.

Инсульт және миға қан құйылуы | zdrav.kz
X

Электрондық поштаңызға соңғы жаңалықтарды алыңыз

X

Получайте самые последние новости на свой e-mail

Инсульт және миға қан құйылуы

Мазмұны

Мидың құрылысы қандай?

Инсульт туралы жалпы ақпарат

Инсульттің түрлері

Инсульт ненің салдарынан болады?

Инсульт пайда болу қаупіне кім ұшырайды?

Инсульттің белгілері мен симптомдары қандай?

Инсульт қалай анықталады?

Инсульт қалай емделеді?

Қалай инсульттің алдын алуға болады?

Инсульттен кейінгі өмір

 

Мидың құрылыс қандай?

Ми – жұмсақ, кеуекті тін массасы. Ол бассүйекпен және мидың қабығы аталатын үш жұқа мембраналармен қорғалған. «Ми-жұлын сарысуы» аталатын сұйықтық миды қоршайды. Сұйықтық мидың қабығы арасындағы кеңістікте және қарынша аталатын мидың өзінің қуыстарында болады.

Жүйке жасушалары жүйесі бойынша ақпарат мидан дененің қалған ағзаларына және одан кері беріледі. Кейбір нервтер мидан көзге, құлаққа және бастың басқа ағзаларына барады. Басқа нервтер жұлын арқылы өтеді, миды дененің басқа бөліктерімен байланыстырады. 

Мидың және жұлынның шеңберінде глиалдық жасушалар (тірек және қорғаныс қызметін орындайтын) жүйке жасушаларын қоршайды және орнында ұстайды.

Ми біздің саналы әрекетімізді (мысалы, жүру, сөйлеу), сондай-ақ, организмнің ойлауға тәуелді емес қызметін (мысалы, тыныс алу) басқарады.  Ми сезім ағзаларын (көрудің, естудің, түйсінудің, иіс, дәм сезудің), есте сақтауды, көңіл-күйді, және мінез ерекшеліктерін де басқарады.

Мидың үш негізгі бөлігі түрлі қызметтер түрін бақылайды:

  • Мидың жарты шарлары— Мидың жарты шарлары мидың ең үлкен бөлігі. Олар үстінде орналасқан. Олар бізге жан-жақта не болып жатқандығын хабарлау үшін, ал денемізге – өтіп жатқан әрекетке серпін қайтару үшін біздің сезім ағзаларымыздан ақпаратты қолданады. Жарты шарлар оқуға, ойлауға, үйренуге, сөйлеуге және көңіл-күйге қабілетті бақылайды. Ми екі жарты шарға бөлінеді – сол және оң, олардың әрқайсысы қызметтің жеке түрлерін бақылайды. Оң жарты шар дененің сол жақ бұлшық етінің қызметін, сол жарты шар дененің оң жақ бұлшық етінің қызметін бақылайды.
  • Мишық —Мишық жарты шарлардың астында мидың артқы жағында болады. Ол тепе-теңдік сезімін және жүру, сөйлеу секілді күрделі әрекетті бақылайды.
  • Ми діңгегі—Ми діңгегі миды жұлынмен жалғастырады. Ол ашығу сезімін және шөлдеуді бақылайды. Сонымен қатар, ол тыныс алу үрдісін, дене температурасын, артериалдық қысымды және организмнің басқа негізгі қызметін бақылайды. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Инсульт туралы жалпы ақпарат

Инсульт – шұғыл медициналық көмекті қажет ететін ауру. Инсульт миға қан келуі тоқтаған кезде пайда болады. Миға қан келуі тоқтаған бірнеше минуттен кейін ми жасушалары тіршілігін жоя бастайды. 

Инсульттің екі түрі бар. Жиі кездесетін түрі – ишемиялық инсульт, мидың қантамырының тромбымен бітелуіне байланысты. Басқа түрі – геморрагиялық инсульт – қан тамырының жарылуымен және миға қан құйылуымен байланысты. «Мини-инсульттер» немесе транзиторлық ишемиялық шабуылдар мидың қанмен қамтамасыз етілуінің  қысқа мерзімдік тоқтауында болады.

Инсульттің симптомдары:

  • Беттің, қолдың немесе аяқтың кенеттен жансызданып, ұйып қалуы немесе әлсіздігі (әсіресе, дененің бір жағында)
  • Кенеттен тежелу, сөйлеуде немесе сөзді түсінуде мәселе пайда болуы  
  • Бір немесе екі көздің кенеттен көруінің нашарлауы
  • Кенеттен жүрудегі мәселе пайда болуы, бас айналуы, тепе-теңдікті немесе қимыл үйлесімін жоғалту  
  • Кенеттен себепсіз күшті бас ауырсынуы

Егер осы симптомдардың бірі байқалса, ауруханаға шұғыл емдеуді бастау үшін көріну қажет. Инсульттің шұғыл емдеуі оның дамуын тромбты тез еріту арқылы немесе қан кетуін тоқтату арқылы тоқтатуға тырысу. Реабилитациялық емдеу адамдарға инсульттің нәтижесі – мүгедектікті жеңуге көмектеседі. Қанды сұйылтуға бағытталған дәрілік емдеу инсульттің жиі қолданылатын әдісі.

 

Инсульттің түрлері

Ишемиялық инсульт

Ишемиялық инсульт миға оттегіге қаныққан қанды жеткізетін артерияның бітелуінде пайда болады. Бітелу ишемиялық инсульттің де себебі - тромбы салдарынан болады.

Ишемиялық инсульттің екі түрі бар: тромболиялық және эмболиялық. Тромболиялық инсультте қан ұйындысы (тромб) миға қан жеткізетін артерияда түзіледі.

