.

Шеткері артериялардың аурулары (ұстамалы ақсау, бітейтін атеросклероз, тромбангит) | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Шеткері артериялардың аурулары (ұстамалы ақсау, бітейтін атеросклероз, тромбангит)

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Болжамы

Мүмкін асқынулары

Дәрігерге қашан көріну қажет

Синонимдары

 

Жалпы ақпарат

Шеткері артериялардың аурулары – аяқты және аяқтың ұшын қанмен қамтамасыз ететін артериялардың қабырғаларын нығайтуға және тарылтуға апаратын дерттік жағдай.

Тамырлардың саңылауының тарылуы олардағы қан ағымының азаюына апарады, бұл нервтер мен тіндердің зақымдануын туындатады.

 

Аяқтың атеросклерозы аяқты және аяқтың ұшын қанмен қамтамасыз ететін артериялардың тарылуымен және қабырғасының нығаюымен сипатталатын шеткері қан тамырларының ауруы. Артериялардың тарылуы қан ағымының азаюына апарады. Аурудың симптомдарына жататындар – аяқтағы ауырсыну және жансыздану, ұйып қалу сезімі, аяқтың және аяқ ұшының мұздау сезімі, сандағы, балтырдағы немесе аяқ ұшындағы бұлшық еттің ауырсынуы.

Себептері

Шеткері артериялардың аурулары атеросклероз немесе «артериялар қабырғасының қатаюы» салдарынан туындайды. Бұл дерттік жағдай май бөліктерінің тамырлар қабырғасындағы жинақталуында пайда болады, нәтижесінде саңылау тарылады. Сондай-ақ, артериялардың қабырғасы тығыз бола түседі және оларда қан ағымы күшейгенде кеңейе алмайды.

Нәтижесінде, аяқтың жұмысының күшеюінде, мысалы, жаттығу немесе серуендеу кезінде олар қанның және оттегінің қажетті мөлшерін ала алмайды. Аурудың ушығуында, түбінде, организм бұл бұлшық еттерін қан мен оттегінің жеткілікті мөлшерімен тыныш күйдің өзінде қамтамасыз ете алмайды.

Шеткері артериялардың аурулары – жиі тараған ауру. Ол 50 жастан асқа ерлердің арасында жиі кездеседі. Адамдар келесі жағдайларда жоғары қауіпке ие болады:

  • Қандағы холестериннің жоғары мөлшері
  • Қант  диабеті
  • Жүрек аурулары (жүректің ишемиялық ауруы)
  • Артериалдық қысымның артуы (артериалдық гипертония)
  • Бүйрек аурулары,  гемодиализ өткізу қажеттігімен
  • Темекі шегу
  • Инсульт (мидың қанмен қамтамасыз етілуінің бұзылуы немесе қан құйылуы)

 

Симптомдары

Әдеттегі симптомдары : аяқ ұшының, балтырдың немесе  санның бұлшық етіндегі ауырсыну, шаршау, күйдіру немесе жайсыздық сезімі. Бұл симптомдар әдетте, серуендеу немесе дене жаттығулары кезінде пайда болады және бірнеше минут демалғаннан кейін өтеді.

  • Аурудың бастапқы кезінде бұл симптомдар тауға шығатын кезде, тез жүруде, немесе үлкен қашықтықтағы жолды жүргенде пайда болады. 
  • Кешірек бұл симптомдар жиірек және аз жүктемеде де пайда болады.
  • Тыныш күйде аяқтың және аяқ ұшының ұйып қалуы сезіледі. Аяқты ұстағанда -салқын, ал терісі солғын болып көрінеді.

 

Шеткері артериялардың аурулары ушыққан кезде келесі симптомдар дамуы мүмкін:

  • Импотенция
  • Түнгі кездегі ауырсыну және құрысу
  • Аяқ ұшындағы немесе бақайлардағы ауырсыну немесе шаншу, олар айқын болғандықтан, аяққа киім немесе төсек тигенде ауырсыну сезімі пайда болады.
  • Аяқты көтергенде нашарлайтын және төсектен төмен түсіргенде әлсірейтін ауырсыну
  • Тері қошқыл және көгерген болып көрінеді
  • Жазылмайтын жаралардың пайда болуы

 

Диагностика

Дәрігермен кеңесуде анықталуы мүмкін:

  • Зақымданған артерия үстіндегі фонендоскоппен тыңдалатын, ысқыратындай дыбыс
  • Зақымданған аяқтағы артериалдық қысымның төмендеуі
  • Аяқтың түктерінің жойылуы
  • Аяқтағы тамырдың соғуының әлсіздігі немесе болмауы

 

Шеткері артериялар ауруларының ауыр өтуінде пайда болатын симптомдар:

  • Санның бұлшық етінің жұқаруы, атрофиясы
  • Бақайдың үстіндегі және аяқ ұшының түктерінің түсуі
  • Аяқтағы немесе бақайлардағы ауырсынатын, қанамайтын, баяу жазылатын ойық жаралар (қара түсті)
  • Бақайдың немесе аяқ ұшының терісінің солғындығы немесе көгерген түсі (цианоз)
  • Жылтыр, тартылған тері
  • Тырнақтың қалыңдауы

Қан талдауында холестерин деңгейінің артуы немесе қант диабеті анықталады.

