.

Самай-төменгі иек синдромы | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Самай-төменгі иек синдромы

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат        

Самай-төменгі иек синдромы немесе самай-төменгі иек буынының дисфункциясы (қызметінің бұзылысы)  - самай мен төменгі иекті қосатын буынның дұрыс қызмет етпеуі.                                                                                                    

 

 

 

 

 

 

 

Cамай-төменгі иек буыны (СТИБ)

 

Самай -төменгі иек буыны (СТИБ) – бассүйектің самай сүйегі мен төменгі иектің буындасуынан тұрады.

·         Ондағы қозғалыс үш бағытта болуы мүмкін:

·         Төменгі иекті түсіру және көтеру (ауызды ашу, жабу).

·         Төменгі иектің алға-артқа жылжуы.

·         Төменгі иектің айналуы – шайнаудағы қиғаш қимылдар.

СТИБ – адам организміндегі ең белсенді буындардың бірі. Ол ұдайы әрекет етеді – сөйлегенде, тамақты шайнап, жұтқанда (минутына 1-2 рет). 

Себептері

Самай -төменгі иек буыны (СТИБ) дисфункциясы дамуының ең жиі себебі – күйзеліс. Сондай-ақ, кең таралған себептері - стоматологиялық процедуралар:

·         Тіс протездерінің дұрыс келмеуі. Бұл кезде буынның тіске және иек бұлшық етіне түсіретін жүктемесі артады.

·         Шайнайтын тістегі пломбаның дұрыс қойылмауы СТИБ жұмысының симметриясын бұзғандықтан, бір жаққа көбірек жүктеме түседі, бұл буын дискісінің ығысуына апарып, СТИБ дисфункциясы синдромы дамиды.

·         Науқастардың мамандардың ұсыныстарын орындамауы.

·         Стоматологта демалысқа үзіліс жасамастан, ұзақ болу (3 және одан артық сағат).

Аурудың басқа мүмкін себептері:

·         Тістүйістің дұрыс болмауы және басқа көптеген себептер.

·         Тісті жоғалтудан және олардың жоғары үйкелісінен тістүйіс биіктігінің төмендеуі.

·         бруксизм (тісті еріксіз беттестіру және шықырлату).

·         Буын жарақаты.

·         Спортпен айналысқандағы артық жүктемелер.

·       Кейбір гормоналдық ұрықтануға қарсы құралдарды қабылдау.

 

Симптомдары

СТИБ дисфункциясы синдромының симптомдары:

  • Тістегенде және шайнағандағы жайсыздық
  • Ауызды ашып, жапқандағы «тырс» еткен дыбыс
  • Иек аумағындағы ауырсыну
  • Иекті қозғалта алмау
  • Бет аумағындағы басылмайтын, сыздап ауырсыну
  • Құлақтағы ауырсыну
  • Бас ауыруы

 

Диагностика

СТИБ дисфункциясы синдромының диагностикасы үшін қолданылады:

·         рентгенография

·         магниттік-резонанстық томография

·         артроскопия (буынның жағдайын шағын тіліктен артроскопты енгізу арқылы анықтау)

 

СТИБ дисфункциясы синдромының негізгі мәселесі – кеш анықталуы. Бас ауруына немесе мойы бұлшық еті ширығуына шағымданып, стоматологқа баратындар аз. Сондықтан, жоғарыда келтірілген симптомдардың бірін байқасаңыз, стоматологқа, хирургқа немесе   ортопедке барыңыз.

 

Емдеу

Самай -төменгі иек буыны (СТИБ) дисфункциясы синдромының толық сауықтыратын емдеу әдісі болмағанымен, емдеудің консервативтік (хирургиялық емес) әдісі арқылы дамыған симптомдарды айтарлықтай азайтуға болады, ол тиімсіз болса емдеудің оперативтік  әдісі бар.

 

Консервативтік әдістер:

·         окклюзиялық шиналарды (пластмассадан жасанды иек) қолдану. Мұндай шинаны науқас тістің түйісуі мен төменгі иектің орналасуы өзгергенге дейін уақытша қолданады. Бұл әдіс ауырсынуды басуға, СТИБ және шайнау бұлшық етінің дисфункциясын жоюға бағытталған.

·         Ауырсынуды басатын емдеу: әдетте,  анальгетиктер (аспирин, парацетамол мен кодеиннен тұрады) және стероидты емес (гормоналдық емес) қабынуға қарсы құралдар қолданылады. Препаратты ішу немесе егу арқылы қолданғанға қарағанда жүктемеден кейін ауырсыну болса, қабынуға қарсы стероидты емес (гормоналды емес) гельді аппликация ретінде қолдану жақсы көмектеседі.

 

Хирургиялық емдеу

Әдетте, хирургиялық емдеу консервативтік емдеу көмектеспегенде қолданылады. Алайда, оперативтік емдеу СТИБ дисфункциясы мәселесінен арылуға кейде көмектеспеуі мүмкін.

 

Аурудың болжамы

·        Көптеген адамдарда симптомдар аз уақытқа пайда болып, біраздан кейін жоғалуы мүмкін.

·        Кейде  симптомдар емдеусіз де өтуі мүмкін.

·    Көптеген жағдайда, ауру толығымен емделіп жазылады. Алайда, самай -төменгі иек буыны (СТИБ) дисфункциясы синдромына байланысты ауырсыну қайталануы мүмкін.

 

Мүмкін асқынулары

  • Бет аумағындағы созылмалы ауырсыну
  • Бастың созылмалы ауыруы.

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

Дәрігерге көрініңіз:

·         Ауыз ашқанда және тамақ ішкенде қиындық болса.

·         самай -төменгі иек буыны (СТИБ) дисфункциясы синдромы артрит секілді күрделі мәселеге байланысты болуы мүмкіндігін есте ұстау қажет!

 

Алдын алу

СТИБ дисфункциясы синдромының алдын алу:

·         тісті уақытылы және сапалы емдеу, протезін жасау,

·         тістүйісін түзету,

·         жарақаттан кейін дәрігерге уақытылы көріну. 

 

Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры: http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/001227.htm

Материалды дайындағандар: Альнара Кудайбергенова, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі;  Куаныш Орманов, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі.

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Шыңғыс Жұмағұлов, zdrav.kz порталының контент-менеджері.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.