.

Өт-тас ауруы | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Өт-тас ауруы

Мазмұны

Өт тасы дегеніміз не?

Өт тасы ауруының себептері қандай?

Өт тастарының түзілу қаупі кімде болады?

Өт тас ауруының симптомдары мен асқынулары қандай?

Қашан дәрігермен өт қабындағы тастар туралы кеңесу қажет?

Өт тас ауруы қалай анықталады?

Өт тас ауруы қалай емделеді?

Тамақтану және емдәм

Нені есте ұстау қажет

 

Өт тасы дегеніміз не?

Өт қабындағы тастар - өт қабында түзілетін қатты бөліктер. Өт қабы – бұл алмұрт тәрізді шағын ағза, іштің жоғарғы оң бөлігінде бауырдың астында орналасқан.

Өт қабындағы тастардың өлшемі құм тәрізді ұсақ немесе гольфтың кішкентай добына дейінгі көлемде болады. Өт қабында бір үлкен тас, жүздеген ұсақтары, немесе шағын және үлкендері де болуы мүмкін. Өт қабындағы тастар іштің жоғарғы оң бөлігіндегі кенеттен пайда болатын ауырсынуды туындатуы мүмкін. Бұл өт қабының  түйілуі аталады, өт бөлінетін түтіктердің тастармен бітелуінде пайда болады.

Іш қуысындағы ағзалар: өңеш, асқазан, тоқ және аш ішектер, бауыр, өт қабы және ұйқыбезі тағамның қоректік заттектерін энергияға айналдырады және тағамның қоректік емес бөліктерін қоқыстарға ыдыратады, кейіннен олар организмнен сыртқа шығарылады.

Бауыр  - адам организміндегі ең үлкен ағза. Ол іштің оң жақ қабырға аумағында орналасқан. Бауыр екі бөліктен тұрады – үлкен өлшемді оң бөлігі және кіші сол бөлігі. Бауыр бірқатар маңызды қызметті атқарады. Ол қаннан зиянды заттектерді сыртқа шығарады. Сондай-ақ, бауыр асты қорытуға көмектесетін ферменттер мен өтті өндіреді. Бауыр тағамдық заттектерді зат алмасуында, организмнің өсуі мен дамуында қатысатын ұсақ қосылыстарға дейін ыдыратады. Бауыр қанды екі қантамыры арқылы алады. Негізгі тамыр – бауырдың қақпа венасы. Екіншісі – бауыр артериясы.

 

Өт қабы – бауырдың астында орналасқан қалташа тәрізді. Ол бауырда өндірілетін өтке толған. Өт ішекке майларды қорытуға көмектеседі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Өт тасы ауруының себептері қандай?

Өт құрамына кіретін заттектердің үйлесімсіздігі өт қабындағы тастардың түзілуіне бейімдейді. Өттің құрамында холестерин, билирубин көп болса немесе өт тұзы көп болса, өт қабында тастар пайда болады. Бұл үйлесімсіздіктің пайда болу себептері соңына дейін анықталмаған. Сондай-ақ, тастар өт қабының толық емесе немесе жеткіліксіз босатылуында пайда болуы мүмкін.

Өт тастарының екі түрі болады: холестериндік және пигменттік:

  • Холестеринді тастар, әдетте, сары-жасыл түсті, негізінен, холестериннен тұрады. Көптеген жағдайларда өт тастарының 80% астамы холестеринді болады.
  • Пигменттік тастар қошқыл түсті және билирубиннен тұрады.

 

Өт тастарының түзілу қаупі кімде болады?

Кейбір адамдарда өт тастарының түзілуінің жоғары қаупі болады:

  • Әйелдер ерлерге қарағанда өт тасындағы тастардың түзілуіне бейімірек болады.  Эстрогеннің көптігі өттегі холестерин деңгейінің артуына және өт қабының жиырылуының азаюына ықпал етуі мүмкін, нәтижесінде, өт тастарының түзілуіне алғы шарттар пайда болады. Әйелдерде эстрогеннің көптігі жүктілік кезінде, гормондық алмастыру емдеуінде немесе ұрықтануға қарсы таблеткаларды қабылдауда пайда болуы мүмкін.
  • Өт қабындағы тастардың түзілуіне 40 жастан асқан адамдар бейім келеді.
  • Отбасылық өт тас ауруының тарихы болуында өт қабында тастың пайда болу қаупі жоғары болады.

