функционалдық кистасының симптомдары қандай?

Аналық бездің кистасы бар екендігін дәрігер қалай біледі?

Ультра дыбыстық емдеу дегеніміз не?

Өтуге болатын басқа тексеру түрлері бар ма?

Аналық бездің функционалдық кистасы қалай емделеді?

Аналық бездің кистасын оперативтік емдеу қажет пе?

Нақты қандай оперативтік емдеу түрі қажет?

Дәрігерге қойылатын сұрақтар

 

Аналық бездің кистасы дегеніміз не?

Аналық бездің кистасы – аналық бездегі сұйықтық толған қалташа. Оның бірнеше түрі болады. Көптеген түрлері қатерсіз, олар овуляция кезінде пайда болады (аналық безден ұрық жасушасының шығуы). Олар - функционалдық кисталар аталады.

 

Әйелдердің жыныстық ағзалары

Әйелдің репродуктивтік ағзалары – жатыр, жатыр мойны, қосалқылар (аналық бездер және ұрық түтіктері) және қынап (іншек). Ол – ұрықтың дамуы өтетін, алмұрт пішінді қуыс ағза. Жатыр жамбас қуысында,  несеп қап пен тік ішектің арасында орналасқан.
Жатырдың төменгі тарылған тұсында мойны орналасқан. Жатыр түтіктері - жатырдың екі жағында орналасқан өсінділері. Олар аналық бездермен аяқталады.

 

Аналық бездің функционалдық кистасының симптомдары қандай?

Көбінесе, функционалдық кисталар ешқандай симптомдарсыз өтеді (білмеуіңіз де мүмкін), ал кейде іштің ауырсынуы, кебуі, етеккір айналымының бұзылысы, жүрек айнуы және құсу болуы мүмкін. Басқа симптомдарына тамақ ішкенде тез тойыну сезімі, және іш қатуы жатады.  

Егер менопауза орын алса және етеккір айналымы болмаса, функционалдық кисталар қалыптаспайды, бірақ, аналық бездің кистасының басқа түрлері болуы мүмкін. Аналық  бездің кистасының кез келген симптомы болса, дәрігерге көрініңіз.

 

 Аналық бездің кистасы бар екендігін дәрігер қалай біледі?

Дәрігер көбінесе, кистаны медициналық тексеру кезінде сезуі мүмкін. Егер кистаға күмән болса, оны көрнекі түрде көру үшін дәрігер ультра дыбыстық зерттеу тағайындайды. Дәрігердің одан кейінгі әрекеті науқастың жасына, ультра дыбыстық зерттеудегі кистаның түріне, симптомдарға байланысты.

 

Ультра дыбыстық зерттеу дегеніміз не?

Ультра  дыбыстық зерттеуде (УДЗ) ағзалардың бейнесін алу үшін дыбыс толқындары қолданылады. Бұл – аналық бездерді көрудің жақсы тәсілі. УДЗ іштің сыртынан немесе іншек (қынап) арқылы өткізуге болады. Екі тәсіл де ауырсыну бермейді. УДЗ 30 минутқа созылады. Бұл әдіс дәрігерге кистаның өлшемі мен сыртқы түрі туралы құнды ақпарат береді.

 

Өтуге болатын басқа тексеру түрлері бар ма?

Дәрігер қандағы CA-125 аталатын, ақуыз деңгейін анықтайды. Бұл талдау аналық  бездің кистасы бар әйелдерге кистаның қатерлігін анықтау үшін тағайындалады. CA-125 деңгейі < 35 болуы тиіс. Бірақ, бұл тексеру әйелде аналық бездің қатерлі ісігі бар екендігін нақты айқындамайды. Мысалы, аналық бездің қатерлі ісігі бар кейбір әйелдерде CA-125 деңгейі қалыпты болуы мүмкін. Бұл ақуыздың деңгейі қатерлі ісік болмаған әйелдерде де артуы мүмкін. Осы себепті, CA-125 деңгейін анықтауға қан талдауы тек аналық бездің қатерлі ісігінің симптомдары бар немесе аналық бездің қатерлі ісігінің қаупін арттыратын генетикалық мутациясы бар  әйелдерге ұсынылады.

