.

Целиакия | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Целиакия

Мазмұны

Целиакия дегеніміз не?

Глютен целиакиясы бар адамдарға қалай әсер етеді?

Целиакияның симптомдары қандай?

Целиакияға қалай шалдықтым?

Целиакия бар екендігіне қалай көз жеткізуге болады?

Целиакия – күрделі ауру. Оны қалай бақылауға болады?

Целиакияға шалдыққан науқастар үшін қандай ресурстар бар?

Целиакия болмаса, глютенге сезімталдық болады ма?

Дәрігерге қойылатын сұрақтар

 

Целиакия дегеніміз не?

Целиакия – бұл бидайда, қара бидайда және арпада болатын ақуыз - глютенді тағамға тұтынғанда аш ішекте ас қорытудың бұзылысымен сипатталатын ауру. Глютен – целиакиясы бар адамдар үшін «улы» заттекпен теңеседі. 

 

Адамның ас қорыту жүйесінің ағзалары

 

Глютен целиакиясы бар адамдарға қалай әсер етеді?

Целиакиясы бар адамдарда глютен өзінің аш ішегіне қарсы организмнің аутоимунддық серпінін іске қосады. Бұл аш ішекті зақымдайды және тағам өнімдерінен алынатын қоректік заттектерге аш ішекте сіңуіне мүмкіндік бермейді. Бұл кезде организм қажетті дәрумендерді, кальцийді, ақуызды, көмірсуларды, майларды және басқа маңызды қоректік заттектерді алмайды. Организм бұл заттектерсіз қалыпты қызмет ете алмайды.

 

Целиакияның симптомдары қандай?

Целиакия көптеген симптомдармен өтеді, олар өзгермелі немесе болмауы да мүмкін. Целиакияның симптомдары:

  • Целиакиясы бар кішкентай балаларда ас қорыту бұзылыстарының симптомдары жиі кездеседі, мысалы, іштің ауыруы, құсу, диарея (тіпті, қан аралас іш өтуі де), іш қатуы, сондай-ақ, басқа балаларға қарағанда бойы мен салмағында кешеуілдеуі. Бала ашушаң, көңіл-күйі құбылмалы келеді. Балада тамақтану жеткіліксіздігі болса, іші үлкен, сан бұлшық еті мен бөксе тұсы тегіс болуы мүмкін. Целиакиясы бар көптеген балаларда артық салмақ немесе семіздік болуы мүмкін.
  • Жасөспірімдерде целиакия іш өтуімен және қатуымен көрініс беруі мүмкін. Симптомдары жыныстық жетілу кезеңінде пайда болып, қысқа мерзімді болуы мүмкін. Целиакия шаштың түсуін (ошақты алопеция) немесе тісте мәселелер туындатуы мүмкін.
  • Ересектерде ас қорыту симптомдары сирек кездеседі. Оның орнына оларда әлсіздік, шаршау, сүйектегі немесе буындағы ауырсыну, ашушаңдық, мазасыздық, депрессия, сондай-ақ, әйелдерде етеккір айналымының бұзылысы пайда болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда іш қатуы немесе өтуі кездесуі мүмкін.
  • Остеопороз (сүйектен кальцийдің жоғалтылуы) және анемия целиакиясы бар ересектерде жиі кездеседі. Остеопороздың симптомы сүйектегі кешкі ауырсыну болуы мүмкін.
  • Лактозаны көтере алмау (сүт өнімдерін қорытудағы қиындықтар) – барлық жастағы науқастарда кездесетін жалпы симптом.
  • Герпес тәрізді дерматит (терідегі қышитын күлдіреу) және ауыздағы стоматит - целиакиясы бар науқастардағы жалпы симптомдар.

 

Целиакияға қалай шалдықтым?

Дәрігерлер мен ғалымдар целиакияның даму себебін анық білмейді. Ауру келесі жағдайларда жиі кездеседі:

  • Егер отбасы мүшелерінің бірінде целиакия болса, отбасындағы қалған 10-да да осы аурудың болуы ықтимал.   
  • Аутоиммунндық ауру болуында, мысалы, 1 типті диабет, ревматоидтық артрит, аутоиммундық тиреоидит немесе гепатит, Аддисон ауруы немесе  Шегрен синдромы.
  • Генетикалық бұзылыста, мысалы, Даун синдромы және Тернер синдромы.