Эмболиялық инсультте қан ұйындысы немесе басқа заттек (мысалы түйіндақ немесе май материалы) қан ағымымен мидың артериясына түседі. (қан ағымымен қозғалатын тромб немесе түйіндақтың бөлікшесі эмбол аталады).

Инсульттің екі түрінде де тромб немесе түйіндақ оттегімен қаныққан қанның миға баруын тежейді.

Геморрагиялық инсульт

Геморрагиялық инсульт артерияның жарылуында және миға қан құйылуында пайда болады. Аққан қан жағынан қысым мидың жасушаларын зақымдайды.

Геморрагиялық инсульттің екі түрі болады: ми ішілік және субарахноидалдық.

Ми ішілік түрінде қантамырының жарылуы және қан құйылуы мидың өзінде болады.

Субарахноидалдық түрінде қантамырының жарылуы және қан құйылуы мидың бетінде болады. Бұл кезде қан құйылуы мидың ішкі және ортаңғы қабығының арасында болады.

Екі түрінде де қан құйылуы салдарынан мидың ісінуі және бассүйек ішілік қысымның артуы пайда болады. Ісіну және қысым мидағы жасушалар мен тіндерді зақымдайды.

 

Инсульт ненің салдарынан болады?

Ишемиялық инсульт және транзиторлық ишемиялық шабуыл

Ишемиялық инсульт және транзиторлық ишемиялық шабуыл (ТИШ) миға оттегімен қаныққан қанды жеткізетін артерияның бітелуінде пайда болады. Ишемиялық инсульт және транзиторлық ишемиялық шабуылдың пайда болу қаупі көптеген ауруларда артады.

Мысалы, атеросклероз кезінде түйіндақ аталатын майлы заттектер артериялардың ішкі қабырғасында жинақталады. Біртіндеп түйіндақ қатаяды және артерияның саңылауын тарылтады, бұл кезде тіндер мен ағзаларға (мысалы, миға және жүрекке) қан баруы шектеледі.

Артериядағы түйіндақ жарылуы мүмкін. Тромбоциттер түйіндақтың зақымданған жерінде жинақталады және тромб түзіп, жабысады. Бұл тромбылар артерияны ішінара немесе толығымен бітеуі мүмкін.

Түйіндақтар организмнің кез келген артериясында түзілуі мүмкін, оның ішінде, жүректің, мидың және мойынның артерияларында.

Мойынның екі жағындағы екі негізгі артериялар ұйқы артериясы аталады. Бұл артериялар оттегіге қаныққан қанды миға, бетке, шаш түбіне және мойынға жеткізеді.

Түйіндақтар ұйқы артериясында жинақталғанда ұйқы артериясының ауруы аталатын жағдай пайда болады. Ұйқы артериясының ауруы көптеген ишемиялық инсульттің және  ТИШ себебі болады.

Артерияның қабырғасынан тромбы немесе түйіндақтың бөлігі ажырағанда эмболиялық инсульт (ишемиялық инсульттің түрі) немесе ТИШ дамуы мүмкін.

Тромб немесе түйіндақ қан ағымымен қозғалып, мидың артериясының бірінде тұрып қалуы мүмкін. Бұл артериядағы қан ағымының тоқтауын және мидың жасушаларының зақымдануын туындатады.

Жүрек және қан аурулары да тромбының және инсульттің немесе ТИШ пайда болуының себебі болуы мүмкін.  Мысалы, жүрекшенің фибрилляциясы (ЖФ) эмболиялық инсульттің жиі себебі.

ЖФ кезінде жүректің жоғарғы камералары тым тез және ұдайы емес ырғақпен жиырылады. Нәтижесінде, қанның аз көлемі жүректе қалады. Қан іркілуінде жүректің камераларында тромбы түзілуінің қаупі артады.

Ишемиялық  инсульт және  ТИШ артериялардың атеросклерозбен зақымдануы салдарынан дамуы мүмкін. Бұл зақымданулар шағын артерияларда кездеседі және қанның миға баруын тежейді.

Геморрагиялық инсульт

Мидағы кенеттен қан кетуі геморрагиялық инсультті туындатады. Қан құйылуы нәтижесінде мидың ісінуі пайда болады және бассүйек ішілік қысым артады. Ісіну және бассүйек ішілік қысым мидың жасушаларын және тіндерін зақымдайды.

Геморрагиялық инсульт жоғары артериалдық қысымның, аневризманың және артериялық-веналық мальформациялардың (АВМ) салдарынан пайда болуы мүмкін.

"Артериалдық қысым " – бұл жүрек қанды айдайтын кезде қанның артериялардың қабырғасына түсіретін күші. Егер артериалдық қысым артатын болса, және ұзақ уақыт бойы жоғары болып қалса, бұл организмдегі түрлі бұзылыстарға апарады.

Аневризма – бұл артерияның қабырғасының шар тәрізді дөңестігі, ол созылуы және жарылуы мүмкін. АВМ – бұл зақымданған артериялар мен веналардың өрімі, ол да мида жарылуы мүмкін. Жоғары артериалдық қысым аневризмасы немесе АВМ бар адамдарда геморрагиялық инсульт пайда болу қаупін арттырады.

 

Инсульт пайда болу қаупіне кім ұшырайды?

Организмнің кейбір ерекшеліктері, аурулар, дағдылар инсульттің немесе транзиторлық ишемиялық шабуылдың пайда болу қаупін арттыруы мүмкін. Оларды қауіп факторлары атайды.

Қауіп факторлары көп болған сайын, инсульттің пайда болу қаупі де жоғары. Жоғары артериалдық қысым және темекі шегу секлді қауіп факторларын емдеуге немесе бақылауға болады. Жас пен жыныс секілді басқа қауіп факторлары бақылауға келмейді.