 

Өт тас ауруының пайда болуының басқа қауіп факторларына жататындар:

  • Семіздік. Семіздікке шалдыққан адамдарда, әсіресе, әйелдерде өт тасының түзілуінің қаупі жоғары болады.  Семіздік өттегі холестерин деңгейінің артуына ықпал етеді, бұл тастардың түзілуін туындатуы мүмкін.
  • Тез салмақ жоғалту. Организмнің ұзақ уақыт бойы ашығуы және тез салмақ жоғалту кезінде майлардың жаппай ыдырауы жүреді, бұл кезде бауыр өтке түсетін  холестериннің артық көлемін өндіре бастайды. Тез  салмақ жоғалту да өт қабының босатылуының бұзылысына апаруы мүмкін. Төмен калориялы емдәмдер және  бариатриялық операциялар –желінетін тағамның көлемін азайтуға немесе қоректік заттектердің сіңірілуін төмендететін операциялар – тез салмақ жоғалтуға апарады және өт тастарының түзілу қаупін арттырады.
  • Емдәм. Зерттеулерге сай, калориялар және тазартылған көмірсулардың мөлшері жоғары және талшықтың мөлшері төмен болатын емдәмдер өт тастарының түзілу қаупін арттырады.  Тазартылған  көмірсулар – бұл өңделіп, қоректік заттектері және талшығы болатын ұрығынан тазартылған дәндер. Тазартылған  көмірсулардың мысалдары – ақ нан мен ақ күріш.
  • Кейбір ішек аурулары. Қоректік заттектердің сіңірілуінің қалыпты үрдісі бұзылатын аурулар, мысалы Крон ауруы, өт тастарының түзілуімен байланысты.
  • Метаболикалық синдром, диабет және инсулинге тұрақтылық. Бұл аурулар кезінде өт тас ауруының пайда болу қаупі артады. Метаболикалық синдромда, сондай-ақ, аурудың асқынуының пайда болуы қаупі аратады. Метаболикалық синдром – артық дене салмағымен және семіздікпен байланысты аурулар тобы, бұл кезде жүректің аурулары және 2 типті қант диабетінің пайда болу қаупі бар.

 

Пигменттік тастар науқастардың келесі санатында пайда болуы мүмкін:

  • Цирроз – бұл ұзақ және созылмалы зақымдануы салдарынан бауырдың баяу түрде бұзылуы, қызметінің бұзылысы орын алатын жағдай.
  • Өт түтіктеріндегі инфекция.
  • Ауыр гемолитикалық анемия – эритроциттер ұдайы бұзылатын ауру, мысалы, орақ тәрізді жасушалы анемия.

 

Өт тас ауруының симптомдары мен асқынулары қандай?

Өт тас ауруы бар көптеген адамдарда қандай да бір симптомдар байқалмауы мүмкін. Симптомдары болмайтын өт қабының тастары симптомсыз немесе үнсіз аталады. Симптомсыз тастар өт қабының, бауырдың немесе ұйқыбезінің қызметін бұзылысқа ұшыратпайды.

Өтті шығаратын түтіктердің таспен бітелуінде өт қабында қысым артады, бұл өт қабының түйілуінің ұстамасын туындатады. Ауырсыну, әдетте, бір сағаттан бірнеше сағатқа дейін созылады. Өт қабының түйілуі ауыр тағамды қабылдауға байланысты және әдетте, кешке немесе түнде болады.

Өт тасы орналасуын өзгертіп, өт түтігін бітемейтін болғанда өт қабының түйілуі басылады. Егер өт түтігі бірнеше сағат бойы бітелген болса, асқынулар пайда болуы мүмкін. Асқынуларға жататындар: өт қабының қабынуы және зақымдануы немесе өт қабының, өт түтіктерінің немесе бауырдың инфекциялары.

