.

Эктопиялық (жатырдан тыс) жүктілік | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Эктопиялық (жатырдан тыс) жүктілік

Мазмұны

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Болжамы

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

 

Жатырдан тыс дамыған  жүктілік, эктопиялық аталады. Бұл жағдай ананың өміріне қауіп төндіреді. 

Себептері

Көбінесе, жүктілік  кезінде ұрықтанған аналық жасуша жатыр түтігі арқылы өтіп, жатырға түседі. Егер аналық жасушаның түтік арқылы өтуі тежелсе немесе бәсеңдесе, бұл жатырдан тыс жүктілікке апаруы мүмкін. Аурудың мүмкін себептеріне жататындар:

·        Жатыр түтігінің туа біткен ақауы

·        соқыр ішек жарылғаннан кейінгі жабыспалар

·        Эндометриоз

·        бұрын жатырдан тыс жүктіліктің болуы

·        әйелдердің жыныстық ағзаларында болған жұқпалардан немесе операциялардан қалған тыртықтар.

Жатырдан тыс жүктіліктің қауіп факторлары:

·        35 жастан асқандар

·        жүктіліктің  болуы, жатыр ішілік ұрықтануға қарсы құралдың болуында (ВМС)

·        жатыр түтіктерін байлап тастау: бұл шарадан кейін 2 немесе одан артық жыл өткенде болуы ықтимал.

·        жүктіліктің алдын алуға бағытталған түтіктік стерилизация (түтіктерді байлап тастау) 

·        жыныстық серіктестердің көп болуы

·        бедеулікті емдеудің кейбір түрлері

Кейде себебі белгісіз болып қалады. Гормондар да белгілі бір рольді атқарады.

жатырдан тыс жүктіліктің орналасатын жері, көбінесе, - екі жатыр түтігінің бірі.  Сирек жағдайда жатырдан тыс жүктілік аналық безде, іш қуысында немесе жатыр мойнында болуы мүмкін.   

жатырдан тыс жүктілік  ұрықтануға қарсы әдістерді қолдану кезінде де пайда болуы мүмкін.

 

Симптомдары

жүктіліктің ерте симптомдары байқалуы мүмкін, мысалы, аналық бездердің ісінуі немесе жүрек айнуы. Басқа симптомдары:   

·        жатырдан әдеттен тыс қан кетуі

·        белдегі ауырсыну

·        жамбас қуысында бір жағынан әлсіз қысатын ауырсыну

·        етеккірдің болмауы

·        іштің төменгі бөлігінде немесе жамбас қуысы аумағындағы ауырсыну

жатырдан тыс жүктіліктің қасындағы аумақ зақымданса немесе қан кетсе симптомдар ушығуы мүмкін. Бұл жағдайда пайда болуы мүмкін:   

·        естен тану немесе әлсіздік сезімі

·        тік ішек аумағындағы қатты қысым

·        артериалдық қысымның төмендігі

·        иық аумағындағы ауырсыну

·        іштің төменгі бөлігіндегі күшті, жіті және кенет ауырсыну.

 

Диагностика

Дәрігер гинекологиялық тексеруді өткізеді. Бұл кезде жамбас қуысы аумағында ауырсыну болуы мүмкін.

Сондай-ақ, жүктілікке тест және іншек арқылы ультрадыбыстық зерттеу өткізіледі.   

ХГЧ – жүктілік кезінде өндірілетін гормон. Осы гормонның қанда болуы жүктілікті анықтауға мүмкіндік береді. Егер оның қандағы деңгейі жеткілікті ұлғаймаса, дәрігер  жатырдан тыс жүктіліктің болуына болжам айтады.      

 

Емдеу

жатырдан тыс жүктілік – өмірге қауіп төндіретін жағдай. Жүктілік  сақталмайды. Ананың өмірін сақтау үшін эмбрионның жасушалары жойылады.

Жатырдан тыс жүктіліктің аумағы зақымданса (жарылса),  шұғыл медициналық жәрдем қажет болады. Жарылу қан кетуіне және шок алуға апаруы мүмкін, бұл – шұғыл медициналық жағдайлар. Шокты емдеу әдістері:

·        қан құю

·        сұйықтықты көктамыр арқылы енгізу

·        дененің қалыпты температурасын қолдау

·        Оттегі

·        Аяқты жоғары көтеріп орналасу.

Жатырдан тыс жүктіліктің аумағы жарылғанда қан кетуін тоқтату мақсатында және эмбрионды алу үшін хирургиялық операция жасалады. Кейбір жағдайда дәрігер жатыр түтігін алып тастауы мүмкін.

Жатырдан тыс жүктіліктің аумағы жарылмаса, емдеуге кіретіндер: 

·        Операция

·        жүктілікті үзетін дәрілерді қабылдау, дәрігердің қатаң бақылауымен.

 

Болжамы

жатырдан тыс жүктілік  болған әйелдердің үштен бірі кейіннен бала туады. Кейбір әйелдер  жүкті  бола алмауы мүмкін.  

Жатырдан тыс жүктіліктен  кейін қайтадан жүкті болу келесі жайттарға байланысты: 

·        әйелдің жасына

·        баласы болуына

·        жатырдан тыс жүктілік  пайда болуының себебіне.

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

Келесі симптомдар болса, дәрігерге немесе мейірбикеге көріну қажет:

·        жатырдан әдеттен тыс қан кетуі

·        іштің төменгі бөлігінде немесе жамбас қуысы аумағындағы ауырсыну.

 

Алдын алу

Жатыр түтігінен тыс пайда болатын жатырдан тыс жүктіліктердің көпшілік түрлерінің алдын алуға келмейді. Жатыр түтіктерінде зақымдану пайда болуын туындататын факторлардың алдын алу арқылы қаупін азайтуға болады. Олар:  

·        Қауіпсіз жыныстық қатынасты қолдау, жыныстық қатынасқа дейінгі және кейінгі жұқпаланудың алдын алатын шараларды қолдану;

·        жыныстық жолмен берілетін жұқпаларды ерте анықтау және емдеу

·        темекі шекпеу.

 

Ақпарат көзіhttp://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/000895.htm

 

Материалды дайындаған Алмаз Шарман, медицина профессоры.

Аударған: Асель Стамбекова.

Редакциялаған: Александр Корольков.

 
Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.