.

Транзиторлық ишемиялық шабуыл | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Транзиторлық ишемиялық шабуыл

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептер

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Қашан дәрігерге көріну қажет

Болжамы

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат                 

Транзиторлық ишемиялық шабуыл (ТИШ) – мидағы қан айналымының қысқа мерзімді бұзылысы. Кейде микроинсульт аталады. Алайда, инсульттен айырмашылығы (мидың қанмен қамтамасыз етілуінің тоқтауы) транзиторлық ишемиялық шабуылдың симптомдары басылғаннан бір сағаттан кейін жойылады.


Мида қан келудің негізгі ағыны мойын аумағында орналасқан артериялар (ұйқы артериясы) арқылы жүзеге асырылады. ТИШ мидың белгілі бір бөлігіне қанның келуінің уақтыша азаюынан туындайды. Көбінесе, қан ағымы қантамырларының ұсақ қан ұйындыларынан тежелу салдарынан төмендейді, қан ұйындылары миға қан келуін және қоректік заттектердің түсуін уақытша тежейді.  Мидың қанмен қамтамасыз етілуінің уақытша бұзылысы кезінде оның қызметінің күрт бұзылысы орын алады.

Себептері

ТИШ кезінде мидың қайтымсыз зақымдануы болмайды. Бірақ, алаңдау қажет, себебі, бірінші ұстамасынан кейін екінші, үшінші болуы, инсульт те болуы мүмкін.

ТИШ симптомдарының себебі — мидың жергілікті ишемиясы (қан жетіспеуі), нәтижесінде ишемия даму орнына байланысты ошақтық симптомдар пайда болады.

Ишемияның даму үшін көптеген алғы шарттар болады, олар мидың қантамырларының жағдайына әсер етеді.

Олардың негізгілері:

·      Гипертониялық ауру (артериалдық қысымның артуы)

·      қант диабеті,

·      темекі шегу,

·      55 жастан асу,

·      Май алмасуының бұзылуы,

·      Алкогольді шамадан артық тұтыну,

·      Аз қимылды өмір салты,

·      Артық салмақ,

·      Қан ұюының артуы.

 

Симптомдары

ТИШ, әдетте, бірнеше минуттан 1 сағатқа дейін созылуы мүмкін, және көпшілік симптомдар бір сағаттан кейін жойылады. Науқаста шабуылдар бірінен соң бірі пайда болуы мүмкін — мұндай жағдайдағы симптомдар:

·      Қозғалудың бұзылысы, бас айналуы

·      Ұйқы басуы, сигналдарға нашар серпін, естің бұзылысы немесе тіпті, коматозды жағдай

·      Температураға, ауырсыну тітіркендіргіштеріне, қысымға, есту сигналдарына және дәм сезуге сезімталдықтың бұзылуы

·      Естің қалыпты болмауы немесе есті жоғалту

·      Оқу мен жазудың қиындауы

·      Жұтудың қиындауы

·      Беттің маска тәрізденіп, ешқандай сезім білдірмеуі

·      Нысандар мен адамдарды тану қабілетінің бұзылуы

·      Қуық пен ішекті бақылаудың бұзылысы (несеп пен нәжісті ұстамау)

·      Қимыл үйлесімінің бұзылысы – үйлесімнің бұзылуы, қолайсыздық, әдеттегідей емес жүріс

·      Бір немесе екі көздің көруінің бұзылысы

·      Дененің бір немесе бірнеше бөлігінде ұйып, жансыздануы

·      Көңіл-күй бұзылысы, нашарлауы

·      Сөзді түсінуде және айтудағы қиындықтар

·      Дененің бір бөлігіндегі әлсіздік.

ТИШ болған науқаста беттің ассимметриялығы (біркелкі еместігі), ауыз бен көз бұлшық етінің енжарлығы байқалады. Кейбір жағдайда зақымданған адам қолын жоғары көтеріп ұстай алмайды. Сөйлеу айқын болмайды.

