.

Асқазан мен ұлтабардың ойық жарасы | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Асқазан мен ұлтабардың ойық жарасы

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Аурудың болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

 

Жалпы ақпарат

Ойықжара ауруы — бұл кезде адамның асқазанының және/немесе ұлтабарының (қақпадан кейін келетін аш ішектің бастапқы бөлігі) қабырғасында терең ақаулар мен ойық жаралар пайда болады.

Адамның асқазан-ішек жолдары

 

Көбінесе, ойық жаралар асқазанның немесе ұлтабардың сілемей қабатында пайда болады, яғни, асақазан қабырғасының беткері қабатында. Алайда, ойық жаралар тереңірек қабатта да пайда болуы мүмкін (бұлшық еттік және/немесе сірнелік).

Асқазандағы немесе ұлтабардағы ойық жара ауруы – асқазанның немесе аш ішектің жоғарғы бөлігінің (ұлтабар) сілемей қабатындағы терең ақау.

Ойық жара – асқазан қабырғасының сілемей қабатының қабынған терең ақауы. Қабыну, инфекциялық немесе қатерлі жағдайлардан туындайды.

 

Себептері

Асқазанның немесе ұлтабардың ойық жара ауруының дамуының басты себебі - Helicobacter pylori (H.pylori) бактериясы. Асқазанның ойық жарасынан зардап шегетін адамдардың көпшілігінде бұл бактериялар асқазан-ішек жолдарында өмір сүреді. Дегенмен, асқазанында H.pylori. бактериясы табылған адамдардың барлығында ойық жара ауруы дами бермейді.

 

Асқазанның немесе ұлтабардың ойық жара ауруының пайда болуының және дамуының қаупін арттыратын факторларды әсер етуге болатын және әсер етуге болмайтын түрге бөлуге болады:

Әсер  етуге болатын факторларға жататындар:

·       Жүйкелік-психикалық факторлар (күйзелістер). Асқазанда тұз қышқылының өндірілуі, сондай-ақ, оның қимылдау қабілеті жүйке жүйесінің жағдайымен өзара байланыста. Ойық жара ауруына шалдыққан науқастардың 50-60 пайызында невроздар мен депрессиялар байқалады.

·       Алкогольді шамадан артық тұтыну

·       Ацетилсалицил қышқылын (аспиринді), ибупрофенді, напроксенді, немесе басқа стероидты емес қабынуға қарсы препараттарды (НПВП) ұдайы қабылдау. Аспиринді немесе басқа НПВП кейде қабылдау қауіпсіз.

·       Темекі шегу

 

Әсер  етуге болмайтын факторларға жататындар:

  • Тұқым қуалау
  • Науқастың жынысы мен жасы

 

Симптомдары

Кіші ойықжаралар қандай да бір симптомдарды туындатпайды. Ал кейбір ойықжаралар күрделі қан кетуін туындатады.

Асқазанның немесе ұлтабардың ойық жара ауруына келесілер тән:

·       Іштің жоғарғы бөлігінде (эпигастральдық аумақ) күйдіретін, сыздайтын, ұстама тәрізді ауырсыну. Әдетте, асқазанның ойық жарасында ауырсыну тамақ ішкеннен кейін 30-60 минут өткенде пайда болады, ал ұлтабардың ойықжарасында ауырсыну аш қарынға  пайда болады - “аштық ауырсыну ”, тамақ ішкеннен кейін басылып, 2-3 сағат өткеннен кейін қайта пайда болады, сондай-ақ, түнгі ауырсынулар.

·       Жүрек айнуы және құсу. Құсқаннан кейін жеңілдеу сезімі пайда болады, ауырсыну азаяды немесе жойылады.

·       Қыжыл (күйдіру сезімі, өңештің бойымен таралатын)

·       Қан аралас немесе тым қошқыл нәжіс

·       Салмақ жоғалту

·       Жиі іш қатуы

 

Диагностика

Асқазанның немесе ұлтабардың ойық жарасын анықтау ойық жараның өлшемі мен орналасқан жерін анықтауға, сондай-ақ,  хеликобактериозды (Helicobacter pylori қоздырғышын),  асқазанның қышқылдығын анықтауға негізделеді.  

 

Арнайы диагностика әдісі - фиброгастродуоденоскопия (ФГДС). Әдіс асқазан қабырғасының немесе ұлтабардың беткері қабатын (сілемей қабығы) өңеш арқылы асқазанға енгізілетін зондпен қарау.

