Реактивтік артрит
Мазмұны
Жалпы ақпарат
Жалпы ақпарат
Реактивтік артрит – бұл буындарды, несеп шығару каналын және көзді зақымдайтын ауру. Зақымданған бөліктер ісініп, қабынады. Көбінесе, реактивтік артрит инфекцияға жауап ретінде пайда болады.
Себептері
Реактивтік артриттің нақты себебі белгісіз. Көбінесе, 40 жасқа дейінгі ерлер жиі ауырады. Кейбір жағдайда, ауру қорғаныссыз жыныстық қатынастан кейін пайда болған инфекциядан кейін пайда болады. Сондай-ақ, артрит ішек инфекциясынан кейін (тағамдық улану) пайда болуы мүмкін.
Аурудың пайда болу қаупі кейбір гендердің болуында артады.
Кішкентай балалар реактивті артритке сирек шалдығады, бірақ, жасөспірімдерде пайда болуы мүмкін.
Симптомдары
Несеп шығарылуының бұзылысына байланысты симптомдар жұқпаланғаннан кейін бірнеше күн немесе апта ішінде пайда болады. Оларға жататындар:
• несеп шығару кезіндегі күйдіру сезімі
• несеп шығару каналындағы бөлінділер
• несеп шығарудың қиындауы
• несеп шығарудың жиілеуі.
Бірнеше апта ішінде температураның артуы, көзден бөлінділер, көздің қызаруы (конъюнктивит) немесе ашуы, күйдіру сезімі пайда болуы мүмкін.
Осы кезеңде буындағы ауырсыну және қозғалудың шектелуі пайда болады. Артриттің барысы жеңіл немесе ауыр болуы мүмкін. Артриттің симптомдары:
• өкшедегі немесе ахилл (өкшедегі) сіңіріндегі ауырсыну
• жамбас, тізе, тобық буындарындағы және белдегі ауырсыну
• ауырсыну дененің тек бір жағында немесе бірнеше буында болуы
Сондай-ақ, симптомдарына алақан мен табандағы ойықжара жатады, олар псориаз кезіндегі ойықжарадай болып көрінеді. Ауызда, тілде және пенисте шағын, ауырсынбайтын ойық жаралар пайда болуы мүмкін.
Диагностика
Дәрігер науқастың шағымына сай алдын ала диагноз қояды. Қараған кезде терідегі ойық жаралар мен конъюнктивит анықталады. Аурудың симптомдары бір уақытта пайда болмайды, бұл аурудың диагнозын қоюды қиындатады.
Қажетті тексерулер:
• Антиген HLA-B27
• зақымданған буындардың рентгенографиясы
• эритроциттердің шөгу жылдамдығы (СОЭ)
• несептің жалпы талдауы
Емдеу
Емдеудің мақсаты – ауруды туындатқан инфекцияны емдеу және симптомдарын жеңілдету.
Уақытылы емдеуде көз және тері симпомдары өздігінше өтеді.
Инфекция болуында антибиотикпен емдеу курсы тағайындалады. Буын ауырса, қабынуға қарсы стероидты емес препараттар (НПВП) тағайындалады. Буын ұзақ уақыт бойы ісінетін болса, буын қуысына кортикостероидты препараттарды енгізу қажет болуы мүмкін.
Физиотерапия ауырсынуды жеңілдетуге ықпал етеді. Бұл буындағы қозғалыстың көлемін ұлғайтуға және бұлшық ет күшін қолдауға ықпал етеді. Сирек жағдайда аурудың ауыр өтуінде иммундық жүйені басатын дәрілік препараттармен емдеу қажет болуы мүмкін.
Аурудың болжамы
Реактивтік артрит бірнеше аптада өтуі мүмкін, бірақ, бірнеше айға да созылуы мүмкін. Науқастардың жартысында белгілі бір уақыт ішінде аурудың симптомдары қайтадан пайда болуы мүмкін.
Сирек жағдайда ауру жүректің жұмысындағы ауытқуға және жүректің аорталық қақпақшасының зақымдануына апаруы мүмкін.
Қашан дәрігерге көріну қажет
Осы аурудың симптомдарының пайда болуын байқасаңыз, медициналық көмекке жүгініңіз.
Алдын алу
Реактивті артритті туындататын инфекцияларды болдырмас үшін қауіпсіз жыныстық қатынасты қолдау қажет.
Синонимдары
Рейтер Синдромы; инфекциядан кейінгі артрит.