Ұлтабардың қасында, жалпы өт түтігінде тұрып қалған және ұйқыбезінің түтігін бітеген өт тасы өт тасты панкреатитті – ұйқыбезінің қабынуын туындатуы мүмкін.

Емдеу болмаған жағдайда, өт түтіктерінің немесе ұйқыбезі түтігінің бітелуі өлім-жітімге апаруы мүмкін.

 

Қашан дәрігермен өт қабындағы тастар туралы кеңесу қажет?

Өт тас ауруының ұстамасы болған адамдар дәрігерге көрінуі қажет. Өт тасы орын ауыстырғанда ұстамалар басылғанмен, аурудың асқынуы орын алуы мүмкін.

Өт қабы түйілуінің ұстамасы кезінде немесе одан кейін келесі симптомдар пайда болатын адамдарға шұғыл түрде дәрігерге көріну қажет:

  • 5 сағаттан асатын уақыт бойы іштің ауырсынуы
  • Жүрек айнуы және құсу
  • Қызба (кейде дене температурасының сәл көтерілуі) немесе қалтырау
  • Терінің немесе көздің аққабығының сарғыштануы (сарғаюы)
  • Шәй түсті несеп және нәжістің ақшыл түсі

 

Бұл симптомдар өт қабының, бауырдың немесе ұйқыбезінің күрделі инфекциясының немесе қабынуының белгісі болуы мүмкін.

 

Өт тас ауруы қалай анықталады?

Дәрігер өт тас ауруын анықтау үшін  әдетте, ультрадыбыстық тексеруді тағайындайды. Сондай-ақ, басқа да зерттеудің көрнекі әдістері қолданылады.

  • УДЗ (УЗИ). Ағзалардың ультрадыбыстық бейнесін жасау үшін трансдьюсер қолданылады, ол ағзаларға қауіпсіз және ауырсыну бермейтін ультрадыбыстық толқындар жібереді және олардың бейне түрінде қайтуын алады.  Арнайы үйретілген қызметкер бұл шараны дәрігердің кабинетінде, амбулатория орталығында немесе ауруханада өткізеді, ал медициналық көрнекілікке маманданған радиолог-дәрігер суреттерді түсіндіреді. Ауырсынуды басатын шара қажет емес. Өт қабында тас болса, бейнеде көрінеді. Ультрадыбыс – өт қабындағы тастарды анықтаудың аса дәл әдісі.

  • Компьютерлік томография (КТ). КТ дене суретін алуға мүмкіндік беретін, зерттеудің рентгендік әдісі. КТ контрастылық заттек аталатын арнайы бояғышты қолданып, өткізілуі мүмкін. КТ үш жақты бейнелеуді (3D) алу үшін рентген сәуле мен компьютерлік техниканың бірігуі қолданылады. Тексеру кезінде науқас үстелге жатқызылады, үстел туннель тәрізді, рентген сәулесін шығаратын  қондырғыға өтеді. Бұл шара  амбулатория орталығында немесе ауруханада өткізіледі, ал радиолог-дәрігер суреттерді түсіндіреді. Ауырсынуды басатын шара қажет емес. КТ өт тасы немесе асқынулар анықталуы мүмкін, мысалы, өт қабының немесе өт түтіктерінің инфекциялары және бітелуі. Бірақ, КТ өт қабының тастары көрінбей қалуы да мүмкін.

  • Магниттік-резонанстық томография (МРТ).  Ішкі ағзалар мен жұмсақ тіндердің айқын суретін алу үшін МРТ кезінде радиотолқындар және магниттер қолданылады. Рентген сәулесі қолданылмайды. Арнайы үйретілген қызметкер бұл шараны дәрігердің кабинетінде, амбулатория орталығында немесе ауруханада өткізеді, ал медициналық көрнекілікке маманданған радиолог-дәрігер суреттерді түсіндіреді. Анестезия қажет болмайды,бірақ, жабық кеңістіктен үрейленетін адамдарға жеңіл тыныштандыратын препарат тағайындалуы мүмкін. Қажет болса, МРТ контрастылық заттекпен өткізіледі. МРТ өткізілуі кезінде науқас үстелге жатқызылады, үстел туннель тәрізді, рентген сәулесін шығаратын  қондырғыға өтеді, қондырғының бір жағы жабық немесе екі жағы да ашық болуы мүмкін. Кейбір жаңа аппараттар адамға ашық кеңістікте болуына мүмкін береді. МРТ өт қабындағы, өт түтіктеріндегі тастарды анықтай алады.

