.

Терінің қатерлі ісігі | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Терінің қатерлі ісігі

Меланома деген не?

Меланома – терінің қатерлі ісігінің бір түрі. Меланома терінің меланоциттер деп аталатын жасушаларынан дамиды. Меланоманың не екенін анық білу үшін, біз алдымен мелоноциттердің не екенін, олардың ағзада қандай қызмет атқаратының, және де олардың қатерлі ісік жасушаларына айналған кезде қандай өзгерістер болатының толықтай білуіміз қажет.

Тері

Тері ағзамыздағы ең үлкен мүше болып табылады. Тері адамды жоғары температурадан, күн сәулесінен, жарақаттар мен инфекциядан қорғайды. Тері адам денесіндегі температураны бір қалыпты ұстап тұруға, суды және майды сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар Д витаминін өндіруге де қатысады.

Тері – эпидермис және дерма деп аталатын екі қабаттан тұрады.

Эпидермистің көп бөлігі сквамозды жасушалар деп аталатын жалпақ жасушалардан тұрады. Сквамозды жасушалардың астында базальды жасушалар орналасады. Эпидермистің төменгі қабаты меланоциттерден құралады.

  • қылтамырлары, лимфа тамырлары және тері асты бездері бірігіп – дерманы құрайды. Осы бездердің кейбіреулері температураны реттеуге қатысатын терді өндіреді. Ал басқа бездер болса, теріні құрғаудан сақтайтын және оны ылғалдылықпен қамтамасыз ететін тері майларын өндіруге қатысады. Тер және тері майлары терінің бетіне терінің ұсақ тесіктері арқылы шығады.

Меланоциттер және қал

Меланоциттер теріге түс беретін меланин деген пигментті өндіреді. Теріге тікелей күн сәулесі түскен кезде меланоциттер пигментті көбірек өндіріп, терінің қараюына және күнге күюіне алып келеді.

Кей жағдайда бірқатар меланоциттер мен айналасындағы тіндер бірігіп қатерсіз ісіктер, яғни қалды түзеді. (Дәрігерлер қалды невус деп атайды). Қал адамдарда жиі кездеседі. Көбімізде қал 10-нан 40-қа дейін болады. Қалдың ақшыл, сары-қоңыр, қоңыр немесе теріге жақын түстері болады. Қара торы келген адамдардың қалы да қара торы болады. Қалдың жалпақ немесе бүдірлі түрлері кездеседі. Көбінесе олар домалақ немесе сопақ және диаметрі қаламға арналған ұштағыштың кіреберісінен де аз болып келеді. Олар туылғанда байқалуы мүмкін немесе одан кеш, көбінесе 40 жасқа дейін шығуы мүмкін. Қалды хирургиялық жолмен алып тастағаннан кейін олар қайтадан пайда болмайды.

https://www.zdrav.kz/images/content/cancer/pic8.jpg

 

Меланома

Меланоциттер (пигментті жасушалар) қатерсізден қатерліге айналған кезде меланома пайда болады. Пигментті жасушалардың басым көпшілігі теріде орналасады; меланома теріде дамып бастаса оны терілік меланома деп атайды. Сонымен қатар меланома көзде де дамуы мүмкін (көз сыртылық немесе көз ішілік). Сирек меланома бас миы қабығында, асқазан ішек жолдарында, лимфа түйіндерінде, және меланоциттері бар басқа да мүшелерде дамуы мүмкін. Меланоманың теріден басқа мүшелерде дамуы жайлы бұл статьяда айтылмайды. Онкологиялық аурулар туралы ақпараттық қызмет жүйесі, меланоманың басқа түрлері жайлы ақпаратты сіздерге ұсына алады. Меланома әлемде ең көп таралған онкологиялық аурулар қатарына кіреді. Адам қартайған сайын меланомамен ауру қаупі жоғарылай береді, алайда бұл ауру кез келген жаста пайда болуы мүмкін. Бұл ауру кез-келген тері беткейінде дами алады. Ер адамдарда меланома көбінесе кеуде бөлігінде (йығынан бастап жамбасқа дейін) немесе мойын-бас аймағында орналасады. Әйел адамдарда көбінесе аяғының төменгі бөліктерінде орналасады. Қара торы келген адамдарда басқаларына қарағанда меланоманың даму қаупі әдетте жоғары болып келеді. Егер меланома адамдардың осы тобында дамыса, ол аяқ-қол тырнақтарының астында немесе алақан-табанында орналасу үрдісіне ие.

