.

Аталық бездің қатерлі ісігі | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Аталық бездің қатерлі ісігі

Мазмұны

Жалпы ақпарат

Себептері

Симптомдары

Диагностика

Емдеу

Қолдау топтары

Болжамы

Мүмкін асқынулары

Қашан дәрігерге көріну қажет

Алдын алу

Синонимдары

 

Жалпы ақпарат

Аталық бездің қатерлі ісігі –ұмада орналасқан ерлердің жыныстық бездері – аталық безде дамитын қатерлі ісіктер.

Ерлердің репродуктивті жүйесінің ағзаларына жыныстық мүше, ұма, ұрықтық көпіршіктер және қуық асты безі жатады.

 

Себептері

Аталық бездің қатерлі ісігінің нақты себебі белгісіз. Аурудың дамуына ықпал етуі мүмкін қауіп факторлары:

  • Аталық бездің ауытқулы дамуы
  • Кейбір химиялық заттектердің әсері
  • Аталық бездің қатерлі ісігінің отбасылық тарихы
  • АИТВ-инфекциясы
  • Аталық бездің қатерлі ісігі бұрын болған
  • Крипторхизм (бір немесе екі аталық бездің ұмаға түспеуі)
  • Клайнфельтер синдромы.

 

Аталық бездің қатерлі ісігі – қатерлі ісіктердің 15-35 жас аралығындағы ерлерде кең таралған түрі. Егде жастағы ерлерде де болуы мүмкін, ұлдарда сирек кездеседі.

Ақ нәсілді ерлер азиялық нәсілді ерлерге қарағанда бұл аурудың пайда болуына бейім келеді.  

Аталық бездің қатерлі ісігі мен вазэктомияның (шәует түтінгін алып тастау) арасында ешқандай байланыс жоқ.

Аталық бездің қатерлі ісігінің екі негізгі түрі бар: семиномдық және семиномдық емес. Бұл ісіктер шәует өндіретін жыныстық жасушалардан өседі.

Семиномдық түрі: бұл аталық бездің қатерлі ісігінің баяу өсетін түрі, көбінесе, 30-40 жастағы ерлерде жиі кездеседі. Қатерлі ісік, әдетте, тек аталық безде шоғырланады, бірақ, лимфа түйіндеріне таралуы мүмкін. Семиномдық ісіктер сәулелік емдеуге аса сезімтал.

Семиномдық емес: бұл аталық бездің қатерлі ісігінің кең таралған, тез өсетін түрі.

Семиномдық емес ісіктер жасушалардың бірнеше түрінен тұрады, және осыған байланысты келесідей ажыратылады:

  • Хориокарцинома (сирек)
  • Эмбрионалдық карцинома
  • Тератома
  • Сарыуыздық қаптың ісігі.

 

Сирек жағдайда аталық бездің ісігінің арқаулық (стромалық) түрі кездеседі. Бұл ісіктер, әдетте, қатерсіз болады. Олардың екі негізгі түрі бар: Лейдиг және Сертоли жасушаларынан ісіктер. Олар әдетте, балалық шақта пайда болады.

 

Симптомдары

Кейде ауру симптомдарсыз өтуі мүмкін. Болатын симптомдары:

  • Аталық бездегі жайсыздық, ауырсыну немесе ұмадағы ауырлық сезімі
  • Арқадағы немесе іштің төменгі жағындағы ауырсыну
  • Аталық бездің ұлғаюы
  • Ерлердің емшек безінің ұлғаюы (гинекомастия). Алайда, қатерлі ісіксіз жасөспірім-ұлдарда да орын алады.
  • Аталық бездің ісінуі.

 

Ісік метастаздануы кезінде басқа ағаларға: өкпеге, жамбас қуысындағы ағзаларға, арқаға немесе миға көшуі мүмкін.

 

Диагностика

Медициналық тексеру кезінде аталық бездің бірінде қатты түзіліс болуы мүмкін. Диафаноскопия – ұманы ашық сәулемен қарағанда – бұл түзіліс арқылы жарық өтпейді.