Фиброгастродуоденоскопия (ФГДС) – ақау іздеу үшін асқазан мен ұлтабарға өңеш арқылы эндоскопты (шағын иілгіш түтік, ұшында камера мен шамы бар) енгізу. Бұл кезде көптеген ойық жара ауруларының негізгі себебі - Helicobacter Pylori бактерияларын анықтау үшін арнайы биопсиялық қысқыш арқылы тін үлгілері де алынады. Эндоскопия процедурасы кезінде ойықжарадан күшті қан кетуі болса, ауырсынуды басатын укол салынуы мүмкін.

 

Бұл әдіс асқазанның немесе ұлтабардың сілемей қабығының беткері қабынуы болатын гастрит пен гастродуодениттен ойықжараны ажыратуға көмектеседі.

 

Асқазанның немесе ұлтабардың сілемей қабатындағы қабыну үрдісі әдетте, шағын (диаметрі бірнеше см) дөңгелек түзіліс, шеттері көтеріңкі, бұл қарқынды қабынуды білдіреді (қабыну белі).

 

Хеликобактериозды анықтау үшін екі негізгі әдіс қолданылады:

  • Микроскоптың көмегімен асқазанның сілемей қабаты тіндерінде бактерияларды анықтау
  • Науқастың қанындағы Helicobacter pylori қарсы антиденелерді анықтау (бөгде организмдерді, мысалы, бактериялар мен вирустарды анықтап, жоятын қандағы ақуызды қосылыстар).

 

Дұрыс және тиімді емдеуді тағайындау үшін ФГДС кезінде асқазанның рН-метриясын жүргізеді (қышқылдық деңгейін анықтау).

Емдеу

Ойық жара ауруын емдеудің негізгі бөліктері:

·         хеликобактер инфекциясын жоюға бағытталған емдеу,

·         асқазанның қышқылдығын азайтуға және ойық жараға өң бітіруді ынталандыруға бағытталған емдеу,

·         емдәм ұстану.

Ойық жара ауруын емдеу оның ауырлық дәрежесіне байланысты және консервативті (науқастың ауру тәртібін оңтайландыру, емдәмдік ұсыныстарды қадағалау, антибиотиктерді және сөлденуге қарсы препараттарды қолдану) немесе хирургиялық (аурудың асқынған түрлерінде) жолдары болады.

 

Ойық жара ауруын дәрілермен емдеуге асқазанның тұз қышқылының бөлінуін азайтатын препараттар  кіреді. Егер ойық жара Helicobacter рylor жұқпаланудан болса, дәрігер қосымша түрде антибактериалдық препараттарды кемінде, 7 күнге тағайындайды.

Аурудың болжамы

Асқазанның немесе ұлтабардың ойық жарасын емдемесе, қайталануы мүмкін. Алайда, дәрігердің барлық тағайындауын қадағалауда, берілген дәрілерді уақытылы қабылдауда  H.Pylori инфекциясын толық емдеп жазуға болады және қайталану мүмкіндігі айтарлықтай азаяды.

Мүмкін асқынулары

·       ішкі қан кетуі

·       асқазан қақпағының саңылауының тарылуы (обструкциясы)

·       іш қуысындағы қабыну (перитонит)

·       Асқазанның немесе ұлтабардың перфорациясы (асқазан немесе ұлтабар бойы өтетін саңылау тін перфорациясы аталады.)

Асқазанның немесе ұлтабардың ойық жара ауруы төтенше жағдайларға апаруы мүмкін. Қан кету белгісі болуында немесе болмауында іштегі күшті ауырсыну асқазан немесе ұлтабарда ойық жараның тесілуін көрсетуі мүмкін. Қошқыл түсті сұйықтықпен құсу немесе қара нәжістің болуы күрделі қан кетуін көрсетуі мүмкін.

Қашан дәрігердің көмегіне жүгіну қажет

Бірден дәрігерге көрініңіз, егер:

·       Іштің жоғарғы бөлігінде (эпигастрийде) кенет, күрт ауырсыну пайда болса

·       Жүрек айнуы, қан аралас құсу байқалса

·       Айқын әлсіздік байқалса

·       Нәжісте қан араласқан

Алдын алу

  • Аспирин қабылдаудан алшақ болыңыз

·       Темекі шегуді қойыңыз

Алкоголь тұтынуды шектеңіз.

Ақпарат көзі: АҚШ Ұлттық денсаулық институттарының мәліметтер қоры:

http://www.nlm.nih.gov/medlineplus/

 

Материалды дайындағандар: Ольга Ли, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі

Ильшат Махпиршаев, HealthСity жобасының дербес үйлестірушісі

 

Редакциялық алқа:

Алмаз Шарман, медицина профессоры

Ләзат Ақтаева, м.ғ.д.

Шыңғыс Жұмағұлов, zdrav.kz порталының контент-менеджері 

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.