.

Ревматоидтық артрит | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Ревматоидтық артрит

Мазмұны

Ревматоидтық артрит дегеніміз не?

Ревматоидтық артриттің симптомдары қандай?

Ревматоидтық артритке шалдығу туралы қалай білуге болады?

Дәрігер ревматоидтық артритті қалай анықтайды?

Ревматоидтық артрит қалай емделеді?

Ревматоидтық артриттен жазылуға болады ма?

Ревматоидтық артрит болса, науқас өзіне қандай күтім жасай алады?

Ревматоидтық артритте тағы қандай мәселелер туындайды?

Дәрігерге қойылуы мүмкін сұрақтар

 

Ревматоидтық артрит дегеніміз не?

Ревматоиддық артрит (РА) – буындағы қабынуды және ауырсынуды туындататын аутоиммундық ауру. Ол дененің басқа да бөліктерін зақымдауы мүмкін, мысалы, жүрек пен өкпенің қабықшасын.

 

Ревматоидтық артриттің симптомдары қандай?

Ревматоидтық артритте төмендегі симптомдардың бірі болуы мүмкін:

  • Буындардың ауырсынуы және ісінуі, әсіресе, қолдың, аяқтың, тізенің.
  • Буындардың қозғалуының шектелуі
  • Зақымданған буындардың әрең қозғалуы және ауырсынуы (әсіресе, ұйқыдан кейін)
  • Қызба
  • Қолдың қызаруы, ісінуі
  • Шаршау
  • Буынға жақын тері астындағы қатты төмпешіктердің пайда болуы (ревматоидтық түйіндер)
  • Тәбетті жоғалту.

 

Ревматоидтық артритке шалдығу туралы қалай білуге болады?

Қолдың, білектің, аяқтың ұшы мен тізенің буындары, әдетте, дерттік үрдіске алдымен ұшырайды. Ревматоидтық артрит, әдетте, дененің екі жағындағы бірнеше буынды қатар қамтиды. Мысалы, екі білектің де ауырсынуын және қозғала алмауын сезінуіңіз мүмкін. Уақыт өте келе үрдіске ірі буындар да ұшырайды, мысалы, иектің, иықтың, және жамбастың.

 

Дәрігер ревматоидтық артритті қалай анықтайды?

Дәрігер симптомдар туралы сұрастырып, медициналық тексеруді жүргізеді. Ауруды нақтылау үшін ол қан талдауын, буындық сұйықтықтың талдауын (ауырсынудың басқа себептерін ескеру үшін зерттеу), рентген тағайындайды.

 

Ревматоидтық артрит қалай емделеді?

Науқас өзін сезінуді жақсарту үшін қабынуды азайтатын (аспирин, ибупрофен), немесе ауырсынуды жеңілдететін (ацетаминофен) дәрілік препараттарды қабылдауына болады. Бұл препараттар  рецептсіз босатылады. Емдеуші дәрігер қабынуға қарсы стероидтық емес препараттарды тағайындайды (НПВП). Бұл дәрілер ауырсыну мен ісінуді азайтады, бірақ, буынның зақымдануын бәсеңдетпейді. Бұл дәрілер орынды қолданылуы тиіс. Препараттың қозғалу үшін өзіңізді жақсы сезіну үшін жеткілікті болатын мөлшерлемесін ғана қабылдау қажет. Тым көп мөлшерін қабылдау жанама әсерлерінің пайда болу қаупін аттырады.

Иммундық жүйенің жұмысын реттейтін (иммунодепрессанттар) дәрілер де аурумен күресуге қолданылады. Ревматоидтық артрит кезінде иммундық жүйенің жұмысы бұзылады. Аталған препараттар оны қалпына келтіреді. Дегенмен, бұл дәрілер организмнің иммундық жүйесінің инфекцияға жауапты серпінін азайтуы мүмкін.

Егер дерттік үрдісте буындардың аз саны қамтылса, дәрігер стероидтарды (мысалы, преднизолонды) тағайындайды. Олар ауырсыну мен ісінуді азайтады, буындардың зақымдану үрдісін бәсеңдетеді, бірақ, олар қысқа уақыт ішінде ғана қолданылуы мүмкін. Стероидтар ұзақ қабылданған сайын (айлар немесе жылдар), тиімділігі азаяды. Олар түсініксіз көгеру,сүйектің жұқаруы, катаракта және диабет секілді жанама әсерді туындатуы мүмкін.