Инсульттің пайда болуының негізгі факторлары:

  • Жоғары  артериалдық қысым. Жоғары  артериалдық қысым – инсульттің дамуының негізгі қауіп факторы. Артериалдық қысым жоғары саналады, егер ұзақ уақыт бойы 140/90 мм.сын.бағ.деңгейінде немесе одан асатын болса. Егер қант диабеті болса немесе бүйректің созылмалы ауруы болса, 130/80 мм.сын.бағ. және одан асатын деңгей жоғары саналады. (мм.сын.бағ. - миллиметр сынап бағаны - артериалдық қысымды өлшеуде қолданылатын бірлік).
  • Темекі шегу. Темекі шегу қантамырларын зақымдауға және артериалдық қысымды арттыруға қабілетті. Темекі шегу нәтижесінде оттегінің қажетті көлемін организмнің барлық тіндеріне жеткізу төмендейді. Пассивті темекі шегу де қантамырларын зақымдауы мүмкін.
  • Диабет. Диабет организмнің инсулинді сіңіруінің бұзылысында немесе жеткіліксіз өндірілуінің салдарынан қандағы қанттың жоғары деңгейімен сипатталатын ауру. Инсулин – қантты организмнің жасушаларына жеткізуді қамтамасыз ететін гормон, жасушаларда энергия алу үшін қолданылады.
  • Жүрек аурулары. Жүректің ишемиялық ауруы (коронарлық артериялардың ауруы), кардиомиопатия, жүректің жеткіліксіздігі және жүрекшенің фибрилляциясы да тромбының түзілуіне ықпал етеді, тромбылар инсультке апаруы мүмкін.
  • Мидың аневризмалары немесе артериялық-веналық мальформациялар (АВМ). Аневризма – бұл артерияның қабырғасының шар тәрізді дөңестігі, ол созылуы және жарылуы мүмкін. АВМ – бұл зақымданған артериялар мен веналардың өрімі, ол да мида жарылуы мүмкін. АВМ туғаннан болуы мүмкін, бірақ, көбінесе, олар жарылғанға дейін анықталмайды.
  • Жасы және жынысы. Инсульттің пайда болу қаупі жас ұлғайған сайын артады. Жас кезде инсульт әйелдерге қарағанда ерлерде жиі кездеседі. Бірақ, инсульттен әйелдер өлім-жітімге жиі ұшырайды. Ұрықтануға қарсы таблеткаларды қабылдаған әйелдерде инсульттің пайда болу қаупі біршама жоғары .
  • Инсультке немесе ТИШ шалдығудың жеке немесе отбасылық тарихы. Егер сізде инсульт болса, оның қайталану қаупі өте жоғары. ТИШ кезінде, аурудың отбасылық тарихы болуында инсульттің пайда болу қаупі жоғары.

Инсульттің пайда болуының басқа да қауіп факторлары бар, олардың көпшілігін бақылауға алуға болады:

  • Алкоголь және наркотик тұтыну, кокаин, амфетамин және басқасын қоса.
  • Қандағы зиянды холестериннің жоғары деңгейі
  • Дене белсенділігінің болмауы
  • Дұрыс тамақтанбау
  • Семіздік
  • Күйзеліс және депрессия
  • Васкулит (қантамырларының қабынуы) және қанның ұюының бұзылысы секілді кейбір аурулар

 

Салауатты өмір салтын ұстану инсульттің қаупін азайтуы мүмкін. Кейбір адамдарға инсульттің пайда болу қаупін азайту үшін дәрілік препараттарды қабылдау қажет.

Кейде инсульт қандай да бір белгілі қауіп факторларынсыз да пайда болуы мүмкін.

 

Инсульттің белгілері мен симптомдары қандай?

Көбінесе, инсульттің симптомдары тез дамиды. Бірақ, кейде олардың дамуы бірнеше сағатта немесе күнде болады.

Симптомдары инсульттің түріне және мидың зақымданған бөлігінің орналасуына байланысты болады. Әр науқаста симптомдардың ұзақтығы мен айқындығы әр түрлі болуы мүмкін.

Инсульттің симптомдары:

  • Кенет әлсіздік
  • Паралич (салдану) немесе беттің, қолдың, аяқтың жансызданып, ұйып қалуы, әсіресе, дененің бір жағында
  • Естің қалыпты болмауы
  • Сөйлеу мен түсінудегі мәселелер
  • Бір немесе екі көздің де көруіндегі бұзылыстар
  • Тыныс алудағы мәселелер
  • Бас айналуы, жүрудегі қиындықтар, тепе-теңдікті немесе қимыл үйлесімін жоғалту және түсініксіз құлаулар
  • Естен тану
  • Кенет және күшті бас ауырсынуы

 

Транзиторлық ишемиялық шабуыл (ТИШ) кезінде инсульт кезіндегідей симптомдар пайда болады. Бірақ, ТИШ симптомдары әдетте, 1-2 сағаттан аз созылады (кейде 24 сағатқа дейін болуы да мүмкін).ТИШ өмірде бір рет, сондай-ақ, бірнеше рет пайда болуы мүмкін.

Бастапқыда ТИШ инсульттен айырмашылығын байқау қиын. Барлық инсультке ұқсайтын симптомдар шұғыл медициналық жәрдем көрсетуді қажет етеді.

Егер өзіңізде немесе қасыңыздағы адамда ТИШ немесе инсульт симптомы пайда болуын байқасаңыз, дереу «103» телефоны арқылы шұғыл медициналық жәрдем қызметіне хабарласыңыз. Өздігінше ауруханаға жетуге немесе басқа біреудің апаруына жол бермеңіз. Шұғыл медициналық жәрдем ауруханаға жетер жолда қажетті емдеуді жасай алады. Инсульт кезінде әр минут қымбат.

