.

Варикоцеле | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Варикоцеле

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Болжамы

Мүмкін асқынулары

Дәрігерге қашан көріну қажет

Синонимдары

 

Жалпы ақпарат

Варикоцеле – бұл аталық безді орайтын, ұрықтық түтіктің бойымен орналасқан, ұманың көктамырларының (веналарының) кеңеюі.

 

Ерлердің репродуктивтік жүйесіне жыныстық мүше, ұма, ұрықтық түтіктер және қуық асты безі жатады.

 

Себептері

Варикоцеле ұрықтық түтіктің бойымен өтетін көктамырлардың (веналардың) қақпақшаларының зақымдануында пайда болады. Бұл кезде олардағы қан ағымы бұзылады. Қанның іркілуі көктамырлардың ісініп, кеңеюіне апарады (бұл аяқтағы көктамырлардың варикоздық кеңеюіне ұқсас).

Варикоцеле біртіндеп, баяу дамиды. Ауру 15-25 жастағы ерлерде орын алады және ұманың сол жағында көбірек кездеседі.

Егде жастағы адамда кенеттен пайда болған варикоцеле бүйректің ісігінің салдарынан көктамырға баратын қан ағымының тежелуінен болуы мүмкін.  

 

Симптомдары

  • Ұманың көктамырының кеңеюі, иректелуі
  • Аталық бездің ауырсынусыз ісінуі, ұманың ісінуі немесе ұмада төмпешіктің пайда болуы
  • Симптомдары болмауы мүмкін

 

Диагностика

Дәрігер шаптың аумағын қарайды, оның ішінде, ұманы және аталық бездерді. Дәрігер ұрықтық түтіктің бойындағы иректелген ісікті байқауы мүмкін.

Кейде иректелген көктамыр көрінбейді, әсіресе, науқастың жатқан күйінде.  

Варикоцеле бар жағындағы аталық без сау жақтағымен салыстырғанда кішірек болуы мүмкін.

 

Емдеу

Джок белдігі немесе ыңғайлы іш киім жайсыздықты жеңілдетуге көмектеседі. Ұдайы ауырсыну болса немесе аурудың басқа да симптомдары пайда болса, науқасқа басқа емдеу қажет болуы мүмкін.

Варикоцелені түзету бойынша хирургиялық операция «варикоцелэктомия» аталады. Бұл ем-шара үшін:

  • Науқасқа анестезия жасалады.
  • Уролог іштің төменгі бөлігінде шағын тілік жасап, ауытқулы көктамырларды байлап тастайды. Бұл қан ағымын сау көктамырларға бағыттауға мүмкіндік береді.
  • Науқас ауруханадан операция жасалған күні шығуына болады.
  • Ісінуді азайту үшін операциядан кейін алғашқы 24 сағат ішінде шаптың аумағына мұзы бар пакет қою қажет.

 

Операцияның орнына варикоцеленің эмболизациясы жасалуы мүмкін. Бұл ем-шара үшін:

  • «Катетер» аталатын шағын қуыс түтік шапта немесе мойын аумағында орналасқан көктамырға енгізіледі.
  • Дәрігер рентгенологиялық бақылау үстінде түтікті варикоцелеге қарай жылжытады.
  • Түтік арқылы варикоцелеге кішкентай катушка енгізіледі. Ол зақымданған көктамырдағы қан ағымын тежеп, оны сау көктамырларға бағыттайды.
  • Ісінуді азайту үшін шаптың аумағына мұзы бар пакет қою керек және ұманы ұстап тұруы үшін біраз уақыт бойы таңғышпен жүру қажет.

Науқас ауруханадан ем-шара жасалған күні шығуына болады. Бұл ем-шараның барысында операцияға қарағанда кішірек тілік жасалады, сондықтан қалпына келу кезеңі тезірек өтеді.

 

Болжамы

Варикоцеле – қауіпсіз ауру, ол көбінесе, емдеуді қажет ете бермейді.

Операциядан кейін шәуеттің көлемі артуы мүмкін, бірақ, бұл ұрықтылыққа әсер етпейді. Егер операция жасөспірімдік жаста жасалмаған болса, көпшілік жағдайда аталық бездің қызметін қалпына келтіру немесе жақсарту мүмкін емес.

 

Мүмкін асқынулары

Варикоцеленің асқыну - бедеулікке апару мүмкіндігі.

Емдеу барысында пайда болатын асқынуларға жататындар:

  • Аталық бездердің атрофиясы (семуі)
  • Тромбылардың (қан ұйындыларының) қалыптасуы
  • Инфекциялар
  • Ұманың және жақын орналасқан қантамырлардың жарақаттары

 

Дәрігерге қашан көріну қажет

Аталық безде ісіну болса, немесе анықталған варикоцелені емдеу үшін дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.  

 

Синонимдары

Ұманың көктамырларының варикоздық кеңеюі. 

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.