Қасаң қабықтың эндотелиалды дистрофиясы
Себептері
Симптомдары
Диагностикасы
Емі
Болжамы
Дәрігерге қашан қаралу керек
Профилактикасы
Қасаң қабықтың эндотелиалды дистрофиясы (Фукс дистрофиясы) – қасаң қабықтың ішкі бетін тыстап жатқан жасушалардың баяу өлуінен болатын көз ауруы. Ауру әдетте екі көзді де зақымдайды.
Себептері
Фукс дистрофиясы тұқымқуалауы мүмкін, яғни ата-анадан балаға берілуі мүмкін. Ата-аналардың біреуінде болса, аурудың даму қаупі 50% құрайды..
Дегенмен, Фукс дистрофиясы аурудың отбасылық тарихы жоқ адамдарда да кездеседі.
Қасаң қабықтың эндотелиалды дистрофиясы ерлерге қарағанда әйелдерде жиі кездеседі. Көру қабілетінің проблемалары әдетте 50 жасқа дейін білінбейді, бірақ кейде дәрігер аурудың белгілерін ертерек, 30-40 жаста анықтайды.
Фукс дистрофиясы кезінде қасаң қабықтың артқы бетін тыстап жатқан жасушалардың жұқа қабаты зақымдалады. Бұл жасушалар қасаң қабықтан артық сұйықтықты шығаруды қамтамасыз етеді. Уақыт өте келе, жасушалардың көп мөлшері өлетіндіктен, сұйықтық жинала бастайды және қасаң қабықтың ісінуі мен бұлдырауын тудырады.
Бастапқыда, сұйықтық көз жабық кезде, яғни ұйықтаған кезде ғана жиналуы мүмкін. Ауру өршіген сайын кішкене көпіршіктер пайда болуы мүмкін. Бірте-бірте көпіршіктер өсіп, жарылып, көздің ауырсынуын тудырады. Сондай-ақ, Фукс дистрофиясы кезінде қасаң қабықтың пішіні өзгеруі мүмкін, бұл көру қабілетінің үдемелі нашарлауына алып келеді.
Симптомдары
- Көздегі ауыру сезімі
- Көздің жарыққа сезімталдығы және көзге ақ дақтың түсуі
- Көздің қарауытуы немесе бұлдырауы, бастапқыда тек таңертеңгі уақытта
- Жарық көзіне қарағанда, оның айналасында түрлі түсті жиектің (ореол) пайда болуы
- Көру қабілетінің үдемелі нашарлауы
Дәрігер Фукс дистрофиясын саңылаулы лампамен қарап тексеру кезінде диагностикалай алады.
Қосымша зерттеу әдістеріне мыналар жатада:
- Пахиметрия – қасаң қабықтың қалыңдығын өлшеу
- Қасаң қабықтың айналы микроскопиясы – қасаң қабықтың артқы бөлігін тыстап жатқан эпителийдің жағдайын бағалау үшін
- Көздің жіті көргіштігін анықтау
Емі
Фукс дистрофиясының симптомдарын жеңілдету үшін қасаң қабықтан сұйықтықты соруға қабілетті көз тамшылары немесе маздары қолданылады.
Қасаң қабықта жаралар түзілген кезде ауырсынуды азайту мақсатында, жұмсақ контактілі линзалар немесе хирургиялық ем қолданылады.
Фукс дистрофиясын емдеудің жалғыз жолы қасаң қабықты ауыстыру.
Терең қабатты кератопластика дәстүрлі трансплантацияның баламатүріболып табылады. Бұл процедура барысында қасаң қабықтың терең қабаттары донорлық тінмен ауыстырылады. Процедура тігуді қажет етпейді. Бұл процедурада бас тарту сияқты асқынулар сирек кездеседі және қалпына келу уақыты тезірекжүреді.
Болжамы
Ауру уақыт өткен сайын өршиді. Ауыр Фукс дистрофиясына ұшыраған науқастардың қасаң қабығын ауыстырмаса, соқыр болып қалуы мүмкін немесе қатты аурусыну туындайды және көздің көру қабілеті төмендейді.
Фукс дистрофиясының жеңіл жағдайлары жиі катаракталарды хирургиялық емдеуден кейін нашарлайды. Хирург бұл қауіпті ескеріп, операцияның техникасын немесе катарактаның хирургиялық емдеу уақытын өзгертуі керек.
Дәрігерге қашан қаралу керек
Келесі симптомдар болса, дәрігерге қаралыңыз:
- Көздегі ауыру сезімі
- Көздің жарыққа сезімталдығы
- Көзге бір нәрсе түсіп кеткендей сезім
- Көздің қарауытуы немесе жарық көзінің айналасында ореол пайда болуы сияқты көз проблемалары
- Көру қабілетінің нашарлауы
Аурудың алдын-алу шаралары ойлап табылмаған. Катарактаны хирургиялық емдеуден бас тарту немесе катарактаны оперативті емдеу кезінде арнайы сақтық шараларын сақтау аурудың ағымын бәсеңдетуге көмектесуімүмкін.
Аударған: Дүйсенова Жаңылсын Бекқалиқызы