.

Контузия немесе «мидың шайқалуы» | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Контузия немесе «мидың шайқалуы»

Мазмұны

Анықтамасы

Симптомдары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Себептері

Қауіп факторлары

Диагностика

Емдеу

Алдын алу

 

Анықтамасы

Мидың шайқалуы – күрделі ауру, бұл кезде шайқалуды туындатқан жарақаттан кейін соңғы бірнеше апта, ал кейде бірнеше ай  өткенде бас ауруы немесе бас айналуы секілді симптомдар пайда болады.

Мидың шайқалуы дегеніміз – жеңіл бассүйек-ми жарақаты, көбінесе, бастың соққысынан кейін пайда болады. Есті жоғалту мұндай диагнозды қою үшін міндетті шарт емес. Шын мәнісінде, мидың шайқалуының даму қаупі бастапқы жарақаттың ауырлығымен байланысты емес.

Көптеген адамдарда аурудың симптомдары алғашқы 7-10 күнде пайда болады және жарақаттан кейін үш ай ішінде өтеді, бірақ, кейде бір жыл бойы немесе одан ұзақ уақыт бойы сақталады.  Мидың шайқалуын емдеу аурудың симптомдарын жеңілдетуге бағытталған.

 

Симптомдары

Мидың шайқалуының симптомдарына жататындар:

  • Бас ауыруы
  • Бас айналуы
  • Шаршау
  • Ашушаңдық
  • Үрейлену сезімі
  • Ұйқысыздық
  • Зейінді шоғырландыру және есте сақтаудың төмендеуі
  • Шу мен жарыққа асқан сезімталдық

 

Мидың шайқалуынан кейінгі бас ауыруы өзгеруі мүмкін және ширығу ауырсынуы немесе сақина секілді болады. Көпшілік жағдайда ширығу ауырсынуы кездеседі, ол бастың жарақаты кезінде болған мойынның зақымымен байланысты болуы мүмкін. Кейбір жағдайда жеңіл бассүйек-ми жарақатынан кейін адамдар түрлі мінез-құлықтық немесе көңіл-күйлік бұзылыстарға ұшырайды. Отбасының мүшелері адамның ашушаң, күмәншіл болатынын, жиі таласу немесе қырсығу әдетін байқайды. 

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

Егер бастың жарақаты естің қалыпсыздығын немесе амнезияны (болғанды ұмыту) туындатса, естен танбасаңыз да, дәрігерге көріну қажет.  Егер мидың шайқалуы спортпен айналысу кезінде пайда болса, дене жаттығуын тоқтатыңыз. Алынған жарақаттың асқынуының пайда болу қаупін азайту үшін дәрігерге көрініңіз.

 

Себептері

Кейбір сарапшылардың ойынша, мидың шайқалуының симптомдары мидың құрылымдық зақымдануына байланысты туындайды. Басқалары аурудың симптомдары психологиялық факторларға байланысты санайды, себебі, бас ауыруы, бас айналуы және ұйқы мәселелері секілді симптомдар депрессия, үрейлену немесе жарақаттан кейінгі күйзелістік бұзылыс  кезіндегі симптомдарға ұқсас. Көптеген жағдайларда  мидың жарақатының физиологиялық салдары және оларға көңіл-күй серпіні симптомдардың дамуында роль атқарады. 

Зерттеушілер неліктен кейбір адамдарда жарақаттан кейін тұрақты симптомдар болатындығы, кейбірінде – болмайтындығы туралы нақты айта алмайды. Жарақаттың ауырлығы және мидың шайқалуының тұрақты симптомдарының даму ықтималдығы арасында дәлелденген байланыс жоқ.

 

Қауіп факторлары

Мидың шайқалуының қауіп факторларына жататындар:

  • Адамның жасы. Зерттеулерге сай, адамның жасы мидың шайқалуының дамуы үшін қауіп факторы болады.
  • Жынысы. Әйелдерде мидың шайқалуы жиі анықталады, бірақ, бұл әйелдердің медициналық көмекке жиі жүгінуне байланысты болуы мүмкін.
  • Жарақат. Автокөліктегі апат, спортпен айналысу, құлау салдарынан болатын жарақаттар әдетте осы аурудың пайда болуына апарады.

 

Диагностика

Ешқандай тексеру мидың шайқалуын дәлелдей алмайды. Дәрігер осыған ұқсас симптомдарды туындататын басқа әлеуетті мәселелер болуын тексеру үшін миды тексерістен өткізеді. Әдетте, мидың ауытқуларын анықтау үшін компьютерлік томографияны (КТ) өткізген жөн.

