Пенистің (жыныстық мүше - қасаның) қатерлі ісігі
Мазмұны
Жалпы ақпарат
Ерлердің репродуктивті жүйесінің ағзасы – жыныстық мүшеде пайда болатын қатерлі ісіктің түрі – пенистің (қасаның) қатерлі ісігі аталады.
Ерлердің репродуктивті жүйесі
Себептері
Аурудың пайда болуының нақыт себептері белгісіз.
Шәуеттің жиналуы, жыныстық мүшенің күпегінің астында жағымсыз иісті қоймалжың заттектің жинақталуы жыныстық мүшенің қатерлі ісігінің даму қаупін арттырады.
Сүндетке отырғызылмаған, күпек аумағының тазалығын қадағаламайтын ерлер, сондай-ақ, үшкір кондилома немесе адам папиломасы вирусы (ВПЧ) бар ерлер осы сирек аурудың пайда болу қаупіне бейім келеді.
Симптомдары
-
Жыныстық мүшедегі ойықжаралар
-
Пенистегі ауырсыну және қан кетуі (аурудың асқынуында болуы мүмкін)
Диагностика
Дәрігер медициналық тексеруді өткізеді, оның барысында сыртқы пішіні безеу немесе сүйел секілді түзіліс анықталады. Бұл түзіліс, әдетте, пенистің ұшында орналасады.
Қатерлі ісік диагнозын қою үшін осы түзілістің биопсиясы жасалады.
Емдеу
Емдеу ісіктің өлшеміне және орналасуына, таралу ауданына байланысты.
Жалпы, қатерлі ісікті емдеуге кіретіндер:
-
Химиялық емдеу – қатерлі ісік жасушаларын жоятын дәрілік препараттарды қабылдау
-
Сәулелік емдеу – ісікті жою үшін күшті рентген сәулесі қолданылады.
-
Оперативтік емдеу – қатерлі ісікті хирургиялық жолмен алып тастау.
Егер ісік шағын болса, немесе жыныстық мүшенің ұшына жақын орналасса, пенистегі қатерлі ісік аумағын ғана алып тастау операциясы жасалады. Ісіктің нақты орналасуына сай операция глансэктомия немесе ішінара пенэктомия аталады. Кейбір ісіктерді емдеу үшін лазерлік операция қолданылуы мүмкін.
Күрделі ісіктер үшін жыныстық мүшені толық алып тастау қажет (жаппай пенэктомия). Бұл жағдайда организмнен несепті шығару үшін шаптың аумағында жаңа түтік жасалынады. Бұл шара уретростомия аталады.
Оперативтік араласумен қатар химиялық емдеу қолданылады. Әдетте, жыныстық мүшенің қатерлі ісігін емдеу үшін цисплатин, ифосфамид, паклитаксел тағайындалады.
Сәулелік емдеу, көбінесе, хирургиялық араласумен бірге ұсынылады. Мұндай жағдайда сыртқы сәулелік емдеу қолданылады. Бұл әдіс пенисті сыртынан сәулелендіруді қамтамасыз етеді. Сыртқы сәулелік емдеу аптасына 5 рет, 6-8 апта бойы жалғасады.
Болжамы
Ерте анықталып, емделсе, болжамы оң болуы мүмкін. Жыныстық мүшенің қатерлі ісігінде 5-жылдық тірі қалу 65% құрайды. Несеп шығару және жыныстық қызмет пенистің біршама бөлігін алып тастағанда да сақталуы мүмкін болады.
Мүмкін асқынулары
Жыныстық мүшенің қатерлі ісігі аурудың бастапқы сатысында да басқа ағзаларға жиі тарайды.
Қашан дәрігерге көріну қажет
Жыныстық мүшенің қатерлі ісігінің симптомдары болса, дәрігерге көрініңіз.
Алдын алу
Сүндетке отырғызу қауіпті азайтады. Сүндетке отырғызылмаған ерлерге жасынан күпекті тазартуды түсіндіру қажет, бұл олардың жеке гигиенасының құраушысы.
Жеке гигенаны сақтау және қауіпсіз жыныстық қатынасты қолдау, жыныстық қатынаста серіктестердің санын шектеу, АИТВ инфекциясының алдын алу мақсатында презервативтер қолдану жыныстық мүшенің қатерлі ісігінің даму қаупін азайтады.
Синонимдары
Жыныстық мүшенің қатерлі ісігі; пенистің жалпақ жасушалы қатерлі ісігі.
Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры: http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/001276.htm
Аудармашы: Асель Стамбекова, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі
Редакциялық алқа:
Алмаз Шарман, медицина профессоры
Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.
Сәлім Смайылов, б.ғ.к.