Меланома ағзаға таралған жағдайда қатерлі ісік жасушалары лимфа түйіндерінің жанында пайда болуы мүмкін. Негізі лимфа түйіндері адамның бүкіл денесінде топталып орналасады. Лимфа жүйесіне түскен бактериялар, қатерлі ісік жасушалары және басқа да зиянды заттар болса, лимфа түйіндері оларды ұстап қалатындай қасиетке ие. Қатерлі ісік жасушалары лимфа түйіндерінде пайда болса, оның дененің басқа мүшелерінде де, мысалы бауырда, өкпеде немесе бас миында да, пайда болатыны жайында күдіктенуге болады. Осындай жағдайда басқа мүшелерде пайда болған ісіктерді бауыр қатерлі ісігі, өкпе немесе бас миы қатерлі ісігі деп есептеген дұрыс емес, олар бағана айтылғандай меланомалар, және ауру метастазданған меланома деп аталады.

Меланома: қауіп-қатер тобы қандай?

Меланоманың не себептен дамитыны әлі күнге дейін белгісіз. Меланоманың не үшін кейбір адамдарда дамитынын, не үшін кейбіреуінде дамымайтыны жайында сізге дәрігерлер нақты айтып бере алмайды.

Бірақ зерттеулерге байланысты, нақты қауіп-қатер факторлары бар топқа жататын адамдарда меланоманың дамуы басымырақ болады. Қауіп-қатер факторы деп аурудың дамуына себеп болатын бүкіл жағдайларды айтады. Алайда меланома дамыған көп адамдарда, белгілісіз факторларда кездесіп жатады.

Зерттеу барысында меланоманың келесі қауіп-қатер факторлары анықталды:

· Диспластикалық невустар: Диспластикалық невустар қарапайым қалға қарағанда қатерлі сипаты басымырақ болады. Диспластикалық невустар негізі жиі кездеседі, және көп адамдарда осындай ерекше қалдың бірнешеуі болады. Диспластикалық невустар адамдарда неғұрлым көп болған сайын, меланоманың даму қаупі жоғары болады. Отбасы тарихында диспластикалық невустар және меланомамен ауырған туыстары болса, осы аурумен ауру қаупі еселей түседі.

· Қарапайым қалдың көп болуы (50-ден көп): қалдың шамадан тыс болуы меланомамен ауру қаупін жоғарылатады.

· Ашық түсті тері: оңай күнге күйетін және сепкілденетін, яғни терісі ашық түсті адамдарда, қара торы келген адамдарға қарағанда меланома жиі кездеседі. Терісі ашық түсті адамдар күн сәулесінен жеңіл зақымданатыннан болғаннан шығар, оларда қара торы адамдарға қарағанда меланома жиі кездеседі

· Отбасы тарихында меланома немесе терінің қатерлі ісігімен ауратын туыстарының болуы: Меланомадан емделген адамдарда, аурудың қайталану қаупі жоғары болып келеді. Кей жағдайларда адамда екіден көп меланоманың дамуы мүмкін. Бір немесе одан көп терінің қатерлі ісігімен (базальды-жасушалы карцинома немесе сквамозды-жасушалы карцинома) ауырған адамдар, меланомамен ауру қаупі жоғары топқа жатады.

· Отбасы тарихында меаноманың болуы: меланома кейде отбасылық ауру болып қалыптасады. Осы аурумен ауратын бір немесе бірнеше туыстарының болуы, адамды қауіп-қатер тобына жатқызады. Меланомамен ауратын пациенттердің 10 пайызының отбасында осы аурумен ауратын туыстары болады. Меланома отбасылық ауруға айналған жағдайда, отбасы мүшелерін міндетті түрде тексерістен өткізу қажет.

· Иммундық жүйенің төмендеуі: Басынан өткен онкологиялық аурулардың, ішкі мүшелерді трансплантациялағаннан кейін қолданған дәрілердің, АИТВ-тың әсерінен дамыған иммундық жүйенің төмендеуі, адамды қауіп-қатер факторы жоғары топқа жатқызады.

· Күлдіреумен бірге, күнге күюдің ауыр дәрежесі: Балалық шағында немесе жасөспірім кезінде күлдіреумен бірге, күнге күюдің ауыр дәрежесін алған адамдар, меланомамен ауру қаупі жоғары топқа жатқызылады. Сол үшін де дәрігерлер ата-аналарға балаларын күн көзінен қорғауға кеңес береді. Осылай қорғану меланоманың болашақтағы дамуына да жол бермейді. Ересек кездегі күнге күюдің болуы да, меланоманың пайда болуына жол ашады.

· Ультракүлгін сәулемен сәулелену: мамандар әлемде адамдар арасындағы меланоманың жоғарылауын, олардың күн астында ұзақ уақыт жүруімен тікелей байланысты екеніне сенімді. Сонымен қатар ауру күн сәулесінен пайда болатын ультракүлгін радиациясының ең көп түсетін жерінде өмір сүретін тұрғындар арасында жиі таралады. Мысалы, АҚШ-та күн сәулесі аз түсетін Минесотаға қарағанда, Техаста меланома көбірек таралған. Ультракүлгін күн радиациясы терінің тез қартаюына және де тез зақымдалуына алып келеді, ал ол өз алдына меланоманың дамуына жол ашады. Ультракүлгін радиацияларының жасанды көздері, мысалы, күн шамдары және жасанды күюге мүмкіндік беретін құралдар, теріні зақымдап, меланоманың даму қаупін жоғарылатады. Осындай себептердің әсерін азайту үшін дәрігерлер ұзақ уақыт күн астында жүрмеуге және оның жасанды құралдарын көп уақыт қолданбауға кеңес береді.