 

Целиакия бірден көрініс бермейді. Белгілі бір уақыт ішінде ауру симптомсыз өтуі мүмкін. Аурудың көрінісін туындататын факторлар: күшті күйзеліс, дене жарақаты, инфекциялар, босану немесе оперативтік араласу.

 

Целиакия бар екендігіне қалай көз жеткізуге болады?

Қан талдауы осы ауруды анықтауға көмектеседі. Егер өзіңізде целиакия бар деп ойласаңыз, дәрігермен кеңесіңіз. Қан талдауын тапсырғанға дейін глютен бар өнімді тұтынуды тоқтатпаңыз. Себебі, ерте тоқтатқанда қан талдауының нәтижесіне әсер етеді. 

Егер қан талдауыңыз целиакияны табуға мүмкіндік бермесе, диагнозды нақтылауға ішек биопсиясы (аш ішектен жіңішке түтік арқылы тіннің кішкене бөлігін алу) немесе герпес тәрізді дерматит (тері бөрітпесінің түрі) диагнозы көмектеседі.

 

Целиакия – күрделі ауру. Оны қалай бақылауға болады?

Целиакия – күрделі ауру. Құрамында глютен бар өнімдерді тұтынбастан, целиакияны бақылауға алуға болады. Дұрыс емдәмді ұстану аурудың нәтижесінде болған зақымдануды қалпына келтіруге көмектеседі. Бірақ, рационның бұзылысында бірден өзіңізді нашар сезінбесеңіз де, ішектің зақымдануы қайтадан пайда болады.

Глютенсіз емдәмді қадағалайтын адамдар рационда бидай, арпа, қара бидай, тритикале, оның ішінде, нанның сұрыптары, макарон өнімдері және жармаларды алып тастауы тиіс.   

Күріште, жүгеріде, сұлыда, қарақұмықта, алабота, тарыда глютен болмайды. Кейбір адамдар сұлыдан алшақ болады, себебі, сұлы өнімдерінде бидай глютені болуы мүмкін. Глютенді кейде дәрі-дәрмектің өндірісінде қолданады, сондықтан жаңа дәріні қолдану алдында дәрігермен немесе фармацевтпен кеңесу қажет.

Басында глютенсіз емдәмді қадағалау қиын болып көрінуі мүмкін. Өзіңізге және отбасыңыздың мүшелеріне глютенсіз өнімдерді тұтынуға үйрену үшін уақыт қажет. Өнімде глютен болуын анықтау үшін жапсырмаларды оқып, өнімнің құрамымен танысу қажет. Азық-түлік дүкенінен тағам өнімдерін сатып алуда немесе үйден тыс тамақ ішкенде сақ болу қажет. Кейбір жаңа тағамдарды әзірлеуді үйрену қажет болуы мүмкін.

 

Целиакияға шалдыққан науқастар үшін қандай ресурстар бар?

Көптеген кітаптар мен веб-сайттарда глютенсіз өмір үшін ақпарат, кеңестер мен рецептілер беріледі.

Сондай-ақ, диетолог-дәрігердің кеңесі пайдалы болады. Ол рационнан қандай тағамдарды алып тастау қажеттігін, жапсырмаларды оқуды, жей алмайтын өнімдерді немен алмастыруға болатындығын үйренуге көмектеседі. Дәрігерден диетологты таңдауға көмектесуді өтініңіз.

 

Целиакия болмаса, глютенге сезімталдық болады ма?

Иә, организмнің иммундық жүйесі жағынан серпіннің дамуынсыз глютенге сезімталдық болуы мүмкін. Бұл целиакияға қарағанда жеңіл өтеді, және глютенсіз емдәмді қадағалауда жойылады. Дәрігермен глютенге сезімталдықтың симптомдарының немен байланысты болатындығы туралы кеңесіңіз.

 

Дәрігерге қойылатын сұрақтар

  • Менің анам целиакияға шалдыққан. Менде аурудың пайда болу қаупі бар ма?
  • Менде целиакия. Балаларымда аурудың пайда болу қаупі бар ма?
  • Целиакияның  симптомдары қандай және ас қорытудағы басқа мәселелерден айырмашылығы неде?
  • Целиакия денсаулыққа қатысты басқа мәселелердің де болу белгісі ме? Бұл менде денсаулыққа қатысты басқа аурулардың пайда  болу қаупін білдіреді ме?
  • Целиакияны емдеп, жазуға болады ма? 
Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.