Инсульттің асқынулары

Инсульттен кейін сізде келесі асқынулар пайда болуы мүмкін:

  • Тромбы және бұлшық ет әлсіздігі. Ұзақ төсекте болу аяқтың терең көктамырында (венада) тромбы даму қаупін арттырады. Сондай-ақ, бұл бұлшық етінің әлсіздігіне және икемділігінің азаюына апаруы мүмкін.
  • Жұтудағы мәселелер және пневмония. Егер инсультте жұту кезінде қатысатын бұлшық еттер зақымданса, тағам тұтыну және ішуде қиындықтар пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ, өкпеге тағамның және сусынның бөліктері түсу қаупіне ұшырауыңыз мүмкін. Осылай болғанда пневмония дамуы мүмкін.
  • Несеп қабын бақылай алмау. Кейде инсульт кезінде несеп шығару актісіне жауапты бұлшық еттер зақымданады. Өздігінше несеп шығара алатын болғанға дейін несеп катетерін (несепқапқа қойылатын түтік) қою қажет болуы мүмкін. Бұл катетерлерді қолдану несеп жолдарының инфекциясына апаруы мүмкін. Сондай-ақ, инсульттен кейін ішекті бақылауды жоғалту немесе іштің қатуы пайда болуы мүмкін.

 

Инсульт қалай анықталады?

Емдеуші дәрігер науқастағы симптомдардың, аурудың медициналық тарихының, тексеру мәліметтерінің және зерттеулер нәтижелерінің негізінде инсульт диагнозын қояды.

Дәрігер инсульттің пайда болу түрін, себебін, мидың зақымданған аумағының орналасуын, қан құйылуы болуын анықтап, нақтылауы қажет.

Егер дәрігер науқаста транзиторлық ишемиялық шабуыл (ТИШ) болуын анықтаса, инсульттің алдын алу үшін оның себебін іздейді.

Аурудың тарихы және медициналық тексеру

Дәрігер сізді немесе отбасының мүшелерінен сізде инсульт пайда болуының қауіп факторлары болуы жөнінде сұрастырады. Мұндай факторларға жататындар: жоғары артериялық қысым, темекі шегу, инсультпен ауырудың жеке немесе отбасылық тарихы. Дәрігер сіздегі симптомдар және олардың пайда болу уақыты туралы да сұрайды.   

Медициналық тексеруде дәрігер сіздің менталдық (тәрбие және өмірлік тәжірибе нәтижесінде қалыптасқан) қызметіңізді, қимыл үйлесімін және тепе-теңдікті тексереді. Сонымен қатар, ол беттің, қол-аяқтың ұйып, жансыздануын, естің қалыпты болмауын, сөйлеу мен көрудегі мәселелерді тексереді.

Дәрігер ұйқы артериясының ауруларының белгілерін іздейді – бұл ишемиялық инсульттің жиі себебі. Стетоскоп арқылы ұйқы артериясын тыңдайды. Ысқыратын дыбыс – шудың болуы ұйқы артериясындағы түйіндақтың болуы салдарынан қан ағымының келуінің өзгеруін немесе азаюын куәландырады.

Диагностикалық тексерулер және процедуралар

Инсульт пен ТИШ анықтау үшін дәрігер келесі тексерулерді ұсынады:

Мидың компьютерлік томографиясы (КТ)

Мидың компьютерлік томографиясы (КТ) – рентген сәулелерінің көмегімен мидың айқын, толық суретін алуға мүмкіндік беретін, ауырсынусыз тексеріс. Тексерудің бұл түрі, көбінесе, инсульт болғаннан кейін бірден өткізіледі.

КТ инсульт кезіндегі қан кетуін немесе ми жасушаларының зақымдануын көрсетеді. Сондай-ақ, тексеру симптомдардың себебін құрайтын басқа да мидың ауруларын анықтауға мүмкіндік береді.

Мидың магниттік-резонанстық томографиясы (МРТ)

Ағзалар мен дененің құрылымының айқын суретін алу үшін МРТ кезінде радиотолқындар және магниттер қолданылады. Бұл тексеріс кезінде ми тінінің өзгерістері және ми жасушаларының зақымдануы анықталуы мүмкін.

МРТ тексерісі КТорнына немесе оған қосымша түрде тағайындалуы мүмкін.

Компьютерлік томографиялық ангиография және магниттік-резонанстық ангиография

КТ-ангиографияда (КТА) және магниттік-резонанстық ангиографияда (МРА) мидағы ірі қан тамырларын көруге болады. Бұл тексерулер дәрігерге тромбының орналасуы және мидағы қан ағымы туралы ақпарат береді.

Каротидтік сонография

Каротидтік сонография – ауырсынусыз және зиянсыз тексеру, бұл кезде ұйқы артериясының қабырғасын ішінен тексеру үшін ультрадыбыс қолданылады. Бұл артериялар миға оттегімен қаныққан қанды жеткізеді.

Каротидтік сонографияда ұйқы артериясындағы атеросклероздық түйіндақтар және тарылулар болуын көруге болады.

Бұл тексеруге ультрадыбыстық допплерография жатады. Ультрадыбыстық допплерография – арнайы тест, ол арқылы тамырлардағы қан ағымының жылдамдығы мен бағыты туралы айтуға болады.

Каротидтік ангиография

Каротидтік ангиография – бұл ұйқы артериясын көрнекі ету үшін бояғыш және арнайы рентген сәулелері қолданылатын әдіс.