  • Холецистография. Тексеру, сондай-ақ, иминоди-сірке сулық қышқылды сцинтиграфия, HIDA сканерлеу немесе гепатобилиарлық сканерлеу аталады. Тексеру барысында өт жүйесінің суретін алу үшін зиянсыз радиоактивтік материал қолданылады. Холецистографияны өткізуде науқас арнайы үстелге жатқызылады,  дәрігер көктамырға зиянсыз радиоактивтік заттектің азғантай көлемін енгізеді. Сонымен қатар, дәрігер өт қабының жиырылуын туындататын дәрілік препарат енгізуі мүмкін. Өт жүйесі бойынша радиоактивті препарат қозғалғанда камера суреттердің топтамасын түсіреді. Арнайы үйретілген қызметкер бұл шараны дәрігердің кабинетінде, амбулатория орталығында немесе ауруханада өткізеді, ал медициналық көрнекілікке маманданған радиолог-дәрігер суреттерді түсіндіреді. Анестезия қажет болмайды. Холецистография өт қабының жиырылуының бұзылыстарын немесе өт түтіктерінің бітелуін анықтау үшін қолданылады.

  • Эндоскопиялық ретроградтық холангиопанкреатография (ЭРХПГ). ЭРХП кезінде өт және панкреатиттік түтіктерді көрнекі ету үшін рентген қолданылады. Жеңіл тыныштандырудан кейін дәрігер эндоскопты (шағын икемді түтік, ұшында жарық көзі мен камерасы бар) ауыз арқылы ұлтабарға және өт түтіктеріне енгізеді.    Эндоскоп компьютерге және бейнемониторға жалғанған. Осыдан кейін дәрігер контрастылық заттекті эндоскоп арқылы өт түтігіне енгізеді. Бұл кезде түтіктер мониторда көрінеді. Бұл шараны амбулатория орталығында немесе ауруханада өткізеді. ЭРХПГ дәрігерге зақымданған өт түтігінің және өт тасының орналасуын анықтауға көмектеседі. Тас эндоскопқа бекітілген аса кішкентай корзинаға салынып алынады да, организмнен шығарылады. Бұл тест зақымдауы мүмкін болғандықтан, науқастардың бәріне тағайындалмайды.

 

Дәрігер, сондай-ақ, өт түтіктерінің, өт қабының, ұйқыбезінің немесе бауырдың инфекциясы немесе қабыну белгілерін анықтау үшін қан талдауын тағайындайды. Талдау үшін  қан  емшаралық кабинетте алынып, қан үлгісі зертханаға жіберіледі.

Өт тас ауруының симптомдары  аппендициттің, ойық жарының, панкреатиттің және гастроэзофагеалдық  рефлюкс ауруының симптомдарымен ұқсас келеді.

Кейде науқаста өт қабының симптомдары болмаса, үнсіз тастар болуы мүмкін. Дәрігер басқа ауруды анықтау кезінде УДЗ (УЗИ) орындауда өт қабындағы тасты байқауы мүмкін.

 

Өт тас ауруы қалай емделеді?

Егер өт тас ауруы симптомсыз өтсе, әдетте, емдеудің қажеті жоқ. Өт қабы түйілуінің ұстамасы немесе басқа симптомдары пайда болуында дәрігер емдеуді тағайындайды. Науқас гастроэнтеролог-дәрігерге бағытталады (ас қорыту ағзаларының ауруларына маманданған). Егер адамда өт қабы түйілуінің бір көрінісі болса, ол қайталануы мүмкін.