Тексерудің басқа әдістері:

  • Іш қуысының және жамбас қуысындағы ағзалардың КТ
  • Онкомаркерлерге қан талдауы: альфа-фетопротеин (АФП), адамның хориондық гонадотропині (бета-ХГЧ), лактатдегидрогеназа (ЛДГ)
  • Кеуде қуысы ағзаларының шолу рентгенографиясы
  • Ұманың УДТ (УЗИ).

 

Емдеу

Емдеу келесіге байланысты:

  • аталық бездің қатерлі ісігінің түріне
  • аурудың даму сатысына.

 

Қатерлі ісікті анықтағаннан кейін микроскоппен қарау арқылы ісік жасушаларының түрін анықтау қажет. Жасушалар семиномдық, семиномдық емес немесе аралас болады.

Келесі сатысы: қатерлі ісіктің дененің басқа аумағына таралу дәрежесін анықтау. Бұл ісіктің даму сатысын анықтау деп аталады.

  •  I саты – қатерлі ісік аталық бездің аумағынан тыс таралмаған.
  • II саты – қатерлі ісіктің метастаздануы іш аумағындағы лимфалық түйіндерде шоғырланған.
  • III саты – қатерлі ісіктің метастаздануы іш аумағындағы лимфалық түйіндерден сыртқа таралған (бауырға, өкпеге немесе миға).

 

Аталық  бездің қатерлі ісігін емдеудің түрлері:

  • Аталық безді және жақын жердегі лимфа түйіндерін хирургиялық алып тастау (орхиэктомия) (лимфаденэктомия). Бұл әдіс семиномдық және семиномдық емес ісіктерге қолданылады.
  • Рентген немесе басқа сәуелену түрінің жоғары мөлшерлемесі қолданылатын сәулелік емдеу – операциядан кейін ісіктің қайта өсуінің алдын алу үшін жүргізіледі. Сәулелік емдеу тек семиномдық ісіктерге қолданылады.
  • Химиялық емдеу – емдеудің үшінші түрі, бұл кезде қатерлі ісіктің жасушаларының өсуін тежеу үшін дәрілік препараттар қолданылады. Бұл емдеу түрі семиномдық және семиномдық емес ісіктерге қолданылады, науқастардың тірі қалуына айтарлықтай үлес қосады.

 

Болжамы

Аталық  бездің қатерлі ісігі – қатерлі ісітердің ішіндегі оң болжамды түрі. Ісіктің семиномдық түрінде (жойқындығы әлсіз) ерлерде ерте анықталуында тірі қалу 95% артық. Аурудың 2-3 сатысындағы науқастардың ауру қайталанбайтындай тірі қалу көрсеткіші төменірек және ісіктің өлшеміне, аурудың басталу уақытына байланысты.

 

Мүмкін асқынулары

Аталық  бездің қатерлі ісігі дененің басқа аумақтарына таралуы мүмкін. Кең таралған метастаздануы:

  • Іш қуысы
  • өкпе
  • ішперденің артындағы кеңістік (бүйректің қасындағы іш қуысының басқа ағзаларының артындағы аумақ)
  • омыртқа бағаны

 

хирургиялық емдеудің асқынуларына жататындар:

  • операциядан кейінгі қан кетуі және инфекцияның қосылуы
  • бедеулік (екі аталық безді де алып тастаған жағдайда)

 

Егер болшақта балалы болғыңыз келсе, шәуетті сақтау әдістері туралы дәрігермен кеңесіңіз.

 

Қашан дәрігерге көріну қажет

Аталық  бездің қатерлі ісігінің симптомдары болса, дәрігерге көрініңіз.

 

Алдын алу

Аталық безді өздігінше қарап, қатерлі ісікті басқа ағзаларға таралмаған, ерте сатысында анықтауға болады. Қатерлі ісікті ерте анықтау – табысты емдеудің және тірі қалудың сәтті болжамы.

 

Синонимдары

Аталық  бездің қатерлі ісігі; Жыныстық жасушалардың ісігі; Аталық  бездің семиномдық қатерлі ісігі; Аталық  бездің семиномдық емес қатерлі ісігі.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.