Бұл тексерудің барысында катетер аталатын түтік шаптың аумағында (жамбастың жоғары тұсында) орналасқан артерияға орнатылады. Осыдан кейін түтік жоғары қарай ұйқы артериясының біреуіне жылжиды. Дәрігер контрастылық заттекті осы арқылы ұйқы артериясына енгізеді.

Бояғыш артерияларды рентген суреттерінде көрінетіндей етуге көмектеседі.

Жүрек тексерулері

Электрокардиография (ЭКГ)

ЭКГ – қарапайым, ауырсынусыз тексеру, ол жүректің электрлік белсенділігін тіркейді. Тексеру жүректің жиырылуының жиілігін және ырғағын көрсетеді (ұдайылығын). ЭКГ кезінде жүректің әр бөлігі арқылы өткен кездегі электр сигналдарының күші мен синхрондығы да тіркеледі.

ЭКГ жүрек мәселелерін анықтауға көмектеседі, олардың инсультке апаруы мүмкін. Мысалы, тексеру барысында жүрекшенің фибрилляциясы немесе жүрек талмасы анықталуы мүмкін.

Эхокардиография

Эхокардиография (ЭхоКГ) - ауырсынусыз тексеру, бұл кезде дыбыс толқындары жүректің бейнесін алу үшін қолданылады.

Тексеру жүректің өлшемі мен пішіні, жүрек камерасы мен қақпақшалары туралы ақпарат алуға көмектеседі.

ЭхоКГ жүректегі тромбы және аорта мәселесін анықтауға мүмкіндік береді. Аорта – басты артерия, ол оттегімен қаныққан қанды жүректен дененің барлық бөліктеріне таратады.

Қан талдауы

Дәрігер қан талдауын инсультті анықтау үшін қолданады.

Қандағы қант деңгейін анықтау (глюкоза). Қандағы глюкозаның төмен деңгейінде инсультке ұқсайтын симптомдар болуы мүмкін.

Қандағы тромбоциттер мөлшерін анықтау. Тромбоциттер –қанның ұюына көмектесетін қан жасушалары. Тромбоциттердің ауытқылы деңгейі – қан ұюының бұзылысының немесе тромбоздық бұзылыстардың (ұюдың жеткіліксіздігі) белгісі болуы мүмкін.

Сондай-ақ, дәрігер қан талдауын қанның ұюының уақытын өлшеу үшін қолданады. Екі тексеру  –протромбинге (ПТ) және протромбиндік уақытқа (ПТУ) – қанның қалыпты ұюының жағдайын көрсетеді.

 

Инсульт қалай емделеді?

Инсультті емдеу оның түріне байланысты (ишемиялық немесе геморрагиялық). Транзиторлық  ишемиялық шабуылды емдеу (ТИШ) оның себебіне, басталғаннан өткен уақытына, симптомдарына, басқа аурулардың болуына байланысты.

Инсульт және ТИШ шұғыл медициналық жәрдемді қажет етеді. Егер Сізде инсульт симптомдары болса, шұғыл медициналық жәрдем көрсету қызметіне хабарласыңыз. Өздігінше ауруханаға жетуге немесе басқа біреудің апаруына жол бермеңіз. Шұғыл медициналық жәрдем ауруханаға жетер жолда қажетті емдеуді жасай алады. Инсульт кезінде әр минут қымбат.

Бастапқы емдеуді алғаннан кейін дәрігер инсульттің қауіп факторларын емдеуге және асқынуының алдын алуға тырысады.

Ишемиялық инсультті және транзиторлық ишемиялық шабуылды емдеу

Ишемиялық инсульт және транзиторлық ишемиялық шабуыл (ТИШ) миға оттегімен қаныққан қанды жеткізетін артерияның бітелуінде пайда болады. Қан тамырларының бітелуі көбінесе, ишемиялық инсультқа және транзиторлық ишемиялық шабуылға апаратын тромбыларға байланысты.

Ишемиялық инсультті және транзиторлық ишемиялық шабуылды емдеу үшін дәрілік препараттар және медициналық ем-шаралар қолданылады.

Дәрілік препараттар

Плазминогенді тіндік белсендіргіш (ПТБ) аталатын дәрілік препарат мидағы артериялардың тромбысын еріте алады. ПТБ көктамыр арқылы енгізіледі. Қажетті әсерді алу үшін бұл дәрілік препарат симптомдар басталған 4 сағат ішінде қолданылуы қажет, Оңтайлысы, симптомдардың басынан неғұрлым тезірек енгізілуі қажет.

Егер қандай да бір себептермен дәрігер науқасқа ПТБ тағайындай алмаса, антиагреганттық дәрілік препараттарды қабылдауға болады. Мысалы, инсульт басталғаннан 48 сағат ішінде аспирин берілуі тиіс. Антиагреганттық дәрілік құралдар тромбоциттердің жабысуын және тромбылардың қалыптасуының алдын алады.

Сондай-ақ, дәрігер антикоагулянттарды (қанды сұйылтатын препараттар) тағайындайды. Бұл дәрілер жаңа тромбылардың өсуін және қалыптасуының алдын алады.

Медициналық ем-шаралар

Ұйқы артерияларының аурулары болуында дәрігер каротидтік эндартерэктомияны немесе ұйқы артериясындағы тері арқылы коронарлық араласуды жасайды. Кейде бұл ем-шара ангиопластика аталады. Бұл ем-шаралар бітелген ұйқы безінің саңылауын кеңейтуге бағытталған.

Ғалым-медиктер ишемиялық инсультті емдеудің басқа ем-шараларының тиімділігін зерттейді, мысалы, артерия ішілік тромболизис және церебралдық ишемия кезіндегі механикалық эмболэктомия.