Өт  тас ауруын емдеудің қарапайым, әдеттегі түрі – өт қабын алып тастау үшін операция өткізу. Егер науқасқа операция жасалуы мүмкін болмаса, дәрігер холестеринді өт тасын еріту үшін хирургиялық емес шараларды тағайындайды. Операция  жасалуы мүмкін емес адамдарға немесе жалпы өт түтіктерінен тастарды алып тастау үшін өт қабын алып тастауға операция жасалатын науқастарға дәрігер ЭРХПГ қолдануы мүмкін.

Оперативтік емдеу

Өт қабын алып тастау бойынша операция холецистэктомия аталады. Ересектер арасындағы кең таралған хирургиялық операциялардың бірі. Өт қабы – өмірлік маңызды ағза емес, адам өт қабынсыз өмір сүре алады. Өт қабын алып тастаған кезде өт -  өт қабында жиналудың орнына бауырдан бауыр және жалпы өт түтіктері арқылы тікелей ұлтабарға түседі.

Хирургтер холецистэктомияның екі түрін орындайды:

  • Лапароскопиялық холецистэктомия. Лапароскопиялық холецистэктомия кезінде хирург іш қуысында бірнеше шағын тіліктер жасайды және жіңішке, ұшында кішкентай камерасы бар түтік – лапароскопты енгізеді. Камера іш қуысындағы ағзалардың және тіндердің үлкейтілген бейнесін бейнемониторға береді. Мониторға қарап хирург аспаптардың көмегімен мұқият түрде  өт қабын бауырдан, өт түтіктерінен, басқа құрылымдардан ажыратады. Одан кейін хирург өт қабын тілік арқылы алып шығарады. Науқасқа жалпы наркоз беріледі. Холецистэктомиялардың көпшілігі лапароскопиялық жолмен өткізіледі. Көптеген лапароскопиялық холецистэктомиялар амбулаторияда өткізіледі, демек, науқас сол күні үйіне қайтады. Үйреншікті дене белсенділігіне әдетте, операциядан кейін бір аптадан кейін көшуге болады.
  • Ашық холецистэктомия. Ашық холецистэктомия өт қабының күшті қабынуында, жұқпалануында немесе басқа операциялардан кейін тыртықтар болуында орындалады. Бұл жағдайлардың көпшілігінде ашық холецистэктомия басынан бастап жоспарланады. Дегенмен, хирург оны лапароскопиялық холецистэктомиядан кейін мәселелер пайда болуында орындауы мүмкін. Бұл жағдайларда науқастың қауіпсіздігі мақсатында хирург ашық холецистэктомияға көшеді. Бұл операцияны өткізуде өт қабын алып тастау үшін хирург тігінен 10-15 см жуық тілік жасайды. Науқас жалпы анестезияда болады. Операциядан кейін қалпына келу үшін науқастар ауруханада бір аптаға жуық болады. Үйреншікті дене белсенділігіне әдетте, операциядан кейін бір айдан кейін көшуге болады.

 

Кейбір науқастарда өт қабын алып тастағаннан кейін өт ұлтабарға жиі түсетін болғандықтан, жұмсақ және жиі нәжіс болуы мүмкін. Ішектің қызметінде өзгерістер әдетте, уақытша, олар туралы дәрігермен талдау қажет.

Өт қабындағы операциялардың асқынулары сирек кездеседі, ал жиі асқынуы – өт түтіктерінің зақымдануы. Жалпы өт түтігінің жарақатының нәтижесінде өттің ағып кетуі және қарымды қауіпті жұқпалану орын алуы мүмкін. Өт түтіктерін қалпына келтіру үшін бір немесе бірнеше қосымша операциялар қажет болуы мүмкін. Өт жолдарының жарақаты барлық холецистэктомиялардың 1%-нан аз болады.

Холестеринді өт тастарын хирургиялық емес емдеу

Хирургиялық  емес емдеу ерекше жағдайда тағайындалады, мысалы, холестеринді өт тастары бар науқаста операцияға кедергі келтіретін күрделі ауру болса. Әдетте, хирургиялық  емес емдеудің 5 жылынан кейін өт қабындағы тастар қайта түзіледі.