Антиревматикалық  дәрілік препараттар ревматоидтық артритпен күресте көмектесе алады. егер бұл препараттарды қабылдау ерте басталса, олар буындардың зақымдануын азайта алады. Бұл дәрілер баяу әрекет етеді, өзіңізді жақсы сезінгенге дейін бірнеше апта өтуі мүмкін. Дәрігер қан талдауын жасап, бұл дәрілердің сіз үшін қауіпсіз екендігін анықтайды. Бұл дәрілердің кейбірін жүктілік кезінде қабылдауға болмайды. Антиревматикалық  дәрілік препараттарды тағайындау алдында дәрігер жүктіліктен қорғану шаралары туралы айтады.

Дәрілік  препараттар арқылы ревматоидтық артритті емдеудің әсері болмаса, оперативтік емдеу ұсынылуы мүмкін. Операция буындардың қозғалуын қалпына келтіріп, ауырсынуды жеңілдетіп, ауруға байланысты болған деформацияны түзетуге көмектеседі. Дәрігермен операцияның артықшылығы мен қауіптері туралы кеңесіңіз.

Дәрігермен ревматоидтық артритты емдеудің барлық нұсқалары туралы кеңесіңіз.

 

Ревматоидтық артриттен жазылуға болады ма?

Ревматоидтық артрит – өмір бойы созылатын ауру. Кейде сәйкес емделгенде симптомдары біршама уақытқа жойылады, бірақ, олар, әдетте, қайта оралады. Симптомдар қайталанысымен бірден дәрігерге көріну маңызды.

 

Ревматоидтық артрит болса, науқас өзіне қандай күтім жасай алады?

Ұдайы, жеңіл жаттығулар буындардың маңайындағы бұлшық еттерді нығайтып, шаршауды баса алады. Жаттығуды  бастау үшін су-аэробикасы және жүру қолайлы. Жаттығу кезінде сау буында ауырсынуды сезінсеңіз тоқтаңыз. Егер ауырсыну өтпесе, дәрігерге көріну қажет.

Салмақ азайту және емдәм қадағалау да ревматоидтық артритте көмектеседі.  

Зақымданған буынға жүктемені азайту үшін арнайы құрал-жабдықты қолдануға болады, олар сіздің күнделікті тіршілігіңізде көмектеседі. Қысып ұстайтын құрал-жабдықтар биік орналасқан нәрселерді алуға көмектеседі. Таянатын таяқ жүруді жеңілдетеді.  Дәрігерден күнделікті тіршілігіңізде көмектесетін құрал-жабдықтар туралы сұрастырыңыз.

Ауырсынуды жеңілдету үшін ауыратын буынға жылу немесе суық басу қажет. Жылу ширыққан бұлшық етті босаңсытады, ал суық ауырсынуды басады. Буынға жылумен әсер етудің ең оңай тәсілі – 15 минуттық ыстық душ немесе ванна қабылдау. Суық компрестер немесе салқын су басу – суықты қолданудың тиімді тәсілдері. Қан айналымы нашар болса, бұл әдістерді қолдануға болмайды.

Науқас не істей алады?

  • Ұдайы жаттығу жасаңыз
  • Салмақ азайту бойынша шараларды қабылдаңыз
  • Емдәмді қадағалаңыз
  • Жылуды қолданып, ауырсыну мен қозғала алмауды азайтуға болады (ыстық душ немесе жылытқыш-қалта).

 

Ревматоидтық артритте тағы қандай мәселелер туындайды?

Ревматоидтық артрит денсаулыққа қатысты басқа мәселелерге апаруы мүмкін. Уақыт өте келе қолдың деформациясы пайда болуы мүмкін. Өкпеде және жүректе мәселелер пайда болуы мүмкін. Жаңа симптомдарды байқасаңыз немесе денсаулыққа қатысты мәселелер болса, дәрігерге көрініңіз.

 

Дәрігерге қойылуы мүмкін сұрақтар

  • Ревматоидтық  артрит қалай емделеді?
  • Буындағы ісіну мен ауырсынуды азайту үшін қандай шара қабылдауға болады?
  • Ревматоидтық  артриттің пайда болу себебі неде?
  • Қандай дәрілік препараттар бұл ауруды емдейді?
  • Симптомдар қайталанса, не істеу қажет?

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.