.

Қажу (қатты шаршау) | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Қажу (қатты шаршау)

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Үйдегі күтім

Қашан медициналық көмекке жүгіну қажет

 

Жалпы ақпарат

Қажу – шаршауды, әлсіздікті, күштің болмауын сезіну.

Қажуды ұйқы басудан айыра білу қажет. Ұйқы басуы – ұйқыға арналмаған уақытта ұйқысы келуді сезіну.

Қажу – энергия мен күштің болмауы. Ұйқы басуы және апатия (айналаға көңіл бөлмеу) қажудың белгілері болуы мүмкін.

Қажу – организмнің денелік, көңіл-күйлік ширығуына, зерігуге немесе ұйқысыздыққа қалыпты және негізгі жауапты серпіні болуы мүмкін. Алайда, бұл күрделі психикалық немесе денелік жағдайдың белгісі де болуы мүмкін. Егер қажу жеткілікті ұйқыдан, жақсы тамақтанудан немесе тыныштану жағдайынан кейін де басылмаса, дәрігерге көріну қажет. Қажу – жалпы симптом және күрделі аурудың себебі емес.

Қажуды толық сипаттау – дәрігерге оның себебін анықтауға көмектесуі мүмкін. Мысалы, егер таңертең қалыпты жағдайда оянсаңыз, бірақ, қажу жүктемеден кейін тез орнайтын болса, оның себебі қалқанша бездің қызметімен байланысты болуы мүмкін. Ал басқа жағынан, егер күні бойына созылатын қажу және энергия жетіспеу сезімімен оянатын болсаңыз, бұл депрессиялық жағдай болуы мүмкін.

Себептері

Қажудың көптеген себептері болады:

•        Анемия (теміртапшылықты анемияны қоса)

•        Депрессия немесе қайғы

•        Дәрілік препараттар, мысалы, тыныштандыратын құралдар немесе антидепрессанттар

•        Ұдайы мазалайтын ауырсыну

•        Ұйқының бұзылысы, мысалы, ұйқысыздық, ұйқы кезінде тыныс алудың кенеттен тоқтауы немесе нарколепсия

•        Гипотиреоз немесе гипертиреоз (қалқанша бездің белсенділігінің төмендеуі немесе артуы, сәйкесінше)

•        Алкоголь немесе есірткі тұтыну. Мысалы, кокаин немесе басқа есірткілік препараттарды тұтыну, әсіресе, оларды ұдайы тұтынуда.

 

Сондай-ақ, қажу келесі аурулар кезінде пайда болуы мүмкін:

•        Аддисон ауруы (бүйрек үсті бездері гормондарының өндірілуінің бұзылысы)

•        Анорексия немесе ас қорыту жолдарының басқа бұзылыстары

•        Артрит, жасөспірімдік ревматоидтық артритті қоса

•        Аутоиммунндық аурулар, жүйелік қызылжегі секілді

•        Қатерлі ісік

•        Жүректің іркілісті жеткіліксіздігі

•        Диабет

•        Фибромиалгия (қарқындылығы және орналасуы әр түрлі болатын бұлшық ет-қаңқалық ауырсыну сезімі)

•        Реабилитациясы (қалпына келуі) ұзақ болатын инфекциялар, мысалы, бактериалдық эндокардит (жүректің бұлшық етінің және/немесе клапандарының инфекциялық зақымдануы), паразитарлық инфекциялар, СПИД, туберкулез, мононуклеоз

•        Бүйрек аурулары

•        Бауыр аурулары

•        Қоректік заттектердің жеткіліксіздігі

Кейбір дәрілік препараттар ұйқы басуын, немесе қажуды туындатуы мүмкін, мысалы, аллергияны емдейтін дәрілер (антигистаминдік), жоғары артериалдық қысымды емдейтін дәрілер, сондай-ақ, стероидтар және несеп айдайтын препараттар.

Созылмалы шаршау синдромы – тұмау секілді симптомдардан басталып, 6 ай немесе одан ұзақ уақытқа созылатын жағдай. Бұл диагноз басқа мүмкін себептерді ескергеннен кейін қойылады. Көпшілікте бұл синдром демалғанда да жеңілдеуі болмайды.

Үйдегі күтім

Қажумен күрес бойынша кеңестер:

•        Күнделікті жеткілікті уақыт бойы ұйқтаңыз.

•        Салауатты, жақсы үйлесімді тағамды тұтыныңыз және күні бойы суды мол тұтыныңыз.  

•        Дене жаттығуларын ұдайы орындаңыз.

•        Басқа босаңсып, жайбарақаттану тәсілдерін қолданыңыз. Мысалы, йога немесе медитацияны.

•        Жұмыс уақытын дұрыс бөлу.

•        Күйзелісті, шиеленісті жағдайлардан алшақ болыңыз. Мүмкіндігінше, жұмыста демалыс алып, немесе қатынастарды реттеңіз.

•        Көп дәрумендік кешендерді қабылдаңыз, алдын ала дәрігермен кеңесіп.

•        Алкогольді, никотинді және есірткілік заттектерді тұтынуды қойыңыз.

 

Егер созылмалы ауырсынудан немесе депрессиядан зардап шегетін болсаңыз, бұл жағдайларды емдеу қажуды жеңуге көмектеседі. Алайда, кейбір антидепрессиялық дәрілік препараттар қажу жағдайын туындатуы немесе ушықтыруы мүмкін. Бұл жағдайда емдеу көмектеседі. Дәрігермен ақылдаспай дәрілік препараттарды қабылдауды тоқтатпаңыз және өзгертпеңіз.

Ынталандырғыштар (мысалы, кофеин секілді) қажуды емдеуде тиімді емес. Оларды қолдануды тоқтатуда жағдай ушығуы мүмкін. Тыныштандыратын құралдар да жағдайды нашарлатады.

Қашан медициналық көмекке жүгіну қажет

Шұғыл дәрігерге көрініңіз, егер:

•        Естің қалыпсыздығы немесе бас айналуы байқалса

•        Көрудің бұлдырауы болса

•        Несеп аз мөлшерде бөлінсе, немесе жүрмесе және ісіну мен салмақ қосу болса.

Дәрігерге  көрініңіз, егер:

•        Түсініксіз әлсіздік немесе шаршау пайда болса, әсіресе, егер қызба немесе салмақ жоғалту болса

•        Іш қатуы, терінің құрғақтығы, салмақтың артуы байқалса, немесе суықты көтере алмайтын бослсаңыз.

•        Түнде жиі оянсаңыз

•        Бас ауруынан зардап шегесіз

•        Тағайындалған/тағайындалмаған дәрілік препараттарын қабылдайсыз немесе есірткі қабылдайсыз, олар шаршау немесе ұйқы басу сезімін туындатады

•        Депрессия немесе басыңқы көңіл-күй байқалады

•        Ұйқысыздық мазалайды. 

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.