.

Асқазан-өңеш рефлюксі | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Асқазан-өңеш рефлюксі

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат

Асқазан -өңеш рефлюксі – бұл асқазан мен өңешті бөліп тұратын өңештік сфинктердің (бұлшық еттік қақпақша) жұмысының бұзылысы байқалатын жағдай. Бұл қышқыл асқазан сөлінің және асқазанның ішіндегісінің өңешке түсуіне апарады.

Асқазан-ішек жолдарының жоғарғы бөлігі ауыз қуысынан, өңештен және асқазаннан тұрады. Өңеш – бұлшық еттік тіннен тұратын жіңішке түтік, ауыз қуысы мен асқазанды қосады. өңеш арқылы тағам асқазанға түседі. Сфинктер – өңеш пен асқазанның арасындағы қақпақша, ол тағамның және асқазан сөлінің рефлюксін (қайта өңешке түсуін) болдырмайды. 

Іш қуысындағы ағзалар: өңеш, асқазан, тоқ және аш ішектер, бауыр, өт қабы және ұйқыбезі тағамның қоректік заттектерін энергияға айналдырады және тағамның қоректік емес бөліктерін қоқыстарға ыдыратады, кейіннен олар организмнен сыртқа шығарылады.

 

Себептері

Асқазан -өңеш рефлюксі әр кезде барлық сау балалар мен ересектерде кездеседі, қыжылмен, тітіркенумен, басқа да симптомдармен көрініс береді.

Асқазан -өңеш рефлюксінің негізгі себебі – асқазанның толып кетуі және сфинктердің босаңсуы.

Асқазан -өңеш рефлюксі жиі қайталанғанда өңештің төменгі бөлігінде қабыну дамуы мүмкін. Мұндай жағдайда гастро-эзофагеальдық рефлюкс ауруы (ГЭРА) туралы айтады. Асқазан -өңеш рефлюксінің қауіп факторына жататындар:

 

  • Алкогольді тұтыну
  • Темекі шегу
  • Семіздік
  • Диафрагманың өңештік саңылауының жарығы  
  • Жүктілік
  • Склеродермия

 

Асқазан -өңеш рефлюксі жүктіліктен туындауы немесе асқынуы мүмкін. Сондай-ақ, кейбір ауруларды емдеуде келесі дәрілерді қабылдаудың жанама әсері болуы мүмкін:

  • Антихолинергетиктер – «теңіз» ауруын емдеуде
  • Бета-блокаторлар және кальций каналдарының блокаторлары– жоғары артериалдық қысымды немесе жүрек ауруларын емдеуде
  • Бронходилятаторлар (бронхо-кеңейткіштер) – астманы емдеуде
  • Допамин-белсенді препараттар – Паркинсон ауруын емдеуде
  • Прогестин – гинекологиялық ауруларды емдеуде
  • Седативтік препараттар – ұйқысыздықта немесе мазасызданудың артуында  
  • Үшциклдік антидепрессанттар – депрессия кезінде.

 

Егер дәрілердің бірі қыжылды туындатса, дәрігермен кеңесіңіз. Дәрігермен кеңесіп қана дәрілерді қабылдауды өзгертуге немесе тоқтатуға болады.

 

Симптомдары

Асқазан -өңеш рефлюксінің және ГЭРА негізгі симптомдары:

  • қыжыл
  • ауа шығарып кекіру
  • тағамның лоқсуы
  • төссүйектің артындағы күйдіру сезімі
  • өңеште тамақтың түйнелу сезімі
  • жұтудың қиындауы (дисфагия)
  • тамақтан кейін жүрек айнуы.

 

Сиректеу кездесетін симптомдар:

  • ықылық
  • жөтел, ентігу және жатқан күйде ысқыратын тыныс алу
  • көмейдегі ауырсыну және жыбырлау
  • дауыстың қарлығуы немесе өзгеруі

 

Диагностика

Егер симптомдар күрделі болмаса, диагностика үшін дәрігердің қарауы ғана қажет.