Артерия  ішілік тромболизисте катетер аталатын ұзын икемді түтік шаптың аумағында (жамбастың жоғары тұсында) орналасқан артерияға орнатылады. Осыдан кейін түтік жоғары қарай ұсақ ұйқы артериясына жылжиды. Ол арқылы дәрігер мидағы тромбыны бұзатын дәрілік препараттарды енгізе алады.

Церебралдық  ишемия кезіндегі механикалық эмболэктомия барысында артериядан тромбылар алып тасталынады. Бұл кезде катетер ұйқы артериясы арқылы мидың зақымдалған бөлігіне өткізіледі. Осыдан кейін тромб артериядан катетер арқылы алынады.

Геморрагиялық инсультті емдеу

Геморрагиялық инсульт артерияның жарылуында және миға қан құйылуында пайда болады. Оны емдеудің бірінші қадамы мидағы қан кетуін іздеуге және себебін жоюға бағытталған.

Ишемиялық инсульттен айырмашылығы - геморрагиялық инсультті емдеуде антиагреганттар және қанды сұйылтатын препараттар қолданылмайды, себебі, олар қан кетуін күшейтуі мүмкін.

Егер сіз антиагреганттар және қанды сұйылтатын препараттар қабылдайтын болсаңыз және осы кезде сізде геморрагиялық инсульт пайда болса, бұл дәрілерді қабылдауды дереу тоқтату қажет.

Егер жоғары артериалдық қысым миға қан құйылуының себебі болса, дәрігер оны төмендету үшін дәрі тағайындайды. Бұл қанның әрі қарай кетуінің алдын алады.

Хирургиялық емдеу геморрагиялық инсультті емдеуде қажет болуы мүмкін. Операциялардың бірнеше түрі бар - аневризманы клиптеу (қысқыш салу), спиралдық эмболизация және артериялық-веналық мальформацияны (АВМ) қалпына келтіру.

Аневризманы  клиптеу және спиралдық эмболизация

Егер аневризма (артерияның қабырғасындағы шар тәрізді дөңестік) инсульттің себебі болса, дәрігер аневризманы  клиптеуді және спиралдық эмболизацияны ұсынуы мүмкін.

Аневризманы   клиптеу аневризманы мидың қан тамырларынан оқшаулау мақсатында жасалады. Бұл операция аневризма аумағындағы қан кетуін тоқтатуға көмектеседі, сондай-ақ, оның қайта жарылуының алдын алады.

Ем-шара кезінде хирург мида тілік жасайды және аневризманың түбінде кішкентай қысқыш орналастырады. Операция жалпы наркозбен жасалады. Операциядан кейін бірнеше күн бойы қарқынды емдеу бөлімшесінде бақылауда болу қажет.

Спиралдық эмболизация - аневризманы емдеудің аса күрделі емесе ем-шарасы. Хирург катетер аталатын түтікті шаптың аумағындағы артерияға орналастырады. Әрі қарай түтік жоғарыға аневризма орналасқан жерге жылжиды.

Осыдан кейін түтік арқылы аневризмаға кішкентай спираль енгізіледі. Спираль тромбының қалыптасуына ықпал етеді, ол аневризмадағы қан ағымын тежейді және оның қайта жарылуының алдын алады.

Спиралдық эмболизация жалпы наркозбен, ауруханада жасалады.

Артериялық-веналық мальформацияны (АВМ) қалпына келтіру

Егер АВМ  инсульттің себебі болса, дәрігер оны қалпына келтіруді ұсынуы мүмкін (АВМ – мидағы ақаулы, жарылуы мүмкін артериялар мен веналардың өрімі). АВМ қалпына келтіру  мидағы қайта қан кетуінің пайда болуының алдын алуға көмектеседі.

АВМ қалпына келтірудің бірнеше әдістемесі бар:

  • АВМ алып тастау операциясы
  • АВМ қан тамырларына қан ағымын тежейтін арнайы заттектерді енгізу
  • Қантамырларын склероздау үшін радиация қолдану

 

Инсульттің  факторларын емдеу

Инсультті немесе ТИШ негізгі емдеуден кейін дәрігер қауіп факторларын емдейді. Қауіп факторларын емдеу үшін дәрігер өмір салтын өзгертуді ұсынады.

Өмір салтын өзгерту – темекі шегуден бас тарту, дұрыс тамақтану, салауатты салмақты және дене белсенділігін қолдау.

Егер өмір салтын өзгерту жеткіліксіз болса, дәрілік препараттар тағайындалады.  

Темекі  шегуден бас тарту

Егер темекі шегетін болсаңыз, қойыңыз. Темекі қан тамырларын зақымдайды және инсульттің, денсаулыққа қатысты басқа мәселелердің қаупін арттырады. Дәрігермен темекіні қоюға көмектесетін бағдарламалар және өнімдер туралы сөйлесіңіз. Сонымен қатар, пассивті темекі әсерінен алшақ болыңыз, ол да қантамырларын зақымдайды.

Темекі шегуді қою туралы қосымша ақпаратты осы тұстан оқыңыз. Бұл ресурстар жүректің денсаулығына шоғырланғанымен, темекіні қою туралы ақпараты да бар.

Дұрыс тамақтану

Дұрыс тағам – салауатты өмір салтының маңызды бөлігі. Түрлі көкөніс-жемістерді, дәндерді таңдаңыз; тұтас дәнді өнімдерді тұтынуға тырысыңыз.

Қаныққан майлары, транс-майлары  және холестерині аз өнімдерді таңдаңыз. Салауатты таңдау: майсыз ет, терісіз құс, балық, бұршақ тұқымдастар, майсыз сүт және сүт өнімдері.

Натрийдің (тұздың) мөлшері аз өнімдерді таңдаңыз және дайындаңыз. Тұздың жоғары мөлшерінің артериалдық қысымды арттыру қаупі бар.