Егер миға ұзақ уақыт бойы қан түспесе, немесе симптомдардың ұзақтығы 24 сағаттан асатын болса, шабуыл инсульт саналады. Егер біреуде ТИШ байқасаңыз, жоғарыда келтірілген белгілердің болуын тексеріңіз.

 

Диагностика

Диагноз қою күрделілігі бұл жағдайда дәрігер анықтап үлгеруі үшін ТИШ аз уақытқа созылуында. Дәрігер инсульт және ТИШ пайда болуымен байланысты қауіп факторларының болуын міндетті түрде тексереді. Кейде неврологиялық тексеру жүргізіледі.

Қарау кезінде дәрігер жүректің жағдайын тексеріп, артериалдық қысымды өлшейді. Сондай-ақ, жүйке жүйесінің, бұлшық еттің жағдайы бағаланады. Сондай-ақ, дәрігер стетоскоптың көмегімен ұйқы артериясын тыңдап, қан ағымының бұзылысымен байланысты шуылды анықтайды.

Нақты диагнозды қойып, инсульт болуын анықтау үшін дәрігер келесі зерттеулерді жүргізеді:

 

·      Мидың КТ (компьютерлік томографиясы)— суреттер топтамасы 3-D бейнелеу.

·      КТС (компьютерлік-томографиялық сканерлеу, ангиография) — мидың және мойынның артерияларының жағдайын анықтау үшін жүргізіледі. Қантамырға контрастылық заттек енгізіледі, сканерлеуді жеңілдету үшін;

·      ЭКГ (электрокардиограмма) — жүректің кез келген қалыпсыз ырғағын анықтауға көмектесетін тест. ЭКГ кезінде науқасқа жүректің электр белсенділігін анықтау үшін электродтар бекітіледі;

·      МРТ (магниттік-резонанстық томография) — радиотолқындар және магнит өрісінің көмегімен ішкі ағзалардың бейнесін алу үрдісі.

 

Инсульт кезінде. Әдетте, мидың бұзылыстары анықталады, ал ТИШ кезінде мұндай өзгерістер анықталмайды.

 

Емдеу

Жарамды емдеуді таңдау көптеген факторларға байланысты: науқастың жасы, аурудың тарихы, кейбір белгілері мен симптомдарының сипаттамасы.

Дұрыс және тиімді емдеу ТИШ қайталану немесе инсульт болу қаупін едәуір азайтады.

Дәрігер дәрі тағайындайды. Олардың ішінде: анти-тромбоцитарлық (қан ұйындысы түзілуінің алдын алатын) препараттар, мысалы, аспирин немесе  клопидогрель негізіндегі  (Плавикс) препараттар – қан ұюын бақылау үшін, гипертонияны емдейтін препараттар, сондай-ақ, холестеринді азайтатын дәрілер.

 

Дәрігерге қашан көріну қажет

ТИШ – шұғыл медициналық жәрдемді қажет етеді. Симптомдар пайда болысымен Жедел жәрдемді шақырыңыз. Симптомдар өздігінше өткендігіне қарамастан, оларға міндетті түрде назар аудару қажет.

 

Болжамы

ТИШ, әдетте, мидың зақымдануын туындатпайды.

Алайда, ТИШ  - нағыз инсульттің жуырдағы күндерде немесе айларда болуының мүмкіндігінің маңызды ескерту дабылы. ТИШ болған адамдардың 10 пайызынан астамында 3 айдың ішінде инсульт дамиды. Бұл жағдайлардың жартысында жақын арадағы 48 сағат ішінде болады. Инсульт сол күні немесе кешірек болуы мүмкін. Кейбір адамдарда бір, басқаларда бірнеше көрінісі болуы мүмкін.

 

Алдын алу

·      Негізгі ауруларды уақытылы емдеу,

·      Зиянды әдеттерден бас тарту,

Дене жаттығуларымен айналысу.

 

Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры:  http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/ency/article/000730.htm

Материалды дайындағандар: Евгений Туфуминов, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі;  Илья Феликс, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі.

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Шыңғыс Жұмағұлов, zdrav.kz порталының контент-менеджері.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.