 

Аналық бездің функционалдық кистасы қалай емделеді?

Функционалдық  кисталар белгілі бір уақытта өздігінше өтеді. Әдетте, бұл үрдіс 1-3 айды алады.  Егер науқаста  функционалдық киста болса, оның өлшемінің азаюын көру үшін дәрігер 1-3 айдан кейін қайтадан тексеруді ұсынады. Егер науқаста функционалдық киста жиі болса, дәрігер овуляция үрдісін басу үшін ұрықтануға қарсы таблеткаларды қабылдауды ұсынуы мүмкін. Овуляция болмаса, функционалдық кисталар да түзілмейді.

 

Аналық бездің кистасын оперативтік емдеу қажет пе?

Аналық бездің кистасын емдеуде бірнеше факторлар ескеріледі, мысалы, науқастың жасы, етеккірдің болуы, кистаның өлшемі, оның сыртқы түрі және симптомдары.

Егер етеккір айналымы болса, аналық бездің функционалдық кистасының жеңіл симптомдары орын алса, операция жасаудың қажеті жоқ. Егер киста бірнеше етеккір айналымынан кейін өтпесе, ұлғаятын болса, УДЗ кезінде функционалдық кистаға ұқсамаса, дәрігер операцияны  тағайындауы мүмкін.

Бала өрбіту жасындағы әйелдерде аналық бездің кисталарының хирургиялық араласуды қажет ететін көптеген түрлері бар. Бұл жаста кисталар, көбінесе, қатерсіз.

Егер менопауза болса, және аналық бездің кистасы болса, дәрігер операцияны тағайындайды. Аналық бездің қатерлі ісігі – сирек ауру, бірақ, 50-70 жастағы әйелдерде үлкен қауіп төндіреді. Аурудың әйелдерде кешірек анықталған түріне қарағанда ерте анықталған кезінде болжамы жақсырақ.

 

Нақты қандай оперативтік емдеу түрі қажет?

Егер киста шағын болса, (өріктей немесе одан кіші) және УДЗ кезінде қатерсіз болып көрінсе, дәрігер  лапароскопия өткізу туралы шешім қабылдауы мүмкін. Операцияның бұл түрі ұшында жарық көзі бар, лапороскоп аталатын аспап арқылы өткізіледі.

Лапароскоп іш қуысына кіндіктен сәл жоғары немесе сәл төмен тұста жасалатын кішкентай тілік арқылы енгізіледі. Лапароскоп арқылы дәрігер ағзаларды көре алады. Киста көбінесе,  қасағаның түкті сызығының үстінде кішкентай тілік жасау арқылы алынады.

Егер киста лапароскоп арқылы іш қуысынан алу үшін тым үлкен болса, және күмәнді көрінсе, дәрігер лапаротомияны жасауы мүмкін. Бұл кезде кистаны немесе зақымданған аналық безді алып тастау үшін үлкен тілік жасалады. Жалпы наркоз жасалады, киста қатерлі ісіктің болуына тексеріледі. Егер бұл қатерлі ісік болса, дәрігер екі аналық безді, жатырды, сальник (шарбы) аталатын май тінін, кейбір лимфа түйіндерін алып тастауы мүмкін. Бұл жайында операцияға дейін дәрігермен кеңесуге маңызды. Дәрігер сондай-ақ, операцияның әр түрінің қауіптері туралы, науқастың ауруханада болу уақытын, күнделікті қалыпты тіршілікке оралу туралы айтып береді.   

 

Дәрігерге қойылатын сұрақтар

  • УДЗ жасау қажет пе?
  • Кистаның түрі қандай?
  • Функционалдық  киста болса, емделу қажет пе?
  • Аурудың барысының нашарлауы туралы қалай білуге болады?
  • Кистаның басқа түрі болса, оны емдеу нұсқалары қандай? Операция қажет пе?
  • Болашақта аналық бездің басқа кистасы пайда болу қаупі бар ма?
  • Менопауза. Аналық бездің қатерлі ісігінің даму қаупі бар ма?

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.