.

Гипотиреоз | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Гипотиреоз

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Болжамы

Мүмкін асқынулары

Дәрігерге қашан көріну қажет

Синонимдары

 

Жалпы ақпарат

Гипотиреоз – қалқанша без гормондарының жеткіліксіз өндірілуімен сипатталатын ауру. Бұл ауруды, сондай-ақ, қалқанша бездің гипофункциясы деп те атайды.

Гипотиреоз –қалқанша бездің белсенділігінің төмендеуімен сипатталатын жағдай, бұл организмнің барлық қызметіне әсер етуі мүмкін. Гипотиреоз кезінде метаболизмнің жылдамдығы төмендейді, бұл ақыл-ой және дене қызметін баяулатады.  Гипотиреоздың аса ауыр түрі – микседема,ол шұғыл медициналық көмекті қажет етеді.

 

Себептері

Қалқанша без эндокриндік жүйенің маңызды ағзасы. Ол мойынның алдыңғы бетінде, бұғаналардың қосылған жерінен сәл жоғарыда орналасқан. Без организмнің әр жасушасының энергиясын  қолдану үрдісін реттейтін гормондарды өндіреді. Бұл үрдіс метаболизм аталады.

Гипотиреоз  50 жастан асқан адамдарда, көбінесе, әйелдерде жиі кездеседі.

Гипотиреоздың жиі себебі – тиреоидит (қалқанша бездің қабынуы). Тиреодитте ісіну мен қабыну қалқанша бездің жасушаларын зақымдайды.

Аурудың мүмкін себептері:

  • Қалқанша  бездің аутоиммундық зақымдануы
  • Вирустық инфекциялар (суық тию) немесе басқа респираторлық инфекциялар
  • Жүктілік (босанудан кейінгі тиреоидит)

Гипотиреоздың басқа себептері:

  • литий және амиодарон секілді дәрілік препараттар
  • туа біткен ауытқулар
  • мойын немесе ми аумағындағы ісіктердің сәулелік емдеуі
  • қалқанша бездің гиперфункциясын емдеуде радиоактивті йодты қолдану
  • қалқанша бездің бөлігін немесе тұтастай хирургиялық алып тастау
  • Шихан синдромы – гипофиздің бұзылысын туындататын, әйелдердің жүктілік немесе босану кезіндегі мол қан кетуі түрінде болатын жағдай.
  • Гипофиздің ісіктері немесе гипофизде жасалатын операциялар

 

Симптомдары

Ерте симптомдары:

  • Қатты нәжіс немесе іштің қатуы
  • Төмен температураға асқан сезімталдық
  • Шаршау немесе тежелу сезімі
  • Ауыр және ұдайы емес етеккір
  • Буындағы немесе бұлшық еттегі ауырсыну
  • Терінің солғындығы немесе құрғақтығы
  • Тұнжырау немесе депрессия
  • Жұқа сынғыш шаш пен тырнақ
  • Әлсіздік
  • Салмақтың артуы

Емдеу болмағанда дамитын кеш симптомдар:

  • Дәм мен иісті сезінудің нашарлауы
  • Қарлығу
  • Беттің, қолың және аяқтың ісіңкілігі
  • Сөйлеудің баяулығы
  • Терінің қалыңдауы
  • Қастың жұқаруы

 

Диагностика

Тексеру кезінде дәрігер қалқанша бездің өлшемдерінің ұлғайғандығын байқайды. Без қалыпты немесе одан сәл кіші де болуы мүмкін. Тексеру кезінде анықталады:

  • Тырнақтың сынғыштығы
  • Бет пішінінің өзгеруі
  • Солғын немесе құрғақ тері, ұстағанда салқын көрінеді
  • Қол-аяқтың ісінуі
  • Жұқа және сынғыш шаш

Қан талдауы қалқанша бездің гормондары ТТГ және Т4 анықтау үшін қажет.

Сондай-ақ, анықтауға болады:

  • Қандағы холестерин деңгейі
  • Қанның жалпы талдауы (ҚЖТ)
  • Бауыр ферменттері
  • Пролактин
  • Натрий

 

Емдеу

Емдеу қалқанша бездің гормондарының жеткіліксіздігін толықтыруға бағытталған.

Көбінесе, левотироксин препараты тағайындалады.

  • Аурудың симптомдарын жоятын және гормон деңгейін қалыпқа келтіретін төмен мөлшерлеме тағайындалады.
  • Егер жүрек аурулары болса, немесе науқастың жасы үлкен болса, дәрігер өте аз мөлшерлемеден бастайды.
  • қалқанша бездің белсенділігі төмен адамдардың көпшілігіне бұл дәріні өмір бойы қабылдау қажет болады.

Бастапқы кезеңде дәрігер гормон деңгейін 2-3 ай бойы анықтауды ұсынады. Кейінірек, кемінде, жылына бір рет бақылауға болады.

Егер қалқанша без гормонын қабылдайтын болсаңыз, келесі ережелерді ұстаныңыз:

  • өзіңізді жақсы сезінгенмен, дәрі қабылдауды тоқтатпаңыз. Дәрігердің тағайындауына сай қабылдауды жалғастырыңыз.
  • Дәрінің таңбасы өзгерсе дәрігерге хабарлау қажет. Қалқанша   без гормонының деңгейін анықтау қажет болуы мүмкін.
  • Тұтынатын тағам өнімдері препараттың организмге сіңуіне әсер етуі мүмкін. Соя өнімдерін көп тұтынсаңыз немесе талшығы мол емдәм ұстанатын болсаңыз, дәрігермен кеңесіңіз.
  • Қалқанша  без препараттары аш қарынға және басқа дәрілерден 1 сағат бұрын қабылдаса, жақсы әрекет етеді. Препаратты ұйқы алдында қабылдайтын болсаңыз, дәрігермен кеңесіңіз. Зерттеулерге сай препаратты ұйқы алдында қабылдау күндізгіге қарағанда организмге дәріні жақсы көтеруге мүмкіндік береді.  
  • Қалқанша без гормондарын қабылдағаннан кейін өт қышқылдарын байланыстыратын, құрамында тағамдық талшықтар, кальций, темір, полидәрумендер, алюминий гидроксиді антацидтері, холестипол бар дәрілер немесе тағамдық қоспаларды қабылдау үшін 4 сағат күтіңіз.

Қалқанша  бездің препараттармен алмастыру емдеуі кезінде келесі симптомдар пайда болса, дәрігерге қабылдаңыз, бұл препараттың мөлшерлемесінің тым жоғары екендігін көрсетеді:

  • Жүрек соғуының жиілігі
  • Тез салмақ жоғалту
  • Мазасыздық немесе дірілдеу
  • Тершеңдік

 

Болжамы

Көптеген жағдайда дұрыс емдеуде тиреоидты гормондардың деңгейі қалпына келеді. Науқас  өмір бойы қалқанша бездің препараттармен алмастыру емдеуін қабылдауы мүмкін.

 

Мүмкін асқынулары

Микседематоздық кома – гипотиреоздың аса ауыр түрі, ол сирек кездеседі, тиреоидты гормондардың деңгейі өте төмен мәнге төмендегенде дамиды. Емделмеген гипотиреозы бар адамдарда бұл инфекцияның, басқа да аурудың, суықтың немесе кейбір дәрілердің әсерінің салдарынан туындауы мүмкін.

Микседематоздық кома шұғыл медициналық жәрдемді және аурухана жағдайында емделуді қажет етеді. Кейбір науқастарға оттегі, тыныс алу қызметін қолдау (вентиляция), көктамыр арқылы сұйықтық енгізу, қарқынды күтім жасау қажет болады.

Микседематоздық команың симптомдары:

  • Дене температурасының төмендеуі
  • Тыныс алудың бәсеңдеуі
  • Төмен артериалдық қысым
  • Қандағы қант деңгейінің төмендігі
  • Тітіркендіргіштерге серпіннің болмауы
  • Орынсыз немесе тән емес көңіл-күй

Емделмеген гипотиреозы бар адамдарда келесі қауіптер артады:

  • Инфекциялар, бедеулік, жүктіліктің үзілуі, туа біткен ақаулары бар сәбилердің дүниеге келуі
  • Төмен тығыздықты липопротеидтердің («нашар» холестерин) жоғары деңгейінің салдарынан жүрек-қантамыр аурулары
  • Жүрек қызметінің жеткіліксіздігі

 

Дәрігерге қашан көріну қажет

Гипотиреоздың (немесе микседеманың) симптомдары болса, дәрігерге көріну қажет.

Егер гипотиреоздан емделіп жүрсеңіз, келесі жағдайда дәрігерге барыңыз:

  • Кеуде тұсындағы ауырсыну немесе жүрек соғуының жиілеуі пайда болса
  • Инфекция болса
  • Симптомдар күшейсе
  • Аурудың басқа жаңа симптомдары пайда болса.

 

Синонимдары

Микседема; Ересектердің гипотиреозы 

 

Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры: http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/000353.htm

Аудармашы: Асель Стамбекова, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Сәлім Смайылов, б.ғ.к.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.