Холестеринді  өт тастарын бұзу үшін хирургиялық  емес емдеудің 2 түрі бар:

  • Тастарды еріту үшін дәрілік препараттарды қабылдау. Урсодиол (Актигалл) және Хенодиол – өт қышқылы бар дәрілік препараттар, олар өт қабындағы тастарды ерітуге қабілетті. Бұл препараттар ұсақ холестеринді тастарды ерітуде аса тиімді. Барлық тастарды осылай еріту үшін бірнеше ай немесе жыл қажет болуы мүмкін.
  • Соққы-толқынды литотрипсия. Өт тастарын бұзу үшін арнайы аппарат -  литотриптер қолданылады. Ол соққы толқындарын шығарады, бұл толқындар адамның денесі арқылы өтіп, өт тастарын ұсақ бөліктерге ұсатады. Бұл шара сирек қолданылады және  урсодиолды қабылдаумен қатар тағайындалады.

 

Тамақтану және емдәм

Тамақтану және емдәмге байланысты өт тасының түзілуі қаупін арттыратын факторларға жататындар:

  • семіздік
  • тез салмақ жоғалту
  • калориялар және тазартылған көмірсулардың мөлшері жоғары және талшықтың мөлшері төмен болатын емдәмдер

 

Адамдар дұрыс тамақтану рационын және тамақтану тәртібін ұстанып, салауатты салмақты қолдау жолымен өт тасы түзілу қаупін азайта алады.

Төмен калориялы емдәмдер және  бариатриялық операцияларды қолдануда тез салмақ жоғалтатын адамдарда өт қабында тастардың түзілуінің алдын алу үшін  Урсодиол көмектеседі. Мұндай науқастарға дәрігер-диетологпен емдәм туралы кеңесу қажет.

 

Нені есте ұстау қажет

  • Өт қабындағы тастар - өт қабында түзілетін қатты бөліктер.
  • Өт құрамына кіретін заттектердің үйлесімсіздігі өт қабындағы тастардың түзілуін туындатады. Өттің құрамында холестерин, билирубин көп болса немесе  өт тұзы көп болса, өт қабында тастар пайда болады. Бұл үйлесімсіздіктің пайда болу себептері соңына дейін анықталмаған.
  • Әйелдер, 40 жастан асқандар, өт қабындағы тастардың түзілуіне отбасылық бейімділігі бар адамдарда өт тасы дамуының қаупі жоғары.
  • Өт тас ауруы бар көптеген адамдарда қандай да бір симптомдар байқалмауы мүмкін. Симптомдары болмайтын өт қабының тастары симптомсыз немесе үнсіз аталады.
  • Өтті шығаратын түтіктердің таспен бітелуінде өт қабында қысым артады, бұл өт қабының түйілуінің ұстамасын туындатады.
  • Өт қабының түйілуінің ұстамалары ауыр тағамды қабылдауға байланысты және әдетте, кешке немесе түнде болады.
  • Өт тас ауруының симптомдары  басқа аурулардың симптомдарымен ұқсас келеді.
  • Егер өт тас ауруы симптомсыз өтсе, әдетте, емдеудің қажеті жоқ. Өт қабы түйілуінің ұстамасы пайда болуында дәрігер емдеуді тағайындайды.
  • Өт  тас ауруын емдеудің қарапайым, әдеттегі түрі – өт қабын алып тастау үшін операция өткізу. Егер науқасқа операция жасалуы мүмкін болмаса, дәрігер холестеринді өт тасын еріту үшін хирургиялық емес шараларды тағайындайды. Операция  жасалуы мүмкін емес адамдарға немесе жалпы өт түтіктерінен тастарды алып тастау үшін өт қабын алып тастауға операция - холецистэктомия жасалуының алдында науқастарға дәрігер ЭРХПГ - эндоскопиялық ретроградтық холангиопанкреатографияны тағайындауы мүмкін.  
  • Өт қабы – өмірлік маңызды ағза емес, адам өт қабынсыз өмір сүре алады. Өт қабын алып тастаған кезде өт - өт қабында жиналудың орнына бауырдан бауыр және жалпы өт түтіктері арқылы тікелей ұлтабарға түседі. 

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.