Диагнозды растау үшін қосымша тексеру түрлері қажет болуы мүмкін:

  • Фиброгастродуоденоскопия (ФГДС) – өңештегі зақымдануды анықтау үшін қолданылады. Бұл кезде ұшында камера бар икемді түтік өңеш арқылы асқазанға және аш ішеккке өтеді.  Бұл әдіс туралы толығырақ осы тұстан оқыңыз.
  • Асқазан-ішек жолдарының рентгені барийлік қоспаны ішкеннен кейін, бұл суретте сфинктердің әлсіздігін және өңештің тарылуын анықтауға мүмкіндік береді.
  • Өңештің рН (ортаның қышқылдық көрсеткішін) деңгейіне мониторинг (қадағалау) диагнозды растау және емдеудің тиімділігін бағалау үшін жүргізіледі. Бұл кезде мұрын арқылы ұшында датчик бар зонд өңешке енгізіледі, ph деңгейін өлшейді. Сау адамның ph деңгейі сілтілік ортаға жатады, ал ГЭРА кезінде –асқазанның ішіндегісі түскеннен кейін орта қышқыл болады.
  • Эзофагоманометрия (өңештегі қысымды өлшеу) сфинктердің жиырылу қабілетін бағалауға мүмкіндік береді. Өңештің саңылауына ұшында датчигі бар катетер енгізіледі, ол өңештегі қысымды өлшейді.  ГЭРА кезінде өңештегі қысымның деңгейі қалыпты жағдайдан төмен болады.

 

Емдеу

Рефлюкстің артық жеуден болған қысқа мерзімдік ұстамалары аздаған емдеуді талап етеді. Әдетте, тамақтану тәртібі реттелгеннен және тітіркенуді жойғаннан кейін (майлы тағам, алкоголь және басқа) өңештің сілемей қабаты тез қалпына келеді. Өмір салтын өзгертіп, аурудың симптомдарынан тезірек құтылуға болады.

ГЭРА қарсы тиімді болатын дәрілер бар.

  • Антацидтер – қышқылды бейтараптандыратын әсері бар және асқазанның сөлінің зақымдайтын әрекетінен өңеште қорғаныс пленка түзеді.
  • Протондық помпаның тежеушілері – асқазанда қышқылдың мөлшерін азайтады.
  • Н2-блокаторлар (антагонистер) –асқазандағы қышқылдың өндірілуін азайтады.
  • Прокинетиктер – сфинктердің жұмысын реттейді.

 

Рефлюкске қарсы операциялар өмір салтын өзгерткен және дәрі қабылдағаннан кейін де симптомдар өтпеген науқастарға көмектеседі. Қыжыл және басқа симптомдар операциядан кейін жойылады, бірақ қыжылға қарсы дәрі қабылдау жалғасуы мүмкін. Бұл операциялар кезінде асқазанның қабырғасының есебінен сфинктер жасанды қалыптастырылады.

Рефлюксті емдеудің эндоскоптың көмегімен орындалатын әдістері бар. Оларға эндоскоптың көмегімен сфинктердің және асқазанның сілемей қабатының зақымданған бөліктеріне дәрілік препараттарды гель түрінде жағу жатады.

 

Аурудың болжамы

Әдетте, тамақтану тәртібін қалыпқа келтіріп, тітіркендіретін факторларды (майлы тағам, алкоголь, т.б.) жойғаннан кейін өңештің сілемей қабаты тез қалпына келеді. Алайда, кейбір адамдарға аурудан құтылу үшін дәрілерді жалғастыруына тура келеді.

 

Мүмкін асқынулары

  • Барретт өңеші (өңештің сілемей қабатының өзгеруі, бұл қатерлі ісіктің қаупін арттырады)
  • Өңештің ойық жарасы (өңештің ішкі жағындағы жара, асқазан сөлінің әсерінен пайда болады)
  • Стриктура (өңештің тарылуы, тыртықтың салдарынан)
  • Бронхотүйілу (тыныс алу жолдарының тітіркенуі және түйілуі, асқазан сөлінің бронхыға түсуінен)
  • Созылмалы жөтел немесе қарлығу
  • Астма
  • Тістегі мәселелер

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

Рефлюкстен (қыжылдан) ұзақ уақыт бойы дәрі қабылдап жүрсеңіз, өңештің эндоскопиясын бір рет те өтпеген болсаңыз, дәрігерге көріну қажет (бұл жағдайда қатерлі ісік қаупі жоғары).

Келесі симптомдар болуында шұғыл түрде дәрігерге көріну қажет:

  • Жиі құсу
  • Қан аралас құсу
  • Тұншығу (жөтел, ентігу)
  • Тамақ жегеннен кейін асқазанның тез толып кету сезімі
  • Дауыстың қарлығуы
  • Жұтудағы мәселелер (дисфагия) немесе жұту кезіндегі ауырсыну
  • Салмақ жоғалту, тәбетті жоғалту.

 

Алдын алу

Ацетилсалицил қышқылы (аспирин), ибупрофен немесе напроксен секілді препараттардан алшақ болыңыз. Оның орнына парацетамол қабылдаңыз. Дәрілерді қабылдағанда судың мол мөлшерін ішіңіз. Дәрігер жаңа дәрілер тағайындаса, олардан қыжыл болу мүмкіндігі туралы сұраңыз.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.