Меланоманың даму мүмкіншіліктері уайымдатып жүрсе, осы ауру жайында, оның симптомдары жайында өз дәрігерлеріңізбен әңгімелесіп, бір уақытты туралап тексеріліске келгендеріңіз жөн. Дәрігердің ұсыныстары, пациенттің және оның отбасының тарихына, медициналық тарихына және басқа да факторларға байланысты болады.

Аурудың белгілері мен симптомдары

Жиі меланоманың бірінші белгісі адамдағы қалдың өлшемінің, пішінінің, түсінің және сезімталдығының өзгерісі болып табылады. Меланомалардың басым көпшілігінде қара немесе қара-көк түсті аймақтары болады. Сонымен қатар меланома жаңа қал ретінде де түзіле алады. Ол қара түсті, өзгеше немесе “көріксіз” болуы мүмкін.

Егер денеңіздегі жаңа түзіліс жайлы сұрақтар туса немесе алаңдаушылығыңыз болса, дәрігерге қаралыңыз.

Меланоманың бастапқы сатылары, адамдағы бар қалдың аумағында жаңадан қара түсті аймақ пайда болуы сияқты, аздаған өзгерістері ретінде көріне алады. Қалдың үстінде қайтадан түзілген қабыршақ және қышу сезімі де, меланоманың бастапқы сатыларындағы симптомдардың бірі болып табылады. Меланоманың ары қарай дамуында, қалдың құрылымының өзгеруі мүмкін. Мысалы, ол қатты немесе бүдірлі болуы мүмкін. Меланоманың сезімталдылығы кәдімгі қалдың сезімталдығынан ерекшеленеді. Аурудың кеш саталарында ісіктің қышуы, қанауы немесе сол жерден сұйықтықтардың бөлінуі мүмкін. Әдетте меланомалар ауру сезімін тудырмайды.

Теріні тексеру медициналық мекемедегі күнделікті тексерудің бір бөлігі болып табылады. Адамдар өздері-ақ үй жайында терісіндегі түзілістерді немесе басқа да өзгерістерді байқай алады. Қалдың өзгерістері, яғни терідегі өзгерістер байқалса, дереу дәрігерге хабарласқан жөн. Адамды тері ауралар маманы, дерматологқа жолдау алады.

Егер меланоманы дер кезінде, яғни теріге терең енбеген кезінде, анықтап емделсе, ол емделеді. Ал егер меланоманы дер кезінде алып тастамаса, қатерлі ісік жасушалары теріге терең еніп сау тіндерге де өсуі мүмкін. Меланома тығызданып, терең еніп өсіп кетсе, ауру дененің басқа мүшелеріне таралып, қиын бақыланатын болып кетеді.

Меланомамен бұрын ауырған науқастарда, қайтадан жаңа меланоманың шығу қаупі жоғары болады. Меланомамен ауру қаупі жоғары адамдар әрдайым терісін өз бетінше немесе медициналық мекемеде тексертуі қажет.

Диспластикалық невустар

Адамдардың басым көпшілігінде ерекше қалдар (диспластикалық невустар немесе қалыптан тыс қалдар) болады, олар кәдімгі қалға қарағанда меланомаға айналуға бейім болып келеді. Диспластикалық невустары бар адамдардың денесінде олар аз мөлшерде кездеседі; бірақ денесінде көп болып та кездесетін жағдайлар болған. Диспластикалық невустары бар адамдарды бақылайтын дәрігерлер, олардың өзгерістерін көзден жіберіп алмас үшін, пациенттерді үнемі тексеріп отыру қажет.

Диспластикалық невустар жиі меланомаға өте ұқсас болып келеді. Тері аурулары бойынша арнайы дайындықтан өткен дәрігерлер, ерекше көрінетін қалды ары қарай бақылауда ұстау керек па, әлде оны алып тастап қатерлі ісік жасушаларына зерттеу жүргізу па екенін шешу мәселелері бойынша маманданған болады.

Кейбір отбасы мүшелерінде диспластикалық невустар көптеп байқалады, ал кейбіреуінде меланома болған. Осындай отбасындағы адамдар меланоманың даму қаупі өте жоғары топқа жатқызылады. Кез-келген мәселені ерте сатысында анықтау үшін, дәрігерлер оларға медициналық тексерістен жиі өтуге (әр 3-6 ай сайын) кеңес береді. Дәрігерлер, сондай-ақ, өзгерістерді неғұрлым нақты көрсету үшін адамның терісін суретке де түсіре алады.