Қанттың мөлшері төмен өнімдерді және сусындарды таңдаңыз. Егер алкогольді сусындар тұтынатын болсаңыз, шектеңіз.

Салауатты емдәм ұстану туралы қосымша ақпаратты осы тұстан оқыңыз.

Бұл ресурстарда дұрыс тамақтану туралы жалпы ақпарат бар.

Салауатты салмақты қолдау

Салауатты салмақты қолдау инсульттің пайда болу қаупін азайта алады. Мақсаты – ДСИ дене салмағының индексін < 25 күйінде ұстау.

ДСИ салмақтың бойға қатынасы, индекс организмдегі жалпы майдың  пайызын анықтайды. zdrav.kz - ДСИ, тағамдық пирамида ресурстарын т.б. пайдаланып, ДСИ өлшеуге болады, немесе дәрігер ДСИ өлшейді.

ДСИ 25-29,9 аралығында болса, артық салмақ бар. ДСИ >30 болса, семіздік орын алған. ДСИ < 25 болуы инсульттің алдын алу үшін қажет.

 zdrav.kz – Артық салмақ және семіздік ресурсын қолданып, салауатты салмақты қолдау туралы   қосымша ақпаратты алуға болады.

Дене белсенділігі

Ұдайы дене белсенділігі инсульттің көптеген факторларын бақылауға мүмкіндік береді, мысалы, жоғары артериалдық қысымды, зиянды холестерин деңгейін және артық салмақты.

Жаңа бағдарламаны бастар алдында дәрігермен кеңесіңіз. Сіз үшін қандай дене белсенділігі қауіпсіз екендігін біліңіз.

Адамдар аптасына 60 минуттық аэробтық белсенділіктен-ақ денсаулық үшін пайда алады. Белсенді болған сайын көбірек пайдасын көресіз.

 

Қалай инсульттің алдын алуға болады?

Қауіп факторларымен күрес инсульттің алдын алуға көмектесуі мүмкін. Егер сіз инсультті бастан кешірсеңіз, келесі әрекеттер оның қайта пайда болуының алдын алуға көмектеседі.

  • Темекі шекпеңіз. Егер темекі шегетін болсаңыз, қойыңыз. Темекі қан тамырларын зақымдайды және инсульттің қаупін арттырады. Дәрігермен темекіні қоюға көмектесетін бағдарламалар және өнімдер туралы сөйлесіңіз. Сонымен қатар, пассивті темекі әсерінен алшақ болыңыз, ол да қантамырларын зақымдайды.
  • Салауатты тағамды таңдаңыз. салауатты емдәм тамаққа түрлі көкөніс-жемістерді, тұтас дәндерді тұтыну; сондай-ақ, оған майсыз ет, құс еті, балық, бұршақ тұқымдастар, майсыз сүт және сүт өнімдері кіреді. Салауатты саналатын емдәм: қаныққан майлары, транс-майлары  және холестерині,  натрийі (тұзы) және қанты аз өнімдерді таңдау.
  • Салауатты салмақты қолдаңыз. Егер сізде артық салмақ болса немесе семіздіктен зардап шексеңіз, дәрігермен кеңесіңіз және салмақ азайту бойынша дұрыс жоспар жасаңыз. Салмақты реттеу инсульт қаупінің факторларының алдын алады.
  • Дене белсенділігін қолдаңыз. Дене белсенділігі фитнес-деңгейді жақсартып, денсаулыққа оңтайлы әсер етеді. Дәрігермен кеңесіп, өзіңіз үшін жаттығулардың қандай түрі және көлемі қауіпсіз екендігін кеңесіңіз.  
  • Отбасылық инсульт тарихын біліңіз. Егер өзіңізде немесе отбасының мүшелерінде инсульт бұрын болса, бұл туралы дәрігерге міндетті түрде хабарлаңыз.  

 

Өмір салтын өзгерту туралы қосымша ақпаратты алдыңғы «Инсульт қалай емделеді» бөлімінен оқыңыз. Егер өмір салтын өзгерту жеткіліксіз болса, инсульттің даму қауіптері факторларын бақылау үшін дәрілік препараттар тағайындалады. Дәрілерді дәрігердің нұсқаулығына сай қабылдаңыз.

Егер сізде транзиторлық ишемиялық шабуыл (ТИШ) болса,оған назар аударыңыз. Инсульттің алдын алу үшін ТИШ себебін табу қажет.

 

Инсульттен кейінгі өмір

Инсульттен кейін қалпына келу үшін бірнеше апталар, айлар немесе жылдар қажет болуы мүмкін. Кейбір адамдар толығымен сауығады, кейбірі мүгедек болып қалуы да мүмкін.

Ұдайы күтім, реабилитация және эмоционалдық қолдау қалыпқа келуге және инсульттің қайта пайда болуының алдын алуға көмектеседі.

Егер сізде инсульт болса, оның қайталану қаупі бар. Инсульттің және транзиторлық ишемиялық шабуылдың (ТИШ) үрейлі белгілерін және олар пайда болғанда не істеу керектігін білу маңызды.

Егер Сізде инсульт симптомдары болса, шұғыл медициналық жәрдем көрсету қызметіне хабарласыңыз. Өздігінше ауруханаға жетуге немесе басқа біреудің апаруына жол бермеңіз. Шұғыл медициналық жәрдем ауруханаға жетер жолда қажетті емдеуді жасай алады. Инсульт кезінде әр минут қымбат.

Күнделікті күтім

Өмір  салтын өзгерту инсульттен кейін қалпына келуге және оның қайтадан пайда болуының алдын алуға көмектеседі.