Егер сізде жиі бас айналуы болса, сізді құлақ, мұрын және көмей ауруларына маманданған дәрігерге бағыттайды. Мазасыздық пен депрессияға шалдықсаңыз, немесе есте сақтау мен күнделікті тіршілік мәселелерін шешуде  қиналатын болсаңыз, психологқа немесе психиатрға бағыттау қажет болады.

 

Емдеу

Мидың шайқалуының арнайы емі жоқ. Оның орнына дәрігер сізде пайда болған симптомдарды емдейді. Түрлі симптомдар мен олардың кездесу жиілігі әр адам үшін ерекше болады.

Бас ауыруы

Бастың сақина ауруын немесе шируғыдан болатын бас ауруын емдеу үшін қолданылатын препараттар, оның ішінде, кейбір антидепрессанттар мидың шайқалуына байланысты бас ауруында тиімді болуы мүмкін.   Мысалы:

  • Амитриптилин. Бұл препарат сондай-ақ, жарақаттан кейінгі зақымдануды емдеу үшін, сондай-ақ, мидың шайқалуына байланысты ашушаңдық, бас айналуы және депрессия секілді симптомдарды емдеу үшін кеңінен қолданылады.
  • Дигидроэрготамин(DHE 45) – метоклопрамидпен (​​Реглан) бірге. Бұл препараттар созылмалы бас ауруын жеңілдетеді, бірақ, олар көктамыр арқылы аурухана жағдайында қолданылуы тиіс.

Мидың  шайқалуы кезінде ауырсынуды басатын препраттарды шамадан тыс қолдану тұрақты бас ауруының пайда болуына апаруы мүмкін.

Есте сақтау және ойлау мәселелері

Қазіргі кезде жеңіл бассүйек-ми жарақатынан кейін когнитивтік (танымдық) мәселелерді емдеу үшін ешқандай дәрілік препараттарды қабылдау ұсынылмайды.  Ми шайқалуы кезінде когнитивтік  (танымдық) мәселелер болуында уақыт – оңтайлы емдеу, себебі, симптомдардың көпшілігі жарақаттан кейін бірнеше апта немесе ай өткенде өздігінше өтеді.

Когнитивтік емдеудің кейбір түрлері пайдалы болады, мысалы, қалта күнтізбесін, электрондық органайзерді қолданудағы немесе есте сақтау мен назар қоюдағы олқылықтарды жою үшін, басқа әдістерді  қолданудағы дағдыларды жаттықтыру жүргізілетін реабилитация.

Депрессия және мазасыздық

Мидың шайқалуының симптомдары зақымданушы симптомдарының себебін және уақыт өткенде өздерін жақсы сезінетіндігін білгенде, жиі жақсарады. Ауру жайлы білу адамның үрейін азайтады және тыныштануына көмектеседі.  Депрессия және мазасыздық симптомдары күшейгенде емдеудің бірнеше нұсқалары бар:

  • Психотерапия. Мәселелерді психологпен немесе психиатрмен талқылау, олардың бассүйек-ми жарақатына ұшыраған адамдарды емдеу тәжірибесі аса пайдалы.
  • Дәрілік препараттар. Үрейге немесе депрессияға ұшырағанда антидепрессанттар немесе тыныштандыратын препараттар ұсынылуы мүмкін.

 

Алдын алу

Мидың шайқалуын алдын алудың жалғыз белгілі тәсілі – бастың жарақатын болдырмау.

Бастың жарақатына қалай ұшырамауға болады

Әрбір әлеуетті қауіпті жағдайға дайын болу мүмкін болмаса да, бастың жарақатының жиі кездесетін себебінен алшақ болу үшін кеңестер беріледі:

  • Автокөлікте келе жатқанда қауіпсіздік белдігін салыңыз және балалардың жасына сәйкес қауіпсіз орындықта отыруын қадағалаңыз. 13 жасқа дейінгі балалар артқы орында отырғаны қауіпсіз, әсіресе, егер автокөлікте қауіпсіздік «жастықтары» болмаса.
  • Өзіңіз және балаңыз велосипедте, роликті конькиде, шаңғыда, сноубордта болғанда,  футбол ойнағанда, скейтбордингте, атқа мінгенде, мотоциклде бастың арнайы киімін (шлемін) киіп жүру қажет.
  • Үйде құлаудың алдын алыңыз,мысалы, шағын кілемшелерді төсемеңіз, жарықты жақсартыңыз, саты болса, сүйенетін жақтау қойыңыз. 

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.