Тітіркенген тоқ ішек cиндромы
Мазмұны
Жалпы ақпарат
Тітіркенген тоқ ішек синдромы (ТТІС) – асқазан-ішек жолдарының бұзылысы, әдетте, іштің кебуімен, ішектегі ауырсынумен және қызметінің бұзылысымен көрініс береді.
Іш қуысындағы ағзалар: өңеш, асқазан, тоқ және аш ішектер, бауыр, өт қабы және ұйқыбезі тағамның қоректік заттектерін энергияға айналдырады және тағамның қоректік емес бөліктерін қоқыстарға ыдыратады, кейіннен олар организмнен сыртқа шығарылады.
Әйелдерде ТТІС ерлерге қарағанда екі есес жиі кездеседі. Ауру балалық шақта басталуы мүмкін, бірақ, көбінесе, 30-40 жаста басталады. 60 жастан кейін бұл синдром алғаш пайда болмайды.
Себептері
Тітіркенген тоқ ішек синдромының пайда болу себептері белгісіз.
Негізгі пайда болу себептері: теріс эмоциялар, күйзелістер, инфекциялық аурулар, дәрілік әсер, тамақтану ерекшеліктері (тамақтану тәртібі мен ырғағының бұзылуы, тағам өнімдерінің жеткіліксіздігі және көмірсу құрамдас өнімдерді көп тұтыну).
ТТІС негізгі себебі ретінде жүйке жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуін және отырумен өтетін өмір салтын, эндокриндік бұзылыстарды (климакс, дисменорея, етеккір алды синдромы, семіздік, гипотиреоз, қант диабеті, т.б.) атауға болады.
Симптомдары
ТТІС негізгі симптомдары – іштің ауырсынуы, іштің кебуі (метеоризм), нәжістің бұзылысы.
Іштегі ауырсынудың келесі тән белгілері бар:
- Жеңіл жайсыздықтан шыдатпайтын ауырсынуға дейін,
- Айқын шекарасы жоқ, бүкіл ішке таралады.
- Іштің түрлі аумағында әр уақытта пайда болуы мүмкін.
- Күйдіретін, бататын, сыздайтын, қысатын, жайылған, т.б.
- Әдетте, тамақ ішкеннен кейін күшейеді.
- ТТІС анықтауда маңызды белгі - ұйқы кезінде ауырсынудың болмауы, әдетте, науқас іш аумағындағы ауырсынатын сезімнен оянбайды. Әдетте, оянғаннан кейін пайда болады.
Іштің кебуінен (метеоризм) әдетте, іш күні бойы ұлғаяды, кешке аса ұлғайып, әсіресе, тамақтан кейін ұлғаюы айқын байқалады (көбінесе, түскі астан кейін).
Нәжістің бұзылысы сұйық немесе қатуымен көрініс береді. Іш өткенде нәжіс, көбінесе, таңертеңгілік, таңғы астан кейін байқалады, ішектің босатылу жиілігі 2-5 рет, арасында аз аралықпен. Нәжіс шығарғысы келу әр тамақ ішкен сайын болады. Ішекті босатқысы келу сезімі аса қолайсыз кезде болуы тән, мысалы, жиналыс кезінде, метрода, қала маңы пойыздарында, емтихан немесе басқа күйзелістік жағдайларда. Нәжіс шығарғысы келу сезімі жиі пайда болуы салдарынан науқас театр, кино, басқа да қоғамдық орындарға барудан бас тартады. ТТІС кезінде іш өтуі ешуақытта түнде пайда болмайтындығын атау қажет. Сонымен қатар, нәжістің салмағы қалыпты болып, тәулігіне 200 г аспайды. Көбінесе, ішектің толық босамау сезімі болады. Нәжісте сілемей, тағамның қорытылмаған бөліктері болады, алайда, ТТІС кезінде нәжісте қан немесе ірің болмайды. Ішекті босату алдында ауырсыну күшейіп, босағаннан кейін едәуір азаюы байқалады.
Іш қатуында нәжіс жиі «қой құмалағындай» болады, яғни, ұсақ тығыз бөліктерден немесе «тығын» тәрізді – яғни, нәжістің алғашқы үлестері соңғыларына қарағанда тығыздау болады. Сондай-ақ, нәжіс қарындаш түрінде – ұзын жіңішке лента тәрізді болуы мүмкін. Іш қатудан кейінгі іш өтуі – бірнеше күндік іркілуден кейінгі сұйық нәжіс болуы мүмкін.
Ас қорытудың іштегі ауырлық, жүрек айнуы, немесе құсу, оң жақтағы ауырсыну секілді симптомдары байқалады.
Психологиялық бұзылыстардың белгілері байқалады: көңіл-күйдің тұрақсыздығы, алаңдау, себепсіз қорқыныш, истерия.
Диагностика
ТТІС болуына арнайы зерттеу жоқ. Дәрігер басқа ауруларды ескеру үшін талдау мен зерттеулерді тағайындайды.