Өмір салтын өзгерту – темекі шегуден бас тарту, дұрыс тамақтану, салауатты салмақты және дене белсенділігін қолдау. Дәрігермен кеңесіп, өзіңіз үшін жаттығулардың қандай түрі және көлемі қауіпсіз екендігін кеңесіңіз.

Егер өмір салтын өзгерту жеткіліксіз болса, инсульттен қалпына келу немесе даму қауіптері факторларын бақылау үшін дәрілік препараттар тағайындалады. Дәрілерді дәрігердің нұсқаулығына сай қабылдаңыз.

Егер науқас ишемиялық инсультті басынан кешірсе, оған антикоагулянттар (қанды сұйылтатын препараттар) тағайындалуы мүмкін. Бұл дәрілер тромбының қалыптасуының алдын алады. Бұл препараттар қаншалықты жақсы әсер етуін тексеру үшін талдау тапсыру қажет болады.

Қанды сұйылтудың жиі кездесетін жанама әсері – қан кетуі. Бұл дәрілік препараттың қанды күшті сұйылтуында болады. Бұл жанама әсер өмір үшін қауіпті болуы мүмкін. Қан кетуі дене қуыстарында (ішкі қан кетуі) немесе терінің бетінде (сыртқы қан кетуі) пайда болуы мүмкін.   

Қан кетуінің үрейлі белгілерін білу шұғыл көмекке уақытылы жүгіну үшін қажет. Бұл белгілер:

  • Терідегі түсініксіз көгерулер және/немесе кішкене қызыл немесе күлгін нүктелер
  • Қызыл иектен және мұрыннан түсініксіз қан кетуі
  • Етеккірдің күшеюі
  • Ашық қызыл немесе кофе түсті құсық
  • Несептегі қан, нәжістегі ашық қызыл қан немесе қара шайырлы нәжіс
  • Іштің ауырсынуы немесе күшті бас ауыруы

 

Құлағаннан, жарақаттан немесе жеңіл соғылудан кейінгі күшті қан кетуі де қанның сұйылуын білдіреді. Осы симптомдар болса, дереу дәрігерге көрініңіз. Егер сізде күшті қан кетуі болса, «жедел жәрдемді» шақырыңыз.

Дәрігермен әрі қарай көрінудің жиілігі және қажетті тексерулерді өту туралы кеңесіңіз. Бұл көрінулер дәрігерге инсульттің қауіп факторларын бақылауға және қажетіне қарай емдеуді түзетуге мүмкіндік береді.

Реабилитация

Инсульттен кейін қалпына келу (реабилитация) қажет болуы мүмкін. Реабилитацияға сөзбен жұмыс істеу, физио- және еңбекпен емдеу кіреді.

Тіл, сөйлеу және есте сақтау

Инсульттен кейін тілдесуде мәселе пайда болуы мүмкін. Дұрыс сөздерді таңдау, сөйлем құру немесе оларды мағынасымен байланыстыру қиынға түсуі мүмкін. Есте сақтаумен және ойлау айқындығымен мәселелер де болуы мүмкін. Бұл мәселелер қынжылтуы мүмкін.

Сөйлеу және тіл мамандары науқасты қайтадан тілдесуге және есте сақтауды жақсартуға қайтадан үйретуі мүмкін.  

Бұлшық ет және нервтердің мәселелері

Инсульт дененің бір жағын немесе бір жағының бөлігін зақымдауы мүмкін. Бұл кезде паралич (салдану, қимылдай алмау) немесе бұлшық ет әлсіздігі пайда болуы мүмкін, құлау қауіптері болады.

Реабилитация мамандары бұлшық етін нығайтуға және созуға көмектеседі. Олар сондай-ақ, күнделікті киіну, тамақтану және шомылу секілді шараларды қайта үйренуге көмектеседі.

Несеп қап және ішек мәселелері

Инсультте несепқаптың және ішектің жұмысын бақылау қабілетіне жауап беретін нервтер зақымдануы мүмкін. Бұл жағдайда несеп қап толмаса да, ұдайы несеп шығатындай сезім болады. Кейде тіпті дәретханаға жетпей қалу да мүмкін. Дәрілік препараттар және мамандар бұл мәселелерді шешуге көмектеседі. 

Жұтудағы және тамақтанудағы мәселелер

Инсульттен кейін жұтуда мәселелер болуы мүмкін. Бұл мәселенің белгілері – жөтелу немесе тамақтану кезінде қақалу.

Логопед бұл сұраққа көмектесе алады. Ол тамақтану рационын өзгертуді ұсынады, мысалы, езбе жеу немесе қою сусындарды ішу.

Эмоционалдық мәселелер және қолдау

Инсульттен кейін мінезде өзгерістер болады. Мысалы, көңіл-күй тез өзгеруі мүмкін. Осы немесе басқа өзгерістерден науқас үрейлену, мазасыздану немесе депрессияға шалдығуы мүмкін. Инсульттен кейін қалпына келу баяу өтеді.

Өзіңізді сезіну туралы дәрігермен талқылаңыз. Кәсіптік кеңесшімен әңгімелесу де пайдалы болады. Егер тым басыңқы болсаңыз, дәрігер дәрілік препараттарды және басқа шараларды ұсынады, олар өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.

Бұл сайтта берілген ақпарат Сізді қызықтыратын мәселемен жалпы танысуға арналғандықтан ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін қорытынды негіздеме болмайды.
 
Ауруларды немесе денсаулыққа байланысты қандай да бір мәселелерді анықтау және емдеу үшін медициналық ЖОО аяқтағандығы жөнінде сәйкес дипломы бар дәрігерге көрініңіз. Шұғыл жағдайларда «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласыңыз.