Ішектік иерсиниоз (Псевдотуберкулез)
Анықтамасы
Себептері
Дәрігерге қашан қаралу керек
Емі
Профилактикасы
Ішек иерсиниозы және псевдотуберкулез инфекциондық ауруларға жатады. Yersinia enterocolitica энтероколиттің қоздырғышы болып табылады. Энтероколит – балалық кезде жиі кездесетін жіңішке ішек пен тоқ ішектің қабынуымен сипатталатын ауру.
Сурет: Жіңішке ішек асқорыту жүйесінің ең ұзын бөлігі болып табылады, оның ұзындығы шамамен 6 метрді құрайды. Ол асқазанда тоқ ішекпен байланыстырады және көптеген қатпарлардан (құрсақ қуысына сыю үшін) тұрады. Қабылданатын тағамдардың көп бөлігі жіңішке ішекте сіңіріледі. Ол үш бөліктен тұрады: он екі елі ішек, мықын ішек және аш ішек.
Себептері
Зақымдану шикі немесе жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген шошқа етін тамақпен қабылдаған кезде және пастерленбеген сүтті ішкен кезде пайда болады. Сондай-ақ, зақымдану ауру жануарлармен байланыс кезінде, ласталған құдық суын пайдаланған кезде немесе сирек жағдайларда - инфицирленген қан құю кезінде пайда болады. Аурумен жиі иммундық жүйесі әлсіреген балалар ауырады. Инкубациялық кезең шамамен 4-6 күнді құрайды.
Yersinia enterocolitica жіңішке ішек пен тоқ ішектің қабынуын ғана емес, сонымен қатар іш өтуі мен дене температурасының көтерілуі сияқты симптомдарды да тудырады. Науқас баланың дәреті қан мен шырышты қоспалы болуы мүмкін. Бұл симптомдар 1 аптадан 3 аптаға дейін, кейде ұзағырақ созылуы да мүмкін.
Осы кең тараған симптомдармен қатар, организмінде темірдің жоғары мөлшері (қан құю кезінде) бар немесе иммундық жүйесі әлсіреген және басқа да аурулары бар жасы кіші балаларда бактериемияның (бактериялардың қан ағымымен таралуы) дамуы мүмкін. Жасөспірімдерде аппендициттің симптомдарына ұқсас (жалған аппендицит синдромы), оң жақ мықын аймағындағы ауырсыну сияқты симптомдар пайда болуы мүмкін. Сирек жағдайларда бұл ауру тамақтағы ауыру сезімімен, көздің қабынуымен, менингит және пневмониямен көрінеді. Өткерілген инфекциядан кейін жасөспірімдерде буындардағы ауырсыну сезімі және балтырында қызыл бөртпе (түйінді эритема) пайда болуы мүмкін.
Псевдотуберкулезбен ауыратын балаларда температураның көтерілуі, бөртпе, іштегі ауыру сезімі және псевдоаппендицит синдромы сияқты симптомдар пайда болуы мүмкін. Кейбір балаларда іш өтуі, бөртпе және аяқ-қолдың ісінуі болуы мүмкін.
Дәрігерге қашан қаралу керек
Балаңыздың нәжісінде қан болса, медициналық көмекке жүгініңіз. Іш өтуден туындайтын ауыздың құрғауы, шөлдеу және зәр шығару жиілігінің төмендеуі сияқты сусыздану симптомдарына көңіл бөліңіз.
Дәрігер баланың нәжісінен Yersinia-ны анықтауға арналған анализдерді тағайындауы мүмкін. Сондай-ақ, қоздырғыштарды тамақтың шырышты қабатынан жағынды алу арқылы, зәр анализі және бактерияларға қарсы антиденелерді анықтау үшін қан анализін жүргізу арқылы анықтауға болады.
Иерсиниоз салыстырмалы түрде сирек кездесетін инфекция болғандықтан, аздаған зертханалар ғана нәжістен Yersinia-ны анықтай алады.
Емі
Көп жағдайда ауру өздігінен өтеді. Кейбір жағдайларда иерсиниоз антибиотиктермен емделеді. Іш өтуі кезінде, науқастарға сусыздануды болдырмау және емдеу үшін көп су ішу тағайындалады.
Балаңыз шикі немесе шала пісірілген шошқа етін, пастерленбеген сүт пен ластанған суды қолданбауын қадағалаңыз. Шошқаның ішек-қарнын өңдегеннен кейін қолыңызды сабынмен мұқият жуыңыз.
Иерсиниозды алдын алуға арналған вакцина жоқ.
Аударған: Дүйсенова Жаңылсын Бекқалиқызы