Жүктілік кезіндегі дене белсенділігі болашақ сәби миының дамуына ықпал етеді
Канадалық ғалымдардың айтуынша, жүктілік кезінде аптасына 3 рет 20 минуттық спортпен шұғылдану болашақ сәбидің миының дамуына ықпал етеді.
Жүкті әйелдерге спортпен айналысу алдында дәрігермен кеңесу қажет болуына қарамастан, канадалық Монреаль университеті мамандарының жуырда өткізген зерттеулер нәтижелеріне сай жүктілік кезіндегі орташа дене жүктемелері болашақ сәбидің миына оң әсер етеді. Мамандардың айтуынша, мұндай әсер бұрын жануарлар арасында анықталған болатын, бұл жолы жүктілік кезіндегі дене жаттығулары және адам миының үдемелі дамуы арасындағы байланыс алғаш рет анықталған.
Бұл теорияны дәлелдеу үшін ғалымдар жүктіліктің екінші жартысындағы әйелдерді қатыстыру арқылы сынақтар жүргізді. Қатысушы әйелдер екі топқа бөлініп, бірінде аптасына 3 рет, 20 минуттан жеңіл жаттығулар жасалған, ал екінші топтағы әйелдер барынша тыныш өмір салтын ұстанған. Ғалымдар сынаққа қатысқан әйелдер босанғаннан кейін электроэнцефалография көмегімен олардың сәбилерінің ми жағдайына бірнеше апта бойы мониторинг жүргізген.
Жинақталған деректер нәтижесіне сай, белсенді өмір салтын ұстанған аналар сәбилерінің миы дене белсенділігі аз болған аналар сәбилерінің миына қарағанда біршама тезірек дамыған. Сонымен қатар, мамандардың бақылауына сай, бұрын жүкті әйелдерге дене жүктемесінен алшақ болуға кеңес беріліп келгенімен, мұндай өмір салтының болашақ сәбиге қолайсыз әсер етуі анықталған. Дене белсенділігімен өткен жүктілік сәбилерде семіздік және басқа бірқатар қауіпті аурулардың даму қаупін төмендетеді.
Ғалымдар сынаққа қатысушы аналардың сәбилерін қадағалауды жалғастыруда. Канадалық зерттеушілер дене белсенділігімен өтетін жүктіліктің сәбилердің дамуына ұзақ мерзімдік әсерін анықтауға көңіл бөлуде.
Ана болудың қуанышы мен қиындығы жайында біздің «Жүктілік пен босану туралы» бөлімінен толығырақ ақпарат алуға болады.