Диагностикасы

Егер дәрігер теріде пайда болған дақты меланома деп ойласа, онда пациентке міндетті түрде биопсия жасау керек. Биопсия – диагнозды нақты қоюға көмектесетін жалғыз әдіс. Бұл процедура барысында дәрігер барлық күдікті өсінділерді алып тастауға тырысады. Бұл инцизионды биопсия деп аталады. Егер өсіндіні алып тастау, оның көлемінің үлкендігіне байланысты мүмкін болмаса, дәрігер сол тіннен кесінді алып зерттеуге жібереді. Егер өсінді меланома болса, дәрігер оны күйдіріп не болмаса “қырып ” тастамайды.

Биопсия, әдетте, дәрігердің бөлмесінде жергілікті анестезия арқылы жасалады. Ары қарай, тіндегі қатерлі ісік жасушаларын анықтау мақсатында патологоанатом оны микроскоп арқылы зерттейді. Кей жағдайда диагнозды нақты қою үшін, тінді бірнеше патологоанатомға көрсеткен жөн.

Аурудың кезеңдерін анықтау

Егер меланома диагнозы қойылса, дәрігер науқасты емдеуді жоспарлаудан бұрын, оның аурудың қандай дәрежеге немесе кезеңге дейін дамығанын анықтауы қажет. Аурудың кезеңін анықтау – меланоманың қалыңдығын, теріге қаншалықты терең еніп өсуін, және жергілікті лимфа түйіндеріне немесе дененің басқа бөліктеріне таралғандығын мұқият бақылау болып табылады. Қатерлі ісік жасушаларын анықтау мақсатында, дәрігер жергілікті лимфа түйіндерін алып тастап оларды зерттей алады. (Мұндай хирургиялық тәсіл емнің бір бөлігі ретінде қарастырылады, себебі қатерлі ісікпен зақымдалған лимфа түйіндерін алып тастау аурудың қолайлануына өз септігін тигізеді). Сонымен қатар, дәрігер науқасты мұқият тексеріп шығады. Тексерген кезде ісіктің қалыңдағаны байқалса, онда науқасты кеуде торын рентгенологиялық зерттеуге, қан талдауына, сүйек, бауыр және миды зерттеуге жолдауы мүмкін.

Меланоманың кезеңдері

Меланоманы сипаттау үшін келесі кезеңдерді қолданады

· 0-кезең: 0-кезеңінде меланома терінің терең қабатына енбей, тек қана беткейінде ғана кездеседі.

· I кезең: I кезеңінде меланома аз ғана қалыңдықта болады: 1 милиметрден асар аспастай ісік анықталады. Терінің беткей қабаты (эпидермис) тырналған болуы мүмкін. (Бұл жараланған деп аталады). Немесе ісіктің диаметрі 1-2 милиметр болады. Жаралану байқалмайды. Меланоманың жасушалары жақын жатқан лимфа түйіндерінде анықталмайды.

· II кезең: ісік ең аз дегенде 1 милиметр болады. Ісіктің қалыңдығы 1-ден 2 милиметрге дейін жетеді. Жаралану анықталмайды. Немесе ісіктің қалыңдығы 2 милиметрден асады және жаралану болуы мүмкін. Меланоманың жасушалары жақын жатқан лимфа түйіндерінде анықталмайды.

· III кезең: Меланома жасушалары жақын жатқан тіндерге таралған. Меланома жасушалары жақын жатқан лимфа түйіндерінде анықталады. Немесе меланома жасушалары бастапқы пайда болған ісікке тікелей жақын жерде пайда болып, жақын жатқан лимфа түйіндерінде анықталмайды.

  • IV кезең: Меланома жасушалары басқа мүшелерге, лимфа түйіндеріне немесе бастапқы ісіктен алыс терінің басқа аймақтарына таралады. Рецидив: Рецидив деп емделген қатерлі ісіктің қайтадан пайда болуын (рецидив берген) айтады. Ол бастапқы пайда болған жеріне немесе дененің басқа бөлігіне оралуы мүмкін.

Емі:

Дәрігер науқаспен емнің ықтимал түрлерін айтып, және әрбір жағдайда күтілетін нәтижелерді талқылауы керек. Дәрігер мен науқас, науқасты қанағаттандыратындай ем жоспарын бірге қарастыра алады. Меланоманың емі аурудың кезеңіне, науқастың жасына және денсаулығына, сондай-ақ басқа да факторларға тәуелді болып келеді.

Меланомамен ауратын науқастар, әдетте, бірнеше мамандардың кеңесін алады. Осы мамандардың ішінде дерматолог, хирург, радиолог-онколог және пластикалық хирург сияқты дәрігерлер көп көмек көрсете алады.