Шеткері артериялардың ауруларында қажетті тексерулер:

  • Аяқтың артерияларының ангиографиясы (артериография)
  • Қол-аяқтағы артериалдық қысымды өлшеу және салыстыру (тобықтық-иықтық индекс)
  • Ультрадыбыстық допплерография
  • Магниттік-резонанстық ангиография немесе КТ- ангиография

 

Емдеу

  • Дене жаттығулары мен демалысты үйлестіріңіз. Жаяу жүріңіз немесе басқа жаттығуларды орындаңыз, ауырсынуға қарамастан жүруді демалумен кезектестіріңіз. Уақыт өте келе жаңа, шағын (коллатералдық) қантамырлар қалыптасуымен қан айналымы жақсарады. Жаттығу алдында дәрігермен кеңесіңіз.
  • Темекі шекпеңіз. Темекі шегу артерияларды тарылтады, осылайша, қанның оттегіні тасымалдау қабілеті төмендейді, бұл кезде тромбы және эмболия қалыптасу қаупі артады.
  • Аяққа күтім жасау қажет, әсіресе, қант диабеті болса. Ыңғайлы аяқ киім кию қажет. Кез келген кесіп алуға, зақымға назар аудару қажет және дәрігерге көріну қажет. Тіндер баяу жазылады және қан айналымы бұзылуы болғанда жиі жұқпаланады.
  • Артериалдық қысымның жақсы бақылануына көз жеткізіңіз.
  • Артық салмақ болса, азайтыңыз.
  • Егер холестерин деңгейі жоғары болса, холестерин мен майдың мөлшері төмен болатын емдәм ұстаныңыз.
  • Диабет болса, қандағы қант деңгейін бақылаңыз.

 

Бұл топтың ауруларын бақылау үшін дәрілік препараттар қабылдау қажет болады, мысалы:

  • Аспирин немесе клопидогрель (Плавикс) препараты, ол артериялардағы тромбының қалыптасуының алдын алады. Дәрігермен кеңеспей, бұл дәрілерді қабылдауды ТОҚТАТПАҢЫЗ.
  • Зақымданған артерияның саңылауын кеңейтетін дәрілер. Сондай-ақ, артериялардың жеңіл және ауыр зақымдануы бар адамдарда қолданылады, оперативтік емдеуге баратындардан басқаларда. 
  • Холестерин деңгейін төмендететін препараттар
  • Ауырсынуды басатын құралдар.

Егер жоғары артериалдық қысымнан және қант диабетінен дәрі қабылдайтын болсаңыз, оларды дәрігердің ұсынысына сай қабылдауды жалғастырыңыз.

Аурудың барысы ауыр болса, жұмысқа немесе басқа қызметке әсер етсе, немесе тыныш күйде ауырсыну сезілсе, хирургиялық араласу орындалады. Мүмкін нұсқалары:

  • Шеткері артериялардыың ангиопластикасы және стенттеу (жүректің коронарлық артериясын ашуда қолданылатын әдіске ұқсас, тек зақымданған аяқтың қантамырында орындалады)

Шеткері артериялардың аурулары бар науқастардың кейбіріне ампутация қажет болуы да мүмкін.

 

Болжамы

Әдетте, шеткері артериялардың ауруларын хирургиялық араласусыз да бақылауға болады. Ауыр жағдайда хирургиялық емдеу аурудың симптомдарын жеңеді.

 

Мүмкін асқынулары

  • Тромбоз немесе эмболия, олар ұсақ артерияларды бітейді.
  • Жүректің ишемиялық ауруы
  • Импотенция
  • Аяқтың ашық жарасы (ишемиялық ойық жаралар)
  • Тіндердің жойылуы (гангрена)

 

Дәрігерге қашан көріну қажет

Келесі симптомдар кезінде дәрігерге көрініңіз:

  • Аяқтың немесе аяқ ұшының терісі ұстағанда суық, солғын түсті, көгерген немесе жансызданып, ұйып қалуын сезінесіз
  • Кеудедегі ауырсыну немесе ентігу, аяқтың ауырсынуымен қоса.
  • Аяқтың ауырсынуы, демалғанда немесе қимылсыз болғанда да өтпейтін (тыныш күйдегі ауырсыну)
  • Аяқтар қызыл, ұстағанда ыстық немесе ісініп көрінеді
  • Жаңа жаралардың/ойық жаралардың пайда болуы
  • Инфекция белгілері (қызба, қызару, жалпы нашар сезіну)
  • Аяқ атеросклерозының симптомдары

 

Синонимдары

Шеткері артериялардың аурулары; Бітейтін атеросклероз; сирақтың артерияларының бітелуі; ұстамалы ақсау; Вазоокклюзивтік аяқ аурулары; Аяқтың артериалдық жеткіліксіздігі; аяқтағы кезеңді ауырсынулар және құрысулар.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.