Анықтаудың негізгі әдістері:
- Жалпы қарау
- Қан талдауы (лейкоцитоз, анемия, СОЭ үдеуі)
- Несеп талдауы
- Қанның биохимиялық зерттеуі (билирубин, АлТ, АсТ, сілтілік фосфатаза, ГГТП)
- копроцитограмма (нәжісті зерттеу), қанды, іріңді, тамақтың қорытылмаған бөліктерін көруге болады.
- температураны өлшеу (инфекциялық себепті ескеру үшін)
- дене салмағын өлшеу (онкологияны ескеру үшін)
- эндоскопиялық зерттеу
- нәжісті флораға зерттеу (тоқ ішек микрофлорасының құрамын зерттеу),
- колоноскопия (полиптер мен ісіктерді ескеру үшін)
- нәжісті ішекқұртқа зерттеу
- тік ішекті саусақпен зерттеу
- іш қуысы мен жамбас қуысы ағзаларының УДТ (УЗИ)
- эзофагогастродуоденоскопия (асқазан-ішек жолдарының жоғарғы бөлігінің сілемей қабатын қарау)
- ирригоскопия (ішекті рентгендік зерттеу рентген-контрастылық заттектерді қолданумен)
- тыныс алу тесті (аш ішектегі тым көп бактериалдық өсу синдромын, лактаздық жеткіліксіздікті, фруктоза мен сорбитолды көтере алмауды, аш ішектен өту уақытын анықтау үшін)
- психотерапевтінің кеңесі.
Емдеу
Емдеу үшін емдәмді қадағалау, өмір салтын өзгерту, мысалы, дене белсенділігінің дәрежесін арттыру ұсынылады.
Психотерапия (науқасты мазалайтын симптомдар күрделі аурудан емес, психикалық жағдайға тікелей байланысты екендігін түсіндіру қажет).
Дәрі-дәрмек құралдарынан жұмсақ транквилизаторлар (науқас күйзеліс немесе алаңдауда болса), спазмолитиктер (ауырсынуды басу үшін), антифлатуленттер (метеоризмді азайтуға ықпал ететін препараттар), диареяға қарсы препараттар (смекта, лоперамид), іш жүргізетін құралдар (іш қатуында прокинетиктер ішектің қимыл белсенділігін жақсартады).
Аурудың болжамы
Тітіркенген тоқ ішек синдромы өмір бойы қайталануы мүмкін. Кейбір адамдар үшін аурудың симптомдары күшті жайсыздық әкеліп, еңбекке қабілетті төмендетеді, әлеуметтік өміріне әсер етеді. Симптомдар әдетте, емдеу басталғаннан кейін жойылады. ТТІС ішекке зақым әкелмейді және күрделі салдарға апармайды.
Тітіркенген тоқ ішек синдромында өмір болжамы – оң. Дәрігер науқкстарды аурудың болжамының ерекшеліктерімен таныстыруы тиіс, бұл олардың психо-әлеуметтік адаптациясын жақсартады.
Мүмкін асқынулары
ТТІС ауыр асқынуды туындатпайды, мысалы, қан кетуі немесе ішек сілемйінің беріштенуі. Дегенмен, Тітіркенген тоқ ішек синдромы бар науқастарда ұдай іш қатуы болса, копростаз даму қаупі болады (ішекте нәжістің көп жиналуы).
Копростаздың белгілері:
- амақтан жиіркену
- іш аумағындағы ауырсыну
- түйілу
- құсу және жүрек айнуы
- несеп пен нәжістің ұстамауы
- естің бұзылысы
- ішектің түйнегі
- Перитонит.
Қашан дәрігерге көріну қажет
Міндетті түрде дәрігерге көрініңіз, егер:
- Іш өткенде қан аралас болса, айналшық саңылауынан қанды бөліністер болса.
- Соңғы қан талдауына сай анемия болса (гемоглобиннің төмен деңгейі).
- Себепсіз арықтау.
- Іштің өтуі мен ауырсынуы түнде оятып, төсектен тұрғызады.
- Іш өтуімен және ауырсынумен бірге температура байқалады.
- Уақыт өте келе іш өтуі және қатуы күшейіп, әдеттегі емдеуге көнбейді.
- Туыстарыңыздың бірі целиакиямен ауырған (белгілі бір ақуыздар бар тағам өнімдерімен аш ішектің түгінің зақымдануынан болатын тамақ қорыту бұзылысы), ішектің қатерлі ісігі, аналық бездің қатерлі ісігі, Крон ауруы (ішектің созылмалы қабыну ауруы) немесе телімді емес ойық жаралық колит (тоқ ішектің сілемей қабатының созылмалы қабыну ауруы).
- 60 жастан асқан адамда іш өтуі (жиірек және сұйық нәжіс) кенеттен пайда болып, 6 аптадан артық созылады.
Алдын алу
- Спортпен шұғылдану (емдік дене шынықтыру, жүзу, жүгіру).
- Үйлесімді және тиімді тамақтану, талшығы мол тағамды тұтыну (көкөністер, жемістер, аскөк), қуырылған, консервіленген, тым ыстық және ащы тағамнан алшақ болу
- Депрессия мен невроздарды уақытылы емдеу.
- Іш өтуі, қатуын емдейтін препараттарды орынсыз қолданбау.