Емделуге дайындық

Меланомасы бар науқастар өздеріне тағайындалған медициналық күтім туралы шешім қабылдауға белсене қатысады. Олар өздерінің аурулары жайлы және тағайындалған ем жайлы бүкіл нәрсені білгісі келеді. Бірақ, меланома деген диагнозды естігеннен кейін олар шок пен стресстік жағдайға түсіп, дәрігерге керекті сұрақтарды қоя алмай қалады. Дәрігерге қаралмастан бұрын, науқасты мазалап жүрген сұрақтар болса, оларды арнайы дайындап келу өте пайдалы. Дәрігер айтқан нәрсенің барлығын есте сақтап қалу үшін, әңгіме барысында қағазға керекті нәрселерді жазып немесе дәрігердің рұқсатымен магнитофонды қолдануға болады. Егер науқас өзіне сенімді болмаса, дәрігермен әңгімелесу барысында, туыстарының біреуі қатысқаны дұрыс, олар талқылауға қатысып, керекті заттарды жазып алып немесе жай ғана тыңдап та отыра алады.

Барлық сұрақтарды бірден сұрауға немесе барлық жауаптарды бірден түсінудің қажеті жоқ. Науқастарда дәрігерден түсініксіз нәрселерді сұрап, көп ақпарат алуына басқа да мүмкіншіліктері болады.

Емдеу әдістері

Меланомасы бар науқастарға хирургиялық ем, химиотерапия, биологиялық терапия немесе сәулелі терапия тағайындалуы мүмкін. Сонымен қатар аралас терапияны да қолдануға болады.

Аурудың кез келген кезеңінде меланомасы бар науқастар ауру сезімін бақылауда ұстауы үшін және қатерлі ісіктің басқа да симптомдарына бағытталған, сонымен қатар негізгі емнің жанама әсерлерін жеңілдету үшін, пациенттің көңіл-күйі және тәжірибелік мәселелерін шешуге бағытталған емді толықтай қабылдай алады. Мұндай ем симптоматикалық, сүйемелдейтін немесе паллиативті күтім деп аталады.

Хирургиялық ем

Хирургиялық операция – бұл меланоманың дәстүрлі емі. Хирург меланоманы айналасындағы сау тіндермен бірге алып тастайды. Бұл емдеу шарасы қатерлі ісік жасушаларының ісіктің айналасындағы сау тіндерде сақталып қалу мүмкіншілігін азайтады. Алып тасталатын меланоманың ені мен тереңдігі, меланоманың қалыңдығы мен қаншалықты терең еніп өскендігіне тікелей байланысты.

· Өте жұқа меланоманы дәрігер биопсия барысында ақ түгелімен алып тастай алады. Осыдан кейінгі операцияға деген қажеттіліктің болмауы да мүмкін.

· Егер меланома биопсия барысында толықтай алынбаса, дәрігер ісікті кейінде алып тастай алады. Көп жағдайларда, қосымша операцияны меланома жасушаларының толық жойылғандығына көз жеткізу үшін, ісіктің айналасындағы сау тіндерді (жиек деп аталатын) алып тастау үшін жасайды. Меланома жұқа болса да, бұл операция жасау талап етіледі. Меланоманың қалыңдығы артқан сайын, алып тастайтын тіннің шекарасы да арта береді.

· Хирург терінің үлкен аумағын алып тастайтын болса, алынған терінің орнына басқа теріні отырғызуы мүмкін. Ол үшін хирург дененің басқа бөліктеріндегі теріні алып, алып тасталынған терінің орнына қояды. Ісікке жақын орналасқан лимфа түйіндері де алынып тасталуы мүмкін, себебі қатерлі ісік лимфа жүйесі арқылы таралып кететін қабілетке ие. Егер патологоанатом лимфа түйіндерінен қатерлі ісік жасушаларын тапса, онда ауру дененің басқа бөліктеріне де жайылу қаупі бар дегенді білдіреді. Осы емдік шаралардың екеуі де лимфа түйіндерін алып тастау үшін бағытталған.

· Шолғыншы лимфа түйінінің биопсиясы – Шолғыншы лимфа түйінің биопсиясы, меланома биопсиясынан кейін, бірақ ісікті алып тастаудан бұрын жасалады. Радиоактивті заттар меланоманың тікелей жанына енгізіледі. Хирург радиоактивті заттың қозғалысың компьютер экраны арқылы бақылап отырады. Радиоактивті зат бірінші болып барған лимфа түйінін шолғыншы лимфа түйіні деп атайды. (Рентген суреттерін зерттеу арқылы алынған мәліметтерді лимфосцинтиграфия деп атайды). Хирург шолғыншы лимфа түйініндегі қатерлі ісік жасушаларын анықтау үшін, оны алып тастап, зерттеуге жібереді.

· Шолғыншы лимфа түйінінде қатерлі ісік жасушалары табылған жағдайда, осы аумақтағы бүкіл лимфа түйіндері де алынып тасталады. Ал егер табылмаса, онда қалған лимфа түйіндері де алынбайды.

· Лимфа түйінің операциялық жолмен алып тастау – Хирург меланоманың жанында орналасқан лимфа түйіндерінің барлығын алып тастайды. Операциядан кейін, сақталып қалған лимфа түйіндерін жою үшін, емдеудің басқаша тәсілін қолданады. Мұндай ем адъювантты/көмекші ем деп аталады. Сонымен қатар пациентке биологиялық терапия ұсынылуы мүмкін.

  • Дененің басқа бөліктеріне таралып кеткен меланоманың емі үшін, хирургиялық операция тиімсіз болып саналады. Егер осындай жағдайлар туса, науқастың емі үшін химиотерапия, биологиялық терапия, сәулелік терапия немесе қосарланған терапия тағайындалады.

Химиотерапия

Қатерлі ісік жасушаларын жою үшін дәрілік заттарды қолдану яғни химиотерапия, меланоманың еміне де қолданылуы мүмкін. Дәрі-дәрмектер әдетте кезеңге бөлініп беріледі: емдеу кезеңінен кейін қалпына келтіру кезеңі, содан кейін – келесі емдеу кезеңі және солай жалғаса береді. Көп жағдайда науқас химиотерапияны амбулаторлық жағдайда қабылдайды (Емханада, дәрігердің бөлмесінде немесе өзінің үйінде). Дегенмен, қабылдайтын дәрі қандай мөлшерде тағайындалатынына, сондай-ақ науқастың жалпы жағдайына байланысты пациент қысқа мерзімде стационарда емделуі мүмкін.

Меланомамен ауратын адамдар үшін химиотерапия келесі әдістермен жүргізіледі:

Ауыз арқылы немесе ине арқылы – екі жағдайда да дәрі қанға өтіп, ағзаға таралады.

Оқшауланған аяқ-қолдың перфузиясы (оқшауланған артериялық перфузия деп те аталады) – Аяқ немесе қолдың меланомасы кезінде химиялық дәрі-дәрмектер, аяқ-қолдың қан тамырына тікелей енгізіледі. Аяқ-қолға қанның ағып келуі мен ағып кетуі уақытша тоқтатылады. Осының әсерінен дәрілердің ісікке жетуі жылдамдайды. Осылайша, енгізілген дәрінің тиімділігі арта түседі.

Кейде дәріні жіберместен бұрын, оны қыздырады. Химиотерапияның осы түрі температурасы жоғарылатылған перфузия деп аталады.

Биологиялық терапия

  • терапия (иммунотерапия деп те аталады) - ағзаның иммундық жүйесін тікелей немесе жанама түрде қатерлі ісікпен күресу немесе онкологиялық ауруларды емдеген кезде пайда болатын жанама әсерлерді азайту үшін қолданылатын емнің бір түрі. Меланоманың биологиялық терапиясында цитокиндер деп аталатын дәрілерді қолданады. Қалыпты жағдайда адам ағзасы, инфекциялық және басқа да ауруларға қарсы цитокиндерді аз мөлшерде өндіріп тұрады. Заманауи зертханалық технологиялар, ғалымдарға цитокиндерді көп мөлшерде өндіруге мүмкіндік береді. Кейбір жағдайларда, операциядан кейін тағайындалған биологиялық терапия меланоманың қайталанбауына көмектеседі. Хирургиялық операциядан кейін метастатикалық меланомасы бар немесе қайталанудың жоғары қаупі бар науқастарға интерферон-альфа және интерлейкин-2 (сонымен қатар IL-2 немесе альдеслейкин деп аталатын) ұсынылуы мүмкін.

Сәулелік терапия

Сәулелік терапия деп (радияциялық терапия деп те аталады) – қатерлі ісік жасушаларын өлтіру үшін, жоғары энергия көзінен пайда болған сәулені қолдануды айтады. Үлкен құрылғы арқалы радиациялық сәулені денеге бағыттайды. Негізі пациенттер сәулелік терапияны аурухана немесе клиникаларда, аптасына бес күн бойы, бірнеше апта бойы қабылдайды. Сәулелік терапия – миға, сүйектерге және ағзаның басқа да бөліктеріне таралған меланоманы бақылауға көмектесу үшін де қолданылады.

Аурудың дәрежесіне байланысты емді таңдау

Төменде әр кезең үшін ең жиі қолданылатын емнің түрлері туралы қысқаша сипаттама берілген. (Емнің басқа түрлері де орынды болып табылады).

0 кезең

0 кезеңдегі меланомасы бар адамдарға ісік пен оны қоршаған тіндердің кішкене бөлігін алып тастау үшін шағын операцияны жасайды.

I кезең

I кезеңдегі меланомасы бар пациенттерге ісікті алып тастау мақсатында операция жасалынады. Сонымен қатар хирург ісік маңындағы тінді 2 сантиметрге (3/4 дюйм) дейіналып тастауы мүмкін. Алып тасталынған ісіктің орнында пайда болған ашық жараны жабу үшін, дененің басқа бөлігіндегі теріні қолданады.

II және III кезең

II немесе III кезеңдегі меланомасы бар науқасқа ісікті алып тастау үшін ота жасалуы мүмкін. Сонымен қатар хирург ісік маңындағы тінді 3 сантиметрге (1 1/4 дюйм) дейін алып тастай алады. Алып тасталынған ісіктің орнында пайда болған ашық жараны жабу үшін, дененің басқа бөлігіндегі теріні қолданады. Жағдайына байланысты хирург ісікке жақын жатқан лимфа түйіндерін алып тастайды.

IV кезең

IV кезеңдегі меланомасы бар науқастарға уақытша жеңілдік беретін көмек көрсетіледі. Науқасқа уақытша жеңілдік беретін көмек көрсетудің мақсаты - пациенттің физикалық және эмоционалдық тұрғыдан жақсы сезінуі болып табылады.

Науқасқа келесі шаралардың біреуі тағайындалуы мүмкін:

Қатерлі ісік жасушалары анықталған лимфа түйіндерін жою немесе ағзаның басқа бөліктеріне таралған ісіктерді жою операциясы. Симптомдарды жеңілдету мақсатында тағайындалатын сәулелік терапия, биологиялық терапия немесе химиотерапия.

Меланоманың қайталануы

Меланоманың қайталануын емдеу, ісіктің қай жерге оралуына, науқастың бұрын қандай ем қабылдағандығына және басқа да факторларға тәуелді болып келеді. IV кезеңдегі меланома әдетте емге көнбейді, өйткені ол қайталанып шыға береді. паллиативті ем, негізгі емнің маңызды бір бөлігі болып табылады. Көптеген науқастарға симптомдарды жеңілдету үшін паллиативті ем тағайындалады, сонымен қатар аурудың дамуын баяулату үшін қатерлі ісікке қарсы ем алады. Кейбір науқастар жүрек айну және басқа да симптомдарды басу үшін, яғни өмір сапасын жақсарту мақсатында, тек қана уақытша жеңілдік беретін емді алады.

Науқасқа келесі шаралардың біреуі тағайындалуы мүмкін:

  • Ісікті алып тастау операциясы
  • Симптомдарды жеңілдету үшін сәулелік терапия, биологиялық терапия немесе химиотерапия
  • Тікелей ісікке енгізілетін жылулық химиотерапия

 

Емнің жағымсыз әсерлері

Емдеу барысында сау жасушалар зақымданатындықтан, кейде күтілмеген жағымсыз әсерлер пайда болады. Бұл жанама әсерлер көптеген факторларға, соның ішінде ісіктің орналасуына, сондай-ақ емдеу қарқындылығы мен түріне байланысты болады. Жағымсыз әсерлер пациенттерде әртүрлі болуы мүмкін, тіпті емдеудің бір курсынан екіншісіне көшкен кезде өзгеруі мүмкін. Емдеуді бастамас бұрын, дәрігерлер мүмкін болатын жанама әсерлерді түсіндіріп, науқастарға олармен қалай күресуге болатынын түсіндіреді.

Хирургиялық ем

Хирургиялық емнің жанама әсері негізінен ісіктің мөлшері мен орналасуына, сондай-ақ операцияның күрделілігіне байланысты болады. Операциядан кейінгі алғашқы күндері науқаста ауырсыну сезімі байқалса, оған дәрілер тағайындап ауру сезімін бақылауға болады. Пациенттер дәрігер немесе медбикемен, ауырсыну сезімін азайту мәселесі жайында еркін сұхбаттаса алады. Сондай-ақ, пациенттердің көпшілігі біраз уақыт бойы шаршап немесе әлсіреп жүреді. Операциядан кейінгі сауығу уақытының ұзақтығы әр пациенттің өзіне тікелей байланысты болады.

Операциядан кейінгі тыртықтың қалуы да кейбір пациенттерді уайымдататын жайттар қатарына жатады. Ірі тыртықтарды қалдырмас үшін, дәрігер барынша аз мөлшерде тінді кесіп алады (аурудың қайталануына жол бермейтіндей етіп). Көп жағдайда ерте кезеңдегі меланоманы алып тастаған кезде – орнында кішкентай ғана сызық қалады (жиі 1 немесе 2 дюйм болатын), ол өз кезегінде уақыт өте жойылып кетеді. Тыртықтың байқалуы меланоманың дененің қай бөлігінде орналасуына, науқастың жазылу қарқынына, және де келоид деп аталатын дөңес тыртықтардың пайда болуына байланысты болады. Егер ісік үлкен әрі ірі мөлшерде болса, дәрігер ісіктің айналасындағы біраз тінді алып тастауы керек болады (бұлшық еттермен қоса). Ашық жара орнына басқа теріні қондырғанына қарамастан, кейбір тыртықтар әлі де байқалып тұрады. Қолтықтағы және шат аймағындағы лимфа түйіндерін алып тастау, лимфа жүйесіне зақым келтіріп, аяқ және қолдағы лимфа сұйықтығының ағысын баяулатуы мүмкін. Лимфа сұйықтығы аяқта немесе қолда жиналып қалып, ісінуге (лимфэдема) алып келеді. Егер осындай мәселе туса, дәрігер немесе медбике ісінуді жоюға арналған жаттығуларды немесе басқа тәсілдерді ұсына алады. Сонымен қатар, жергілікті лимфа түйіндерін алып тастағаннан кейін ағзаның инфекциямен күресуі қиындай түседі, сол үшін пациент инфекцияға алып келетін аяқ-қолдың тілігінен, кесілуінен, күйігінен немесе жәндіктердің шағуынан сақтануы керек. Ал инфекция дамитын болса, пациент міндетті түрде дәрігерге қаралуы тиіс.

Химиотерапия

Химиотерапияның жанама әсері негізінен тағайындалатын дәріге және оның дозасына байланысты болады. Жалпы алғанда, қатерлі ісікке қарсы дәрілер тез бөлінетін жасушаларға зиян келтіреді:

Қан жасушалары: бұл жасушалар инфекциямен күреседі, қан ұю үдерісіне қатысады және оттегіні бүкіл ағзаға тасымалдауына жауап береді. Дәрілер жасушаларды зақымдаған кезде, пациент инфекцияға өте сезімтал болып келеді, оларда жарақаттар мен қан кетулер оңай пайда болып, пациенттер әлсіз және шаршағыш болып келеді.

Шаш түбі жасушалары: Химиотерапия шаштың түсуіне алып келуі мүмкін. Шаш қайтадан шығады, бірақ бұрынғыға қарағанда түсі және құрылысы бойынша ерекшеленеді.

Асқорыту жолдарын тыстайтын жасушалар: Химиотерапия тәбеттің жоғалуына, жүрек айнуға, құсуға, ауыз қуысы мен ерінде пайда болатын жараларға алып келуі мүмкін.

Биологиялықтерапия

Биологиялық терапиядан болатын жанама әсерлер емнің түріне байланысты өзгеріп отырады. Емдеудің бұл әдісі қалтырау, қызудың жоғарлауы, бұлшық еттердің ауруы, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, құсу және іш өту сияқты тұмауға тән симптомдарды шақыруы мүмкін. Пациенттерде тағы бір жағымсыз жайт, терінің бөртуі байқалуы мүмкін. Бұл мәселелер өте өзекті болғанымен, емді тоқтатқаннан кейін бірден жоғалып кетеді.

Сәулелік терапия

Сәулелік терапияның жанама әсері қабылданған сәулеге және емделіп жатқан дене бөлігіне байланысты болады. Емделіп жатқан аумақтағы жанама әсерлерге қызару, терінің құрғауы және шаштың түсуі жатады. Сәулелік терапия қажудың да себебі болуы мүмкін. Сәулелік терапия кесірінен болған жағымсыз әсерлер қанша қиын болса да, дәрігер оларды бақылауда ұстай алады. Дегенмен бұл жағымсыз әсерлер, уақытша ғана құбылыс екенін естен шығармау керек.

Тамақтануы

Меланомасы бар науқастар ыңғайсыздықты сезінсе немесе шаршаған болса, тамаққа деген тәбеті мүлдем төмендеп кетеді. Сонымен қатар дәрілерден пайда болған жағымсыз әсерлер, мысалы, тәбеттің төмендеуі, құсу немесе жүрек айну да, тамақтануға кері әсерін тигізеді. Дәм сезуде өзгеруі мүмкін. Осыларға қарамастан, қатерлі ісікке қарсы ем барысында пациент тамақтануын қатаң бақылауда ұстау керек. Мұндай пациенттерге салмағын, ағзадағы нәруыз құрамын және күшін бірқалыпты ұстап тұру үшін, жеткілікті мөлшерде тамақтану өте пайдалы. Жақсы тамақтану, онкологиялық ауруы бар науқастарға өзін жақсы сезініп, күш қуатын сақтауға өз септігін тигізеді.

Күтімі

Меланомасы бар науқастарда аурудың қайталану қаупі өте жоғары. Кейбіреуінде алғашқы пайда болған меланоманың жақын жатқан тіндерге, не болмаса дененің басқа бөлігіне қайтадан шығу ықтималдығы бар.

  • немесе қайталанатын меланоманы ерте сатысында анықтау мүмкіндігін жоғарылату үшін, науқастарға тұрақты түрде дәрігерге қаралып тұруы қажет. Отбасы тарихында меланомасы бар, немесе диспластикалық невустары бар пациенттерге, дәрігерге жиі барып, тексеріліп тұрған жөн.

Аударған: Шардарбек Райымбек

 
Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.